САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Қайдағы билет? Осы күні адам пойызға билет ала ма екен? Қане, көтеріс мынаны!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Билет болмаса алмаймыз дейді.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Неге алмайды? Бұл не, жекеменшігіне сатып алған әкесінің пойызы ма екен? Бұл үкіметтің пойызы!.. Халықтың пойызы!.. Жүр қане!..
Екеуі түйедей қапты дырылдата сүйреп, вагонның есігінің алдына барады.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Әй-әй, аш!.. Ашыңдар!
Есіктен Жолсерік келіншек шығады.
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Айқайламаңдар!.. Неге айқайлайсыңдар түн ішінде!
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Пойыздан қалып бара жатсақ неге айқайламаймыз? Жолда машинамыз бұзылып, әрең келе жатырмыз.
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Билет... Билеттеріңді көрсетіңдер!..
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Мынау не дейді-ей? Билеті бар адам өстіп түн ішінде қап арқалап жүре ме?
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Билет болмаса – кірмейсіңдер.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Ха!.. Кірмек түгілі тайраңдап тұрып кіреміз... Қайда әлгі жалпақ бас, қисық мұрын бастығың! Шақыр соны!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Ол кісі демалып жатыр!
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Білеміз ғой қалай демалып жатқанын!.. Сен сияқты бір тұштақай прәбәдниктің қойнында жатқан шығар тырайып! Былай тұр жолдан! Адамның құнын сұрамайтын шығарсың, береміз қанша болса да!..
Үшеуі де кіріп кетеді.
Үшінші көрініс
Сахнаға Мэлис Әлібаевич бастаған топ қайта шығады. Рестораннан шыққан беттері. Сондықтан бұрынғыдан да қызу, бұрынғыдан да көңілді. Көркемөнерпаздар тобы бұрынғыдан да бетер қызу әндетіп келеді.
Қонақжай қазақ жасасын!
Кеңпейіл қазақ жасасын!
Арақ бергендер жасасын!
Шарап құйғандар жасасын!
Дастархандар да жасасын!
Ресторандар да жасасын!
Үйге шақырғандар да жасасын!
Банкет бергендер де жасасын!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ай, біздің қазақ деген... қазақтар деген ғажап қой! Қазақтың дастарханы... Қонақжайлылығы...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Заман қанша қиындағанмен қазақтың пейілі, дастарханы тарылған жоқ!.. Сол баяғыдай...
Достарыңызбен бөлісу: |