Сүйінбайдың айтыскерлігі Жоспар: Кіріспе І. Сүйінбайдың шығармашылық өмірі



Дата31.12.2019
өлшемі110 Kb.
#54522
Сүйінбайдың айтыскерлігі


Жоспар:
Кіріспе

І. Сүйінбайдың шығармашылық өмірі

а) Ақын шығармашылығының салаларға жіктелуі

ІІ. Айтыстың дүлдүл ақыны – Сүйінбай

а) Сүйінбай мен қырғыз ақыны Қатағанның айтысы

ІІІ. Қорытынды.

Пайдаланған әдебиеттер

Кіріспе
Сүйінбай Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Майтөбе жайлауында, 1822 жылы шілде айында туған. Өз әкесі – Аран Күсепұлы, арғы атасы Жиенқұл деген кісілер.

Сүйінбайдың соңғы кезде табылған өлеңдерінің ішінде оның өмір белестерін танытатын кейбір толғаулары кездеседі. Онда ақынның ата – бабасы мен ағайындары: Аран, Күсеп, Жиенқұл, жақын туыстары Жұмық, Оспан, Жаманшалдар, әйелі Еңліктің (Жұпан деген бәйбішесі өлгеннен кейін алған) есімдері мәлім болады.

Ақынның өлер алдындағы айтқан тағы екі толғауы табылды. Онда ақын өзіне өлім қаупі төнгенін біліп, өміріне тұжырым жасайды.

Құлқайырдай ағарды сақал, мұртым,

Өтіп кетті қатарлас талай жұртым.

Керуендей бір күні жөнелермін,

Жан келіп кетпейді мен неше дүркін?

  • деп басталатын осы өлеңінің үшінші шумағында ақын 73 жасқа келгенін хабарлайды. Ал осы күнге дейін біз Сүйінбайды 68 жасында (1827-1895) өлді деп келдік.

Жетпістің үшеуіне келгеннен соң,

Тарғыл тартып кеттің – ау, қайран күнім.

Бұрынғыдан, Сйінбай, бәсеңдедің,

Секілді биыл менің мүшел жылым.

Бұл сөздерге қарағанда, Сүйінбай 1827 жылы емес, 1822 жылы туып, 1895 жылы қайтыс болған. Сүйінбайдың сүйегі Қарақыстақ аңғарының жоғарғы саласындағы шағын обаның үстіне, көне бейітке қойылған.

Сүйінбай – халқымыздың поэтикасына жетік шебер тілді, жүйрік ақын. Бұған оның билер мен төрелерді сынап, мысқылдап айтқан өлеңдерінің өзі дәлел.

Сүйінбайдың тек қазақ елі ғана емес, көрші Орта Азия халықтары да жақсы білген. Әсіресе, оның есімі – туысқан қырғыз халқына жете таныс. Қырғыз айылдарын өз ауылындай аралап, кедейлері мен қазақ жатақтарының тағдырластығын түсініп, оларды қанап отырған хан, датқаларды бірдей сынаған.

Сүйінбай айтыстары ХІХ ғасыр ақындары айтыстары ішінде бір төбе жоғары тұрады. Бұл оның айтыстарының мәнділігі мен тіл өткірлігінен байқалады. Ол өзінің өлеңдерінде кейбір ақындарша өз елінің байларын бедел тұтып, тілге тиекті сол бай мен төрелер маңынан қарастырмайды. Ақынның сүйеніші қалың ел және Өтеген. Сұраншы, Сыпатай сияқты батыр атанған ел азаматтары болады. Осындай әйгілі адамдарды тірек тұтқан ақынды қарсы жыраулар кедейсің деп қанша жабысса да жеңе алмайды. Ол өз аяғымен келіп, босағада тұрып сөз бастаса да, төре ақындарын бұлтартпай шалып тастайды.

І. Сүйінбайдың шығармашылық өмірі

Сүйінбай шығармаларының ішінде өзінің мәнділігімен көзге түсетіні – оның Тезек төремен кездесіп дидарласуы. Мұның өзі әлеуметтік мәні жағынан екі ақынның айтысы деуге тұрарлық шығарма. Себебі, айтыста екі ақын жарысқа түспейді. Мұнда бір-бірінен жыр өнерін асырау мақсаты қойылмайды. Ашықтан – ашық қоғамдық екі тап өкілі егеседі. Қара халық еңбекші ел атынан бұқара тілегін көтере Сүйінбай шықса, Абылайдан атақты атаның баласы, текті төре Тезек өз табының туын ұстап, тіл безейді. Қоғамдық екі таптың өкілі белдесіп, саяси сайысқа түседі.

Албан, дулат, шапырашты ел емес пе?

Шалқып жатқан ел деген көл емес пе?

Көл толқыса көбігін кетер басып,

Бетіндегі көбігі төре емес пе?...

Қалың қазақ жиылып атқа мінсе,

Отыз үйлі төреңнің несі қалар?

Сүйінбай – хан – сұлтандар алдында қасқиып тұрып, батыл сөйлеген Махамбет пен Шернияз типтес талант иесі. Әсіресе, ол – Шернияз ақынмен тағдырдлас. Екеуі де ел батырлдарын жақтап, ел мұңын жоқтаған. Екеуі де өз елінің хан сұлтанын түйреген өлеңдерімен белгілі. Бірі кіші жүздегі Баймағамбет сұлтанға барып, соған және оның үй ішіне арнап, оларды сынап, сөз қозғаса, екінші Тезектей Ұлы жүз сұлтанына келіп, атап сол Шерниязға ұқсас жыр толғайды. Шернияз Исатай мен Махамбетті дәріптесе, Сүйінбай Өтеген мен Сұраншыны өз сөзіне өзек етеді. Бұл екі ақынның өлеңдері мазмұны жағынан ұқсас келеді. Сүйінбай да шернияздың Баймағамбет сұлтанға айтқаны сияқты Тезекті мақтап, жамандап және оның қызы мен әйелі туралы өте ұқсас өлеңдер айтады. Бұған сұлтан алдында сөйлеуге мәжбүр болған екі ақынның тағдырластығы негізгі себеп болса керек. Екеуі де кемтарлық көріп, төренің алдына келеді. Сұм сұлтандардың қынаптан суырған қанды қылышы астында тұрып жыр қозғайды. Сүйтсе де Сүйінбай мен шернияз бірін – бірі қайталап отыратын ақындар емес, бұлардың үндестігі тек Тезек пен Баймағамбет үйінде айтқан кейбір арнау өлеңдерінде ғана байқалады. Сүйінбайдың айтыстары ішінде оның Қаңтарбай ақынмен тілдесмуінің мәні ерекше. Қаңтарбаймен айтысқанда Сүйінбай да өз елін бай, өз руын күшті етіп көрсетуге тырысады. Қаңтарбайды кедейсің деп кемсітеді. Бірақ, бұл дәстүрлі айтыс әдісі ғана болатын. Айтыса келе ол Қаңтарбайды бұлай жеңе алмайтынын сезеді. Себебі Сүйінбайдың өзін және екей сияқты кедей руды бай, мықты деп көрсетпек болғаны сай келмейді. Қаңтарбайды өтірік, өктемдік айтып жеңу мүмкін емес. Бұл жайды әккі ақын бірден түсініп, тез жалтарып, өзге бағытқа, өзінің басқа айтыстарына тән үйреншікті әдісіне – батырларды бетке ұстауға көшеді. Албан, дулаттың көптігін айтып састырмақ болған Қаңтарбайға Сүйінбай екей аз болса да, оның Сұраншыдай батыры бар екенін, талай жауды тойтарып, ол дулатқа да қорған болғанын айтады. Мен ол тірі тұрғанда ешкімнен қорықпаймын деп, Сұраншыны мақтайды.

Қорықпаймын дулаттан Сұраншы өлмей,

Қара шұбар жігітке қаза келмей.

Мың кісіңе бір кісім болар, дулат,

Шуылдап Сұраншыны жерге көмбей.

Бұл айтыста Сүйінбай өзінің ақындық өнерін асырып, Қаңтарбайды жеңіп кетеді.

Сүйінбайды Жалайыр, албан, дулат елдерінің ақындары ұстаз тұтып ардақтаған. Бақтыбай деген жалайырдың жас ақыны Сүйінбайдан бата алып, өнер жолына түскен. Аға ақын жас қыранның талантын танып, оған уақ – түйекті термеллемей, мәнді жыр шертуді үйреткен. Ең алдымен халық мүддесін жырлау мақсатын ескерткен. Шын ақын өлеңнің өрісті жолына түсіп, қоғамдық, әлеуметтік мәселе көтеріп, ел керегіне асар халыққа рухани тәлім берер туындыларға әуестеніі керек екенін айтқан. Өзінің көп елді аралап, талай ақындармен кездескенін, сол кездесулерден түйген тәжірибелерін ұстаз ретінде Бақтыбайдың құлағына құйған:

Мен бармаған елім жоқ,

Баспаған тағы жерім жоқ.

Қазақ пепен қырғыздың

Бәрінің дәмін таттым – ай.

Бақтыбай шешен, сен едің,

Сүйінбай деген мен едім...

Ел болған соң ақын ар,

Ақын бар жерде нақыл бар.

Ел мұқтажын айтқанның

Артығы не, кемі не?...

Сол ақынды ақын дер,

Сол ақынды мақұл дер –

Жарасса сөзі елінің.

Келтірілген үзінділер Сүйінбайдың жас ақындарға берген тәлімінің бет алысын байқата алады.

Сүйінбайды білетін қария ақындар ел ішінде әлі көп. Ойындық халық ақыны Төкешов Қазтай Сүйінбай өлеңдерін жазып алып сақтап келген. Асылы, ол Сүйінбайды Шернияздан естіп білсе керек. Ол өзінің қолжазбасының кіріспесіде Сүйінбай өміріні өлеңмен баяндайды:

...Сүйінбай он жасында қалды жетім,

Жылаумен сепкіл басты екі бетін.

Жәметке, Қартыбаймен бала болып,

Күні үшін істеп жүрді қызметін,

Жетімді жетілдіріп, жүйрік еткен,

Алланың көремісің құдіретін,

-дейді. Жетісу елінің ақындары Сүйінбайды ұстаз санап, пір тұтқан. Заманымыздың алып ақыны Жамбыл оны ұстаз тұтып, өнерін жетілдірген-ді. Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай,

- деп толғайды Жамбыл. Тегі, Сүйінбайдың ағалық ақылымен ақындық тәлімі мол болса керек. Сүйінбайдың ақындығын Жамбыл аса жоғары бағалаған. Бұл ретте Жамбылдың мына бір өлең жолдары көбірек еске оралады:

Ақындардың ақыны,

Айдын көлдің ақылы,

Жыр тұлпары – Сүйінбай.

Жамбылдан басқа ақындар да Сүйінбайды өздеріне ұстаз тұтып, оның таланты алдында бас иген. Сүйінбай қайтыс болғаннан кейін, бір топ ақын оған арнап жоқтау өлеңдерін шығарған. Мысалы, Үмбетәлі ақынның жоқтауы 1935 жылы шыққан Сүйінбай өлеңдерінің алғашқы шағын жинағында басылды. Сүйінбайдың кейінгі ақындарға осылай үлгі өнеге болғанын айта келіп, профессор Е. Ысмайылов былай дейді: «Сүйінбайдың лүкіл жетісу ақындарына, әсіресе, ең талантты шәкірті, келешегінен зор үміт күткен жамбылға берген ақындық, ұстаздық жолында екі үлкен ерекшелік бар. Бірі – айтыста болсын, шындықты жеткізіп, өткір, тапқыр шешен тілмен тыңдаушыны құмарландырып сөйлеуі, екіншісі - тарихта болған батырларды үнемі желілі жырға айналдырып айтуы (Ақындар, 103б.).

Сүйінбайдың көпшілікке мәлім, баспа бетін көрген өлеңдері тым аз және көркемдігі жағынан да онша мәз емес еді. Мұның өзі ақын өлеңін алғаш жариялаушылар оның көп өлеңінің көзін дұрыстап таппай, көркемдік мәнін солғындатып, айтқан орашолақ ақындардың аузынан жазып алып, тым жасытып жібергенін айқатады. 1936 жылы шыққан «Сүйінбай ақын» деген оның тұңғыш жинағы осы болды. Бұл жинаққа ақынның айтыстары мен бірен-саран жеке өлеңдері енген-ді. Ал, бұл жинаққа дейінгі «Жаңа әдебиет» журналында (1926,№6) жарияланған Сарыбай ақынға арнауы мен Сәкен Сейфуллин жарияланған Сүйінбайдың жоғарыда аталған 1930 жылдары жарық көрген көлемі шағын, көркемдігі әлсіз шығармалары негізінде 1940 жылдардан бастап, Сүйінбай шағырмасын орта мектепке оқу құралдарына енгізу әрекеттері де істелді. Бұл салада Қ. Жұмалиев пен Е. Ысмайылов тұңғыш қадамдар жасаған болатын.


а) Ақын шығармашылығының салаларға жіктелуі

Сүйінбайдың өмірбаянына қатысы бар кейбір мәліметтерді жазушы С. Бегалиннің Жамбыл Жабаев өмірі туралы қолжазба кітабынан да ұшыратамыз. 1955-1960 жылдары Сүйінбай шығармаларын жинау жұмысына араласып, сол кездегі көзі тірі ақындармен кездесіп және шығармалырының көзі табылды. Әсіресе, халық ақыны Әбдіғали Сариев табыс еткен Сүйінбай өлеңдері құнды боп шықты.

1974 жылы «Жазушы» баспасы «Ақиық» атты ақынның жаңа жинағын шығарды. Бұл жинақ 1990 жылы тағы басылды. Сүйінбай Аронұлының шығармаларының жаңа басылымы халық сақтаған қымбат мұраны бірқыдыру мол қамтып, ақынның алып бейнесін толық танытты.

Ақынның қолда бар шығармаларын түгелдей қарастырсақ, оларды негізгі үш салаға жатқызуға болады. Олар: толағаулар, арнаулар, айтыстар.

Бірінші саласына ақынның жиырма шақты толғау жырлары жатады. Оның мазмұны шет жұрттық басқыншыларға қарсы қол бастаған қазақ батырларының ерліктерін жырлау, өмір сырларын ақтарып, дүние-әлем, бақ-дәулет, талап-талғам, өзгерістерін толғау. Өмір – қоғам құрылыстарын байқаған, дүние, әлем, адам, оның орны туралы толғанысы терең:

Дүние – ескі сарай-ды,

Жолаушы жүрген азамат

Көркіне оның қарайды,

Сондағы тауарих

Көшіп өткен керуендей,

Аттандырған талайды.

Өмірінің орағы

Қуанба көріп жаңа айды.

