4.9 Жаңа ақпараттық коммуникациялық технология
Қазақстан алдыңғы 10 жыл уақытта бәсекеге қабілетті әлемнің ең дамыған 50 мемлекетінің қатарына енуі үшін халқымыздың рухани, ғылыми және шығармашылық қабілеттері жоғары болуы қажет. Білімнің айырықша басымдылық алуы қазіргі қоғамдық прогрестің заңдылықтарынан туындайды. Өресі биік адамдар ғана мемлекеттің экономикалық даму деңгейін айқындайды.
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің стратегиялық мақсаты – мемлекеттің әлеуметтік және кәсіптік мәселелерін өз бетінше тұжырымдай отырып, іс жүзінде шеше алатын бәсекеге қабілетті шығармашыл тұлғаны қалыптастыруға неғұрлым қолайлы жағдай жасау болып табылады.
Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарға арналған білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасында «2005 жылдың аяғына дейін мектептердегі компьютердің саны 37:1 қатынасындай, яғни 37 оқушыға 1 компьютерден келеді, ал 2010 жылдың аяғына дейін бұл 20 оқушыға 1 компьютерден келеді» деп атап көрсетілген-ді.
Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі Ж.Түймебаевтің «Білім сапасы білікті кадрға тәуелді» атты 1 қыркүйек- Білім күніне арналған баяндамасына сүйенсек,білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылуда:
- 2900-дан астам мультимедиалық лингафондық кабинеттер жасақталды;
- 3821 мектеп интерактивті жабдықтармен қамтамасыз етілді;
- On-line оқыту студиясы құрылып бір компьютерге 20 оқушыдан келеді;
- Білім беру ұйымдарының 98% интернет желісіне қосылған.
Ал бұл оқу-тәрбие үдерісінде компьютерлерді, жаңа коммуникациялық оқу технологияларын, электрондық оқулықтарды кеңінен пайдалануға зор мүмкіндік ашады.
Ақпараттық ғасырда интеллектуалды қызметтің дамуы компьютер және қазіргі коммуникация құралдарымен тығыз байланысты. Бұл ақпараттық технологияландыру адамның іскерлік белсенділігіне, білімділігіне, мәдениетіне, ал жалпы айтқанда, ғылымның дамуына түбегейлі әсер етеді. Ақпараттық технология білімді өңдеумен анықталып, қоғамның материалдық және рухани жағдайын өзгертеді.
Ақпарат- бұл бізді қоршаған әлемнен алынған сыртқы ортадағы кездейсоқтық үдерістерге бейімделу және осы ортаға өмір сүру әрекетінің мазмұнды белгісі, белгісіздің сырын ашатын жаңалық, хабарлама. Ақпараттың негізгі маңызды жағы сапалы және сандық байланыстың анықтылығында.
ЮНЕСКО-ның зерттеуінде ХХ ғасырдың 90-жылдарының өзінде де Еуропада халықтың 70% -ы кәсіби ақпараттарды ақпараттық банктерден алуды қаласа, тек 3%-кітапханадан алуды қанағат тұтады.
Америка мен Еуропа мемлекеттерінде әртүрлі мамндықтар бойынша мәліметтер жинақтайтын арнайы ақпараттық банктер жұмыс жасайды, солардың бірі – педагогикалық ақпараттық банктер.
Ресейдің білім саласы қызеткерлерінің білімін көтеру институтының құжаттарына сүйенсек, Ресейдің ақпараттық банктері бар Тамбов, Киров, Ярославль қалаларында 1990-1994 жылдардың өзінде-ақ ақпараттық тапсырыс беретіндердің саны 1,5-2 есе артқан.
И.А.Мегалова өзінің «Ресей мен шетел жоғары оқу орындарында шетел тілінің құзыретін қалыптастырудағы жаңа ақпараттық және коммуникативтік технологиялары (салыстырмалы анализ)» зерттеу жұмысына қазіргі кезеңде шет тілінің құзыреттілігін қалыптастырудағы жаңа ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдану жолдарын, атап айтқанда медиа-модуль әдісі мен қашықтықтан оқытуды қарастырады.
Педагогика теориясында жаңа ақпараттық коммуникациялық технологияға 1980 жылы С.Пейперт (S.Papert) ұсынған 3 көзқарас тиесілі:
- сыншылдық;
- скептикалық;
- оптимистік.
«Критикалық» көзқарастағы сыншылдар оқытудағы жаңа ақпараттық коммуникациялық технологиялардың (ЖАКТ) кері әсерлерін басып айтады: видео адам белсенділігіне кері әсер етеді, ЭВМ терең ойлауды тежейді, компьютерлендіру үдерісі қоғамды ізгілендіруге кері әсерін тигізеді, өйткені адамның жасайтын барлық іс-әрекетін компьютер жасайды да, адамның ойының, ой-санасының өсуіне кедергі жасайды.
Скептиктер компьютерлендіру идеясына оң кқзқарас білдіреді, олардың ойынша, жаңа ақпараттық коммуникациялық технологиялар оқыту үдерісін жақсартады, оқушының ойлау іс-әрекетін арттырады.
Оптимистер ЖАКТ келешегінен үлкен үміт күтеді, олар ЖАКТ оқушылардың ойлау үдерісін, ақпарат алу әдісін және де оқыту үдерісін түбегейлі өзгертеді деп санайды.
1998 жылдың қазан айында Парижде өткен ЮНЕСКО-ның Халықаралық конференциясы жоғары білім беру саласында оқу үдерісіне ЖАКТ ендіруде кедергі болатын төмендегідей мәселелерді атап көрсетті:
- мәдени дәстүрлерге байланысты аспектілер;
- жаңа технологиялар - дербес компьютерлер, электрондық пошта, қашықтықтан оқыту, виртуалды жүйелері әжептәуір инвестиция-қаржы көзін талап етеді;
- өнімдірек жұмыс жасайтын өндіріс үдерістерінің қоршаған ортаға тигізетін әсері.
Жаңа ақпараттық технология - мұғалымдердің өз жұмыстарының әдістері мен ұйымдастыру түрлерін түбегейлі өзгертуге, оқушылардың жеке қабілеттілігін дамытуға, оқытудағы пән аралық байланысты күшейтуге, оқу үдерісін ұйымдастыруды үнемі жаңартып отыруға мүмкіндік береді. Жаңа ақпараттық технологияның негізгі ерекшелігі мұғалімдер мен оқушыларға өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс істеуге шексіз мүмкіншілік туғызады.
Жаңа ақпараттық коммуникациялық технологияларды мектептің оқу-тәрбие үдерісіне енгізуде мұғалім алдына жаңа бағыттағы мақсаттар қойылады:
1. Өз пәні бойынша оқу-әдістемелік электронды кешендер құру, әдістемелік пәндік Web-сайттар ашу;
2. Жалпы компьютерлік желілерді пайдалану;
3. Бағдарламалау ортасында инновациялық әдістерді пайдаланып, бағдарламалық сайттар, құралдар жасау (мультимедиалық және гипермәтіндік технологиялар);
4. Қашықтықтан оқыту (Internet желісі) барысында өздігінен қосымша білім алуды қамтамасыз ету.
Оқу- тәрбие үдерісінде телекоммуникациялық технологияларды қолданудың 2 жолы бар:
- оқушылар мен мұғалімдерді желімен жұмыс жасауға үйрету;
- дайын телекоммуникациялық жобалармен жұмыс жасауды ұйымдастыру, пәндік-әдістемелік Web-сайттар, Web-бетін құру.
Телекоммуникациялық технологияларды қолдану мұғалімнің білімін өздігінен жетілдіруге көмектеседі, мұғалімнің әдістемелік шеберлігі артады, сондай-ақ оқушылардың шығармашылықтарының қалыптасуына өз үлесін қосады, олар әртүрлі телекоммуникациялық жобалар байқауына қатысуына мүмкіндік алады.
Жаңа ақпараттық коммуникациялық технологияны пайдаланудың төмендегідей артықшылықтары бар:
- білім мазмұнының заман талабына сай болуы;
- болашақта қажетті білімді толығымен алу;
- білімді өздігінен меңгеру;
- өзін-өзі бағалай алуы;
- өз күшіне сенімділіктің болуы;
- өз жетістігін көре алуы;
- оқушыны ізденіске, шығармашылыққа бағыттауы.
Жаңа ақпаратық коммуникациялық технологияда оқыту құралы ретінде электрондық оқулық және интернет жүйесі маңызды орын алады. Осыған сәйкес «оқушы - электронды оқулық» және «мектеп-интернет» жүйесін құруға болады.
Оқушылар үшін электрондық оқулық - мектеп қабырғасында өздігінен білімін толықтырып отыруға және мақсатты түрде бітіру емтихандарына дайындауға мүмкіндік беретін ақпарат көзі. Электрондық оқулықтар бойынша оқушы тапсырманы қызыға орындайды.
ЖАКТ жағдайында оқушыға экран арқылы компьютер жаңа сабақты түсіндіріп, оқу үдерісін өзі атқаруымен сипатталады, қашықтықтан оқытуды да жүзеге асыруға болады.
Қашықтықтан оқыту технологиясы белгілі бір қашықтықта отырып, компьютерлік телекоммунникация және басқа байланыс орталықтары көмегімен оқып үйрену мақсатындағы ақпараттармен өзара тәжірбие алмасу тәсіліне негізделген.
Қашықтықтан оқытудың дидактикалық құралдарына электрондық және мультимедиалық оқулықтар мен оқу-құралдары, теле, бейнедәрістер және т.б. оқу-танымдық қызметі ұйымдастырудың формалары жатады.
Ал қашықтықтан оқытудың ақпараттық технологияларына оқу материалдарын жасақтау, құру, беру және оларды сақтау қашықтан оқу үдерісін ұйымдастыру мен оны жүргізу жатады, сондай-ақ қашықтықтан оқытудың педагогикалық технологияларына қашықтықтан оқытудың ақпараттық технологиялары жатады.
Қазіргі заман қоғамын ақпараттандырудың басты бір бағыты білім бері жүйесін ақпараттандыру болып табылады. Бұл үдеріс автоматтандырылған ғылыми педагогикалық банктер деректерін, ақпараттық әдістемелік материалды, сонымен қатар коммуникациялық байланыс құралдарын пайдалану арқылы білім беру жүйесін жетілдіруге көмегін тигізеді.
Білім мазмұнын жаңалау үдерісінде оқушыларға дайын білімді беріп қана қоймай, білімді өздігінен игерудің әдіс-жолдарын меңгерту, оның процессуалдық және дамытушылық жақтарына басымдылық беру қарастырылған. Білім мазмұнына қойылатын бұл жаңа талап оқулық теориясына да жаңа талаптар қояды. Сөйтіп, оқулық кәдімгі тек ақпарат беріп қана қоятын білім көзінен оқушы өз бетімен танымдық қызмет істеуге жетелейтін дамыту құралына айналуы тиіс. Ал, бұл мәселе оқу-тәрбие үдерісінде электронды оқулықтарды пайдаланумен және мұғалімнің инновациялық даярлығын қалыптастырумен шешіледі.
Мектептің оқу-тәрбие үдерісінде электронды оқулықтарды кеңінен пайдалану оқыту мазмұны мен әдістерінің интенсивтілігін, оқытудың тиімділігін күшейтеді, мұғалімнің инновациялық даярлығын арттырады.
ЖАКТ-ны оқу-тәрбие үдерісіне ендіру 3 кезеңнен тұрады:
1-кезең: компьютердегі бар жекеленген тақырып, тақырыпшаларды, гипермәтінді қолдану, яғни «сіңіру» технологиясы.
2-кезең: оқушының өзіне қажетті мәліметтерді алу, яғни «жинақтау» технологиясы.
3-кезең: монотехнология, яғни барлық оқыту, басқару, бақылау тек қана компьютерді қолдануға сүйенеді.
ЖАКТ-ның тұжырымдық ережелері:
- оқыту-оқушының компьютермен жұмыс істеуі;
- бейімдеу-компьютерлік бағдарламаны баланың жеке ерекшеліктеріне қарай ыңғайлау;
- диалогтық сұхбаттасу- оқушының компьютермен өзара қатынасы;
- басқару-кез келген уақыттағы оқытушының енгізген түзетуі; оқытушының нұсқау беруі, сыныпішілк желіні басқаруы;
- дидактикалық басқару- жеке және топтық жұмыстың тиімді үйлестіруі;
- психологиялық басқару- оқушының компьютермен жұмысы кезінде қолайлы жағдай туғызуы;
- бағалау- оқушылардың алған білім дәрежесін анықтау.
ЖАКТ жағдайындағы оқу үдерісі - электронды оқулықтар мен интернет желісін кеңінен қолдана отырып білімді, іскерлікті және қашықтықты меңгертетін күрделі үдеріс, ол оқушының ой-өрісін, жігерін, күш-қайратын қажет етеді және олардың дамуына жзағдаай жасайды. Оқу – алға қойған мақсатқа жетуге бағытталған педагог пен оқушының арасындағы белгіленген тәртіппен жүргізілетін қарым-қатынас. Оқыту үдерісін ақпараттандыру барысында оқушылардың өз бетімен білім алу жолы ерекше орын алады деуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |