ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»



бет6/8
Дата24.11.2016
өлшемі1,41 Mb.
#2474
1   2   3   4   5   6   7   8
- деп түйіндеді.

Сонымен Оқу-ағарту комиссариатының шешімімен «Хан Кене» сақнадан алынды. Арадағы 1937-1938 жылдардағы саяси жазалау саясаты тұсында Кенесарының аты аталмады. Пікір білдірушілердің дені атылып кетті. Алайда ұлт-азаттық идеясы өшкен жоқ. Кенесары тарих сақнасына бес жылдан кейін тағы да шықты. Қазақ әдебиетіндегі бұл құбылыстың орын алу жолын Қ.Жармағамбетов:



«Кенесары Қасымовтың реакцияшыл қозғалысын әдебиетте дәріптеудің жаңа толқыны 1939-жылдардан басталады» - деп атап көрсетті.

Бұл – нағыз қызылөңештердің мінбеге шыққан «дәуірі» еді.

ҚЫЗЫЛӨҢЕШ КЕЗЕҢ

Ешқашанда иделогиялық еркіндікке жібермейтін, жарылқау мен жазалау саясатын қиыстыра жүргізетін, алғысы мен қарғысы айырғысыз кеңестік тәсіл – мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақты құралына айналды. Ел басына күн туған шақта Сталин әр ұлт өкілдерінің намысын ояту үшін кәдімгідей әруақ шақырып, ұран тастады. Соның нәтижесінде барлық халықтық батырлар қайтадан тарих сақнасына шығып, сананы баурап, ұлттық рухты күшейтті. Қазақтар да Қобыланды мен Алпамысты, Абылай мен Кенесарыны еске алып, олардың әруақтарынан қолдау іздеді.

1943 жылы кеңес шекарасы жаудан азат етілген соң есін жиған идеологтар патриоттық-ұлтшылдықтың майдандағы жауынгерлермен бірге елге ілесе келіп, ұлттық сананың күшеюінен сескеніп, астыртын идеологиялық жазалау саясатын ойластыра бастады. «Едіге» жыры мен «ел қамын жеген Едігенің бейнесі» әсіре дәріптеліп, ұлтшыл сезімді қоздырғаны, оның буржуазияшыл-ұлтшылдық екені туралы СОКП-ның орталық комитетінің қаулысы шығып, тарихи-эпостық мұралар жаппай сүзгіден өтті. Содан кейін «Звезда» журналы мен А.Ахматова мен М.Зощенко шығармашылығындағы идеясыздық туралы, В.Сосюраның «Украинаны сүй» атты өлеңіндегі ұлтшылдық сезім туралы, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымы» мансұқталған қаулы-қарарлар арт-артынан шығып, идеологиялық жазалау науқаны басталды да кетті.

Ал Қазақстанда бұл ерекше екпін алып, құйындата жөнелді. Сөйтіп, «қызыл өңешке сүйенген» жандайшап әшкерелеулер жаныға қарқын алды. Басында ғылыми мекемелерде ғылыми немесе шығармашылық мәселе ретінде талқыланған «идеясыздық» пен «буржуазияшыл, феодалшыл ұлтшылдықтар» зиялылардың жеке басын қатерге тігіп, сотталып, ату жазасына кесіліп, қуғынға ұшыратты. Қазақстанда солардың алғашқысы болып қарауылға Мұхтар Әуезов және оның осыдан жиырма жылдай бұрын жазылған «Хан Кене» пьесасы ілінді. Соңы қызылкеңірдекке ұласып, ұлт көсемдері дәрежесіне көтерілген тұлғалардың өзі бірін-бірі көрсете бастады.

Бұл науқанның Қазақстанда ерекше екпін алуына Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, А.Якуниннің бірігіп жазған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген «Правда» газетінің 1949 жылғы 26 желтоқсанында шыққан аты шулы мақаласы ерекше қарқын берді. Қазақстан зиялылары жаппай және жағаласа жау іздеуге көшті. Мақаладағы басты пікір: Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық көтерілісі қазақ халқын орыс халқына қарсы қойды, ол хандықты көксеген қозғалыс, қазақ ғалымдары мен шығармашылық иелері Кенесарыны ұлттық қаһарман ретінде әсіре мадақтайды – дегенге сайды. Онда:

«Еще в первом издании «Истории Казахской ССР» под редакцией А. Панкратовой и М. Абдыкалыкова (1943 г.) идеализировались реакционные феодально-ханские порядки, возвеличивалась деятельность ханов и султанов. ЦК КП (б) Казахстана, признав порочность этой книги, вынес решение о подготовке нового издания. Однако ошибки буржуазно-националистического характера были повторены в вышедшей в 1947году книге Е. Бекмаханова «Казахстан в 20-40 годы ХІХ века» под редакцией проф. М.И.Вяткина. В ней идеализировалось феодально-монархическое движение султана Кенесары Касымова. Неверная оценка движению Кенесары дана в втором издании «Истории Казахской ССР», вышедшем уже в 1949 году под реакцией И.О.Омарова и А.М.Панкратовой. Движение Кенесары здесь признается прогрессивным «по тем политическим требованием, которые выставлял Кенесары…» (стр.296). Между тем политические требование Кенесары сводилась к возрождению средневековый ханской власти, к отторжению Казахстана и России».

(...) Известно, что национальный вопрос в разные времена служат различным интересам и принимает различные оттенки, в зависимости от того, какой класс и когда выдвигает его. Кенесары Касымов и окружавшая его феодальная верхушка, увидев как невыгодно было им потерять старые привилегии и могучество начали борьбу за возрождение средневекового ханства. Все исторические данные говорят о том, что движение Кенесары не было ни революционным, ни прогрессивным. Это было реакционное движение, которые тянуло казахский народ назад, к укреплению патрихально-феодальных устоев, и реставрации средневековой ханской власти, и отрыву Казахстана от России и великого русского народа»(әдейі түпнұсқа мәтінде алынды) - деп пікір білдірді.

«Правданың» мақаласы – сот үкімінен де пәрменді еді және Орталық комитеттің бірінші хатшысы да оның күшін жоя алмайтын. Сол үкім енді Қазақстанның тағдырын ұршықтай иірді. Іле-шала, 1951 жылдың 30 қаңтары күні сол «Правда» газетінде Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов туралы «Сынау орнына мадақтағандық» атты П.Кузнецовтың мақаласы шықты. Екі тұлғаның да жеке басына шынымен қауіп төнгені анық болды.

П.Кузнецов: Осы романның үшінші кітабы ­­– 1951 жылы «Знамя» журналында жарияланған «Абай жолы» әлі де жете талдап шығуды керек етеді, (очеркте ол туралы жанамалап қана айтылған). Қазір жазушы біртұтас циклдің төртінші кітабын жазуда. М. Әуезовтың ірі шығармасы әлі аяқталмаса да, сыншы ол шығармадағы кемшіліктерді автордың жете айтпағанын немесе оның теріс айтқанын көрсетуге міндетті еді. Мұндай көмекті, объективті бағаны М.Әуезов сыншыдан алған жоқ. Мұның орнына 3.Кедрина шығарманы «көшпелі қазақ даласының тарихы, этнографиясы, экономикасы және правосы жөніндегі күрделі ғылми еңбек» деп жариялауға асыққан. Мұндай сөздердің тек таңдандыруы ғана мүмкін, ал роман авторының өзін қолайсыз жағдайда қалдыруы ықтыимал. Мысалы, қазақ жане орыс халықтарының қас жауы Кенесары ханның он жыл бойы қан төгіп ойран салғаны сияқты Қазақстан тарихындағы қасіретті кезең М. Әуезовтың романында бейнеленбегендігі жұртқа мәлім. Ал шынында мұның өзі романдағы басты кейіпкерлердің бірі, Абайдың әкесі — Құнанбайдың тірі кезінде болған уақиғалар болатын».

Сыншы П.Кузнецовтың «Абай жолы» романдарында Кенесарының бейнеленбегеніне шын өкініп отыр ма, жоқ, жорта арандатқысы келген бе? Өйткені осының алдында ғана шығармада Кенесарының аты аталғаны ғана үшін ұлтшыл саналып, ол тұстарды қысқартқан болатын. Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов қазан айында өткен пленумда:



«М.Әуезов отызыншы жылдардың өзінде «Хан Кене» деген ұлтшылдық пьесасында Кенесары Қасымовты және оның қозғалысын жақтады. М.Әуезовтың 1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналында басылған «Ақындар ағасы» деген жаңа романында да Кенесары Қасымовтың өз басын біраз дәріптегендік болды. С.Мұқанов 1923 жылы «Жайлауда» деген поэмасында Кенесары мен Наурызбайды «өткен заманның батырлары», «қазақ халқының сүйікті және зор құрметті батырлары» деп атады. С.Мұқанов Кенесары қозғалысын 1942 жылы шыққан «Балуан Шолақ» деген повестінде де дәріптейді» - деп ескертіп өтті.

Егерде М.Әуезов Кенесарыны романда Құнанбаймен қатар суреттесе, онда бұл шығарманың жолы кесілетін еді.



Жаппай науқан сәуір айының алғашқы күндерінде Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих институтында басталды. Онда «Правда» газетіндегі мақала толықтай мақұлданып, Кенесары қозғалысы және тарихшы Е.Бекмаханов «қазақ халқының жауы» болып жарияланды («Лениншіл жас», 1951, 4 сәуір). Соның негізінде 10 сәуір күні «Правда» газетінде басылған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала туралы» қаулысы шықты. Онда:

«Правда» газетінде 1950 жылы 26 декабрьде жарияланған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаланың хан Кенесары Қасымовтың реакциялық, феодалдық-монархиялық қозғалысына баға берерде Е.Бекмахановтың жіберген өрескел саяси қателерін дұрыс ашатындығын Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті атап көрсетті» (...)

«Ф.Энгельс 1851 жылы 23 майда К.Маркске жазған хатында «Россия Шығыс жөнінде шын мәнінде прогресшіл роль атқарып отыр... Россияның үстемдігі Қара теңіз бен Каспий теңіздері және Орталық Азия үшін, башқұрттар мен татарлар үшін цивилизацияландырушы роль атқарып отыр...» деп жазды (Шығармалар, ХХІ том, 211-бет)».

«(...)Мұның өзі қазақ еңбекшілерінің патша отаршылары мен қазақ феодалдарына қарсы ұлт-азаттық қозғалысының өсуін тудырды; бұл қозғалыс езілген орыс шаруаларының күресімен тығыз байланысты болды».

«(...) Сонымен Кенесары қозғалысы халықтық қозғалыс та емес, бұқаралық қозғалыс та емес, азаттық қозғалыс та емес, реакциялық қозғалыс болды».

«(...) Ғылым және партия жұртшылығы Е.Бекмахановтың саяси қателерін оған сан рет көрсетті. Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуын әзірлеу туралы» 1945 жылы 14 августтағы қарары ол үшін үлкен ескерту болуға тиіс еді. Бірақ Е.Бекмаханов ғылым және партия жұртшылығының пікірімен санаспады және партияға қарсы, буржуазиялық-ұлтшылдық позицияларда қасарысып қалып келеді.

Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті мынаны да атап көрсетті «Қазақ ССР тарихы» кітабының екінші басылуын әзірлеу туралы» Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің 1945 жылғы 14 августтағы қарарын орындамады және хан Кенесары Қасымовтың қозғалысына баға беруде кітаптың бірінші басылуында жіберген саяси қателерді тағы да жіберді.

Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген 1950 жылы 26 декабрьде басылған мақаласын дұрыс деп таныды және маркстік-лениндік ілім негізінде Қазақстан тарихын терең және шын баяндауды, совет дәуірінің тарихын жасауға айрықша көңіл бөлуді, қазақ халқының тарихын, оның ұлы орыс халқымен берік достығының тарихын бұрмалауға тырысқан әрекеттің қандайына болса да қарсы батыл күрес жүргізуді республика тарихшыларының алдында өте маңызды міндет етіп қойды.

Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті Қазақ ССР Академиясының Пезидиумын мына жұмыстарды істеуге міндеттеді: «Қазақ ССР тарихының» бірінші томы түзетіліп, 1952 жылы қайта басылсын, онда бұл кітаптың екінші басылуында жіберілген саяси қателер жойылсын; Қазақстандағы ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ұлттық қозғалыстар туралы мәселе халықтық, азаттық қозғалыстарды реакциялық, феодалдық-монорхиялық қозғалыстардан айыру тұрғысынан шешілсін;

Кенесары Қасымов қозғалысының реакциялық, феодалдық-монархиялық қозғалыс екендігі туралы мәселе «Қазақ ССР тарихының» көп томдығында, «Қазақ әдебиетінің тарихында» және басқада кітаптарда көрсетілсін.

Қазақ ССР Академиясының тарих, археология және этнография институты мен тіл және әдебиет институтының директорларына, республикалық газеттер мен журналдардың редакторларына Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысын әшкерелейтін бірнеше мақалалар әзірлеп, басып шығару тапсырылды.

Қазақстан К(б)П обылыстық комитеттеріне, аудандық комитеттеріне және қалалық комитеттеріне «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаласын Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бұл мәселе жөніндегі қаулысын республиканың жоғары оқу орындарының пария ұйымдары мен барлық орта оқу орындарының педогог коллективтерінің ашық жиналыстарында талқылау тапсырылды.

Осы жылдың апрель айында Алматы қаласы мен обылыс орталықтарында интелегенцияның жиналысын өткізіп, ол жиналыста «Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндау туралы» баяндама жасау белгіленді...» («Ленишіл жас»,1951, 21 сәуір).

Осыдан кейін 20-сәуір күні жазушылар одағында «Кенесары – халықтың қас жауы» атты тақырыпта партия ұйымының ашық жиналысы өтті. Онда одақтың жауапты хатшысы Қ.Жармағамбетов көлемді баяндама жасап, қазақ әдебиетіндегі Кенесары бейнесінің сомдалуы тарихына барынша кең тоқталып өтті. Ол:



«Кенесары Қасымовтың реакцияшыл қозғалысын әдебиетте дәріптеудің жаңа толқыны 1939-жылдардан басталады. Бұл мәселеге ССРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалының сол кездегі әдеби секторы ұйытқы болды да, сол сектордың сол кездегі басшысы Е.Исмаилов ұйымдастырушы болды. Е.Исмаилов 1940 жылы Кенесарының қырғыз халқына жасаған басқыншылық шабуылын ақтап, арнаулы монография жазды. Әдебиет секторының сол кездегі ғылыми қызметкері X.Бекхожин «Әдебиет және искусство» журналының 1941 жылғы 5 номерінде «Қазақ әдебиетіндегі Кенесары мен Наурызбай бейнелері» деген мақаласын жариялады, Исмаилов пен Бекхожиннің бұл еңбектерінде Кенесары Қасымовтың реакцияшыл-монархиялық қозғалысы прогрессивтік, ұлт-азаттық қозғалыс деп танылып, Кенесары мен оның төңірегіндегі қарақшылары – халық батырлары дәрежесінде дәріптелді. Дәлірек айтқанда, Кенесары жөніндегі ұлтшыл-алашордашылардың ескі сандырағын қайталады.

1940 жылы Исмаиловтың басшылығымен Кенесарыға арналған поэмалар мен өлеңдерден жинақ құрастырылып, 1941 жылы Қазақтың Мемлекеттік Баспасына өткізілді. Исмаиловтың басшылығындағы әдебиет секторы бұл шараларға да қанағаттанбай, Кенесары мен оның нөкерлері туралы ақындарға шығармалар жаздырды. X.Бекхожин «Науан батыр» деген поэма жазып, қандыбалақ Наурызбайды халық батыры деп көтермеледі. А. Тоқмағамбетов Кенесарының әскери басшыларының бірі, қырғыз халқына қарсы басқыншылық соғыста жауыздығымен көзге түскен Бұқарбай туралы поэма жазды. Қ.Аманжолов «Көкшетау» деген поэма жазып, Кенесарының Көкшетауда болған кезін аңсайтындығын баяндады. Исмаиловтың тапсыруымен халық ақындары Саяділ Керімбеков, Доскей Әлімбаев, Иманжан Жылқайдаров Кенесарыны мақтап поэмалар шығарды. Бұл поэмалардың бәрін де әдебиет секторы сатып алып, Исмаиловтың басшылығымен Кенесары туралы екінші кітап әзірленді.

Исмаилов 1944 жылы «ССРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының хабарларында» жарияланған «Соғыс жылдарындағы казақ поэзиясының жайы мен міндеттері» деген (53-бет) мақаласында Шамиль мен Кенесарыны бояулы сөздермен мадақтай келіп, олардың тарихтағы орнын Суворов, Кутузов, Амангелді, Щорс, Чапаевтарға теңейді.

1946 жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.

1949 жылы М.Әуезовтың редакциясымен шыққан қазақ әдебиеті тарихының бірінші томындағы «Тарихи жырлар» деген бөлімде Исмаилов «ХІХ-ғасырда болған ұлт-азаттық қозғалысының ішіндегі ең көрнектісі Кенесары Қасымовтың басшылығымен болған халық көтерілісі» (311-бет) деп түйеді.

Осының барлығы әдебиетші Исмаиловтың Кенесарының реакцияшыл-ұлтшыл қозғалысының әдебиеттегі адвокаты болып келгендігін дәлелдейді.

С. Мұқанов 20 жыл бойына Кенесары Қасымовтың қозғалысын халыққа қарсы реакцияшыл деп келді. 1923 жылы жазған «Шешендер қара тақтаға жазылмаңдар!» деген мақаласында С.Мұқанов Кенесары қозғалысының реакцияшыл мәнін дұрыс әшкереледі. Одан кейінгі жылдарда «Қызыл Қазақстан», «Жаңа әдебиет» журналдарында жарияланған қазақ әдебиеті тарихының мәселелері жөніндегі мақалаларында да алғашқы айтқан пікірінде қалып отырды.

1942 жылы жазған «XVIII және ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктері» деген кітабында С.Мұқанов бұрынғы пікірлерінен безіп, Кенесарының реакцияшыл қозғалысын прогрессивтік, ұлт-азаттық қозғалысы деп таниды.

Қазақ халқы тарихының даулы мәселесі болып келген Кенесары қозғалысына көзқарасының тым шұғыл өэгеруінің себебін Мұқанов жолдас осы жиналыста ашып айтуы керек.

Профессор Жұмалиевтің көзқарасында да дәл осындай тұрақсыздық болғанын көреміз. 1938 жылы жарияланған «Махамбет Өтемісовтің творчествосы» деген еңбегінде Кенесары қозғалысын халыққа қарсы қозғалыс деп таныса, 1941 жылы «XVIII және ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы» (орта мектеп үшін оқу құралы) деген кітабында Нысанбай творчествосын талдай келіп, Кенесары қозғалысын прогрессивтік деп түсіндірді. 1948-49-50 жылдары шыққан орта мектептің оқу құралы кітаптарында да осы пікірін қайталайды. Өз көзқарасының өзгеру себебін Жұмалиевтің де ашып айтуы керек.

Абай шәкірттері туралы мәселе, дәлірек айтқанда, Абайдың ақындық мектебі туралы мәселе қазіргі кезде әдебиетшілеріміз арасында талас тудырып жүрген мәселе екендігін ескерте келіп, баяндамашы бұл мәселе жөнінде пікір алысу керек деген ұсыныс жасады. Кенесары Қасымовтың реакцияшыл-монархиялық, феодалшыл-ұлтшыл қозғалысына баға беруде әдебиет тарихында жіберілген саяси өрескел қателерді жоюдың шараларына тоқтала келіп, баяндамашы осы жылғы апрельдің 4 күні «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Әдебиетте Кенесары қозғалысын дәріптеуге карсы күресейік» деген Ғұмарова жолдастың мақаласы, сондай-ақ апрельдің 19 күні «Ленинская смена» газетінде жарияланған осы мәселе жөніндегі Ә.Тәжібаев жолдастың мақаласы өте маңызды пікірлерді көтеріп, X.Бекхожин, Е.Исмаилов, X.Жұмалиев, М.Әуезов, С.Мұқановтардың Кенесары қозғалысын бағалаудағы қателіктерін дұрыс ашатындығына атап тоқтады», («Әдебиет және искусство», 1951, №8).

Баяндамадан алынған осы ұзақ үзіндіден қазақ әдебиетінің басына қандай қауіп төнгенін анық байқауға болады. Аты аталған адамдардың партиялық жазадан құтылуы екіталай болатын. Сондай саяси-көркем мағынаға ие емес жаныққан жарыссөздерді бұл араға кіріктірмесе де ештеңе өзгермес еді. Бірақ та жандайшап идеологияның жанықпасы тұсында ұлы тұлғалардың да кібіртіктеп, жасып, еркінен айырылып, пендешілікке ұрынуы – рухани жұтаңдық. Біз тұлғаларды тұлдаған кеңестік жазалау саясатының психологиясын көрсету үшін олардың сол «қызылөңеш кезеңде» бір-бірін «қыстыра» кетіп, жалғыз өзі жазаланып кетпеуге ұмтылған мәжбүрлік пендешілігін аша кеткіміз келді. Бұл да келешекке сабақ. Сөйтіп, өңештеу науқанына өрт қойылды да лаулай жөнелді. Сәбит Мұқановтың өзі баяндамашыдан кейін іле сөз алды:

С. Мұқанов: Түймедей болсын, түйедей болсын, бәрібір, күнәнің аты – күнә. Сондықтан: «Мен аз қателестім» немесе: «Оның қатесі көп» - деп, дәрменсіз дәлелдер іздеп жатудың керегі жоқ. Кінәлісің бе, мойныңа ал кінәңді!..Аз ба, көп пе, әңгіме онда емес, әйтеуір мен де қателестім, онымды түп-түгел мойындаймын.

«Кенесарыға көптен қарсы С.Мұқанов пен Х.Жұмалиев жолдастардың кенет өзгергені қалай?» - деді баяндамашы. Дұрыс сұрақ. Өз қатемді адалдықпен мойындай тұра, осы сұраққа жауап бере кеткім келеді. Себепсіз салдар жоқ, жолдастар! Турасын айтуға керек, Қазақстанда совет өкіметі орнағаннан бастап- ақ, Кенесарыға батыл қарсы шыққан кісі екеу болса, біреуі мен едім. Сол пікірім ұлы отан соғысының алғашқы жылдарына дейін өзгерместен келді. Ал, 1942 жылы қазір осында қайта-қайта аталып жатқан кітабымда бұрынғы дұрыс пікірімнен шұғыл бас тарттым. Ашық түрде, большевикше мойындаймын, бұл менің қателігім. Бірақ, сын ретінде, менің әлгі қателігіме сол кездегі жауапты қызметкердің бірі Әбдіқалықов жолдастың да мықтап ортақтасқандығын, тіпті менің қателесуіме қолма-қол себепші болғандығын айтпай өте алмаймын.

