Сынып тақтасын пайдалану



Дата10.04.2024
өлшемі12,37 Kb.
#200706
түріСабақ
Байланысты:
stud.kz 79693


Сынып тақтасын пайдалану

Оқушылардың оқу-тәрбие міндеттерін толығымен шешу сабақтарды іскерлікпен ұйымдастыру мен өткізуге байланысты. Бейнелеу өнерінің әрбір сабағы аяқталған, мақсаты бар оқу пәнінің жалпы мақсаттары мен міндеттеріне байланысты сабақтар жүйесінің бір бөлігі болып табылады.

Орта мектептегі бейнелеу өнерінің сабақтары құрылымы жағынан басқа пәндердің сабақтарынан айырмашылығы аз. Бұл сабақтарда да: ұйымдастыру кезеңі, үй жұмысын тексеру, өткенді пысықтау және қорытынды шығару бөліктері сияқты құрылымдар болады. Сабақтың бұл элементтері барлық сыныптарда, әр түрлі оқу жылдарында, бір оқу жылының өзінде, сабақтың белгілі бір немесе басқа кезеңдеріне бөлінген сағат саны әр түрлі болып өзгеріп отырады.

Сабақтар әр уақытта бірсарынды болмауға тиіс. Бейнелеу өнері сабақтары түрі, формасы мен мазмұны бойынша әр алуан болғандықтан бұл шартты орындау қиындыққа соқпайды. Нұсқаға қарап сурет салу сабақтарында балалар сурет салумен де, кескіндеме жұмыстарымен де айналысады; сәндік сурет салу сабақтарында олар өрнектер құрастырып, шрифтерді оқып, сәндік композициялар құрастырады, дизайн элементтерімен таныстырылады; өнер туралы әңгіме сабақта олар архитектураның, мүсіннің, кескіндеменің, графикалық, сәндік қолданбалы өнердің тамаша шығармаларымен танысады.

Нұсқаға қарап сурет салу, сәндік және тақырыптық сурет салу сабағы болсын, әрбір сабақты ұйымдастыру барысында уақытты ұтымды пайдалануға көңіл бөлінеді. Әрбір сабақ мынандай бөліктерге жіктеледі:

1. Сабақты ұйымдастыру. Бұған мұғалімнің сыныпта қажетті тәртіпті орнату, сабаққа қатыспағндарды сынып журналына белгілеу, балаларды оқу жұмысына дайындау іс-әрекеттері кіреді.

Сабақ басталар алдында жұмыс орны дайындалып, нұсқа ретінде қойылатын заттар мен басқа да материалдар ертерек әкелініп, керекті тәртіппен орналастырылады. Мұны ұйымдастыру үшін кезекші оқушылар жұмылдырылады.

Бастауыш сыныптардағы бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінде оқушылардың жұмыс орнын ұйымдастырудың мәні ерекше. Бұл үшін мұғалім балаға сурет салуға қажетті құрал-жабдықтармен белгілі тәртіппен орналастыруды, жұмыстан соң оларды жинап алып, арнаулы орындарға сақтауды үйретеді. Кейбір мектептерде бейнелеу өнері кабинетінде оқушылардың альбомдары мен құрал-жабдықтары сақталатын арнаулы шкафтар болады. Сабақ алдында кезекші қалам, бояу және дәптерлерді парталарға таратып, бояумен жұмыс істеу үшін суды кішкене банкаларға құйып толтырады. Кір суды төгуге арналған шелек бұрышқа қойылады, бұл оқушының жұмыс барысында суын ауыстырып отыруына мүмкіндік туғызады.

Егер өткен сабақта оқушыларға үй тапсырмасы берілген болса, ол тексеріліп, сыныпқа ортақ қателіктері көрсетіледі және оны жөндеу жолдары айтып түсіндіріледі. Үй жұмысын тексеру барысында оқушылар өз суреттерін партаға қояды да, педагог аралап жүріп, суреттерді қарайды, ескертпелер жасайды, жақсы және нашар орындағандарын сыныпқа көрсету үшін таңдап алады. Аяқталған үй жұмыстарының бағасы сынып журналына толтырылады.

2. Жаңа материалдарды түсіндіру.

Бұл кезеңде мұғалім жаңа тақырыптың мақсат міндеттерін түсіндіріп, тапсырманы қалай орындау керектігін көрсетеді, көрнекті құралдар – схемалар, сызбалар, әдістемелік таблицалар көмегімен түсініктемелер береді.

Оқушылардың материалды қалай түсінгендерін байқау үшін сыныпқа сұрақтар беріледі.

Бейне құрылымын салу принциптерін ашу барысында мұғалім міндетті түрде өз түсіндірулерін сынып тақтасына немесе арнаулы планшетке, бір бет қағазға иллюстрация жасап көрсетеді.

Мұғалім бұл суреттерінде ұсақ түйекке дейін бейнелеп көрсетуі қажет емес. Оның мақсаты, оқушыларға шешуі қиын болып тұрғандарға жәрдем көрсетіп, негізгі зат формасын құрудың дұрыс жолын көрсету. Бастауыш сынып оқушылары мұғалімнің тақтаға көрсеткен суретінің ұсақ бөлшектеріне қызығушылық танытып, бұл кейде мұғалімнің сынып алдына қойған мақсатына жетуге көмектеспей оған кедергі жасауы да мүмкін.

Тақтаға сурет салудың бірізділігін көрсету барысында біз схемалық сурет салудан, заттың көрінісін бөлшектерімен бейнелеуге өтеміз. Сурет салудың алғашқы кезеңінде сурет құрылысын белгілі схемаға салусыз өте алмайды. Бұл, мысалы, қайынның жапырағын көпқырлы геометриялық формаға, көбелекті-трапеция ішіне, горизонталь және вертикаль ось сызықтарын жүргізу түрінде көрініс табады. Мұндай зат құрылысын салудың қосымша сызықтарды пайдалану әдістері бейне көрінісін салуды дұрыс бастап, дұрыс жалғастыруға жол ашады.

Тақтаға салған суретті оқушылардың бейнелеу жұмысы кезінде қалдыруға болмайды. Себебі оқушылар тақтадағы дайын суретті көшірумен айналысып, нұсқаға қарап сурет салудың қажеттігін ұмытады.

Бірінші сыныптың бірінші сабағынан бастап оқушыларға дұрыс отыру, қалам мен өшіргішті пайдалану ережелерін, сонымен қатар альбом мен қағазға дұрыс орналастыру ережелері үйретіледі.

Сурет қағазын сурет салу кезінде айналдыруға болмайтындығы айтылады. Егер формат оқушының алдында жатса, мұғалімнің түсіндіруіне ал оқушының түзу сызықтық бағыттарын түсінуіне жеңіл болады.

Сурет салу барысында оқушы еркін және түзу отыруы қажет. Педагог оқушының түзу отыруын, суретті қол созым жерде ұстауын және өз суреті мен нұсқаны үнемі салыстырып отыруына басшылық жасайды. Алғашқы кезде қол саусақтары қозғалысының еркін болуына үлкен көңіл бөлінуі тиіс. Қолдың бостандық қозғалысының дамуы сурет салу дағдыларының дамуымен қатар әріптер мен цифрларды жазуына да жеңілдік туғызады.

Сонымен қатар сабақта оқушылар түзу сызық сызу үшін сызғыш, қорап, панель құралдарын жиі пайдаланатындығы жиі кездеседі. Сондықтан оқушыларға барлық сызық қолмен, құралдың жәрдемінсіз, көз мөлшерімен салынатындығы айтып түсіндіріледі.

3. Оқушылардың өзіндік жұмысы. Жаңа материалдарды түсіндірген соң балалар сурет салуға кіріседі. Мұғалім балалардың салған суретін мұқият бақылайды. Балалардың сурет салу кезінде мұғалім сыныпты аралап, ескертулер жасап, кейбіреулеріне қосымша түсініктемелер беріп, кейбір жағдайда балалардың суретіндегі қателерді жөндейді.

Көптеген оқушылар мұғалімнің алдын ала жасаған ескертпелеріне қарамастан суретті қағаз бетінің өлшеміне сай қылмай кіші етіп бейнелеуге бейім тұрады. Мұндай жағдайда мұғалім бейнені қағаз бетіне қалай дұрыс орналастыруға болатындығын балаларға ескертіп, суретті қағаз бетіне дұрыс орналастыру, қағазды салынатын заттың формасына байланысты ұзындығынан немесе биіктігінен орналастыру керектігін көрсетеді.

Жіберілген қателіктер дер кезінде көрсетілуі тиіс. Жеке балалармен жұмыс үлгермеушілікті болдырмау жолындағы ерекше маңызды жұмыс. Педагог әр уақытта оқушылардың құрамының бәрі бірдей талант емес екендігін ескеруі тиіс. Олардың ішінде кішкене де болса қабілеттілері де, кішкене де болса дамығандары болады, кейбір оқушылар не істеу керектігін бірден түсінсе, кейбіреулері қосымша, жеке түсіндіруді қажет етді. Оқу материалын оқушылар бірқалыпты түсінуі үшін, үлгермеушілерге көп көңіл бөлуді қажет етеді, олардың жұмысын барлық уақытта бақылап, олардың сергектік сезімін туғызып, өздерінің қабілетіне деген сенімділікті арттырады.

Сонымен қатар мұғалім өз оқушыларының жаман және әлсіз жұмыстарына жайбарахат қарауға болмайды. Педагог оқушылардан суретті асықпай салуын, бейненің сапасына нұсқан келтірмеуін талап етеді.

Әдетте, кіші жастағы балалар суретті тез салады. Мұғалім суретті қалай салу керектігін түсіндіріп болысымен оқушылар салған суреттерін көрсетуге асығып жатады. Мұндай орындаудағы жылдамдық, балалардың өз әрекеттерін талдауға әдеттенбегендігін, жұмыс тек қана бірінші көрген әсермен жүйесіз салынғандығын көрсетеді. Бұл жерде мұғалімнің бейне құрылымын салудың әдістемелік бірізділігіне мұқият көңіл аударуын қажет етеді. Әдетте балалар бейнені жеңіл, әзер көрінетін сызықтармен салудың орнына, өшіргішпен өшіріп жөндеуге қиындық туғызатын, айқын және өте қара сызықтармен белгілейді. Олар алғашқы кезде қалам мен қағазға әзер дегенде үйреніп, қаламды қағазға бар күшімен батыра сурет салып, бейнедегі қатені жөндеуге болатын мүмкіндіктен өзінен-өзі айырылып қалады.

Кейбір оқушылардың бейнелеу іс-әрекетінің нәтижесін күні бұрын көруге болмайтындықтан жоғары сынып оқушыларымен жұмыс жүргізуде түрлі әдістерді, пайдаланып жеке дара ерекшеліктерді ескеріп іс-әрекет етуді талап етеді.

4. Жұмыстың қорытындысын шығару және сабақты аяқтау. Жұмыстың соңына қарай мұғалім оқушылардың жақсы орындалған және әлсіз шыққан жұмыстарын таңдап алып, бүкіл сыныпқа көрсетеді, ондағы жетістіктер мен кемшіліктерге түсініктеме береді. Оқушының жұмысындағы кемшіліктерді көрсету барысында оқушының жеке тұлғасына сыйластық пен ілтипаттық көрсетіп, педагогикалық оралым көрсетіледі.

Сабақ соңында мұғалім тексеріп баға қою үшін барлық жұмыстарды жинап алады. Кезекші суы бар шелекті шығарып, егер акварель бояумен жұмыс істеген болса, парталар сүртіліп тазаланады.

Сабақты дұрыс ұйымдастырып, өткізу үшін, алдын ала сабақтың жоспар-конспектісі жасалады. Жоспар-конспектіні жасау үшін белгілі форма мен құрылым басшылыққа алынады. Жоспар-конспектіде мына мәліметтер көрініс табу қажет: 1) сабақтың түрі; 2) сабақтың тақырыбы; 3) сабақтың мақсаты; 4) сабақтың жабдықтары; а) мұғалім үшін, б) оқушылар үшін; 5) сынып тақтасын қолдану; 6) жоспар және сабақ барысы: а) ұйымдастыру бөлімі, б) жаңа материалды түсіндіру, в) оқушылардың өзіндік жұмыстары,

г) сабақты аяқтау және үйге тапсырма; 7) қолданылған әдебиеттер тізімі.

Енді осы құрылымды және оны сабақтың жоспар конспектісін жасауда қолдануын қарастырамыз.

Сабақтың түрі. Ең алдымен конспектте сабақтың бейнелеу өнері қандай іс әрекетіне байланысты екендігі анықталып, нұсқаға қарап сурет салу, (сурет немесе кескіндеме), сәндік, тақырыптық сурет салу немесе өнер туралы әңгіме сабақтарының бірі көрсетіледі. Егер сабақ нұсқаға қарап вазаның суретін салу болса, ол жағдайда сабақ бірнеше сағатқа жоспарланады, бірақ мектептегі бейнелеу өнері пәнінің сабақтары шектеулі болғандықтан олар екі сағаттан артпауға тиіс.

Сабақтың тақырыбы. Бұл жерде біз оқу жұмысының мазмұнын көрсетеміз. Мысалы, нұсқаға қарап сурет салу бойынша – Гипс вазаның суреті , кескіндеме бойынша – Тұрмыс заттарынан құралған натюрморт , сәндік сурет бойынша Шеңбер ішіне өрнектер салу , тақырыптық сурет салу бойынша Күзгі егін жинау , өнер туралы әңгіме бойынша – Бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрлары атты тақырыптар алынады.

Сабақтың мақсаты. Сабақтың түрі мен тақырыбы көрсетілген соң оқу бағдарламасына сай оның білімдік және тәрбиелік міндеттері ашып көрсетіледі. Енді жоғарыда көрсетілген мысалдарға сүйене отырып, конспект жазу туралы жалғастырамыз.

Гипс вазаның суретін салу , Тұрмыс заттарынан құралған натюрморт тақырыбтары бойынша сабақтардың мақсаты – күрделі формалы затты бейнелеуді үйрету, форманың конструктивтік құрылым ерекшеліктерін түсінуге, кеңістік пен образды ойлауын дамытуға, сурет пен кескіндеменің бейнелеу мүмкіндіктерін қолдануға үйрету болып табылады.

Шеңбер бойына өрнектер құрастыру тақырыбы бойынша біз оқушылардың шығармашылық қабілеті мен көркемдік талғамын дамыту, халық шығармашылығының үлгілері мен композициясының элементарлық заңдылықтарымен таныстыру, сәндік қолданбалы өнеріне балаларды баулу, өнердің адам өміріндегі рөлін көрсету мақсаттары қойылады.

Күзгі егін жинау тақырыбы бойынша сабақ мақсаты – қоршаған ортаның әсемдігін балаларға көре білуге үйрету, туған табиғатқа деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу, шынайы өнердің әдістерінің мүмкіндіктерін түсінуге, олардың композиция мен түстану саласындағы танымдарын кеңейту болып табылады.

Бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрлары тақырыбы бойынша сабақтың мақсаты – бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрларының әр түрлілігі мен байлығын оқушыларға ашып көрсету, олардың даңықты шығармаларымен таныстыру, өнерді сүюге және түсінуге үйрету, мектеп оқушыларының эстетикалық мәдениетін көтеру.

4. Сабақтың жабдықтары. Жоғарыдағы сабақтар үшін қандай жабдықтар қажеттігіне тоқталайық. Мұғалім үшін: Гипс вазаның суретін салу тақырыбы бойынша үш гипс ваза, үш нұсқа қоятын стол, фонға арналған үш мата; сурет салудың әдістемелік бірізділігін көрсететін таблица. Конспектіде сонымен қатар нұсқаларды сыныпқа орналастыруды көрсететін схеманы көрсетуге болады. Кескіндеме сабағы бойынша осыған ұқсас, үй қолданысындағы заттардың үш комплектісі, фонға арналған үш дана жарық түсті мата және натюрморт салудың бірізділігін көрсететін таблица қажеттілігі көрсетіледі. Шеңбер ішіне өрнектер салу тақырыбы бойынша халық ою-өрнектерінің үлгілері бейнеленген таблица, сәндік қол өнердің бұйымдары, кептірілген гүлдер мен жапырақтар жапсырылған планшет, композицияның схема мен бор орналасқан тақта. Бейнелеу өнері туралы әңгіме сабақта проекциялық аппарат, диопозетивтер немесе слайда, экран, указка, видео магнитафон, мультимедия жүйесі. Сонымен қатар сәндік қолданбалы өнер үлгілері, картиналар, графикалық шығармалар мен мүсіндер алынады.

Оқушылар үшін сабаққа қажетті құрал-жабдықтар: альбом немесе қалың қағаздар, қалам, өшіргіш, акварель бояулар, су құятын банка, қылқалам, дәптер, қаламсап қажеттігі көрсетіледі.

5. Сынып тақтасын пайдалану. Сынып тақтасы сабақтың жабдықтарының біріне жатады. Біздің жұмысымыздың ерекшеліктеріне байланысты оны қолдану өзіндік пайдалану әдістері қолданылады. Сондықтан сынып тақтасын ұтымды пайдалану, дидактикалық материалдарды композициялық жағынан жазықтық бетіне дұрыс орналастыру жағы ойластырылады.

Тақта кейде репродукциялармен, бейнені салудың әдістемелік бірізділігін көрсететін таблицалармен, толып қалған жағдайда, тақтаға сурет салуға тура келеді.Кейбір жағдайда тақтаға ілінгендерді алып қоюға болатын болса, кейде мұны істеуге болмайды. Бұл жағдайда мұғалімге күні бұрын тақтаның қайсы жеріне бормен сурет салу үшін орын қалу керектігін, қайсы жерге таблицалар ілу қажеттігін ойластырған орынды.

Егер мұғалім тақтаға түгелдей сурет салуды жоспарлаған болса, онда тақта композициясын қай жерге сурет салынатындығын, қайсы жерге қосалқы суреттер салынатындығын, негізгі суреттің өлшемі қандай болатындығын, қосалқы суреттің өлшемдері қандай болатындығын, бұлардың бәрі алыстан қалай көрінетіндігін ойластырған жөн: Перспективадағы шеңбердің бейнесін салудың заңдылығын түсіндіру, суреттегі форманың конструкциялық бейнесін, жарық пен көлеңке арқылы зат көлемін бейнелеу ережелерін түсіндіру барысында тақтаға салатынын түсіндіру суретіне ерекше мән беріледі.

Жас мұғалімдер әдетте суретті тақтаға кіші өлшеммен салып, олар соңғы партадан қарағанда ажыратуға қиын, зат құрылымын салудағы қосымша сызықтар көрінбейтін болып, бұл жағдай мұғалімнің түсіндіру сөзінің көрнекі бейнемен бекітілмеуіне алып келеді.

Бұл іс-әрекетті сабақтың конспектісін жасау барысында ойластырып, сынып тақтасын үнемді пайдаланудың эскизін күнілгері дайындалуы тиіс.

Шеберлікпен және ұтымды түрде тақтаға салған мұғалімнің суреті, оқушылардың өнерге деген қызығушылығын тудырып, ынтасын арттырады.

Тақтаға салынатын сурет өлшемі алдын ала нүктелер арқылы белгіленіп, сабақ уақытында осы белгіленген өлшемдер қатынасы бойынша сурет салу бейне көрініс беруді жеңілдетеді. Кейде ось сызықтарын жеңіл сызықтармен белгілеп, кейін түсіндіру кезінде осы сызықтарды бағдарға ұстай отырып суретті тақтаға тез арада орындауға жәрдемін тигізеді.

Тақтаны дайындау әсіресе сенімді де бейнелі суреттер қажет ететін, композициялық құрылым схемасын көрсететін, композициялық варианттар байлығы қажет болатын композициямен байланысты сабақтарда ерекше мұқият дайындықты қажет етеді.

Жалпы білім беретін мектептерде балалар әлі өз бетінше шығармашылық жұмысқа дайын емес кезде мұғалімге сабақтың әрбір кезеңін мұқият ойластыруды қажет етеді, бұл кезде сынып тақтасы мұғалімге қажеттігіне шек келтіруге болмайды.

6. Сабақтың жоспары мен барысы. Бейнелеу өнері сабақтарын дұрыс ұйымдастырып және өткізу үшін, конспектіде сабақ мазмұнын ашып көрсетіледі. Мазмұнында сабақта қандай материал көрініс табады, ол қандай бірізділікпен баяндалады, оқу уақыты қалай бөлінетіндігі туралы мәліметтер беріледі. Сабақ конспектісінде біз мынадай формада жазу жазуымызға болады:

Сабақ жоспары: 1) Ұйымдастыру бөлімі 2-3 минут; 2) Жаңа білімді хабарлау — 8-10 минут; 3) Оқушылардың практикалық жұмысы – 25-30 минут; 4) Үй тапсырмасын хабарлау; 5) Сабақты аяқтау – 2-3 минут.

Мұнан соң мұғалім сабақты кейбір терминдер мен ұғымдарға түсінік беріп, оқу материалдарын берудің бірізділігін, көрнекті құралдарды пайдалану тәсілдерін ашып көрсетеді.

Бұл жерде бейне құрылымын салу әдістерін баяндауда ерекше мұқият болу керек. Себебі, мұғалім үшін қарапайым болып көрінетін нәрсе, оқушылар үшін мейлінше күрделі болатындығы жиі кездеседі. Сондықтан сабақ конспектісінде сыныппен жұмыс әдістері мүмкіндігінше толық ашып көрсетіледі.

Егер мұғалім белгілі өнер қайраткерінің айтқан сөзін қолдану қажет болса, конспектіде оны тырнақшаға алып жазып, сөз қай кітаптан алынғандығы, қай жерден, қандай баспадан қай жылы, қанша бет екендігі туралы мәліметтер беріледі. Мысалы үшін, гипс вазаның суретін салу барысында нұсқаға қарап, сурет салудағы ережелерді естеріне қайта түсіру керек болады делік. Өткен сабақта бұл мәселеге мұғалім тарапынан көп көңіл аударылды, енді бұл сабақта мұғалім суретші педагог П.П.Чистяковтың сөзін айтқысы келді. Ондай жағдайда мұғалім конспектіге суретшінің Әр уақытта нұсқаны суретпен салыстырып отыр, оның портретпен ұқсастығын тап. Жұмысқа кірісер бұрын, ең алдымен, қандай міндетті шешу керектігін ойлан. Бәрінен бұрын фигураны қағаз бетіне орналастырып ал, онан соң құрылысын салуға кіріс. Зат құрылысын салу деген – фигураны дұрыс қойып, пропорцияларды дұрыс ала білу (П.П.Чистяков. Письма. Записные книжки. Естеліктер. М, Искусство, 1953 г. с. 365) деген сөзін жазып қояды.



Сыныпта мұғалім Чистяковтың сөзі туралы қысқаша айтып, онан соң сурет салу туралы айтқан пікірі келтіріледі. Сонымен қатар конспектіде негізгілер мен оқушылардың тарапынан қойылуы мүмкін сұрақтар тізімі берілуі мүмкін.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет