Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарлама



Дата28.07.2017
өлшемі254,22 Kb.
#22298

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарлама



Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі
2011 – 2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаны бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 308 Қаулысы

 
 
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:


1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011 – 2015 жылдарға арналған салалық бағдарлама (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) (келісім бойынша) мүдделі мемлекеттік органдармен, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, Бағдарламада көзделген іс-шаралардың тиісінше және уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне (қаржы полициясы) (келісім бойынша) жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
 
 
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2011 жылғы 31 наурыздағы № 308
қаулысымен бекітілген

Қазақстан Республикасындағы сыйбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл жөніндегі 2011 – 2015 жылдарға арналған
салалық бағдарлама


1. Паспорты

                                                 


Атауы:
Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011 – 2015 жылдарға арналған салалық бағдарлама (бұдан әрі – Бағдарлама)
      
Әзірлеу үшін негіздеме:
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы  Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы Жарлығы;
«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығы
   
Бағдарламаны әзірлеуге және іске асыруға жауапты мемлекеттік орган:
Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) (бұдан әрі – Агенттік)
    
Мақсаты:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру

Міндеттері:
Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы жетілдіру;
Сыбайлас жемқорлық қауіптерін азайту бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру;
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты жоғарылату;
Көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
 
Осы міндеттер негізінде әзірленген шаралар талдауда көрсетілген кемшіліктерді барынша азайту және қауіптерді жою үшін бар күшті жақтарды пайдалануға мүмкіндік береді
      
Іске асыру мерзімдері (кезеңдері):
Бағдарламаны іске асыру 2011 – 2015 жылдар аралығындағы кезеңде жүзеге асырылатын болады

Нысаналы индикаторлары:
Қазақстан 2015 жылға қарай «Транспаренси Интернэшнл» рейтингінде сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі бойынша 180 елдің арасында 90 орынды иеленеді

Қаржыландыру көздері және көлемі:
Бағдарламаны іске асыруға жалпы сомасы 355699 мың теңге қаражат бөлу көзделуде:
оның ішінде, республикалық бюджеттен – 355699 мың теңге, оның ішінде:
2011 жылы – 26 166,5 мың теңге;
2012 жылы – 27 363,5 мың теңге;
2013 жылы – 243 944,5 мың теңге;
2014 жылы – 29 112,5 мың теңге;
2015 жылы – 29 112,5 мың теңге.
Шығын сомалары толық емес және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде Республикалық бюджет комиссиясы нақтылайтын болады.
Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын іс-шараларды іске асыру бөлінген қаражат шегінде көзделеді.
2. Кіріспе

Сыбайлас жемқорлық Қазақстанның қауіпсіздігіне, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына жүйелі қауіпті білдіреді, халықаралық аренада Қазақстан Республикасының жағымсыз имиджін жасай отырып, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі жасайды.


Сыбайлас жемқорлық сыбайлас жемқор және адал (жергілікті немесе шетелдік) кәсіпкерлерді алдын ала теңсіздік жағдайына қоя отырып, сыртқы және ішкі нарықтардағы бәсекелестікке нұсқан келтіріп, ұлттық экономикаға жағымсыз әсер етеді. Сыбайлас жемқорлық жөніндегі тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының бағалауы бойынша ол Қазақстанда тауарлар мен қызметтердің құнын 50%-ға дерлік көтереді, бұдан елдің барлық халқы зиян шегеді.
Сыбайлас жемқорлық бизнес жүргізудің экономикалық және қаржылық ортасын бұрмалайды, мемлекеттік басқару мен бизнестің тиімділігін,  инвестицияларға ынталарын төмендетеді, экономикалық және саяси дамуды тежейді, әлеуметтік теңсіздікті туындатады, сондай-ақ саяси үдеріске белгілі бір тұрақсыздықты енгізеді.
Мысалы, өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында экономиканы епсіз басқарумен ұштасқан сыбайлас жемқорлық Венесуэла сияқты мұнайға бай елді төлем қабілетсіздігіне әкелді. Демократиялық және демократиялық емес институттары бар бай елдер де, кедей елдер де сыбайлас жемқорлыққа бейім болады. Сыбайлас жемқорлықтың Жапония үкіметінде болған өзгерістерде, Италияның саяси жүйесін қайта ұйымдастыруда, Заирдағы үкіметтік биліктің, заңның және тәртіптің коллапсында түйінді рөл атқарғаны белгілі.
Осылайша, сыбайлас жемқорлықтың қазіргі қоғамға әсері экономикалық шектен шығады. Сыбайлас жемқорлық экономика мен қоғамның әртүрлі салаларына ене отырып, елдің тұрақты саяси-экономикалық дамуына ыдыратушы әсер етеді, сондықтан оның ұлттық қауіпсіздігіне елеулі қауіп болып қала береді.
Мәселен, 2005 – 2010 жылдар кезеңінде Қазақстан Республикасында   10929 сыбайлас жемқорлық қылмыс анықталды. 
Бұл ретте, осы көрсеткіштің жыл сайынғы өсу үдерісі байқалады, егер 2005 жылы осындай қылмыстар саны 1505 болса, 2010 жылдың нәтижелері бойынша – 1911, яғни 27 %-ға өскен.
Осыған байланысты елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында ел алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың белсенді саясатын жалғастыру міндеті тұр.
Бұл ретте, сыбайлас жемқорлыққа тек мемлекеттік және құқық қорғау органдарының күшімен ғана қарсы тұру сыбайлас жемқорлық деңгейін барынша төмендетуге мүмкіндік бермейтіндіктен, бұл жеделдетілген экономикалық және әлеуметтік даму бойынша елде жүргізіліп жатқан қайта құруларды тежейді.
Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Қазақстанның және Президент Н. Назарбаевтың мемлекеттік саясатының аса маңызды стратегиялық басымдығы болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясат елдегі әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрақтылықты күшейтуге, азаматтар мен қоғамның құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерін жалпы қылмыстық көріністерден қорғау деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.  
Бұрын іске асырылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік бағдарламаларының нәтижелері сыбайлас жемқорлықтың одан әрі дамуына кедергі жасайтын пәрменді жағдайларды қалыптастыру бойынша барлық мемлекет пен қоғамның дәйекті жүйелі жұмысын одан әрі жүргізудің мақсаттылығы мен қажеттілігін көрсетті. 
Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам іске асыратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған өзара байланысты іс-шаралардың кешенін әзірлеу мақсатында осы Бағдарлама әзірленді.
Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының негізгі мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған.
3. Ағымдағы жағдайды талдау

Сыбайлас жемқорлық қазіргі қоғамның тұрақты түрде мұқият зерделеуді, жүйелік ұстанымды, кешенді және жедел қарсы іс-қимылды талап ететін жағымсыз құбылысы болып табылады.


Елдегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі мен ауқымы экономикалық дамуға кедергі жасайды, инвестициялық ахуалға жағымсыз әсерін тигізеді, елдің имиджін, Қазақстан Республикасымен ынтымақтастыққа деген халықаралық қызығушылықты төмендетеді. Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдығы болып табылады.
1998 – 2010 жылдар кезеңінде қабылданған заңнамалық актілерді, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік бағдарламаларын  талдау  оларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы маңызды әлеуеттің негізі қаланғанын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар іске асырылғанын көрсетеді.
Соңғы 12 жылда Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үшін белгілі бір заңнамалық база қалыптастырылды. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы нормативтік құқықтық база 17 заңмен жетілдіріліп, олар ұлттық заңнаманы қолданыстағы халықаралық стандарттарға жақындатты.
Әкімшілік кедергілер төмендетіліп, лицензияланатын қызмет түрлерi мен рұқсаттар саны 3 есе азайтылды.
Тиісті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдау, жеңілдіктер және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар арасында әлеуметтік мемлекеттік тапсырысты орналастыру түріндегі азаматтық қоғам институтын дамытуды белсенді мемлекеттік қолдау халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы белсенділігін арттыруға әкелді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың, атап айтқанда заң шығару қызметіне табысты қатысатын «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының  жұмысын жандандыру оң әсерін тигізеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық келісімдер мен халықаралық ынтымақтастықты іске асыру мақсатында 2008 жылғы 4 мамырда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялап, Румыния, Польша, Эстония, Хорватия, Грузия, Словакия, Латвия, Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет және Франция үкіметтерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша 12 келісімге қол қойды.
Мәселен, 1998 – 1999 жылдар кезеңінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің пәрменді құралы болған және мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін, олардың моральдық-адамгершілік бейнесін және іскерлік сапасын белгілейтін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдары, сонымен қатар «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығы қабылданды.
Атап айтқанда, мыналарды қабылдау сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды кезеңдері болды:
«Қазақстан Республикасының  кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, ол арқылы сотталған адамның қылмыстық жолмен алынған және басқа адамдардың меншігіне берілген мүлкін тәркілеу енгізілген;
мыналарға:
сыбайлас жемқорлық қылмыс және құқық бұзушылық жасағаны үшін айыппұл санкциясын арттыру және мүлкін тәркілеуді енгізу жолымен лауазымды адамдардың жауапкершілігін күшейтуге;
мемлекеттік органдардың, мемлекеттік ұйымдардың және мемлекет қатысатын ұйымдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін дербес жауапкершілік белгілене отырып, осы жөнінде тікелей міндет жүктеуге;
азаматтардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жолын кесу мен оны ашуға жәрдемдесуге бағытталған қызметін көтермелеу тетіктерін қамтитын, азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекетін ынталандыру жөнінде шаралар белгілеуге;
«корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа»  қарсы іс-қимыл шараларын әзірлеуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің заңнамалық базасын жетілдірудің жүйелі және кешенді тәсілі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағыты бойынша халықаралық қоғамдастықтың мемлекетті бағалауын жақсартуда өз бейнесін тапты. «Транспаренси Интернэшнл» сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінің рейтингіне сәйкес Қазақстан 178 елдің ішінде 2010 жылы 105 орынды иеленсе, 2009 жылы 120-орынды, 2008 жылы 145-орынды иеленген.
Соңғы жылдары құқық қорғау органдарының қызметін жандандыру нәтижесінде сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтау құрамының сапасы артты. Жауапкершілікке тартылатын сыбайлас жемқорлардың ішінде мемлекеттік билік органдарының басқарушы буынының өкілдері жиі кездеседі.
Алайда, құқық қорғау органдары қабылдап жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларына қарамастан, олар айтарлықтай нәтиже бермей отыр.
Осылайша, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың ауқымы, оның әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне жағымсыз әсері сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың дәйекті жалғасын талап етеді.
Мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдалану, жер қатынастары мен құрылыс, кеден және салық саласы қазіргі уақытта неғұрлым сыбайлас жемқорлық салалары болып табылады, онда соңғы жылдары келтірілген зиянның едәуір өсуі байқалады.   
Егер 2005 жылы анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша келтірілген зиян сомасы 379 миллион теңгені ғана құраса, 2010 жылы осы көрсеткіш 6,8 миллиард теңгеге дейін өскен.
Осыған байланысты сыбайлас жемқорлық көрністерін болдыртпау мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен заңнамаға:
сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудың жоғары қауіпі бар лауазымдар тізбесін анықтау үшін негіздерді;
осы лауазымдарға түсу және қызмет өткеру үшін жоғарылатылған талаптарды;
көрсетілген лауазымдарды иеленуге үміткер тұлғалар үшін, олардың сыбайлас жемқорлықты сақтауына қатысты арнайы тексерістер қолдану мүмкіндігі туралы міндеттерді анықтауға бағытталған түзетулер енгізілді.
Мемлекеттік органдар қызметінің ашықты¬ғын қамтамасыз ету мақсатында әр мемлекеттік орган өз веб-сайтының жұмыс істеуін қамтамасыз етті, министрліктер мен ведомстволардың басшылары үкіметтік порталда ел халқымен сұхбаттарды жүзеге асыратын жеке блогтарын құрды.
Барлық мемлекеттік органдар ведомстволық бағдарламалар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жоспарларды қабылдауда, оларда әр түрлі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар белгіленген.
Атап айтқанда, салық органдары Қазақстан Республикасы Салық  қызметі органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын Салықтық қатынастардағы сыбайлас жемқорлық салаларының тізімін және олардың сыбайлас жемқорлық көріністерін жою жөніндегі іс-шараларын, Салық қызметі органдары қызметкерінің кәсіптік этика кодексін, Салық төлеушінің хартиясын бекітті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында барлық облыстарда, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өңірлік бағдарламалары мен олардың іске асырылуы жөніндегі іс-шаралар жоспарлары қабылданды. Қабылданған бағдарламаларды іске асыру барысы туралы ақпарат Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырыстарында қаралады.
Мемлекеттің Интернет-ресурс арқылы халықпен толыққанды кері байланысын құруға мүмкіндік беретін «электрондық үкіметті» енгізу іске асыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда оң рөл атқарады.
Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін мемлекеттік қызметтер ұсынудың нақты стандарттары енгізілуде, бұл мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы мен айқындығын жақсартуға, қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоғарғы Сот сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар шеңберінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығы, Америка Құрама Штаттарының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігі (ЮСАИД), Германия техникалық ынтымақтастық қоғамы (ГТЦ), Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссар басқармасы (БҰҰ ҚЖКБ), «Адам құқықтары үшін хартия», «Трансперенси Қазақстан» қоғамдық қорлары және басқалар сияқты халықаралық және қоғамдық ұйымдармен азаматтардың сот әділдігіне, сот үдерісінің айқындығына қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша бірлескен жобаларды іске асыра отырып, ынтымақтастық жасайды.
Қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі жыл сайын Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жарияланып тұрады. Айталық, «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» және «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты  жолдауларында құқық қорғау жүйесі қызметінің тиімділігін оларды оңтайландыру арқылы және азаматтардың құқықтары мен мемлекет мүдделерін қорғау қызметіне назар аудару жолымен арттыру, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шешуші күреспен қамтамасыз ету  белгіленді. 
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жинақталған тәжірибесі жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігін арттыруға жақсы әлеует болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясат жүргізу үшін айрықша мүмкіндіктерге ие Қазақстан Республикасының әлсіз жақтары, мүмкіндіктері мен қауіптері бар, талдауға сәйкес оларға мыналар жатады:

Күшті жақтары:
1.    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша нормативтік-құқықтық базаның болуы
2.    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қалыптасқан тәжірибесі
3.    Ақпараттық инфрақұрылым саласында мемлекеттік органдардың қолда бар әлеуеті
4.    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік саясат басымдықтарының бірі болып табылады

Әлсіз жақтары:
1. Барлық салаларда сыбайлас жемқорлықтың кеңінен таралуы
2. Халықтың құқықтық сауаттылығы деңгейінің жеткіліксіздігі
3. Мемлекеттік пен жергілікті билік органдары қызметі ашықтығының жеткiлiксiздiгi
4. Халық пен мемлекеттік қызметшілердің ділі

Мүмкіндіктері:
1. Халық тұрмысының жоғары деңгейі
2. Қолданыстағы заңнаманы халықаралық стандарттар деңгейіне дейін жетілдіру
3. Инвестициялық ахуалды жақсарту
4. Сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалаудың халықаралық рейтингтерінде Қазақстан көрсеткіштерін көтеру
5. Мемлекеттік институттардың азаматтық қоғаммен ынтымақтастығын нығайту

Қауіптері:
1. «Көлеңкелі экономика» деңгейінің ұлғаюы
2. Инвестициялық тартымдылықтың төмендеуі
3. Мемлекеттік жобалар құнының «сыбайлас жемқорлық» құрамы есебінен өсуі
4. Экономикалық тиімділіктің төмендеуі
5. Халық тұрмысы деңгейінің төмендеуі және әлеуметтік шиеленістің артуы
6. Азаматтық қоғам тарапынан қолдау көрсетілмеуі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мемлекеттік реттелуінің қолданыстағы саясатын талдау қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық және ұйымдастыру негіздері қалыптасып, жұмыс істейтінін көрсетті, олар мынадай актілерде көрсетілген:


Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 шілдедегі Қылмыстық кодексі;
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қылмыстық- іс жүргізу кодексі;
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қылмыстық-атқару кодексі;
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі;
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексі;
«Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 15 қыркүйектегі Заңы;
«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегі Заңы;
«Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы Заңы;
«Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шiлдедегі Заңы;
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Заңы;
«Сыбайлас жемқорыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шілдедегі Заңы;
«Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы Заңы;
«Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңы;
«Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 19 қазандағы Заңы;
«Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 11 шілдедегі Заңы;
«Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңы;
«Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 мамырдағы Заңы;
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңы;
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңы;
«Қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесін жетілдіру шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 20 сәуірдегі № 377 Жарлығы;
«Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 2 сәуірдегі № 839 Жарлығы;
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметiндегi тәртiп пен реттiліктi нығайту жөнiндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 14 сәуірдегі № 1550 Жарлығы;
«Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығы.

Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қолданылып жүрген құқықтық жүйесі халықаралық заңнамасы талаптары мен нормаларының бірқатар бағыттарынан кейін қалып отыр, бұл жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалардың тиімділігін төмендету қаупін тудырады және қосымша норма шығару жұмыстарын жүргізуді талап етеді.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлігінде қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру қажет. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық  салаларын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық үшін жағдай жасайтын заңнамадағы олқылықтарды анықтау, оларды одан әрі жою мақсатында қылмыстық жағдайға тұрақты түрде талдау жүргізу қажет.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ұлттық заңнаманың халықаралық стандарттарға толық сәйкестігін қамтамасыз ету қажет.

Негізгі проблемалар, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетудің үрдістері мен алғышарттары.
«Транспаренси Интернэшнл» сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінің рейтингінде елді бағалаудың белгілі бір деңгейге көтерілуіне қарамастан, Қазақстанның 105-орынды иеленуі мемлекет пен қоғам тарапынан сыбайлас  жемқорлыққа қарсы шаралар кешенін одан әрі қабылдау қажеттілігін растап отыр.
Осыған байланысты табысты іске асыру үшін басты факторларды бөлу қажет, оған  көлеңкелі экономиканың жоғары деңгейін жатқызуға болатынын атап өткен жөн.
Бүгінгі күні мемлекеттік органдардың қабылдаған шараларына қарамастан, сыбайлас жемқорлықтың негізгі жүйе құраушы көздерінің бірі  болып табылатын көлеңкелі экономиканың үлесі бұрынғыдай қомақты.
Шетелдік сарапшылардың зерттеулеріне сәйкес әлемнің дамыған елдерінде көлеңкелі экономика жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 10-15 %-ын, экономикасы өтпелі елдерде 23-28 %-ын, ал дамушы елдерде 40-45 %-ын алады.
Бұл ретте, «Транспаренси Интернэшнл» сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі бойынша алдыңғы орындарды иеленген елдердің бәрінде көлеңкелі экономиканың мөлшері төмен. Тиісінше, көлеңкелі экономика мөлшері  жоғары елдерде сыбайлас жемқорлық неғұрлым жоғары.
Атап айтқанда, көлеңкелі сектор қызмет бабын теріс пайдалануды күшейте түседі, парақорлық күннен-күнге ауқымын кеңейтеді.
Халықаралық құқық нормаларын іске асыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық шарттар мен келісімдерге қосылуға, елдің құқық қорғау органдарының  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласын реттейтін беделді  халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдармен ықпалдасуына байланысты құқықтық салада да маңызды проблемалар бар.
Қазақстан Республикасы әлі күнге дейін Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы (1999 жылғы 27 қаңтар, Страсбург қаласы) және Сыбайлас жемқорлық үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы (1999 жылғы 4 қараша, Страсбург қаласы) конвенцияларға қосылған жоқ.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін айыппұлды ұлғайту қажет, өйткені жазалаудың төмен шарасы жемқорларды аса белсенді және ауқымды әрекеттерге баруға итермелейді, өйткені қылмыстық жолмен алынған, құны айыппұл мөлшерінен едәуір асып түсетін мүлік олардың билігінде қалады.
Бұл ретте, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тетіктерін қатаңдату өздігінен оның деңгейін төмендетудің тиімді құралы бола алмайтынын және сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін жазалауды күшейту барлық салалардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басқа да кешенді шараларымен қатар жүргізілуі тиіс екенін ескерген жөн.
Мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың барлық қол жетімді құралдарды пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар бойынша түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз етудегі күшін одан әрі үйлестірудің маңызы ерекше зор.
Алдын алу шараларын табысты жүргізу қызметі одан әрі жетілдіруді талап ететін сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы азаматтық қоғам институттарының қолдауынсыз мүмкін емес.
Көбінесе үкіметтік емес ұйымдар шынайы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың орнына пиармен айналысады немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу түріндегі экономикалық бәсекелестерді «ыдыратудан» туындаған нақты тапсырыс берушілердің міндеттерін іске асырады.
Жұртшылықты тартпайынша, тұрмыстық және төменгі сыбайлас жемқорлыққа тиімді қарсы тұру мүмкін емес, өйткені басқарудың төменгі деңгейлерінде сыбайлас  жемқорлық жоғарыдан келетін әрекеттерді аз сезінеді және бірінші кезекте, азаматтардың өздерінің және олар құрған азаматтық қоғам институттарының іс-әрекетімен тежелуі мүмкін.
Сыбайлас жемқорлық «айла-амалдарды» қысқартудан басқа бюджет шығыстарын қысқарту түріндегі елеулі экономикалық әсер беретін лицензиялық-рұқсат жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастыруды талап етеді.
Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын барлық рұқсат құжаттарының (рәсімдерінің) түпкілікті тізбесін көздейтін Рұқсат құжаттарының бірыңғай ұлттық тізілімін заңнамалық деңгейде бекіту қажет. Осы шара кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимылдың тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаларды шет елде іске асыратын тиісті құрылымдармен өзара іс-қимылды жандандыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ұлттық тәжірибесін ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәжірибесіне шетелдің оң тәжірибесін енгізу қажет. 
Кеңейтіліп жатқан халықаралық байланыстар жағдайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі жеке алынған елде шешілмейді және жұмыс істеп жатқан және жаңадан құрылып жатқан халықаралық ұйымдар шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барабар үйлестірілген шараларын талап етеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қазіргі проблемаларын шешу бойынша шетелдің оң тәжірибесіне шолу.
Сыбайлас жемқорлық деңгейі едәуір төмен елдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын зерделеу мемлекеттік органдар қызметінің айқындығы мен жазаның болмай қалмайтындығы, мемлекеттік органдардың жұмысына азаматтық қоғам тарапынан ұйымдастырылған бақылау, мемлекеттік қызметкерлердің жоғары жалақысы, тиімді алдын алу жұмысы олар жүргізетін шаралардың базалық негіздері болып табылатынын көрсетеді.
Мәселен, Сеул қаласында (Оңтүстік Корея) 1999 жылдан бастап «OPEN» бағдарламасы – қалалық әкімшілік шенеуніктерінің азаматтардың арыздарын қарауын бақылаудың онлайн жүйесі жұмыс істейді.
Істің жағдайы туралы ақпаратқа еркін қол жеткізу шенеуніктермен жеке қарым-қатынас жасасу және шешім қабылдау үдерісінің аяқталуын жеделдету мақсатында оларға пара ұсыну қажеттілігін жойды.
Сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдерде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен мерзіміне қатаң бақылау жүргізіледі. Мәселен, Еуропалық Одақ елдерінде әр түрлі құжаттарды ресімдеуге 40 минут жұмсалады, ал Сингапурда 15-20 минут жеткілікті.
Осыған байланысты құжатты орындаушылар мен азаматтар арасында тікелей қарым-қатынассыз құжаттар беруге байланысты қызметтер көрсете отырып, сыбайлас жемқорлық көріністерін жасау үшін жағдайды төмендететін Халыққа қызмет көрсету орталығының (бұдан әрі – ХҚКО) жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет.
Бизнес пен мемлекеттік органдардың арасындағы өзара қарым-қатынастарды түбегейлі оңайлатады және жеңілдетеді, бюрократтық кедергілерді әлсіретеді, сыбайлас жемқорлық үшін мүмкіндіктерді төмендетеді, ақпараттық-коммуникативтік технологияларға өтеді және халыққа Интернет арқылы қызметтер көрсетеді.
Әрбір мемлекеттік орган «бір терезе» қағидат бойынша сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және жою жөніндегі жүйелі шаралар кешенін әзірлеуі және қолдануы тиіс, бұл өз органдарының қызметін уақыт пен қаражатты көп үнемдеуге, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге, азаматтар тарапынан олардың мәселелерін шешу кезінде айқындық пен мониторингті қамтамасыз етуге, әкімшілік кедергілердің азаюына әкеледі.
Сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдерде сыбайлас жемқорлық көздерінің пайда болу себептерін зерделеу жөніндегі ғылыми және әлеуметтік зерттеулерге, осы көздердің пайда болуының алдын алу бойынша кешенді шараларды одан әрі қабылдай отырып, ерекше мән берілетіндігін атап өту қажет.
Жыл сайын осындай зерттеулерді жүргізуге едәуір қаражат бөлінеді. Сонымен қатар, осы зерттеулерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін  уәкілетті органдар жүргізеді.
Сыбайлас жемқорлық тақырыбындағы әлеуметтанушылық сұрау салулар мен зерттеулерді Қазақстанда уәкілетті мемлекеттік органдардың тапсырысы бойынша тәуелсіз институттар жүргізеді. Алайда, осы зерттеулер бірыңғай үйлестіруші органда қорытылмайды, ал іс жүзіндегі тұжырымдар мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына түзету енгізу үшін пайдаланылмайды.
Шет елдер тәжірибесін зерделеу бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтық қоғамның айрықша рөлін көрсетеді.
Бұқаралық ақпарат құралдары тәуелсіз түрде сыбайлас жемқорлық деректері бойынша өз тергеулерін жүргізеді. Тергеу нәтижелері елдің барлық беделді басылымдарында кеңінен жарияланады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша уәкілетті органдардың қызметінде пайдаланылады. Бұдан басқа, көрсетілген елдерде бұқаралық ақпарат құралдары сыбайлас жемқорлық дау-жанжалдар көпшіліктің қоғамдық дүрбелеңін тудыратын азаматтық қоғамға ерекше әсер етеді.
Мемлекеттік институттар қызметінің айқындылығын одан әрі күшейту үшін халықты хабардар ету қағидаттарына негізделген нормалардың заңмен бекітілуі, Үкіметтің азаматтық қоғам институтына есеп беруі, Үкімет қызметінің айқындылығын насихаттау қажет. Атап айтқанда, Финляндияда және басқа да елдерде Үкімет қызметінің ашықтығы туралы арнайы Заң қолданылады.
Осындай заңнамалық нормаларды қабылдау министрліктердің, әкімдіктердің, басқа да мемлекеттік ұйымдардың және олардың аумақтық бөлімшелерінің, ұлттық компаниялар мен мемлекет қатысатын даму институттарының қызметін жариялау айқындылығын регламенттеуге мүмкіндік береді.
Шетелдік оң тәжірибені зерделеу сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдерде мемлекеттік қызметтің еңбекақы төлеу жүйелерінің екі (карьералық және позициялық) нұсқасының позициялық жүйесі барынша икемді болып келетінін көрсетті. Егер карьералық жүйеде бірыңғай лауазымдық еңбекақы мөлшерін заң шығарушы белгілесе, позициялық жүйеде мемлекеттік органға бөлінген бюджет қаражатының мүмкіндігіне сүйене отырып, көп жағдайда ведомстволардың өздері белгілейді. Мәселен, Швецияда бүгінде мемлекеттік қызметшілердің 90%-ында жеке еңбекақы мөлшері бар.
Нидерланды тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күресті әрбір мемлекеттік органның ішкі қауіпсіздік қызметі жүзеге асырады, олар елдегі барлық сыбайлас жемқорлық қылмыстардың 60 %-ын анықтайды. Бірқатар жағдайларда мемлекеттік органдардың басшылары осы бағыттағы жеке детективтердің қызметтеріне жүгінетінін атап өткен жөн.
4. Бағдарламаның мақсаты, міндеттері, нысаналы индикаторлары және іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері


Бағдарламаның мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру

Нысаналы индикаторы:
Қазақстан 2015 жылға қарай «Транспаренси Интернэшнл» рейтингінде сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі бойынша 180 елдің ішінен 90-шы орынды иеленетін болады.
 
Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешу ұйғарылып отыр: 
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту; 
2. Сыбайлас жемқорлық қауіптерін азайту бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру;
3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру;
4. Көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендету.  

Бағдарламаны іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері.
Бірінші міндетті іске асырудың қорытындылары бойынша мынадай нәтижелерге қол жеткізіледі:
- 2016 жылға дейін Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы және Сыбайлас жемқорлық үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы конвенциялар ратификацияланып, оның негізгі ережелері  ұлттық заңнамаға имплементацияланады.
- 2015 жылға қарай Қазақстан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі елдердің (ГРЕКО) тобына кіреді. 
Екінші міндетті іске асырудың қорытындылары бойынша мынадай нәтижелерге қол жеткізіледі:
- уақытын және шығындарын қоса алғана, бизнесті тіркеу мен жүргізуге (рұқсаттар, лицензиялар, сертификаттар, аккредитациялар алуға, сондай-ақ  консультациялар алуға) қатысты операциялық шығындар 2011 жылмен салыстырғанда 2015 жылы  30%-ға төмендейді;  
- берілетін лицензиялардың жалпы санының электрондық түрде берілетін лицензиялардың үлесі: 2011 жылы – 7 %, 2012 жылы – 20 %, 2013 жылы – 50 %, 2014 жылы – 70 %, 2015 жылы – 100 % құрайды; 
- мемлекеттік қызмет көрсету бойынша «тиімді қызмет» деген бағалаумен орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың үлесі 2011 жылы 30 %-ға,  2012 жылы 35 %-ға, 2013 жылы 40 %-ға, 2014 жылы 45 %-ға, 2015 жылы 50 %-ға артады;
- жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі 2011 жылы 52 %-ға, 2012 жылы 54 %-ға, 2013 жылы 56 %-ға, 2014 жылы 58 %-ға, 2015 жылы 60 %-ға артады; 
- 2015 жылға қарай әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 50 %-ы электрондық нысанға ауысуы: 2011 жылы 10 %-ға, 2012 жылы 20 %-ға, 2013 жылы 30 %-ға, 2014 жылы 40 %-ға, 2015 жылы 50 %-ға қамтамасыз етіледі.                                 
Үшінші міндетті іске асырудың қорытындылары бойынша мынадай нәтижелерге қол жеткізіледі:
- мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына қанағаттанатын халықтың үлесі 2015 жылға қарай кемінде 60 %-ды құрайтын болады;
- халықтың құқықтық сауаттылығы: 2011 жылы 20 %, 2012 жылы 21 %, 2013 жылы 22 %, 2014 жылы 23 %, 2015 жылы 24 %  құрайды.                          
Төртінші міндетті іске асырудың қорытындылары бойынша мынадай нәтижелерге қол жеткізіледі:
- жалпы ішкі өнімнен көлеңкелі экономиканың деңгейі 2013 жылға қарай – 19,4 %, 2015 жылға қарай – 19,3 %-ды құрайды.  
Бағдарламаны іске асыру жөніндегі негізгі орындаушысы Агенттік, бірлесіп орындаушылары – Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Ішкі істер, Әділет, Қаржы, Экономикалық даму және сауда, Сыртқы істер, Байланыс және ақпарат министрліктері және басқа да мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар болып табылады. 
5. Бағдарламаны іске асыру кезеңдері

Бағдарламаны іске асыру 2011 – 2015 жылдар аралығындағы бес жылдық кезеңге есептелген және іс-шараларды бір кезеңде іске асыруды көздейді.

Бағдарламаны іске асыру жөніндегі шаралар.

1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.


Осы міндетті іске асыру үшін мынадай шаралар қажет.
2011 – 2015 жылдары елдегі қылмыстық жағдайды, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы талдау негізінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», Қазақстан Республикасының заңдарына оларды жетілдіру бөлігінде түзетулер әзірленіп, енгізілетін болады.
Бұл ретте жетілдіруді талап ететін жоғарыда аталған нормативтік құқықтық актілердің тізбесі толық болып табылмайды.
Айталық, Бағдарламаны іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мен конвенцияларға қосылуына қарай, халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға имплементациялау бөлігінде тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.  
Сонымен қатар, Агенттік басқа уәкілетті органдармен бірлесе отырып, құрылайын деп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуропа Кеңесі және басқа да елдердің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Мемлекетаралық Кеңесі шеңберінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің құзыретті органдарымен, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдармен өзара тығыз іс-қимыл ұйымдастырады.  
2011 жылы алыс және таяу шетелдердің кемінде 25 мемлекетінен сарапшылар шақыра отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық конференция өткізіледі. 
2014 жылға қарай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Стамбул іс-қимыл жоспарының ұсынымдары іске асырылатын болады.  
2015 жылы жалпыға бірдей танылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық конвенцияларға қосылу іс-шаралары жалғасатын болады, олардың саны кемінде 5 бірлікті құрауы тиіс, сонымен қатар беделді халықаралық ұйымдарға, атап айтқанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобына (ГРЕКО) мүшелікке кіру іс-шарасы да өз жалғасын табады.
Бұдан басқа, әлеуметтік-экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында қабылданып жатқан шаралар тұрақты түрде шетелдің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.

2. Сыбайлас жемқорлық қауіптерін төмендету бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру.


Аталған міндетті іске асыру үшін мынадай шаралар қажет.
Мемлекеттік билік органдары орталық, сондай-ақ өңірлік деңгейлерде бизнесті тіркеуге және жүргізуге қатысты операциялық шығындарды төмендетуді қамтамасыз етеді. Аталған жұмысты Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі үйлестіретін болады.
2013 жылға дейін сыбайлас жемқорлыққа жағдай тудыратын мән-жайлардың бар-жоғын анықтау мақсатында бақылау, рұқсат беру және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін, сондай-ақ олардың қызметін реттейтін қолданыстағы актілерге талдау жүргізіледі.   
2014 жылға қарай:
мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін талдау негізінде олардың функцияларының бір бөлігі бәсекелес ортаға беріледі;
рұқсат беретін құжаттардың тізімі жасалып, оның шеңберінде рұқсат беретін құжаттардың (рәсімдердің) тізбесі қайта қаралатын болады. 
2015 жылға қарай:
құқық қорғау органдарының есеп беру және қызметін бағалау жүйесі жетілдіріледі;
мемлекеттік қызмет көрсету кезінде олардың бір бөлігін электрондық нұсқаға ауыстыру, сондай-ақ электрондық нысанда лицензия беру арқылы жеке және заңды  тұлғалардың мемлекеттік органдар өкілдерімен байланыстарын жою шаралары қабылданады.   

3. Халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын арттыру.


Осы міндетті іске асыру үшін мынадай шаралар қабылданатын болады:
саяси партиялармен және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта акциялар және науқандар өткізіледі;
ғылыми және әлеуметтік зерттеулер саласында бірыңғай саясат жүргізу жөніндегі үйлестіру орталығы құрылады және сыбайлас жемқорлықты түйсіну деңгейін анықтау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа бейім едәуір проблемалы салалары бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыру мақсатында мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіп жатқан саясаты туралы ақпараттан тұратын түсіндірме-насихаттау материалдары әзірленіп, таратылатын болады;
мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық фактілерін ұжымдық қарауды болжайтын қоғамдық мінеу институты нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялай отырып енгізіледі;    
мемлекеттік органдар өкілдерінің, оның ішінде басшыларының бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуі жалғасады, сондай-ақ оқу орындарында сабақтар өткізіледі;
үкіметтік емес ұйымдармен қосымша меморандумдарға қол қойылады, бұл мемлекет пен қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара іс-қимыл деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

4. Көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.


Осы міндетті іске асыру үшін мемлекеттік органдар мынадай шаралар қабылдайтын болады:
жеке және заңды тұлғаларды экономиканың қолма-қол айналымы басым салаларындағы операциялар есебін жетілдіру арқылы экономиканың көлеңкелі секторынан шығуына ынталандыру;  
халық табысын жалпыға ортақ декларациялауға кезеңімен өткізу;
мониторинг әдістемелерін және ақшаны жылыстатудағы «көлеңкелі» қаржылық қызметтер схемаларын қаржылық талдауды бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары және тез арада төлеу жүйесі арқылы жетілдіру; 
қолма-қол айналымды бір мезгілде қолма-қол емес есеп айырысуларды кеңейту бойынша шаралар қабылдай отырып қысқарту;
сыртқы экономикалық қызмет субъектілерінің импорттық-экспорттық операциялары кезінде заңсыз схемаларды қысқарту.
Көлеңкелі экономика сыбайлас жемқорлықтың негізгі қайнар көздерінің бірі болып табылатынын және оның деңгейінің елеулі екенін ескере отырып, осы бағыттағы жұмысты тұрақты түрде жүргізіп отыру қажет.   
6. Қажетті ресурстар

Бағдарламаны іске асыру тиісті қаржы жылдарына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылатын болады.


Сонымен қатар, қаржыландыру көздері ретінде тікелей шетелдік және отандық инвестициялар, халықаралық қаржы-экономикалық ұйымдарының немесе донор елдердің гранттары және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да көздер пайдаланылуы мүмкін. 
Бағдарламаны іске асыруға жалпы сомасы 355699 мың теңге қаражат бөлу көзделуде:
оның ішінде, республикалық бюджеттен – 355699 мың теңге, оның ішінде:
2011 жылы – 26 166,5 мың теңге;
2012 жылы – 27 363,5 мың теңге;
2013 жылы – 243 944,5 мың теңге;
2014 жылы – 29 112,5 мың теңге;
2015 жылы – 29 112,5 мың теңге.
Шығыстар сомасы толық емес және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде Республикалық бюджет комиссиясы нақтылайтын болады.
Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын іс-шараларды іске асыру бөлінген қаражат шегінде көзделеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет