Күні: 29.01.2016ж
Сынып: 5-8
Сабақтың тақырыбы: Ойнайық та, ойлайық!
Сабақтың мақсаты:
Білімділігі: Оқушылардың математикалық білім қабілеттерін тексеру, алған білімдерін пысықтау.
Дамытушылығы: Мұндағы өлең - есептер, ертегі есептер, сөзжұмбақты шешу арқылы логикалық ойлау қабілетін дамыту.
Тәрбиелілігі: Пәнге қызығушылығын арттыру. Оқушылардың өз ойын еркін айта білуге қалыптастыру. Оқушыларды ауызбіршілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу. Туған жерінің табиғатын сүюге, қорғауға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Танымдылық ойын сайыс сабақ
Сабақтың әдісі: Сұрақ - жауап, көрнекілік. ізденушілік, ойын, құрастыру
Көрнекілігі: Сөзжұмбақ, бейнелі сөз, санамақ, викторина, интерактивті тақта, тест, ертегі есеп, өлең есеп, слайд.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру бөлімі:
- Құрметті ұстаздар, оқушылар сіздер 5 - 8 сыныптар арасында өтетін «Ойнайық та, ойлайық» атты математикалық кешке қош келдіңіздер!.
Сайысымыздың негізгі мақсаты әртүрлі математикалық ойын тапсырмаларды орындау арқылы білімдерін, одан әрі тереңдету. Алған білімдерін пысықтау.
Сайыс сағатымызда өлең есептер, ертегі есептер, сөзжұмбақтар, бейнелі сөздер беріледі. Солардың жауаптарын дұрыс айтуларыңыз керек. Әр дұрыс айтылған жауаптарға, бір ұпайдан қосылып отырады. Сайыста ұпайды көп жинаған топ «Жас математик» номинациясына ие болады.
Уа, халайық, халайық,
Бәріне жар салайық!
Бүгінгі сайыс төрінде,
Математика елінде
Есеп шешіп жарысып,
Жұмбақ шешіп, аңдысып,
Шабыт тасып, шалқысып,
Есеппен ән салысып.
Көңілді сайыс жасайық,
Жұмбақ шерді шашайық.
Ат салысып аянбай
Бар өнерге басайық! деп алқасымен таныс болайық _____________________________________________________________________________________________________________________________
Құрметті қонақтар, ұстаздар, қазылар алқасы, көрермендер және оқушылар! Бүгінгі «Математикалық орманға саяхат» сайысына қош келдіңіздер!
2. «Танысқымыз келеді біздің сізбен» Бүгінгі сайыс сағатында сынға түсетін екі топпен таныстырып өтейін.
«Ақ сұңқар» тобы, «Жас қыран» тобы)
Топты таныстыру
«Ақ сұңқар» тобы
Армысыздар көрермен,
Бармысыздар көрермен
Әділетті тілеймін
Әділқазы қауымым .
Таныстыра кетейін,
«Ақ сұңқар» тобымен
Дарындылық, даналықты,
Табандылық, қайсарлықты,
Сыпайлылық, сыйластықты
Көрсетеміз белсенді
«Жас қыран» тобы
Қиындықтан сірә да біз қашпаймыз,
Алғырлық пен тапқырлықты ұштаймыз.
Қияларға самғап ұшқан құстаймыз,
Шегінбейміз жеңістерге бастаймыз.
Сондықтанда тобымызға «Жас қыран» деп ат қойдық
Таныстырсам тобыммен
Шегінбейміз ешқашан
Жеңіске біз жетеміз!
Сайыстың кезеңдері:
І кезең – Математикалық ребустар.
ІІ кезең – Әзіл есептер.
ІІІ кезең – «Адасқан әріптер» ойыны.
ІV кезең – Математикалық жұмбақтар мен мақал – мәтелдер.
V кезең – «Басқатырғыш».Ойын есептер.
Жүректері дүрсілдеп лүпіл соққан,
Кеудесіне жарысам деп алқа таққан.
Жеңу емес мақсатым, жарысу деп,
Сайысуға әрқашан уақыт тапқан.
Өнер толы бойында,
Білім толы бойында,
Бүгінгі келген командаларды,
Шақырамыз ортаға, - деп оқушыларды ортаға шақырамыз.
Сергіту сәті: /5 - мин/ «Тілек тіле досыңа»
Үрленген шармен фигура жасай отырып тілек тілейді.
І кезең МАТЕМАТИКАЛЫҚ РЕБУСТАР
ІІ кезең Әзіл есептер
“Ақ сұңқар” тобына
1.Етік киген Мысық төрт шортан ұстады. Бұл ұстағандарының жартысы. Ол неше балық ұстады?
8 шортан
«Жас қыран» тобына
1.1 кг етті пісіру үшін 1 сағат қажет. Осындай еттің жарты килограмын пісіру үшін қанша уақыт қажет?
1 сағат
“Ақ сұңқар” тобына
2.Үш ағайынды. Арман, Аян, Аслан ағайынды үшеуі әр сыныпта оқиды. Аслан Арманнан, ал Аян Асланнан кіші емес. Бұл үйдің үлкені, ортаншысы, кішісі кім?
(Ең үлкені Аян, ең кішісі Арман, ортаншысы Аслан).
«Жас қыран» тобына
2.Қай ауылдың балалары? Әділет, Еркін, Ерлан үшеуі лагерьде кездесті. Бұлардың біреуі – Оралдан, екіншісі – Ақтаудан, үшіншісі – Астанадан келген. Ерлан мен Оралдан келген Еркін екеуі бір бөлмеге орналасты, бұлардың екеуі де Ақтауда болып көрмегендігі болса, қай бала қай ауылдан келген?
(Әділет – Ақтаудан, Еркін – Оралдан, Ерлан – Астанадан келген).
ІІІ кезең – «Адасқан әріптер» ойыны
Көрініс: 6-7 сыныптардан. «Сандар айтысы»
Бүгінгі сайыскерлер, білгіштер
Бар өнерін алдарына салады.
Кім білімді, көп оқыған болса егер,
Бүгінгі күн жеңімпазы болады.
Ойланыңдар жақсылап, жинақтап ал,
Сіздерге әзірлеген сұрақтар бар
Кәнекей жауап берер кім бірінші,
Тез шешіп, өз ойларыңды ортаға сал, -деп ІV кезеңімізді бастаймыз. Қазір оқушыларға жұмбақтар жасырамыз, жұмбақтарға қай команданың оқушылары дұрыс жауап берсе, сол команда ұпайлар жинайды:
ІV кезең - Математикалық жұмбақтар
1. Өткізген тырна сабаққа,
Қатысты жеті сауысқан,
Үшеуі ғана олардың,
Дайындалған сабаққа.
Неше жалқау сауысқан
Қатысқан осы сабаққа? ( 4)
2.Ағашта саңырауқұлақ кепті,
Жаңбыр жауып оны жұмсартып кетті.
40-ы қызыл,8-і сары,20-сы жасыл еді.
Тиін мен тышқан 7-еуін жеді,
Қалды екен нешеу ағашта ғой енди? (61саңырауқұлақ)
3.Жайлы орын маңай толы үйеңкі,
Батыр барыс алтыбақан құрыпты.
Кешке қарай жиналыпты көршілер.
40 қасқыр,6-аю, 5-түлкі,
Орын болмай қайтты үйіне 4кірпі.
Айтшы аңдар саны қанша,
Болып қалмай тек күлкі. (48 аң)
4.Шыңғыс берді гүл
Алмас берді 2гүл,
Саят пенен Жақсылық
Тағы берді 5гүл
Нұршат пенен Назерке
Әкеліп берді 3гүл
Қалғандары қосылып,Берді тағы 5гүл.
Қанша гүл болды барлығы? (16 гүл)
Математикалық мақал - мәтелдер
1. Жеті жұрттың тілін біл, (жеті түрлі білім ал)
2. Білекті бірді жығады, (білімді мыңды жығады)
3. Екі жақсы қас болмас, (екі жаман дос болмас)
4. Досыңды үш күн сына ма, (үш жыл сына)
5. Бір елі ауызға – (екі елі қақпақ)
6. Жүз теңгең болғанша, (жүз досың болсын)
7. Отыз тістен шыққан сөз, (отыз елге тарайды)
8. Жалқаудың екі досы бар: (бірі - ұйқы, бірі – күлкі)
9. Бес бармақ жиылса, (жұдырық болады)
10. Ер бір рет өледі, (қорқақ мың рет өледі)
V кезең – Ойын есептер.«Басқатырғыш» сайысында командаларға логикалық сұрақтар беріледі.
«Адам баласының басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, жолаушысы - ой» дейтін ілгергілердің сөзі дұрыс ойлай білудің мәні зор екендігін дәлелдей түседі.
Мәңгі бақи есте қалар,
Қызықты бір жиын болсын.
Білімдірек команда озар,
Сұрақтары қиын болсын, - деп қазір «Басқатырғыш» кезеңін бастаймыз. Екі командаға бірдей логикалық есептер беріледі. Әрбір дұрыс жауапқа ұпайлар жинайды.
20. “Сақина салу ойыны”. Бұл ойынға қатысушылар екі-екіден қатар отырады. Ойын бастаушы адамның қолында сақина болады.
Ол сақинаны қолдан қолға, жүгіртіп отырғандардың біреуінің қолына салу керек. Алақанына сақина түскен адам мұны қасындағы көршісіне білдірмей орнынан шапшаң тұру керек. Егер ол тұра алмай қалса айып төлейді. Ал біз ойын ретінде білім және еңбек туралы мақал-мәтелдер айтамыз.
20. “Қыз қуу” ойыны. Тақтаға бір ұл мен бір қыз шығып, тездетіп есеп шығарады. Егер ұл бала бұрын шығарса, қызды қуып жеткен болып есептеледі, ал қыздан қалып қойған жағдайда айып төлеу ретінде қыздың қойған сұрағына жауап береді.
Ұл. Еріншек ұлу
Биіктігі 6 метр бағанмен ұлу өрмелеп шығып келеді. Күндіз ол 4 метр биіктікке көтеріледі, ал түнде ол 3 метр төмен түседі. Ол қанша күнде басына шығады? Жауабы: 1 күн және түн 4-3=1 (м)
2 күн 1*2=2
Қыз. Шал балықтарды көп аулап әндетіп келе жатса,жолда бір түлкі сұлап жатады, шал қуанып кемпіріме жаға болады деп түлкіні шанаға салып алады. Ал түлкі жолда 1 минутта 1 балық, 2 минутта 2 балық, 3 минутта 4 балық т.с.с. Бір лақтырғанда алдыңғы лақтырғаннан 2 есе артық лақтыра береді. 7 минутта барлығы неше балық лақтырған. Ж: 1+2+4+8+16+32+64 (127)
30. “Арқан тарту”. Оқушылар парта бойынша екі топқа бөлініп, тақтада жіпке ілінген тапсырмаларды кезек-кезек шығып орындайды. Әр шығарған есепке сәйкес жіпті өз тобы жағына қарай тартып отырады. Қай топқа жіптің көп бөлігі жетсе сол топ жеңімпаз аталады.
Бойы екі қарыс, сиып тұр 25 арыс? (сызғыш)
Қандай сан барлық санға қалдықсыз бөлінеді? (0)
30 санын үш 6-ны пайдаланып шығар? (6*6-6)
Аты шулы айқас сызық. Өзі толған мағына қызық? (координаталар осі)
Қиылыспайтын екі түзу? (параллель)
Ұзындықтың өлшем бірлігі (метр)
Екі нүктенің арасындағы түзу?(кесінді)
Шеңбердің центрі арқылы өтетін хорда? (диаметр)
Барлық қабырғалары тең тіктөртбұрыш?(шаршы)
20. “Қазақша күрес ойыны”. Бұл ойында «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дегендей білімдерін есеп шығару арқылы көрсетеді.
1.Математикалық өлең есеп - «Бәрі қанша құс болды?»
Мынау да санамақ,
Өздерің көп саралап.
Төбеден төрт бөктергі,
Аңдытты қос кептерді
Шақылдаса көк қарға
Үн қоспапты көп қарға
Секем ап бір дауыспен
Безектеп бес сауысқан
Алты белден асыпты,
Тым тырақай қашыпты
Үш үкі үркіп ұшыпты,
Тасқа құлап түсіпті.
Жарда жеті жапалақ
Отырғанда қосталап,
Топ-топ тоғыз тоқылдақ,
Қарғып кеткен топырлап.
Сөйтіп қызық іс болды,
Бәрі қанша құс болды? Жауабы: (31 құс)
2.Математикалық өлең есеп «Санамақ»
Бақшаға, Жақсы аға
Көп-көп ойыншық,
Келді алып:
Бір балық,
Екі есек,
Үш үйрек,
Төрт түлкі,
Бес бүркіт,
Алты арғымақ,
Жеті жарқанат.
Сегіз саулық,
Тоғыз тауық,
Он торпақ.
Болма есепке сен, шорқақ!
Ауызша, жазбаша,
Қосып шық.
Бақшаға, Жақсы аға
Қаншама, әкелді ойыншық? Жауабы: 55 ойыншық.
VI кезең. Топ басшыларының сайысы.
(өнер көрсетушілер дайындалады)
1-есеп: Кеше Айжанның туған күні. Ертең бейсенбі Айжанның туған күні
қашан?
2-есеп:4 жұмыртқа 4 минутта піседі. Бір жұмыртқа пісу үшін неше минут уақыт керек?
3- есеп: Бір үйде екі ана, 2 қыз бар, барлығы қанша адам?
4-есеп: 5 адамға 5 алманы бөлу керек, әр адам 1 алма алып, бірақ 1 алма
кәрзеңкеде қалу үшін қалай бөлеміз?
5-есеп: 1кг мақта ауырма, әлде 1кг темір ауырма?
6-есеп: Екі адам тоғызқұмалақты 2 сағат ойнады. әрқайсысы неше сағаттан
ойнады?
7-есеп: Қара теңізге ақ орамал салса не болады?
8-есеп: Үстелдің 4 бұрышы бар. Бір бұрышын кесіп тастасақ, неше бұрыш
қалады?
9-есеп: І топқа - Отан туралы мақал-мәтел,
ІІ топқа – Білім туралы мақал-мәтел.
Би: 5-8 сынып оқушыларынан.«тиктоник»
Сайыстың қорытындысы: Әділ-қазы шешеді істің ақ пен қарасын,
Командалар біліміне әділ берер бағасын, - деп сөз кезегін қазылар алқасынf берсек.
Жеңістер мен жеңілістен тұратын
Өмір күрес, жеткізе ме мұратын.
Жеңбедім, жеңілдім, ренжімегін,
Қатысу да бір жеңіс жан болсаң сен ұғатын. (жеңілген топқа арналады)
Құттықтаймыз ал енді,
Жеңімпаз болған команданы
Өрге жүзсін өнері,
Тауға өрлесін талабы. (жеңген топқа арналады)
Барына риза болсын көрермендер
айқадық білгенді де, шапшаңды да.
Осымен бұл ойынды тамамдасақ,
Тағы да кездесерміз аман болсақ! (көрермендерге арналады)
Осымен бүгінгі «Ойнайық та, ойлайық!» атты сайысымыз аяқталды. Қош сау болыңыздар!
Достарыңызбен бөлісу: |