Сүйінбай шығармаларының халықтық беті – айқын. Ол үстемдер тобын езілген қалың елге қарама – қарсы бейнелеп, кедей-кепшіктер мұңын жырлайды. Хан – сұлтан, төре датқалардың халың мұңымен санасуын керек етеді. Қара халықтың қаһарын, қалың көптің қайтпас жігерін жоғары бағалап, оларға қарсы тұрар еш күштің жоқ екенін көрсете алады.

Сүйінбайдың айтыстары мен арнау өлеңдерінде де сын, сықақ ретінде келетін мысқыл басым. Сұлтан – төрелерге, байларға арналған теңеулерді олардың зорлықшылдық кескінін дәл танытады. Ұрыларға да ақын өзіне лайықты теңеу табады. Төренің сөзіне еріп, соларға қолшоқпар болып келген бұзықтар тобының бірі сол ұрылар деп көрсетеді.

Ақын ұрлық пен пара төрелердің кәсібі болып алды бұл ұнамсыз іс, озбырлық қылықтарың үшін құдай алдында күнәға ұшырайсыңдар деп төрелерді дін жолымен қорқытпақ болды. Құдайдан қорық, адамшылдыққа кел, мейірімді бол, әділ іс қыл деп оларды ақылға шақырады.

Ақ шалмалы қожаны пірім дейсің,

Тезек, Тезек дегенге дүрілдейсің.

Пара жесең, ауыз – аузыңа ілінбейсң.

Жылкелді депБапандай ұрың келсе,

Дінің қабыл болғандай күлімдейсің.

Жал мен жая ұрлықтан шайнайсың да,

Ақыретте доңыздың басын жейсің.

Сүйінбай шығармаларының көпшілігінә тән қасиет – сынсықақ, ащы сарказм. Бұл сарын ақынның барлық шығармасының негізгі өзегі дерлік. Сөйтіп Сүйінбай да Махамбет сияқты хандар мен төрелердің халықтың хас жауы екенін ашық айта алды.

Елдің билігін халықтың тағдырына басы ауыратын адал ұлы, өзінің жеке озықтығымен көзге түсіп, сенім ақтаған ардагер азаматы ғана басқаруы абзал деп, бұрынғы тұқым қуған ел билеудің ескі дәстүріне қарсы шығады.

Сүйінбай өлеңдері – көркем тілге бай. Ол – халық поэзиясы үлгісінде сөз кестесін төккен өнер иесі. Неше алуан поэтикалық тіл, көркем айқындауыштарды таба да, орынды қолдана да білген. Ақынға тілмарлық, тіл ұстарту, айқын балама, салыстыру, теңеу, эпиттер өзінің саналылығымен де, өткірлігімен де көз тартады, таңдай қақтырады.

Иә, жастардан құйылған селдей жыр нөсері ақын айтысының әр тұсында кезігіп қалады. Ол өзіне қарсы ақынға аспаннан шүйілген қыранша төніп, бас көтертпейді.

Кең жаратқан елімді

Кесегінен кертейін.

Аспанға шығып шарықтап,

Қанатымды сермейін,

Жанып тұрған жалынмен,

Сүйегіңді ертейін ...

Төніп тұрған көк алмас

Төбеңді тесіп өтейін ...

Ақын шабыты – шалқар. Тауып айтқан тұспалдары әр кез адамдарына нұсқа болып қала береді. Ақын дәл баламасын тауып, салмақтап, салыстырмай, сөз сөйлемейтін сияқты. Әр сөзінің көркемділігіне мән бере білген ақын өлеңдері – айқындауыштарға, теңеу, эпитет сияқты поэтикалық тілдерге бай. Ол бейнелі, образды сөздерге ерекше мән берген.

Дүлей мылқау сияқты

Қияс мінез тұйықсың, - деп Жұмықтың тоғышарлығына лайық балама қолданса, жібірлер мен тойымсыз адамдарды «Оппа балшық сықылды» деп жерлейді. Өзіндік теңеу тауып суреттейді. Ал жағымды мінез үшін әсіреулерін аямайды. «саурық батыр асқар таудай емес пе?» - деп, Саурықты аспанға алып ұшады, - асқар тауға балайды. Басқа да жағымды кейіпкерлерді бейнелеуде сөз майын тамызып, оларға лайық тамаша теңеулер қолданады:

Қыранның қырдан байқар баласындай,

Миуалы алма - өріктің ағашындай.

Сүйінбай жырларының халықтық негіздерін біз жоғарыда ескерткенбіз. Асылы, ақын қолданған көркем тілді халық поэзиясынан бөліп қарай мүмкін емес. Оның әрбір сөз кестесі халық өнерімсен өрнектелген.

Жанбай қалған ағаштың шаласындай,

Сиырдың тентек болған танасындай ...

Жылқының қотыр болған баласындай.

Немесе:

Жақсы адам елдң ерке серкесіндей,

Халқының қалың жүнді көрпесіндей ...

Жақсы болар баланың түсі жылы,

Орыстың күймей піскен бөлкесіндей

Жақсы адам көрінен жыл құсындай,

Беттескен екі таудың тұрғысындай ...

Жаман адам балтаның ұғысындай ...

Ақын басқа ақынды қайталамайды. Өз сөзін тауып айта лады. Өзіндік метафораларға да шебер екендігін ақын өлеңдерінен оқыған адам бірден байқайды. Халық үшін үлкен көлге, төрелерді сол көлдің бетіндегі болмашы көбікке салыстырулары немесе тойымсыз төрелердің жемсауы кең екенін түбі жоқ құдыққа, өздерін тоғайда жүрген қызыл көз қорқау қасқырға балаулары өте орынды. Бұл сияқты жолдардағы ақынның метафоралары - өзіне ғана тән және нысанасына дәл тиерлік, барынша шынайы образдар.

ІІ. Айтыстың дүлдүл ақыны – Сүйінбай

Сүйінбай – ұлы жүздің Шапырашты руы, Екей тайпасынан қазіргі Алмты облысы Жамбыл ауданы өңірінде дүниеге келіп, өмір сүрген аса жүйрік ақын.

Сүйінбайдың әкесі Арон адамы аз, тұрмысқа әлсіз саналатын Шапырашты руынан шыққан кедей шаруа болады. Сүйінбайдың өзі де жоқшылық мұқтажын көп көрген. Жасынан мал соңына ілесіп күн көрсе де, Сүйінбай табиғат берген дарын мен таланты арқасында жоқшылыққа мойымайды. Ол 14-15 жасында-ақ өлең айтып, ақындыққа бет алады. Сүйінбайға ақындық арғы атасы, әрі батыр, әрі ақын Күсептен тұқым қуалау жолымен дарыған болса керек. Күсеп арабша, парсыша хат таныған. Сондықтан араб фольклорының әділетті кейіпкері һарон Рашид есімін ол өзінің кіші ұлы Аронға берген сияқты. Сүйінбай ақындық өмірінің алғашқы кезінде ел ішіне кеңінен тараған эпикалық және тарихи жырларды көп жаттап топ алдында айту арқылы өзінің зердесін кеңейтіп, ашыла сөйлеуге машықтана түседі.

Сүйінбай маңдайына шаң тимеген айтыстың дүлдүл ақыны деп бағаланады. Ол көп ақынмен айтысады. Солардан халық зердесінде сақталғаны Қаңтарбай, Күнбала, Кескенкекіл, Тәтіқыз, Уазипа, Бақтыбай, Тезек төре, Қатаған секілді ақындармен айтысы екен. Ал Сүйінбай қой соңында жүргенде ең алғаш «Төбет пен қасқырдың», «Сүйінбай мен қарғаның айтысы» деген екі мысал айтысты шығарады. Бұл айтыстарда төбет шопанмен бірге қой күзетіп, оны сырт жаудан сақтаушы бейне ретінде, ал қасқыр «қырда қоянды, жазықта малды жейтін» қанқұмар бұзық бейнесінде сипатталады.

«Дұшпанға қасқыр сынды жолдас болма,

Әрқашан өзгерпейді дос - достығын», - деп бойыңды дұшпаннан аулақ ұстап, шын досты таба біл деп салиқалы кеңес айтады. Ал қарға айтыстың басында үсті басы маса мен шыбын – шіркей талап жүрген қозы баққан жалаңаш баланы аяп, оларды қырмақ болады. Бірақ қарғаларда да бүтіндік жоқ. Олар өзара «Жау қарға, қара қарға, құзғын қарға» болып үшке бөлінеді, ьұл ағайынды үш мықтыда бірлік жоқ, бірімен бірі қағысады, соның ең кесірі осы қарға сияқты сорлыға тиеді деп мысал етіп мысқылдайды. Сүйінбайдың осы қарғаларды үшке бөлуі қазақтардың үш жүзге бөлініп, бір – бірімен қырқысатынына сын ретінде айтылған сияқты. Ақынның түпкі идясы ел бірлігі, тыныштық екенін танимыз.

Сүйінбайдың Тезек төремен қағысуы айтыс түрінде де жеке арнау өлең бойынша да халыққа тарайды.

Тезек Абылай ханның 30 ұлының Оңтүстікті билеуге жіберген алты баласының бірі Әділдің Нұралы деген баласынан туып, 1847-1867 жылдары арасында сұлтан болады. Ол Алматы, Бішкек, Тоқмақ қалаларын бағындыруда орыс әскери күшіне көмектеседі. Содан полковникке шейін атақ алып, медельдармен марапатталады. Елді аяусыз қанайды, ұры ұстайды, сауда керуендерін тонайды. Осындай жағымсыз әрі қатал төреден тайынбай Сүйінбай оның бар сұрқия қылығын әшкерелейді.

Бірде Сүйінбай Тезектің үйіне келсе, іште төре Жылкөнді, Бапау деген екі ұрысына барған жолдан қашып, құр келдің, барлық қазақ 30 үйлі төренің жемі ғой. Қазақтарды есіртіп жіберсең, төрені аяқ асты қылғалы жүр деп өлеңмен ұрсып отырғанын сырттан Сүйінбай естіп қалып, ішке келгенде Тезектің ұры екендігін бетіне басады. «Албан, Дулат, Шапырашты қаллың ел көлдей толқып, бетіндегі сеңдей көбікті басып кетеді» деп, сес білдіре қалады. Тезек Сүйінбайдың өткірлігін, шындықты батыл айтатынын танып, оны өзіне қаратқысы келеді. Сөйтіп үстіндегі шапанын ұсынады. Сүйінбай шапанға сатылмайды. Енді Тезек Сүйінбайды әжуа, келекеге айналдырғысы келіп, оған союға қотыр қой, мінуіне әрі сары ат пен қара кері атты береді. Сүйінбай ол аттардың тегін ашып, алмайды.

Тезек қыздары мен кіші қатыны Дәнекерді мақта дегенде, Сүйінбай мен Шернияз сияқты, олардың сүдінін сипаттап береді. Әрі Дәнекерді бір кедейден тартып алған екінші әйел екенін де бетіне басады. Сонымсен Сүйінбай:

«Атың да, шапаның да бәрі өзіңе,

Келгенше екі айналып тұрғын аман» - деп Тезектің жаманшылық мінез-құлқын аяусыз әрі тайынбай сынап, оны жер етіп кетеді.

Бірде Сүйінбай шапырашты Дүйсен деген қартқа келсе, Тезек төре өз ұрыларына оның бір қысырағын айдатып әкеткен екен. Сүйінбай қуғыншы ретінде келіп Тезекке:

«Өнерің ұрлық, зорлықпен

Бұқараға сор болдың», - деп төрені кінәлай келіп:

Ақысы үшін нашардың

Тартып жүрме жазасын.

Мойныңа түскен ақыдан

Төрем қайтіп танасың, - деп бұлтартпастай өкім айтып, жылқыны иесіне қайтарады.

Айтысқа 18-19 жасында түскен кезде Сүйінбай бұл өнерді жете меңгере алмай, қарсы жақтан оздыр деп Әлі төреге жүгінеді. Сонда:

Ассалаумағалейкум, Әлі төрем,

Аузында бір тісі жоқ кәрі төрем.

Бір оздыр осы жолы Қаңтарбайдан,

Жарлығың жалпы топқа дәрі төрем - деп қолпаштай тұрып, оның қызыл иек кәрі екенін ыңғайсыз аузына алады. Дегенмен осы айтыстың төрелігін айтқан Атымқұл жеңісті Сүйінбайға береді. Ал Сүйінбай: «менің сөзімді бағалаған Атымқұлға байлағаным» - деп бәйгеге алған ақ ботаны оған тартады. Сүйінбайдың осы ісі де әлі өзіндік сынының қалыптаспағандығын көрсетеді. Сүйінбай Қаңтарбаймен келесі айтысында оған «Көп дулаттың байлығын бекер мақтағанша, өз тоныңның жыртығын жамасаңшы» десе, Сыпатай батырының Қоқан шапқынынан қашқан қорқақтығын әшкерелейді. Сөйтіп, өзі Қарасай ұранды Шапыраштының елдігін, Сұраншы батырлардың Албан, Дулатты шапқан қоқандықты жеңіп, қуғанын мадақтайды. Сол кезде Қаңтарбай жеңілгенін мойындайды.

а)Сүйінбай мен қырғыз ақыны Қатағанның айтысы

Жалайыр елінде Бақтыбай деген халық қамын ойлаған ақын болады. Сүйінбай бір ұлан – асыр жиында өзіне өлеңмен сәлем беріп ізет көрсеткен Бақтыбайға кездеседі. Екеуінің көңіл көкжиегі астарлас келеді. Сондықтан Бақтабай Сүйінбайды сонша сыйлап, асқақ ақындығын бағалап, онымен айтыспайды. Осы екі ақын туралы Ш. Уәлиханов былай депті: «Мен Ұлы жүзде халықтың құрметіне бөленген екі ақынды білемін. Жиын – тойларда көп блатын олар көрінген қазақты мақтай бермейді. Халыққа қадірлі таңдамаларын ғана мақтайды. Ешкімге де құлдық ұрмайды. Қалтаның да қамын ойламайды. Жиындардағы айтыстарында ақындығымен, тапқырлығымен көзге түседі де, халықтың махаббатына бөленеді». Осы кездесуде Бақтыбай Сүйінбайды ардақ тұтып, оған тәнтілік сырын шертеді:

Салысып бай мен бекті мақтағаннан,

Айтысқан екі ақынға өнгені не?

Ел қамын, ердің қамын ойлайтұғын,

Бұл сөзім үлгі болысн зерделіге.

Шындығы Лұқпанша бір жасады,

Өзіңдей әз ағаны көргеніме – десе, Сүйінбай Бақтыбайды өзімен жаратылыс заты бір, толғанар мұңы бірн ақын деп қошеметтейді.

Албан, Суан, Дулат пен

Шапырашты, Жаныштар

Ақын дейді мені де.

Кем демейді Жалайыр

Бақтыбай ақын сені де...

Көн тартылса барады,

Қалыбына баяғы.

Әр нәрсенің заты бар,

Тартпай қоймас тегіне – деп Бақтыбай да өзі сияқты кедей жұртының ақыны екенін тұспалдап бағалайды. «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп М. Әуезов ардақтаған Сүйінбай халық қамын ойлаған демократ, шыншыл әрі сыршыл ақын блып танылады. Сондықтан Жамбылмен айтысқан байшыл ақын Құлмамбет «Болмаса аты шыққан Сүйінбайдың, басқаны қою керек жылы жауып» деп, Сүйінбайдан сескенетінін де сездіреді. Ал Жамбыл ақын болса:

Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай.

Сырлы, сұлу сөздері

Маған тартқан сыйындай – деп өзінің қадірменді ұстазын шәкірттік пейілмен мақтан етеді. Сүйінбай көп жерді аралаған, өмірді көп көрген парасатты ақын, Бақтыбаймен сырласуында:

Баспаған тағы жерім жоқ,

Мен бармаған елім жоқ.

Қазақ пенен қырғыздың

Бәрінің дәмін таттым-ай – деген.

Сүйінбайдың қырғыздың арқалы ақыны Қатағанмен айтысы – исі қазақтың мәртебесін көтерген шын мәніндегі патриоттық сезімінен туған шығарма. Бұл айтыс 1852 жылы қырғыздың Алыбай деген манабына берілген аста өтеді. Айтысар алдында Сүйібай «Екі елдің әруағын жарысқа сап, түспесін ортасына шңырақтары» деп ескерту жасайды. Себебі Кенесарыға байланысты оқиғаның болып өткеніне небары төрт – бес жыл өткен еді. Қатаған қырғыз елін көп деп мақтағанынан ұсталады. Есесіне Сүйінбай қазақтың үш жүзге бөлінетін бүкіл елін, оның ерлігін, байлығын мадақтап мақтан етеді. Ал қатаған мақтаған қара Бәйетіктің патшадан алған медалін Сүйінбай түкке тұрғысыз етеді.

Бәйтіктің шенін қоймады,

Несін мақтан етесің.

Аңға шыққан тазыға

Оған да қарғы байлайды

- дейді.

Сүйінбай тоқтағанда батыр Жантай: «Сүйінбай, ботам, сен жеңдің. Қатаған көппін деп мақтанды. Аттың жүгіндей қазақтан қырғыз қашан көп болып еді. Бірақ қазақ – алауыз ел, күншіл халық. Әттең, сен соны айтпадың, Қатаған» - деп ашуланады.

Елдің айтысын басқарып отырған төрағасы Қара Бәйтік «Қандай жүлде таңдайсың» дейді. Көп сый тартады. Оның ең бастысы – «Ыстықкөлдің ақ көбігінен жаратылған асқан сұлу Мейіз атты қыз» екен. Сол шоң манат Бәйтік алғаш көргенде «Мына бадана көз сұлу жігіт Сүйінбай ақын» емес пе деп сұраған екен. Сонысына қарай оған сыйлаған Мейіз қыз да сұлу болуға тиіс қой.

Кейбір материалда Сүйінбай елге қайтып біраз жүрген соң Мейізге рұқсат беріп, қырғыз елінде туған қарындасымдай бол деп, маңдайынан бір сүйіп, қызды ауылына қарай шығарып салған делінеді.

Айтыс саласында Сүйінбай халық атынан сөйлеген, ел-жұрттың қамын жеп, оның бірлігін, елдігін, ел қорғаған ерлерін елжірей толғаған ақын, сондықтан да ол көбіне жеңіске жетіп отырады.

Сүйінбай ел ішіндегі кедлеңсіз жайларды сынап, сықақ етеді. Әсіресе төре, сұлтан, би-болыстарды аяусыз мінеп, олардың мінез-құлқын, жағымсыз қылықтарын әшкерелейді. Сондай ретте арнау өлеңдер тудырады. Мысалы, «Тезекке тепсіну», «Төрелерге», «Болыстарға баға», «Батырбек датқа айтқаны», «Үмбетәліге» деген арнауларында аталған дәрежелі адамдардың адамгершілік сипаты кеміс екенін батыл да батыр сүреттейді. Ал, «Сұраншыға» деген өлеңінде үш жүз жылқысы бар Итен байдың аяқ – лау етуге бір тайдың майын бермеген сараңдығын айтып шағынады.

Түспей не қып тұр екен жер мен аспан,

Бос отырып кедейлер өле ме аштан?

Жылап жүрген нашарға көз салмайды,

Байдан бейіл, батырдан рахым қашқан – дегеніне қарағанда, жалпы ел ішінде қайырымсыздық сияқты қолайсыз әдеттің орын алғанын сынайды.

Сүйінбай өмірі туралы, жақсы мен жаман адамның қасиеттерін салыстырып, шебер, ұлағатты пікір толғайды. Ақын ұзақ жасап, құзырға шалдыққан кезінде туысы Жұмық дегенге хат білетін төрт кісі әкеліп, менің өлеңдерімді жаздырып ал, сөзім қалсын депті.

Ал Жұмық ақылсыздық жасап, Сүйінбайдың тілегін орындамайды. Сонда ақын «Жұмыққа» деген арнауын толғайды.


Қорытынды

Сүйінбай – сыншыл, мін таққыш өткір тілді өжет ақын. Оның шығармалары сатираның тамаша үлгісін таныта алады. Ащы мысқылы салмақты сарказммен ұласады. Сүйінбайдың поэтикалық тілге, шешендік өнерге жетіктігі, өткір кекесін сынға да лайық тіл тапқырлығы тамаша. Ол осылайша, халқына адал қызмет етіп өткен азамат ақын болды. Ел – жұрты үшін бар күш – қуатын жұмсады. Өзі сүйген халқымен оның пікірлері әр тұста да үндесіп, табысып жатты.

Кезінде Жамбылға ұстаз болған Сүйінбай ақындығы - өз бедері, өз сипатымен оқшау тұрған мәнді шығарма. Ол біз үшін алатаудай асқақ, сарқырама өзендей екпінді, нәрлі, саялы салқын, жанға жайлы, мәнді рухани азық.

Сүйінбай өлеңдері - өзінің формасы жағынан халық поэзиясы үлгісіндегі шығармалар, қазақтың қара өлеі мен жыр толғаулары. Ақын шығармалары ырғақты ұйқастармен жатық шығады. Оған, көбінесе, ерікті ұйқас үлгісі тән. Халық поэзиясына тән қатар ұйқас, шұбыртпалы, қаусырмалы ұйқастарды да қолданады. Кейде ішкі ұйқас та кездесіп қалады:

Тезек – ау, мынау атың сары ат екен?...

...Ойпыр-ау, мына қойың мерген қой ма? – деп сырттай мүсіркей сөйлеудің астарында ащы күлкі, келеке тұрғанын көру қиын емес. Ақын тілі қылыш жүзіндей өткір, тиген жерін тіліп түсерлік.

Сүйінбай өлең техникасына жетік, саңлақ ақын. Оның шығармалары әдебиетіміздің төрінен орын алады. Өлеңдерінің көп жолдарында қатар бір жолдың бастап, анафора, эпифора, аллитерация үлгілерін шебер пайдаланады. Ал бұл сияқты қасиет профессионал жазушыларға тән құбылыс екені мәлім.

Әсіресе, көп қайталанатын дыбыстар мен ырғақты сөз әдемі, келісімді үйлесімдік береді. Кей ретте аллитерация мен ассонанс астасып, қабат қолданылып, өлеңді көркейтеді.

Сүйінбай – ақындық өнерінің қадір – қасиетін таныған, оның мәні мен мақсатын терең түсінген саналы өнерпаз. Ақындық туралы түсініктері озық. Ол: «Өмірде құны өзгермес, бағасы құнды асыл сөз» деп босқа айтпаса керек. Өзінің бойындағы ақындық шабыт туралы да жоғары пікірлер қорытқан, табиғи және таза:

Жорға едім сартылдаған, самғайтұғын,

Бәйге аттай шу дегенде шалмайтұғын.

Жасымнан көп шабылған жүйрік едім,

Сұңқардай көкке өрлесе талмайтұғын.

Сүйінбай сөйлер сөзге тарылмаған.

Жалтылдап жанған оттай жалындаған.

Саңқылдап қалың қазақ арасында,

Еліріп өлең айтса арындаған.

Әр тұста арын таза ұстап, поэзия қадірін жоғары қоя білген кемеңгер ақынның:

Алпыс екі мақаммен сөз сөйлеген,

Халықтың ақыны мен арым таза,

- деуі де өте орынды.

Сүйінбай өзі туып - өскен еңбекші халық ортасында жасап, сол ортадан тәлім алып, жетілген өнер саңлағы, дәуір қайшылықтарын аша да жырлай білген шыншыл ақын. Оның шығармалары - өзінің өміршеңдігі, көркемдігімен құнды.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Әуезов М. Әдебиет туралы, - Алматы: Санат, 1997. 105-136 б.б.
2. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы: Санат, 1996. 319-340 б.б.
3. Жармұқамедұлы М. Айтыстың даму жолдары. Алматы: Ғылым. 1976.

4. Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. Алматы: Ғалым. 1973, 218 б.
5. Мұқанов С. Айтыстар туралы. Айтыс. 3-томдық. І том. – Алматы: Жазушы, 1964.
6. Ысмаилов Е. Жамбыл және халық ақындары. Алматы: Санат. 1996, 55-81б.б.
7. Дәуітов С. Сүйінбай Аронұлы. Кітапта: ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары. – Алматы: Ғылым, 1988, 310-316 б.б.






Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет