Байланысты: Бұзаубақова К.Ж. Инновациялық педагогика негіздері (1)
4.3 Деңгейлеп оқыту технологиясы ХХ ғасырдың аяқ кезіндегі педагогикалық ой-тұжырымдағы ізгілік идеялары, еркін білім беру, оқушының жеке тұлғалық күшін дамыту үшін мектептің алдында оқытудың және тәрбиелеудің жаңа технологияларын қолдана отырып, жеке тұлғаның дамуына мектеп ортасында қолайлы жағдай жасау қажеттілігі туындайды. Мектептің педагогикалық құрылымында негізгі құндылық - оқушы және оның жеке тұлғасы.
Педагогика ғылымының докторы Ж.Қараевтың деңгейлік оқыту жүйесі туралы іліміне сүйеніп, әр пән бойынша деңгейлік тапсырмалар дайындауға болады. Өйткені қазіргі экономикалық жағдай оқытудың жаңа үдерістерін талап етуде. Сондықтан ғылыми ізденіс барысында педагогика саласындағы оқытудың деңгейлік жүйесі оқушыларға ғылым негізін меңгертудің негізгі тиімді жолы болып табылады. Деңгейлік оқытудың ерекшелігі - оқушылардың сабақ барысында бірнеше деңгейде жұмыс жасай алатындығында. Сонымен бірге қазіргі инновациялық технологиямен оқыту барысында компьютерлер мен оларды басқарушы алгоритмдер біздің қоғамымыздың маңызды бөлігіне айналды. Олай дейтініміз, бүгінгі таңдағы жаңадан шығып жатқан электронды оқулықтар оқушының жаңаша оқытылуын, жаңа оқу әдістерін, жаңа мазмұнды қажет етеді.
Оқытудың жаңа технологиясының бірі - жалпы білім беретін мектептерде әр пәнді деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту болып табылады. Оқушыларды деңгейге бөліп оқытуға бола ма, оның қандай тиімділігі бар, деңгейге бөліп оқытудың өзіндік ерекшеліктері қандай және жеке тұлға тәрбиелеуде қандай көмегі бар деген сауалдарға тоқталсақ, деңгейге бөліп оқыту кезінде оқушылардың тәжірибелік-теориялық сұранысын ескеру талап етіледі. Сондықтан да тиімді дәрежеге жету үшін оқушының білім мен тәрбие деңгейіне байланысты жұмысты ғылыми түрде ұйымдастыру қажет.
Қазіргі базалық білім беру - жеткілікті білімнің төменгі шегі. Мұғалім баланы оқыту барысында оқушыға тақпақ жаттатып, ережелерді оқытып, жаттығулар орындатып әртүрлі жұмыстар жүргізеді. Оны талап етеді. Ол мұғалім үшін қиын жұмыс емес. Оқушы мұғалімнің айтқанын кітаптан оқып, тақпақты жаттап (тіпті ол оны қызықтырмаса да) ережені айтып беруі мүмкін. Біріқ, оқушы сол оқыған материалдың ішкі дүниесін түсінді ме, ол туралы әрі қарай өздігінен іздене ме, өз тарапынан жаңа пікір қоса ала ма, өмірде іске асыра ма, міне, негізгі мәселе осында жатыр.
Мектеп оқушыларының білім деңгейінің көрсеткішін төмендегідей бағалауға болады:
І деңгей (төмен) - эпизодтық. Білімді жаңа жағдайға көшіру мұғалім көмегімен жүзеге асырылады; ІІ деңгей - түсініктерді жүйелеу деңгейі, оқушылардың 70% ғылыми ұғымдарды санала түрде анықтайды; ІІІ деңгей (жоғары) бастапқы ғылыми ұғымға өту (ауысу) деңгейі деп белгілейді.
Мектеп оқушыларына берілетін тапсырмалар олардың ойлауына әсер етеді, тапсырманы орындау үшін бала жауапты өзі іздестіреді, оны шешуде ақыл-ойы дамиды, ойлауына жан-жақты әсер етеді деп түйіндейді. Бірінші деңгей тапсырмалары жаттап алуға лайықты, алдыңғы сабақта жаңадан меңгерілетін бөлімнің өңін өзгертпей қайталап, пысықтауына мүмкіндік береді, екінші деңгей тапсырмалары материалдарды реттеуге және жүйелеуге берілген тапсырмалар болса, үшінші деңгей танымдық-іздену түріндегі заңдылықтар шығару, қорытындылау болып келеді.
Деңгейлік тапсырмалардың ауқымы өте кең. Оқулықтағы жаттығулар - өтілген ережелер бойынша қайталау, пысықтау, бекіту жұмыстарына арналған тілдік, грамматикалық жұмыстар жүйесі. Деңгейлік тапсырмалар құрамында мәтіндер, сөзжұмбақ, қызықты грамматика, тесттік сұрақтар, іскерлік ойындар мен тренингтер жүйесі қамтылады. Бұлар оқытудың деңгейіне сәйкес оқушыны саралап оқытуға ыңғайлы, әрі оқу бағдарламасы бойынша оқушының жас ерекшелігі мен білім деңгейіне сай құрылып, оқулыққа қосымша пайдалануға беріледі.
Оқушыны деңгейге бөліп оқыту үшін сабақ жаңаша жоспарланады. Оқушыларға деңгейлік тапсырмалар беру арқылы жұмыс жасаудың тиімділігі байқалады. Оқушының алған білімін жүзеге асыра алатындығы тексеріледі. Өз бетімен жұмысты орындауға бейімдімділігі бақылауға алынады. Қорытындысында деңгейлік тапсырмалар арқылы жұмыс жасаудың тиімділігі байқалады. Оқушының белсенділігі мен іскерлігі артып, шығармашылыққа ұмтылады. Деңгейлік оқыту барысында біліктілікке жетеді.
Бірінші деңгей тапсырмалары білімнің минималдық шегі, мемлекеттік стандарт талабына сәйкес бағдарлама мөлшерінен аспайтын, оқушының жас ерекшеліктеріне сай болады. Сынып бағдарламасына байланысты лексикалық тақырыптар мен грамматикалық тапсырмалар, тілдік ережелер, жазба жұмыстарын орындайды. Кейіннен жоғары сыныптарда оқыған кезде есінде тұрақты қалатындай бағытта сөздік минимумдарды меңгереді. Тыңдап, түсініп оқып, аударып, жаза алады. Естігенін қайталап айтады. Жеңіл ережелерді жаттап алады. Фонетиканы толық меңгереді. Грамматикалық, лексикалық тапсырмалар оырндайды. Мәтінмен жұмыс жасайды.
Екінші деңгей тапсырмалары түрленіп, күрделене түседі, сынып бағдарламасына сай лингвистиканың барлық түрлерімен жұмыс істейді. Оқушы өз бетімен керегінше қызмет етеді. Оқу мотивтері қанағаттанарлық дәрежеде. Ықыласы жоғары. Оқушының сөйлеуі, хабарды түсінуі, қабылдауы, жазба жұмыстарын орындау көрсеткіштері міндетті деңгейден әлдеқайда жоғары болады.
Бірінші деңгейден бастау алған сөйлеу үшінші деңгей оқушыларының шығармашылыққа деген мотивтердің айқын көрінуімен логикалық ойлау дәрежесінің жоғары болуымен, өз жеке басының белсенділігімен, ісіне талдау жасай білуімен, білімді жаңа жағдайға пайдалануымен сипатталады. Хабарлау, суреттеу, бейнелеу тапсырмаларын орындайды. Жағдайға байланысты әртүрлінұсқада диалог құрады. Мәтін бойынша сұрақ қояды. Талдау, жинақтау, салыстыру жұмыстарын жүргізеді. Танымдық-іздену (эвристикалық) түрдегі жұмыстарды ізденіп өз бетімен орындайды.
Төртінші деңгей дарынды, ізденімпаз, қабілеті жоғары, талапты балаларға арналады. Оқушыларға мұғалім тек тақырыбын ғана береді., оқушылар өзі мақсатты қояды, әдістерін іздейді, нәтижесіне жетеді. Жазба жұмыстарын орындайды.
Продуктивті (өнімді) танымдық қызмет деп, алынған білімді стандартты емес өзгертілген жағдаят үшін ізденісте, шығармашылық іс-әрекеттер нәтижесінде қолдана білуді, сөйтіп білімді өз бетімен алуды айтады. Продуктивті танымдық қызмет нәтижесінде игерілген білімді зерттеушілер екі деңгейге бөлінеді: конструктивті және шығармашылық деңгейлер. Конструктивті игеру деңгейі оқушының стандартты емес жағдаяттарда алынған білімін қолдана білумен, эвристикалық-әңгімеге араласа алуымен, алған білімін жалпылай алуымен сипатталады. Танымдық қызметтің бұл түрлері өзара байланыста және бағынышты (иерархиялық) сипатта болады. Танымдық қызметтің бұл үлкен екі тобының иерархиясынан шыға отырып, академик В.П Беспалько білімді меңгеру нәтижесі мынандай 4 иерархия түрінде сипаттайды:
1. Үйренушілік - репродуктивті іс-әрекет деңгейі. Оқушы тапсырма құрылымындағы мақсат, жағдаят және оны шешу іс-қимылдарының сәйкестігі туралы қорытынды жасауы керек, тани білу іс-әрекеті.
2. Алгоритмдік - екі компонентті - мақсат, жағдаятта - берілген есептерді қарастырады. Оқушы тапсырманы орындарда бұрыннан меңгерген іс-қимылдарын өздігінен жаңғыртып, қолдана білуі қажет.
3. Эвристикалық - өнімді іс-әрекетінің бірінші деңгейі. Бұл деңгей есебінде мақсат ғана берілген. Оқушы жағдаятты дәлелдеп, оны шешу үшін амалдарды таңдап алуы қажет.
4. Шығармашылық деңгей - өнімді іс-әрекетінің ең күрделі деңгейі. Оқушы өзі мақсат қойып, өзі оны тұжырымдайды, нақтылайды, оны орындауға жеткізетін жағдаят пен амалдарды іздестіреді.
Білімді меңгерудің (игеру) мұндай иерархиясы-мақсат қоюдың да сәйкес иерархиясын құруды талап етеді. Шығармашылық меңгеру деңгейі оқушының өз бетімен іздене білуі, мақсатты өзі қойып, нәтижеге жету әдіс-тәсілін өзі тауып, пайдалана білуімен, зерттеу нәтижесін жүйелеп жалпылай білуімен сипатталады.
Мақсатты деңгейлер тізбегі түрінде қою арқылы зерттелмесе де, кейбір ғалымдар (В.В.Краевский, И.Я.Лернер, М.К.Скаткин) білімді меңгеру деңгейлерінің төмендегідей тізбегін ұсынады.
І деңгей - білу (еске сақтау, қайталап айту);
ІІ деңгей - түсіну (түсіндіру, баяндау);
ІІІ деңгей - қолдану (үлгі бойынша, өзгерген жағдаяттарда);
IV деңгей - жалпылау және жүйелеу (бүтіннен бөліп шығару, жаңалығы бар, бүтінді алу үшін элементтердің комбинациясын жасау, жалпылау);
Дидактикалық зерттеулер және іс-тәжірибе нәтижелері мақсаттың деңгейлік тізбек (иерархия) түрінде берілуі - оқу үдерісінде мұғалім назарына басты нәрсеге аударуға, нәтижені дәл бағалауға, оқу үдерісін тиімді басқаруға қол жеткізетіндігін көрсетеді.
Оқыту мақсатының иерархиялық немесе мақсаттар таксономиясы мәселелерін зерттеу кеңестік дәуір кезеңінде шет елдің ғалымдар үлесінде болды. Әсіресе, американдық ғалым Б.С.Блумның таксономиясы танымдық сферамен қоса, эмоциялық сфераны да қамтиды және интелектуалды қызметтің барлық категориясын қамтуға тырысты.
Б.С.Блум таксономиясын мақсатын көрсете отырып, оның кемшіліктерін де атауға болады. Мысалы, «түсіну» үшін «анализ бен синтездің» қажет екені және «қолдану» деңгейі олардан кейін келетіні көрініп тұр. Сондықтан кейбір әдебиеттерде Б.Блум таксономиясын төмендегідей беруді ұсынады: ақпарат, анализ және синтез, түсіну, қолдану, бағалау.
Б.Блум таксономиясы бойынша оқушылардың білімі 12 баллдық жүйемен бағаланады (Кесте 1).