ҚОШҚАРБАЙ. Дұрыс айтасыз! Баяғы коммунизмдегідей!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ай, Қошқарбай, сен де өзі шынымен азамат екенсің! /қалтасынан конверт шығарып/. Әсіресе, мынау конвертің жақсы екен! Жалтырап тұр!... Қалыңдығы да біраз бар ма деймін...
ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, шамамыз жеткенше... Қазақтың жолы деп...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қазақтың жолы болған соң ғой... Не, әйтпесе біз сендерге конверт жинайын деп келді дейсіңдер ме?
ҚОШҚАРБАЙ. Мәке! Мэлис Әлібаевич, о не дегеніңіз, құдай сақтасын!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Қазақтың азаматтары қандай? Шетінен ер ғой!.. Данышпан, көреген ғой!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Оның ішінде мына Мәкең!.. Мэлис Әлібаевич... Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы!.. Бақ қонған, қыдыр дарыған!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Мынау, Асай Мүсеевич... қазіргі заманның Асан қайғысы... Бұқар жырауы!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Сонда да көре алмайды кейбіреулір!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, солай!.. Ана жолы депутаттыққа өткізбей тастады, әтеңе нәлеттер!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мені де... мені де... Академиктікке енді өтейін деп тұрған кезімде... Айтыңызшы, менен басқа кімі бар сонда?
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Сізге обал жасады. Бұл Академия деген... кілең бір қатып қалған... ескі... Президентінен бастап бәрін құрту керек.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Әп, бәрекелді! Өте дұрыс айтасыз! Бәрін құрту керек! Айтпақшы дейім, Мәлис Әлібаевич, сіз алдағы сайлауда президенттікке өз кандидатураңызды ұсынуыңыз керек!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жо-жоқ, оған әлі ертелеу!.. Ертелеу!.. ең алдымен /даусын ақырын шығарып/. Сізден несін жасырайын, осы жақында министр болатындай мүмкіндігім болып тұр!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Дұрыс. Өте дұрыс!.. Ай, қанша айтқанмен біздің бастықтар кадр таңдай біледі. /Қошқарбайға/. Әй, Қошқарбай, айтшы, Мэлис Әлібаевичтен артық министр болатындай кім бар?
ҚОШҚАРБАЙ. Министр дейсіз бе? Қайдағы министр? Бұл кісі деген...бұл кісі деген... Мынау министріңіз не айтып тұрған? Одан да үлкен!.. Одан да жоғары!
Достарыңызбен бөлісу: |