Бұдан әрі «С.Мұқанов жолдас «Қазақ ССР тарихының» бірінші басылуындағы редакциясын басқарған Әбдіқалықовтың өрескел қателігін, дәлірек айтқанда, Кенесарыны халықтың жауы деп тауып, дұрыс жазылған пікірді өзгерттіріп, мадақтата жаздыртқанын айтты».

Сәбит Мұқановтың сол кездегі Орталық комитеттің хатшысы М.Әбдіқалықов жаздырды деп отырған «Қазақтың ХҮІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктері» атты 1942 жылы жарияланған монографиясындағы «Бостандық күресі» атты тарауындағы пікірлері еді. Соның ішінде Кенесары көтерілісі туралы С.Мұқанов:



« Ең алдымен, 1822 жылдың заңы шығып, қазақ халқын өзіне біржола бағындырып, қазақ феодалдарынан өзіне сенімді кісі тауып, ауыл арасына үкіметке сенімді мықты әкімшілік аппаратын құрғаннан кейін, патша үкіметі халықты ашықтан-ашық талау жолына түсті. Н. Тимофеев, Е. Федоров, «1837-1847 жылдары қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күресуі» деген мақалаларында («Большевик Казахстана» № 4 1940 жыл) халықтың сол кездегі күйзелушілігіне мынадай мысалдар келтіреді: «қазақ халқын патша үкіметінің бүлдіруінде өте зор ролі болғаи «репрессалия» дейтін заң, екінші сөзбен айтқанда, қарулы орыс әскерінің қазақ ауылына шабуыл жасауы, талауы, малын айдап алуы, қазақтың балаларын тартын әкетуі т. т. Бұл зорлықпен талауда олар, қазақ халқы керуенді талапты-мыс, орыс, калаларына шабуыл жасапты-мыс деген өтірік жалаларды сылтау қылды. Бұл «репрессалиялар» көбінесе, хан мен сұлтандардың ұлықсатымен болды, олар өздеріне қарсы шыққандарды осылай талатып, ықтырып отырды...

«Қазақ халқының халі ауырлағандығы сондай, сол кездегі Россия патшасы І Александр, 1808 жылы, 25-майда Оренбург губернаторы Волконскийге былай деп жазады: «Оренбург төңрегіндегі көшіп жүрген қазақтардың халі ауырлағандығы сондай, олар бір жақтан, амалсыз талау жұмысына кіріссе, екінші жақтан Хиуаға апарып, балаларын сатады».

«Орта жүз қазақтарының кедейленуі сондай, - деп жазды Тройцкий қаласындағы таможня 1802 жылы сауда министрі Румянцовқа, - олардың көбі осы маңда жалаңаш-жалпы, еркегі, әйелі, балалары қаңғырып қайыр сұрап жүреді. Бұлардың халі аянышты, көзге ерекше түседі».

1819 жылы, І Александр, қазақ балаларын сатып алуға, балаларды алып сатармен сауда жасауға заң шығарды. 1832 жылы «Қырғыз-қазақ ордаларының тарихы» атты кітап жазған Алексей Левшин, «базарда қазақтың еркек баласының сатылатын құны 4 иә 5 қапшық арыш бидай еді, қыз баланың бағасы 3 иә 4 қап арыш еді» - дейді және бір айда қазақтан жүз бала сатылғанын айтады. Халықты осылай талаған патша үкіметі, екінші жақтан, өзіне арқа тіреу болған қазақтың феодалдарын көтермелейді. Даланың қайдағы шұрайлы жерінен қазақ феодалдарына кең жер береді, оларға «дворян» деген атақ береді, сән-салтанат жасайды, қазақ феодалдарын орыс князьдары мен орыс дворяндарының дәрежесінде ұстайды.

Кенесары мен Наурызбайдың халық көтерілісін бастаудағы мақсаты туралы соңғы кезге шейін қата ұғым болып, оларды: «хандықты көксеушілер, қара басының пайдасы үшін, хан болу үшін көтеріліске катынасушылар» - деп бағалады. Бұндай қата пікірден, бір кезде, осы очеркті жазушы автор да сау болған жоқ. Кенесарыны демократтық идеядағы адам еді деушілер бар, ол, әрине, асыра бағалағандық. Кенесарының мақсаты − хандықты сақтау. Хандық − қанаушы таптың қолындағы құралы. Бірақ, осы хандықтың өзі адам баласының өркендеу дәуіріндегі белгілі бір сатыда халықтың елдігін сақтауға қажет және прогрестік құрал. Кенесары заманында қазақ ауылында, хандықтан басқа әлеумет билеу формасы болуы мүмкін емес, басқа форманы ол кездегі қазақ ауылының саяси-шаруашылық жағдайы көтермейтін еді. Сондықтан, егер, мемлекет басындағы хан патшаға сатылмай, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрессе, бұндай хан объективтік жағынан, халықшыл хан еді. Кенесары осындай хан, Кенесарыны одан артық көтермелеу − орынсыз идеалдау боп табылады.

Мәселе, Кенесарының хандық құрылысты қолдануда емес, отаршылық саясатқа, екі жақты талауға халық қарсы шығып көтеріліс жасағанда, Кенесарының халық жақта қалуында, халық көтерілісін бастап, казақ халқының тәуелсіздігін қарулы көтеріліспен қорғауға тырысуында» - деп жазып еді.

Бұдан кейін мінбеге Мұхтар Әуезов көтеріліп, «өткендегі қателері мен ескі ойынан арыла» ұзақ сөйледі. Біз тек қысқаша «Хан Кенеге» және алдағы кезеңдерде алдынан шығатын пікірлерді ғана іріктеп береміз.



М.Әуезов: «Правда» газетінде жарияланған мақала және Қазақстан Орталық партия Комитетінің сол мақалаға байланысты қабылдаған қаулысы тарихшылардың қателерін айқын көрсетіп берді, Біздер, әдебиет тарихын зерттеушілер мен жазушылар өз еңбектерімізде болып келген қателеріміз бен ойымызды ашуға тиіспіз.

Мен өз қателерімнен бастаймын. Мен 1928 жылы «Хан Кене» пьесасын жазған едім. Бұл шығармада автордың ұлтшылдықты дәріптеу бағыты айқын көрініп еді. Алғашқыда бұл пьеса театр сахнасында да қойылмады, басылып та шыққан жоқ. Тек қолжазба күйінде қалды. 5 жыл уақыт өткен соң, 1933 жылы театр қызметкерлерінің пьесаға біраз түзетулер жасап бер - деген сөзін ескере отырып, мен пьесамды едәуір өңдедім. 1934 жылы пьесамның премьерасы қойылды да, репертуардан алынып қалды. Өйткені, пьеса саяси мазмұны жағынан қате, совет жұртшылығына керексіз болды.

Сол кезде менің пьесам туралы да, Кенесарының өзі жөнінде де дұрыс пікір айтқан Мүсрепов жолдас болды. Ол қазақ еңбекшілерінің патша өкіметіне қарсы күресін Кенесары қозғалысынан емес, 1916 жылғы оқиғалардан іздеу керек дегенді айтты, ал, Кенесарыны халықтың қас жауы, кертартпа хан деп атады. Осыдан кейін мен бұл пьесаға қайтып оралған жоқпын.

Бұдан соң «Әуезов жолдас сол жылы Халық ағарту Комиссариатының тапсыруы бойынша «ХІХ ғасыр және ХХ ғасырдаң бас кезіндегі қазақ әдебиеті тарихының очерктерін» жазуға қатысқанын айтты. Сонда Бұқар, Махамбет, Нысанбай, Шортанбай, Мұрат, Абай туралы жазып, әсіресе, Нысанбай жөнінде, оның таптық-саяси бағытын өзінше ашып көрсеткенін ескертті. Сонымен қатар, ол Кенесары мен Наурызбайға арнап ештеңе жазбаса да, «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томына редактор болғандықтан, осы мәселе жөнінде кітаптағы қате мақалаларға солардың авторы Исмаилов, Қоңыратбаевтармен бірдей жауапты екенін білдірді. Және кітаптың екінші басылуында сол қателерді мүлтіксіз түзету үшін әдебиетшілер мен ғалымдардың көмегі керектігін айтты.

Содан кейін Әуезов жолдас: Абайдың әдеби мектебі және ақын шәкірттері туралы, солардың ішінде, Кенесары жайында поэма жазған Көкбайға біраз тоқталды. Сөйтіп, оның шығармашылығының қайшылықтарының мәнін ашумен бірге, пайдалыларын қабылдау керек деген пікірге келді. Жалғыз ол емес, Абайдың барлық шәкірттерінің шығармашылығына сын көзімен қарап, дұрыс пікір айту үшін, кең түрде айтыс ұйымдастыруды ұсынды.

- Өз қателіктерімді ескере отырып,- деді Әуезов жолдас- мен соңғы кездерде Кенесары маңындағы әдебиетті және ХІХ ғасырдағы оның идеологі болып алғаш дәріптеген, оған табынған Досқожа мен Ныснбай туралы әдебиетті қайта қарап шықтым. Бұл Кенесарыны құптап, қуаттаушы ақындар оны сыпыра мақтаудан басқа ештеңе жазған жоқ екен. Ендеше оларды мақұлдап сөз ету – Кенесарыны дәріптеу болып табылады.

1939 жылдан бастап, осы уақытқа дейін қазақ әдебиетінің тарихында, оқу кітаптарында көптеген мақалалар мен зерттеулерде және жоғарғы мектептерге арналған жылма-жылғы программада Кенесары үнемі мадақталып келгенін Әуезов жолдас атап көрсетті. Солардың ішінде Бекмахановтың кітабының буржуазиялық ұлтшыл концепциясы тым өрескел екенін айтты.

- 1941 жылдан бергі дәуірде Жұмалиев жолдас жазған оқу кітаптары мен ХІХ ғасыр әдебиетінің программасында өзгеріссіз, бір ғана сыпаттама (орын алып) келеді, ол Кенесарыны шамадан тыс сыпыра мақтау, дәріптей қастерлеу... Кенесарыны асыра жырлаған Досқожа мен Нысанбайға да сөзсіз жоғары баға беріліп келеді. Кенесары мен Нысанбай және басқа ақындар жөнінде бұдан үлкен, өрескел қателер Исмаиловта да бар. Турасын айту керек, отызыншы жылдардың ақырынан соңғы уақытқа шейін, Исмаилов жолдас өзінің кітаптарында, мақалаларында, баяндамаларында Кенесарыны нағыз белсене дәріптеуші, қастерлеуші және уағыздаушы болды. Ол ол ма, халық ақындары мен ақын, жазушыларға да Кенесарыны дәріптеуде оның үлкен әсері болды. «ХҮІІІ-Х1Х ғасырдағы қазақ әдебиетінің очерктері» - деген Мұқанов жолдастың кітабында да қате көп. Жиырмасыншы жылдары Кенесары туралы дұрыс пікір айтқан Мұқанов жолдас, неге екені белгісіз, ертегідегідей өзгере қалып, оған нағыз қарсы болушыдан оны барынша жақтаушыға айналды.

Бір тарихи ақиқатты дәлелдеу үшін, мен 1934 жылғы жоғарыда аталған «Очерктер» мен «Хрестоматияда» жазған мақалама тоқталмақпын. ХІХ және ХХ ғасырдағы әдебиеттің хрестоматиясында мен Нысанбай туралы: «Ол ханға қызмет қылуға тырысты, билеп-төстеуші, үстем таптың күрескері және ақыны болды» - (11-бет) деп жазыппын. Ал, Кенесары туралы (31-бетте) оның хандық тақ, атақ-даңқ үшін күрескенін атап көрсетіппін. Менің осы жұмыстарым Жұмалиевтің оқу кітаптарында кейін әлденеше рет сынға түсіп, кінәләнді. Ал, оның сөзін басқа авторлар да қайталады».

Сөзінің соңында Қ.Жұмалиевтің Бұқар жырау туралы пікіріне де сын айтты. Бұл екі үлкен ғалымның арасындағы Абайдың ақындық мектебі туралы айтыстары олардың аражігін мүлдем ашып тынды. Тіпті бір-бірін жеккөрінішті етіп көрсетуге дейін барған. Қ.Жұмалиев те «қарызданып қалмай» «Абай жолы» романы арқылы М.Әуезовтің «ұлтшылдығын әшкерелегені» редакция алқасына ұнап қалса керек:



«Шығып сөйлеген профессор X. Жұмалиев жолдастың сөзі әрі мазмұнды, әрі ғылыми дәлелді болды. Ол Кенесары-Наурызбай қозғалысына байланысты әдебиет зерттеу еңбектеріндегі қателіктердің туу себептерін айта келіп, Бекмаханов, Әуезов, Исмаилов жолдастарды батыл сынады.

Профессор Әуезовтің Абай мектебінің көрнекті өкілі деп жүрген Көкбайы қазақ халқының зұлым жауы Кенесары мен Наурызбайды мадақтап поэма жазған. Сондай-ақ Әуезовтің Абай шәкірттері деп жүрген кейбір ақындары қазақ халқының дана ақыны Абайдың шәкірті деп айтуға татымайды,- деді Х. Жұмалиев жолдас» - деп іштарта көрсетті.



Күнделікті баспасөздердегі даурықпаны былай қойғанда ой қорытып жазуға мүмкіндігі бар журналдық мақалалардың өзінде жоғарыдағы мазмұндағы сөздер қайталанып, астарланып, жұмырланып, саяси-идеологиялық жақтан салмақтанып үзбей жарияланып жатты. «Әдебиет және искусство» басылымының №8 санындағы «Әдебиетіміздің идеялығы үшін» атты редакциялық бас мақала соның бір дәлелі. Онда:

«Көркем әдебиетіміздің өркендеу жолында қолымыз жеткен осындай табыстарды айтумен қатар, біз бұл салада соңғы уақытқа дейін орын алып келген идеологиялық бұрмалаушылықтарды, өрескел қателіктер мен елеулі кемшіліктерді де ешбір жасыра алмаймыз. Өткен жылдың декабрінде «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала және бұл мақалаға байланысты Қазақстан К(б)П Орталық Қомитетінің осы жылғы 10 апрельдегі қаулысы жалған тарихшы Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деген кітабында Қазақстан тарихы мәселелерін буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан баяндағанын, халық бұқарасының қас дұшпаны сұлтан Кенесарының феодалдық-монархиялық қозғалысын «халықтық», «бостандық» қозғалысы болып еді деп дәріптегенін әшкереледі. Бұл мәселені талқылау үстінде Қазақстанның кейбір тарихшыларының еңбектерінде ғана емес, сонымен қатар кейбір әдебиетшілері мен ақын-жазушыларының кітаптарында да буржуазиялық-ұлтшылдық бұрмалаушылықтардың, өрескел саяси қателіктердің орын алып келгендігі анықталды.

Қазақстан К (б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысында, әдебиетшілер Е.Исмаилов пен X.Жұмалиевтің буржуазиялық-ұлтшылдық бағыттағы қателері атап көрсетілгеніне қарамастан, бұлар өздері жөнінде болған қатаң сындар мен ескертулерден сабақ ала білмеді, соңғы кезге дейін олар әдеби зерттеулерінде, мақалаларында Кенесары мен Наурызбайды жер-көкке сыйғызбай дәріптеумен болды, халықтың бұл дұшпандарын мақтап өлең жазған хан маңындағы ақындар мен жыршылардың зиянды шығармаларын барынша насихаттап, оларға оқу кітаптарынан, оқу программаларынан, әдебиет тарихына арналған еңбектерден кең орын беріп отырды. Жазушы М. Әуезов Қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында, «Хан Кене» деген арнаулы пьесасында Кенесары мен Наурызбайды, олардың маңындағы феодалдарды үнемі мақтаумен, оларды бұқараның «көсемдері» етіп көрсетумен болды. Қазақстан жазушылар одағының председателі С.Мұқанов та сұлтан Кенесарыны дәріптеушілердің буржуазиялық-ұлтшылдық пікірлеріне кезінде тойтарыс берудің орнына, қайта ондай зиянды пікірлерді өзі қостап отырды.

БК(б)П Орталық Комитетінің органы «Правда» газеті осы жылғы 2 июльдегі «Әдебиеттегі идеологиялық бұрмалаушылықтарға қарсы» деген редакциялық мақаласында және 16 июльдегі «Совет әдебиетінің маңызды міндеті» деген бас мақаласында кейбір жазушылар мен ақындардың шығармаларынан ұлтшылдықтың сарқыншағы байқалатынын көрсетті, бұл жөнін ақын В. Сосюраның «Украинаны сүй» деген ұлтшылдық сарында жазылған өлеңін мысалға алды. Ұлтшылдықтың мәнісі, - деп жазды «Правда» - оқшаулануға және ұлттық тар өрісті шеңберде томаға тұйықтануға тырысушылықта, Совет Одағындағы ұлттардың еңбекшілерін жақындастыратын және біріктіретін істерді көрмеушілікте екені мәлім. Қазіргі заманның тақырыптарынан қашықтап, алыста еткен заманға бой ұру, ескілікті дәріптеу - ұлтшылдықтың жеке жазушыларда кездесетін ерекше бір түрі» - деп атап өтілді.

1951 жылы 24 тамызда Жазушылар одағының қалалық жиналысы өтті. Оны қалалық партия комитетінің хатшысы Исқақов басқарып отырды. Одақтың төрағасы С.Мұқанов «Қазақ әдебиетіндегі идеологиялық бұрмалаушылықтарға қарсы» атты баяндама жасады. Екі-үш ауыз сөзбен әдебиет жетістіктеріне жеделдете тоқталып, сол бір қызылөңеш кезеңнің дәстүріне сәйкес бірден саяси-идеологиялық әшкерелеуге көшті. Әрине, тағы да «дәстүр бойынша» алдымен Мұхтар Әуезов және оның «Хан Кенесі» нысанаға алынды. Қара дауылдың демімен «үш бәйтерек» бірін-бірі тағы да тамырларын солқылдата ырғады.

С.Мұқанов: «Алайда қазақ совет әдебиетінде, сондай-ақ кейбір жеке ақын-жазушылардың творчествосында өрескел саяси қателер, бүгінгі өміріміздің шындығын бұрмалау, совет халқының мүддесіне зиянды, ұлтшылдық сарындар орын алып келді. Қазақтың көптеген ақын-жазушылары өздерінің шығармаларында қазақ халқы мен орыс халқының қас жауы сұлтан Кенесары Қасымовтың монархиялық, кертартпа бағыттағы көтерілісін ұлт-азаттық жолында болған күрес деп дәріптеді. Жазушы Мұхтар Әуезов бір кезде «Хан кене» атты пьеса жазып, онда қанішер Кенесарының бауырлас қырғыз халқына жасаған зұлымдығын, жыртқыштығын оның ерлігі етіп көрсетті. Сөйтіп, бұл зиянды шығарманы жазу арқылы жазушы Мұхтар Әуезов сұлтан Кенесары Қасымовты дәріптеумен тынбады, ол жүздері жарасқан бауырлас қазақ, қырғыз халықтарының достығын бұрмалап, олардың арасында ұлт араздығын қоздыруға әрекеттенді. Бірақ, Октябрь революциясы арқылы қайта туған, Ленин−Сталин партиясының ұлт саясаты негізінде тәрбиеленген қазақ еңбекшілері М.Әуезовтің бұл жат оймен жазылған, зиянды шығармасын қабыл алмады.

Халқымыздың мүддесіне опасыздық жасаған Кенесарыны дәріптеуде жазушы Әуезовтен басқа кейбір ақын, жазушыларымыз да қалыса қоймады. Ақын Қалижан Бекқожин Кенесарының баскесер інісі, қанішер Наурызбайды мадақтап «Батыр Науан» деген поэма жазды. Бұл поэмасында ол қазақ халқының қас жаулары Кенесары мен Наурызбайды азаттық туын көтерген, еркіндік аңсаған, халық қамын жеген көсемдер, ел үшін еңіреп туған ерлер етіп суреттеді. Сөйтіп, Қ.Бекхожин совет ақыны деген атты бетке ұстап, халқымыздың мүддесіне опасыздық жасады, халықтың қас жауларын дәріптеуден ол тайсалмайды. Кенесары Қасымовты дәріптеу басқа да көптеген әдебиетшілердің еңбектерінде, оқу құралдары мен хрестоматияларда, сондай-ақ қазақ әдебиеті тарихының профессоры М.Әуезовтің басқаруымен шыққан бірінші томында да орын алды. Профессор Х.Жұмалиев пен Е.Исмаилов жолдастар өздерінің «ғылыми-зерттеу» еңбектерінде маркстік-лениндік методологиядан қол үзіп, өрескел қателіктерге ұрынды» - деп қызылкеңірдек айтыстың тамағын қырнап берді.

Партияда жоқ жазушы Ғ.Мүсрепов те қалыс қалыс қалмады. С.Мұқановтың өзін де қармаққа іле кетті.

Ғ.Мүсрепов: «Большевиктік сын қазір ұлтшылдық пен идеясыздықтың түп-төркінін терең ашып беріп отыр. Большевиктік сын кейбір жазушылардың пікірі Кенесары Қасымовты дәріптеуде буржуазияшыл-ұлтшыл Бекмахановтың пікірлерімен ұштасып жатқандығын көрсетті. М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасында, қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында, С.Мұқановтың «Балуан шолақ» повестінде, «XVIII-ХІХ-ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктерінде», Жұмалиев пен Исмаиловтың оқу құралдарында, Бекхожиннің шығармаларында Кенесары халықтың көсемі ретінде, ал, оның көтерілісі прогрессивті болып көрсетілді. Олардың бұл еңбектерінде ұлтшылдықтың екінші беті − орыс халқына қарсылық көп орын алды. Әуезов жолдастың соңғы жылдардағы ұлтшылдық сарындағы қателері, сөз жоқ, оның өткендегі идеялық тұрақсыздығымен, адасуларымен тығыз байланысты. Басқа ешкім емес, Әуезов жолдастың өзі әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыздың ішінде ең бірінші рет халықтың зұлым жауы Кенесарыны жер-көкке сыйғызбай дәріптеп, аспанға көтерді. Мұқанов жолдастың өрескел қатесі де бұдан кем соқпайды. Ол өзінің «Очерктерінде» Едіге мен Қобландының, Кенесары мен Наурызбайдың, Көтібар мен Есеттің арманы Аманкелді Имановтың Октябрь революциясындағы күресі арқылы жүзеге асты деп жазды. Бұдан большевик комиссар Аманкелді Иманов Едіге мен Кенесарының арманы мен мақсаты үшін күрескен болып шығады. Сөйтіп, Сталин жолдас қазақтың Чапаевы деп атаған Аманкелді Иманов Социалистік Октябрь революциясының жемісі емес, Едігеден бері келе жатқан феодалдық қоғам батырларының ұрпағы болып қана қалады»



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет