Инвариантты бөлік. Ол оқушылардың жалпы мәдени және ұлттық мәні бар құндылықтарға араласуын, олардың қоғамдық идеяға сәйкес жеке тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуын қамтамасыз етеді.
Вариативті бөлік. Ол оқушылардың жеке ерекшеліктерін,олардың қызығушылығы мен бейімділігін ескеруге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік жалпыға міндетті орта жалпы білім беру стандартын жасаудағы басты мақсат – жалпы білім беретін орта мектептердің әр сатысындағы оқу үдерісінің барысында оқушы меңгеруге тиіс білімнің міндетті минимумын белгілеу.
Жалпы білім беретін орта мектептердегі оқу үдерісін ұйымдастыруда оқушылардың жалпыға міндетті мемлекеттік стандарттар деңгейіне жетуін қамтамасыз етуі және олардың қабілеті мен өзінің қызығуына қарай,әртүрлі білім бағдарламаларын меңгерулеріне қажетті жағдайлар жасауы керек.
Бұл стандарт Қазақстан Республикасы жалпы орта білім жүйесі аясындағы білімнің жалпы нормаларын сақтай отырып,оқушының саралап оқытудың түрін таңдау құқын қамтамасыз етеді.
Мұндай жағдайда әр оқушының немесе оның ата-анасының білім бағдарламаларының өзіне қажетті деңгейін ерікті түрде таңдауына болады.
Әрбір тарихи кезеңде қоғамда туындаған талаптарға сай жасөспірім ұрпаққа берілетін білімнің мәніне жаңа сипат беріліп,жаңа ұстанымдар негізінде ұйымдастырылады.Егер ХХІ ғасырда білім беруді ұйымдастыру «ғылым –өндіріс-білім» мәдени макромодель аясында жүрсе, ал жаңа ХХІ ғасырда білімді ұйымдастыру «мәдениет-білім-тарих» макромодель аясында болатындықтан білімге деген жаңа көзқарас туды. Білім мәдениеттің бөлігі ретінде 4 жақты жаңа сипатқа ие болды:
Білім- құндылық;
Білім - жүйе;
Білім- үрдіс;
Білім - нәтиже;
Осы төрт қырын біртұтас қарастырғанда ғана бүгінгі тарихи кезеңге сай білім мәні шығады. Сонда ғалымдардың ХХІ ғасырды – ақпарат ғасыры, адам ғасыры деген сипаттамасына жүгінсек, білім адам және ақпарат капиталын қарастырудағы негізгі фактор болып табылады. Сондықтан білімнің жаңа ғасырдағы мәні оның жеке тұлға тағдырындағы мәнділігімен, жеке мемлекеттің қауіпсіздігін әлеуметтік, рухани, мәдени өрлеуі арқылы қамтамасыз етумен және жалпы адамзаттың өркендеуі, ықпал етуімен сипатталады.
Білімге деген жаңа көзқарас тұрғысынан оның сапасы да жаңаша пайымдалуда. Бұл, негізінен, білімнің 4 сипатын біртұтас қарастыра отырып, оның ішінде білімнің құндылық ретіндегі және білімнің нәтиже ретіндегі қырларына аса мән берумен байланысты.
Елімізде бүгінгі жалпы білім беру кеңес дәуірінің 30-жылдары басталған. Сол жылдары мектепте берілетін білім мазмұны пәндік ұстанымда жүйеленуі ғылымдар классификациясына сүйеніп, жеке пәндер оқытыла басталды. Нәтижесінде «Нені оқыту?» деген сұрақ аясында жеке пәндер бойынша берілетін білімнің құрамы мен құрылымы анықталып, көлемі белгіленді. Бұл үдеріс тарихи кезеңдерден өтіп, бүгінде дәстүрлі болған оқу пәндер жиынтығы қалыптасты. Әр пән аясындағы білім жылдар бойы толықтырылып, жетілдіріліп бүгінгі таңдағы көлемі айқындалды. Осы білім мазмұнын оқушыға жүйелеп, өңдеп, дайын күйінде жеткізетін мұғалім болғандықтан, «Қалай оқытамыз?» деген сұрақ аясында әдістемелік ізденістер болды. Осы бағытта ұйымдастырылған білім беру жүйесінің соңғы нәтижесі жеке пәндер бойынша алынатын білім, білік, дағды (ББД) болып табылады. Білім беруді ұйымдастырудың бұндай жолы шартты түрде ғалым М.Жадрина бойынша жүйеге «кіруді» реттеу делінеді (1-сурет).