Бекітемін:
Оқу ісі жөніндегі орынбасары: Г.Исаева
Күні: 25.04.2019ж
Пәні: Қазақ әдебиеті
Сыныбы: 6а
Тақырыбы: Желтоқсан желі ызғарлы
Мақсаты:
Білімділік: оқушыларға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының болу себептерімен және желтоқсан жастарымен таныстыру, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсіндіру;
Дамытушылық: оқушының ойын жеткізе білуі мен тіл байлығын дамыту, әр сөздің айтылуына көңіл бөлу, дикциясы мен интонациясын дамыту;
Тәрбиелік: Отан-Ананы құрметтеу, тәуелсіздікті бағалай білуге, ұлтжанды, елжанды болуға, елінің тәуелсіздігі жолында күрескен ерлердің қаһармандығы мен күрескерлік ерліктерін әрдайым есте ұстауға, үлгі ете білуге үйрету.
Көрнекілігі : Үнтаспа, слайд, кітап көрмесі, түрлі қанатты сөздер.
«Желтоқсан желі ызғарлы»
«Желтоқсан жылнамасы»
«16 – желтоқсан Тәуелсіздік күні»
«Желтоқсан ерік тарихымыз»
Жоспар
І. Кіріспе
ІІ. Желтоқсан оқиғасының себептері
ІІІ. «Желтоқсан жұлдыздары» (Көрініс, ән)
ІV. Қазіргі таңда көзі тірі Желтоқсан куәгерлерінің естеліктері
V. Қорытынды.
Үнтаспа жіберіледі.
Мұғалім: Намысымның шырағы да – Желтоқсан,
Сұрқай өмір сынағы да – Желтоқсан.
Жігіттердің ұраны да – Желтоқсан
Жаңа күннің шуағы да – Желтоқсан
1986 жылдың желтоқсанына тарих көші, уақыт ағымы бойынша қарар болсақ, онда мынаны аңғарамыз. Қазақ халқы Ресей империясы құрамында болған екі жарым ғасырлық мерзімде биліктің түрлі зорлық-зомбылық шараларына қарсы араға ең көп дегенде 50-60 жыл уақыт салып көтеріліп отырған. С.Датұлы (1783-1797) бастаған, И.Тайманұлы бастаған (1836-1838), К.Қасымұлы бастаған (1837-1847), Алаш зиялыларының (1905-1918), 1916 жылғы, ХХ ғ. 20-30 жылдар аралығындағы бас көтерулер соны айғақтайды. Ал осы қозғалыстардың қай-қайсысын алсаңыз да олардан ұлттық рухтың ешқашанда мұқалмас қайрат-жігерін танытатын үлгі – өнеге, дерек, дәйектерді молынан кездестіреміз.
Дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын алғаш көтерген әйгілі 1986-ның желтоқсаны туралы шындықты білмейтін жан жоқ десе болады.16-желтоқсан бұл ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет мидай араласқан, әрі жарқын, әрі қаралы күн еді. Бұл қасіретті күн Қайрат, Қайыргелді, Сәбира, Түгелбай, Ербол, Ләззат сынды жүздеген, мыңдаған қыршындардың қанатын қиып түскен озбырлық күні, өктемдік үні еді. Ендеше сол желтоқсанның ызғарындағы мыңдаған боздақтардың рухын еске алып, бір сәт үнсіздік жариялаймыз.
Тарихта «Құйын-86» операциясы деген атпен мәңгі қалатын жойқын шабуыл демонстрацияны қуып тарату операциясы жоспардағыдай аяқталды. Қанға бөккен қала көшелері мен алаңдар қаңырап бос қалды. Қазақтың әр үйіне үрей кірді, әр қазаққа «ұлтшыл», «нашақор», «маскүнем» деген айып тағылды.
Олай болса осы алапат құйынның шығуына не себеп болды екен. Соған үңілейік.
Желтоқсан оқиғасының себептері
16 — желтоқсанда небәрі 18 минутқа ғана созылып, іргелі республиканың басшылығына қатысты мәселені көзді ашып жұмғанша шешіп, қазақтың дара туған азаматы Д.Қонаевты билік басынан алып, қазақ жерінің топырағына табаны тиіп көрмеген, ауасын жұтып, суын ішпеген, халқының қандай екенінен бейхабар әлдебіреу Г.Колбинді әкеліп отырғыза салуы жастардың наразылығын тудырып, ащы ызасын келтірді. Бұл бірінші себеп еді.
Меніңше, КОКП Орталық Комитетінің сол кездегі Қазақстан басшысын ауыстыруы туралы ұйғарымынан туған наразылық мәселенің бір жағы ғана. Елдегі шетін жағдай оған дейін де қордаланып қалған еді. Өйткені Республиканың егемендігі ол кезде тек сөз жүзінде ғана болды. Одан кейін Шымкент облысының мақта өсіретін үш ауданы Өзбекстанға өтіп кетті. Ал, 1979 жылғы Целиноград оқиғасы ше? Елдің көзін бақырайтып қойып неміс автономиясын құрайық деу Орталықтың нағыз кеудемсоқ әрекеті еді. Қазақстан табиғи байлығы ең мол өлке бола тұра дамыған өнеркәсіпті республикалардың шикізат отарына айналды. Ақыры Қазақстанда шексіз билікке ие болған және Орталық мүддесін қорғайтын Колбиннің кезегі келгенде халықтың шыдамы таусылғандай еді. Наразылық бұрқ ете түсіп, бітеу жараның аузы ашылды да кетті.
Империялық озбырлыққа қарсы бас көтеру Қазақстанның Арқалық, Ақтөбе, Жамбыл, Жезқазған, Көкшетау, Павлодар, Талдықорған, Өскемен, Ақмола және Шымкент сияқты қалаларында болып өтті. Алматыдағы 17- желтоқсан күнгі шеруге шамамен 25-30 мың адам қатысқан болса, астанадан тыс жерлердегі шеруге қатысқан адамдардың саны 2,5 мыңнан асты.
Желтоқсан оқиғасы Мәскеудің басқа басқа емес «момақан» Қазақстаннан күтпеген «сыйы» еді. Орталық Комитеттің Саяси бюросы 1986 жылдың 18-желтоқсандағы қабылданған қаулысында Алматыдағы халық наразылығының түпкі себебіне ашықтан ашық көз жұмды. Наразылықтың негізгі себебін мойындау ұлттың өзін өзі билеу құқын, яғни мемлекеттік дербестік алу мүмкіндігін мойындау мен тең еді.
1986 жылдың желтоқсаны бүгінгі біз үшін артында қалдырған тарихи сабақтарымен қымбат. Желтоқсан күндері осы жалпыұлттық идеяны көтеріп, оның жолына өз өмірін арнаған Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ляззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова және басқа да мыңдаған ұл — қыздарымыз ұлт тарихында әрқашанда құрметпен аталуға лайық. Олай болса, балалар, бүгін біз бір сәт асыл азаматтарымыз Желтоқсан жұлдыздарын еске ала отырып, олардың ерлігі, қайсар өмірі жайлы көпшілік алдында тағы бір айта кетсек артық болмас.
«Желтоқсан жұлдыздары»
Қайрат Рұсқылбеков – 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің құрбаны, «Халық Қаһарманы». Ол 1986 жылы Алматыдағы сәулет құрылыс институтына оқуға түсті. Осы жылы 16-17 – желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. Жастарды көтеріліске ұйымдастырғаны үшін кесілген өлім жазасы 20 жылға ауыстырылды. 500 күннен астам өлім камерасында өзегі талып, үміт пен үрей құшағында отырған Қайрат енді 20 жылға Свердловскіге айдалып бара жатып, кенеттен Семейден шықты. 21- мамырда Семей түрмесінде 21- камерада белгісіз жағдайда қаза тапты.
Осы елім, халқым, ұлтым деп жанын қиып, өлгенше Совет үкіметінің озбырлық саясатына мойын ұсынбаған Рұсқылбековтың сол бір қиын кездердегі өмірінен көрініс тамашалайық
Көрініс
Тергеуші: (милиционерлерге) Айыпкер Рұсқылбековты тергеуге әкеліңдер.
Тергеуші: Рұсқылбеков Савицкийді сен өлтірдің бе?
Қайрат: Жоқ, өлтірген жоқпын.
Тергеуші: Сенің ұрып – жыққаныңды біреу көріпті ғой.
Қайрат: Олай болса мені сол адаммен беттестір. Бұл өтірік, жала!
Тергеуші: Ах, ты, декабрист несчастный! Я тебе покажу өтірікті. Жала
дейді еще.(Ұрып – соғады. Есінен танған Қайраттың бетіне су шашады.)
Тергеуші: Әй, Рыскулбеков! Сен Савицкийді өлтірдім деп мойныңа ала сал.
Сонда сенің жазаң жеңілденеді. Егер сен Савицкийді өлтіргеніңді
мойындасаң, әкеңе тиіспейміз.Әйтпесе әкеңді де бірге соттаймыз.
Қайрат: Жолдас тергеуші! Бұл жала ғой. Өлтірмеген адамды өтірік өлтідім
деп қалай мойындаймын? Туған адам түгіл, тышқан да өлтіріп көргем жоқ
қой.
Тергеуші: Сен ақымақ болма! Өлтірдім деп мойында. Бұл бір. Сен әкеңнен
4000 сом алып, мына менің жұмсақ алақаныма сал, бұл –екі. Түсіндің бе,
мақұлық?
Қайрат: Жолдас тергеуші! Ауылда өз күнін өзі әзер көріп отырған ата –
анамды ақша деп қинағым келмейді.
Тергеуші: Айыпкер, Рысқұлбеков, ақтық сөзің не?
Қайрат: Туған жердің намыс, Бөтен қолда кетпесін!
Хатшы: Сот келеді. Орындарыңыздан тұрыңыздар!
Сот: Айыпкер, Қайрат Рысқұлбеков қылмыскер деп танылып, Қазақ КСРО
қылмыстық кодексінің 60-бабы бойынша 3 жыл және 65-бабы бойынша 15
жыл бас бостандығынан айырылсын. Қылмыстық кодексінің 173-бабы, 1-
тармағы бойынша жазалаудың ең ауыр түрі өлім жазасына, атуға кесілсін.
Қайрат:
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай жаным бар
Бозторғайдай қаным бар
Алам десең алыңдар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты-құрбандық,
Атам десең атыңдар.
Мұғалім: Иә, бұл жазықсыз құрбан болған қазақ азаматы Қайраттың соңғы
үні еді. Лүп-лүп соққан балаң жүректің, өмірге құштар ыстық жүректің соңғы
лүпілі.Жан сыры, соңғы үміт.
Қайрат Батыр ғана емес, Ақын да еді, Оның шындық деп
шырылдаған дауысы абақтының тас қабырғасын қақыратып, құлағымызға
жыр болып жетті.
КЕЗДЕСЕМІЗ ӘЛІ ДЕ
Жалалы боп, қатты батты жаныма,
Жазалаушы қағаз алдым қолыма.
Жігіттер-ай, айтып-айтпай не керек,
Жазған екен маңдайыма, сорыма.
Біріншіден, мен анамды сағындым!..
Екіншіден, бұл Құдайға не қылдым?!
Бостандықта еркін жүрген жан едім,
Енді, міне, абақтыға жабылдым.
Әкетай-ау, Пайғамбардай жасың бар,
Туа бермес сіз секілді асылдар.
Қартайғанда жүрегіңді жаралап,
Кесір болды-ау біз секілді «масылдар».
Айналайын ағалар мен жеңгелер,
Бұл өмірде сіздерге кім тең келер.
Сүмірейіп сот алдында отырған
Бауырыңды енді кімдер ескерер.
Өздеріңе аман-саулық тілеймін,
Өздеріңмен бірге болсын тілегім.
Өздеріңе тіл қата алмай, достарым,
Қайғы-мұңлы өмірімді бастадым.
Сәбира Мұхамеджанова 1985 жылы сегіз жылдық мектепті үздік
бітірісімен, Өскемен қаласындағы педучилищенің бастауыш сыныптарға
мұғалім даярлайтын қазақ бөліміне оқуға түскен. Бар жоғы 16 жаста еді. 22-
желтоқсан күні өткен жиналыста анасымен бірге болған Сабираны айыптап,
бар кінәні оған үйіп – төгіп, сөккен, қатқыл сөздер айтып, тәртіпсіз деп
бағалаған. Мұның бәрі Сабираның ашу ызасын тудырады. Сүйтіп албырт жас
қыз жатақхананың 5 қабатынан өзі тұратын бөлмесінің терезесінен секіреді.
Ербол Сыпатаев – Алматы энергетика институтының екінші курс
студенті. 19-желтоқсан күні ауруханаға бас сүйегі мен миынан жарақаттанған
күйде әкелінді. 23-желтоқсанда есін жимастан қайтыс болды. Ербол біреудің
жалғыз баласы еді. «Құйын-86» операциясының құрбаны болды.
1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында ұлт намысын жыртып, алаңға
шыққан жалын жүрек жастардың арасында Ләззат Асанова да болып еді.
Ләззат Чайковский атындағы музыкалық училищенің 2- курс студенті еді.
Қаршадай елік қыз қараулықтың құрбанына айналарын сол сәт білмеген де
болар. Ар – ожданы озбырлықтың талабына талпынып, жас жүрегі
зұлымдықтан жапа шеккен Ләззаттың қазасы әлі күнге жұмбақ. Мезгілінен
бұрын солған қызғалдақ ғұмырдың обал — сауабы кімнің мойнында. Мұны
анықтау болашақтың еншісі.
Хор. «Желтоқсан желі ызғарлы».
Желтоқсан бірде,
Ел тосқан түрде
Келетін мүлде жайдарлы.
Сол жылы бірақ
Әдеттен жырақ
Көрінді шын – ақ айбарлы.
Қайырмасы:
Тоңдырды мені
Тоңдырды сені
Желтоқсан желі ызғарлы.
Солдырды гүлді
Тоңдырды нұрды.
Көңілде мұңлы із қалды.
Шайқалды күйім,
Шайқалды миым
Бомбалар жиі жарылды
Малымда келім
Жанымда келіп
Қинады берік жанымды.
Қайырмасы:
Қазіргі таңда көзі тірі Желтоқсан куәгерлерінің естеліктері
Үсіпхан Сейтімбетов сол кезде болған оқиға жайлы былай дейді: 16-желтоқсан күні кешкілік біздің жатақханадағы бөлмемізге Құрманғазы суыт келді. Ол жер, ел, ұлттық намыс туралы сөйлей бастады. «Қонаев секілді елді басқарған, пір тұтқан ағаларымызды алып тастап, оның орнына ешкім білмейтін өзге ұлттың өкілін әкеліп қоюдың өзі – басыну. Алаңға шығайық, бейбіт түрде наразылық білдірейік» деді. Құрманғазыны қолдай кетіп көрші институттардың жатақханаларына, Киров атындағы зауыттың №2 жұмысшылар жатақханасына барып, үгіт жүргіздік. 17-желтоқсан күні біз таңертең Брежнев алаңына шықтық.
Дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасының тағы бір куәгері сол кезде көркемсурет институтының ІV курс студенті Құрманғазы Айтмырзаев ол оқиға жайлы былай еске алады: «Алаңға неге шықтық, не үшін бардық. Біз еліміз, елдігіміз, бостандығымыз, тіліміз және ұлттық намысымыз үшін шықтық».
«Құйын-86» операциясынан жапа шекендердің бірі – Асқар Сағынов – Конституциялық сотқа былай деп жазды: «Алматыдағы оқиға туралы естіген соң, біз студенттер бірінші хатшы Г.В.Колбиннің атына қарсылық хат жаздық. Сол үшін бізді соттап ұстады. Мені бірден «Есі дұрыс емес» деп тапты. Күштеп емдей бастады. Сегіз ай бойы олар жүйкеге әсер ететін дәрілерді беріп, осылайша менің саяси көзқарасыммен күресті».
Мұғалім: Сонымен балалар, Брежнев алаңына шыққан жастардың талаптары мен ұрандары қандай еді?(Слайд)
Мұғалім: Желтоқсандық жастар осы талаптарына жетті ме? Кеш те болса
жетті. Яғни: (Слайд)
1. Тәуелсіздігін алды.
2. Егеменді ел болды.
3. Төл теңгесін шығарды.
4. Ата Заңын қабылдады.
5. Алғашқы президентін сайлады,
6. Мемлекеттік рәміздерін белгіледі
Президенттің жарлығы мен 1986 жылы 9 – желтоқсанда Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі мен «Алтын жұлдыз» тапсырылды.
Сабира, Ләззат, Ерболға «Ақтау жөніндегі анықтама» қағаздары берілді. Халқымыздың егемендігі жолында құрбан болғандарын дәлелдеп,оларды анықтау, ақтау үшін барынша күрескен қайсар азаматтарымыз: Мұхтар Шаханов, Хасен Қожа – Ахмет сынды ағаларымыз көп еңбек етті.
Ән: «Атамекен»
V. Қорытынды.
Мұғалім: 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 25 жыл өтсе де бұл оқиға әлі де көп ойлантады, толғантады …
Еліміздің Президенті, Премьер министрі, Парламенттік қос палатасының төрағалары қол қойған «Қазақстан халқына үндеуінде» айтылғандай «1986 жылдың желтоқсанында ұлттық қадір – қасиет дегеннің не екенін күллі әлемге паш еткен сол бір жас жүректердің қаһармандығы егеменді еліміздің жастарының көтерер туын биіктете берсе екен» дей отыра тәрбие сағатын аяқтаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |