Сүйек сынықтарында көрсетілетін алғашқы дәрігерлік көмек.


Сыртқы қан кетулер кезіндегі уақытша және тұрақты қан тоқтату әдістері



бет42/82
Дата28.12.2022
өлшемі1,1 Mb.
#164802
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   82
Байланысты:
619-621 травма

Сыртқы қан кетулер кезіндегі уақытша және тұрақты қан тоқтату әдістері.

Қан кетуді уақытша тоқтату
Тәсілдері: Қан тоқтатудың уақытша әдістерінің барлығы да механикалық болып табылады. Оларға мыналар жатады: қыл бұрау салу, артерияларды саусақпен басу, аяқ-қолды мейлінше бүгу, қысып таңу, жараға тығын салу, аяқ-қолды жоғары ұстау, қанап тұрған тамырға қысқыш салу, уақытша шунттау.
Қыл бұрау салу. Қан тоқтатудың сенімді тәсілі.
Көрсеткіштері:
аяқ-қолдағы артериялардан қан кету;
аяқ-қолдағы кез-келген масситві қан кету.
Қыл бұрау салудың ережелері:
Қыл бұрау салар алдында аяқ-қолды жоғары көтеру керек.
Қыл бұрауды жарадан жоғары жерге және мейлінше оған жақын жерге салу керек.
Қыл бұраудың астына мата (киім) салу керек.
Қыл бұрау салған кезде оны біркелкі соза отырып 2-3 айналым жасау керек және айналымдары бір-бірінің үстіне жатпауы тиіс.
Қыл бұрау салғаннан кейін оның салынған уақытын дәл көрсетіп жазу керек.
Дененің қыл бұрау салған жері қарауға қолайлы болуы тиіс.
Қыл бұрау салынған жаралылар бірінші кезекте тасымалданады және оларға бірінші кезекте көмек көрсетіледі.
Қыл бұрауды алдын-ала ауыртпайтын дәрі берілген соң ғана босату керек.
Қыл бұраудың дұрыс салынғандығының белгілері.
Қан кетудің тоқтауы;
Шеткі пульсацияның жойылуы;
Аяқ-қолдың бозарып мұздауы.
Қыл бұрауды аяқта 2 сағаттан артық, ал қолда 1,5 сағаттан артық ұстауға болмайды. Булай болмаған жағдайда аяқ-қолда ишемия салдарынан өлі еттену процестері дамуы мүмкін. Жаралы адамды ұзақ уақыт тасымалдау қажет болғанда қыл бұрауды әр сағат сайын 10-15 минутқа босатып отыру қажет. Қыл бұрауды босатқанда қан тоқтатудың басқа уақытша әдісін қолдану керек (саусақпен басу).
Артерияны саусақпен басу.
Мейлінше қарапайым және қосымша құрал-сайман қажет етпейтін әдіс. Бұл әдістің артықшылығы – тез арада қолдануға болатындығында, ал кемшілігі оны 10-15 минут ішінде ғана, яғни қысқа мерзім ішінде қолдануға болатындығы. Артерияны саусақпен басуға (қысуға) негізгі көрсеткіш сол тиісті артерия бассейнінен массивті артериялық қан кету. Саусақпен артерияны басу шұғыл жағдайда, қан тоқтатудың басқа түріне дайындау кезінде уақыт ұту үшін, мысалы, қыл бұрау салуға дайындық кезінде таптырмайтын әдіс. Аталған әдісті тез және ұтымды пайдалану үшін
артериялардың орналасқан жерін, олардың сыртқы нобайларын және оларды қысатын сүйекті түзілістердің нүктесін жақсы білу қажет. Олар топографиялық анатомия мен жедел хирургия әдебиеттерінде жеткілікті дәрежеде келтірілген.
Аяқ-қолды мейлінше бүгу.
Бұл әдіс сенімді емес, дегенмен жарақаттау дәрежесі аз. Бұл әдіс аяқ-қол сегменттерінің ірі буындардан төмен орналасқан жерлерінен қан кеткенде нәтиже береді. Мысалы, ұршық буынын сан артериясынан қан кеткенде, тізе буынын аяқ басы мен балтырдан, иық буынын – қол басы мен білектен қан кеткенде мейлінше бүгу керек.
Аяқ-қолды жоғары ұстау әдісін капиллярдан немесе көктамырдан қан кеткенде қолданады. Әдіс өте қарапайым.
Қысып таңу.
Бұл әдісті қолдану үшін дәке мен таңғыш материалдар қажет. Қысып таңу әдісі көктамырлар мен ұсақ қан тамырларынан, әсіресе аяқтың кеңейген көктамырларынан қан кеткенде таптырмайтын әдіс.
Жараны тығындау (тампонада).
Қуысты жараның ұсақ тамырларынан, капиллярлардан, көктамырдан қан кеткенде, әсіресе операция кезінде жиі қолданылатын шара.
Қанап тұрған тамырға қысқыш салу.
Негізінен операция кезінде қолданылатын әдіс. Бұл әдіс сенімді, қарапайым, нәтижелі, сондықтан кең таралған. Бірақ қысқышты ұқыпты және көзбен бақылап отырып салу керек. Өйткені, қысқыш езулерінің арасына магистралды қан тамыры немесе нерв түсіп кетуі мүмкін.
Тамырды уақытша жалғау.
Бұл әдіс магистралдық қан тамырлары жарақаттанған кезде қолданылады. Аталған тамырларда қан айналысының тоқтауы науқастың өміріне қауіп төндіруі немесе басқаша да қиын жағдайлар тудыруы мүмкін. Бұл әдісті хирург тамыр тігісін білмеген жағдайда, аудандық аурухана жағдайында және науқасты тасымалдау үшін ұзақ уақыт қажет болғанда қолданса әбден дұрыс болады. Магистралдық қан айналысын сақтау және ишемияны болдырмау үшін хирург жарақаттанған тамырларға түтік (полиэтилен, әйнек) қойып бекітеді. Науқасты тасымалдаған кезде аяқ – қолды бекітіп, антикоагулянттар тағайындау қажет.
Қан кетуді біржола тоқтату
Тәсілдері. Қан кетуді түпкілікті тоқтатудың әдістері табиғатына орай механикалық, физикалық, химиялық және биологиялық болып бөлінеді.
Механикалық әдістер – ең сенімділері.
тамырды жара ішінде байлау (ең дұрысы осы әдіс);
тамырды бастауынан байлау: жарақаттанған жердің жоғары жағындағы ірі магистралдық діңгек тамырды байлау жөнінде сөз қозғалып отыр. Бұл әдістің ең бір кемшілікті жері – жарақат ішінде байлауға қарағанда қан айналысынан айырылатын тіндер көлемінің үлкендігі. Әдіс амалсыз шара ретінде ғана қолданылады.
Тамырды бастауынан байлауға көрсеткіштер:
көлемді бұлшық ет массивтерінен қан кетуі кезінде қантамырының ұшының жараның ішінен табылмауы;
іріңді немесе шірулік жарадан екіншілік аррозиялық қан кетуі.
Қан тамырын көктеп тігу.
Қанап тұрған тамыр жара ішінде көрінбесе және оны қысқышпен қысу мүмкін болмағанда тамыр айналасындағы тіндерге бүрме немесе 2-тәріздес тігіс салынады да қысып байланады. Бұл әдіс – тамырды көктеп тігу әдісі.
Қан тамырын бүрау, қысып езгілеу.
Ұсақ қан тамырларынан қан кеткенде қолданылады. Тамырды бұраған кезде оның жарақаттанып қан ұйық (тромб) түзілуіне негізделген әдіс.
Жараны тығындау, қысып таңу – бұл аталған әдістер қан тоқтатудың уақытша әдістері болғанмен кейде түпкілікті әдіс ретінде де қолданылуы мүмкін.
Тамыр ішіне эмбол енгізу (эмболизация). Эндоваскулярлық хирургияның әдістерінің бірі болып табылады. Тамырды Сельдингер әдісімен катетеризация жасаған соң, жарақаттанған аймаққа артерияның қуысын бітейтін жасанды эмбол жеткізіледі (спираль, спирт, химиялық заттар, полистирол).
Қан кетумен күресудің арнаулы әдістері. Операциялардың жекелеген түрлері – спленэктомия (талақ жарақаттанғанда), асқазан резекциясы (жарадан қан кеткенде) да қан тоқтатудың механикалық әдістеріне жатады.
Қан тамырын тігу және тамыр реконструкциясы.
Қан тоқтатудың бұл түрлері ірі қан тамырлары жарақаттанған кезде қан айналысының тоқтауы науқас өміріне қолайсыз жағдайларға әкеп соғатын болған кезде қолданылады.
Қан тамырын тігудің 2 түрі бар: қолмен тігіс салу және мехникалық тігіс.
Тамыр жарақатының сипатына қарай бүйірлік тігіс, жамау салынады, тамыр резекциясы жасалады, ұштастырып анастомоз салынады. Қан тамырының реконструкциясына протез немесе шунт ретінде өз көктамыры (аутовена), синтетикалық материалдар пайдаланылады.
Қан тамырларына жасалатын операцияларға мынадай талаптар қойылады:
герметикалылығы өте жоғары болуы тиіс;
қан айналысының бұзылуы болмауы тиіс (тарылу, құйынды ағыс);
тігіс материалдары тамыр ішіне неғұрлым аз кіріп тұруы тиіс;
қан тамыр қабырғасының қабаттары бір-біріне мейлінше сәйкес келуі тиіс.
Барлық әдістердің ішінде ең қолайлысы тамырды тігу екенін атап өткен жөн. Өйткені, осы әдісті қолданғанда ғана тіндердің қанмен жабдықталуы бастапқы күйінде сақталады.
Физикалық әдістер. Бұл әдістерді басқаша термиялық әдіс деп те атайды. Өйткені, бұл әдістер жоғары немесе төмен температуралар әсерлерін пайдалануға негізделген.
Төмен температураны қолдану – оның гемостатик ретіндегі механизмі – тамыр жиырылуына (спазмына),қан айналысының баяулап, тамыр тромбозының пайда болуына негізделген және 3 түрде қолданылады:
Жергілікті гипотермия (мұз салған шөлмек басу, салқын ерітінділерді сүмбе (зонд) арқылы жіберу.
Криохирургия хирургияның арнаулы саласы. Бұл әдісте өте төмен температураларды пайдаланады. Жергілікті мұздатуды миға, бауырға операция кезінде және қантамырларының ісігін емдеу ісінде пайдаланады.
Жоғары температура әсерін қолдану.
Жоғары температураның гемостатикалық әсерінің механизмі – тамыр қабырғасының белоктарының коагуляциясы, қанның ұюының жеделдеуі.
Қолданыста мынадай түрлері таралған:
Ыстық ерітінділер түрінде (операция уақытында паренхиматоздық ағзалардан қан кеткенде);
Диатермокоагуляция. Әдіс қан тамыры қабырғасын күйдіріп коагуляция жасау үшін жоғары жиілікті электр тогын пайдалануға негізделген.
Лазерлік фотокоагуляция, плазмалық скальпель – хирургиядағы жаңа технологияға жататын әдіс. Бұл әдіс те коагуляциялық некрозға негізделген. Дегенмен, диатермокоагуляцияға қарағанда жұмсақ және мөлшерлеуге мүмкіндік бар.
Химиялық әдістер.
Химиялық, биологиялық әдістердің барлығы да қолдану тәсіліне қарай жергілікті және жалпы әдіс болып 2 бөлінеді.
Химиялық жергілікті қан тоқтататын (гемостатикалық) заттар асқазан мен басқа да кілегей қабықтардан қан кетуді тоқтатуға пайдаланылады. Оларға төмендегілер жатады:
Сутегінің асқын тотығы – қан ұйық (тромб) түзілуін жеделдету арқылы әсер етеді.
Қан тамырын тарылтатын заттар – адреналин. Тіс жұлғанда қан кетудің алдын-алу үшін пайдаланады, асқазанның кілегей қабығының астына жіберіледі.
Фибринолиз ингибиторлары – эпсилон-аминокапрон қышқылы. Асқазаннан қан кеткенде оның ішіне сүмбе арқылы жіберіледі.
Желатинаның препараттары – гемаспон, көпіршіктелген желатинадан тұратын губка. Қан тоқтауын жеделдетеді. Өйткені тромбоциттер желатинмен жанасқан кезде ыдырайды да, қан ұюын жеделдететін факторлар босап шығады.
Балауыз. Тығындаушы материал. Бастың жалпақ сүйектеріне «жапсыруға» пайдаланады.
Карбазохром. Капиллярлық немесе паренхиматоздық қан кетуде пайдаланады. Қан тамырларының өткізгіштігін азайтады, микроциркуляцияны қалыпқа келтіреді. Жараның бетіне аталған препаратпен шыланған салфеткалар жапсырады.
7.Резорбциялық әсері бар гемостатикалық заттар.
Негізгі препараттары:
Фибринолиз ингибиторлары – эпсилон-аминокапрон қышқылы.
Кальций хлориді -гипокальциемияда қолданылады (кальций қанның ұю факторларының бірі).
Тромбопластиннің түзілуін жеделдететін заттар – дицинон, этамзилат.
Арнайы әсері бар препараттар (питуитрин, – жатырдан, өңештің варикозды кеңейген көктамырларынан қан кеткенде).
К витаминінің синтетикалық аналогтары (викасол). Протромбиннің синтезіне әсер етеді. Әсіресе, бауыр қызметі бұзылған кезде қолданылады.
Қан тамыр қабырғасының өткізгіштігін қалыпқа келтіретін заттар (аскорбин қышқылы, карбазохром, рутин).
Биологиялық әдістер.
Жергілікті қан тоқтату әдістері 2 түрге бөлінеді:
Организмнің өз тіндерін пайдалану – май, бұлшық ет тіндері жиі қолданылады. Өйткені бұл тіндер тромбопластинге бай тіндер.
Биологиялық табиғатты заттарды пайдалану. Әдетте, гомо- гетерогендік плазманы пайдаланады. Кейде плазмға коллагенді қосады.
Негізгі препараттары:
Тромбин – тек қана жергілікті түрде қолданылады. Ұнтақ, ерітінді түрінде пайдаланады және басқа гемостатикалық заттардың құрамына кіреді. Асқазаннан қан кеткенде басқа заттарға қосып пайдаланылады (сүмбе арқылы тромбин, ЭАКҚ, фибриногеннен тұратын салқындатылған қоспа жіберіледі).
Фибриноген – таза күйінде гемостатикалық зат ретінде қолданылмайды. Тромбинмен бірге жергілікті гемостатикалық заттар мен фибрин клейінің құрамына кіреді.
3 Гемостатикалық губка – лиофилизация жасалған плазмадан тұрады. Кейбір түрлерінің құрамына тромбин, Са иондары, антисептиктер кіреді. Гемостатикалық белсенділігі жоғары.
Жалпы әсер ету әдістері.
Бұл топқа тромб түзілуін жеделдететін биологиялық текті заттар жатады.
Негізгі препараттары:
фибринолиз игибиторлары;
қан құю (гемостатикалық доза 200 мл);
плазма құю;
тромбомасса құю;
антигемофильдік плазма, криопреципитаттар.
Қорыта келе, қан кетіп жатқан науқасты емдеу әрқашанда кешенді болуы тиіс.
Қан кетіп жатқан науқасты емдеу мынадай кезеңдерден тұрады:
Қан кетуді механикалық жолмен тоқтату мен операцияға көрсеткіштер туралы сұрақты шешу.
Жергілікті қан тоқтату әдістерінің мүмкіншілігін анықтау ( коагуляция, салқын гемостатикалық препаратарады пайдалану).
Кешенді консервативтік ем.
Кешенді консервативтік емнің негізгі звенолары төмендегідей:
Орнын толтыруға бағытталған терапия (АҚК және эритроциттердің орнын толтыру); Орнын толтыру терапиясының көлемі мен құрамы жоғалтқан қанның көлеміне тікелей байланысты.
Негізгі гемостатикалық терапия (жалпы әсерлі химиялық және биологиялық әдістерді қолдану керек).
Ацидозбен күрес (150-300 мл сода ерітіндісін құю).
Организмнің негізгі ағзалары мен жүйелерінің қызметін қолдауға бағытталған симптомдық терапия (ең алдымен, жүрек-қантамыр, өкпе және бүйрек).





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   82




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет