ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /жолаушылар естісін деп/. Сұмдық-ай.. Ой, сұмдық-ай! /Пойыздың бастығына/. Құдай ақы деп айтайын, тап осыңыз өтірік!
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Жолсерік келіншекке/. Жолаушыларды осылай қорқытып қою керек. /жолаушылар естісін деп/. Ал сосын әне бір мәселе қалай?
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /жұрт естісін деп/. Ол мәселе де тамаша... /жолаушылар естісін деп/. Взнос па? Қазір берейін!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /жұрт естісін деп/. Жақсы!.. Өте жақсы!.. /Жолсерік келіншекке/. Қазір бізге барған соң бересің...
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Айтпақшы, осында сізді жаңа бір кісі сұрап жатыр еді. Танысыңыз ғой деймін!
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Кім?
Осы сәтте қатардағы купеден Саудагер әйел шыға келеді. Билетсіз жолаушыны қолынан жетектеп алған.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Мен ғой... Біз іздеген... /Билетсіз жолаушыны қолынан тартып қойып/. Жүрсейші былай!.. /Пойыздың бастығына/ Үйбай, інім-ау, бала-шаға аман ба? Келіннің жағдайы қалай?
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /танымағанын жасыруға тырысып/. Иә-иә, аман!.. Бәрі жақсы!
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Апамның ше?! Көкемнің... Бәрінің дендері сау ма?! Қуатты отыр ма?!
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, қуатты... аздап ауырады... Үлкен кісілер ғой...
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Ай, ол кісілердің сүйегі асыл ғой... Жақында әдейі барып, сәлем беріп қайтам... Анда-санда барып тұрмасаң ұрсады олар!.. Ренжиді... /Билетсіз жолаушыны көрсетіп/. Айтпақшы, мына кісіні танымайтын шығарсың... Бұл кісі құдамыздың құдасы... Оқудағы баласына барып...
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Иә, балама барып... Мұғалімдері соғым сұратқан екен... Содан билет ала алмай...
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Сөйтіп тұрғанда мына сіңілім кездесіп... /Жолсерік келіншекті көрсетіп/. Өзі сондай бір кішіпейіл... ілтипатты, тәрбиелі бала екен...
Достарыңызбен бөлісу: |