Сұлтанова Бибігүл Мыңбайқызы Бейсеева Нұргүл Әбдіқадырқызы Тойғанбекова Майра Шоданқызы ХХ ғасыр басындағЫ Қазақ Әдебиеті


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар



бет11/21
Дата29.01.2023
өлшемі0,92 Mb.
#166695
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21
Байланысты:
қазақ әдебиеті тарихы

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар:



  1. 20-жылдар поэзиясындағы фольклорлық дәстүрлер ерекшелігі

  2. 20-жылдар ақын-жазушыларының дәстүрлі бесік жырын жаңаша мазмұнда жырлауы

  3. Халықтық балалар фольклорының төрт түлік жырлары

  4. Балалар поэзиясындағы фольклорлық бата-тілек үлгісіндегі лирикалық өлеңдер

  5. Диалогқа құрылған сқрамақ, сұрақ-жауап түріндегі өлеңдер

  6. Санамақ, қаламақ сияқты ойын өлең түрлері.



1.5. Балаларға арналған ертегі-поэмалар

Бұл кезең ақын-жазушылары балаларға арнап тек өлеңдер ғана жазып қойған жоқ, сондай-ақ өлеңмен ертегі, поэма да жазды.


М.Жұмабаев поэмаларының да бірнешеуі балаларға арнап жазылды. Мәскеуде жүріп жазған «Шын ертек» («Жүсіп хан»), «Өтірік ертек» деген екі поэма-ертегісі балаларға арналды. Бала өмірі үшін ертегінің маңызы ерекше екенін ескере отырып ол: «Балалар ертегіні жан-тәнімен тыңдайды Ертегіге шын көңілмен нанады. Бала құрғақ ақылды ұқпайды, жандандырып, суреттеп айтып келсең ұғады. Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтқанмен бірдей.
Егер сен балаға өтірікші туралы айтсаң, сол ертегіде өтірікшінің өтірігі үшін қор болғанын, зиян көргенін суреттеп алып келсең, міне, бала өтірік айтпауы керек екенін сонда ұғады» [62,149 б.], - дейді бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген педагог-ақын.
1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 30 қазан, 2 қараша күнгі сапарында «Шын ертек» (Түп-төркіні Иран елінің ертегісі) деген атпен, кейін Мәскеу қаласындағы Кеңес одағы елдерінің кіндік баспасынан «Жүсіп хан» деген атпен 1928 жылы жеке кітап болып поэма-ертегісі жарық көрді. Поэма Әзірбайжан реалистік әдебиетінің негізін қалаушы Ф.Ахундовтың (1812-1878) «Обманутые звезды» (Алданған жұлдыздар) повесінің негізінде жазылған [59,199 б.].
Ертегі-поэма балалардың оқып, жаттауына оңай, санасына жеңіл ұғылатындай ойнақы ұйқаспен келеді. Оқиғаға бірден еліттіріп, балаларды тез тартып әкету үшін ақын көркемдік әдістерді барынша қызықты етіп қолданады.
«Бар екен де жоқ екен
Аш екен де тоқ екен» деген ертеден келе жатқан ертектің «құлақ күйлерін» қолданып, фольклорлық машықпен ертектің басталуын жалт-жұлт ойната келіп:

Ал тамақты қыралық,


Бөрікті жерге ұралық.
Кіріселік кеңеске.
Кеңес мынау ұнаса:
Жер жүзінде тамаша
Талай жер бар емес пе? –

деп балаларды ертегі тыңдауға үйіріп ала қояды. Ары қарай ақын өлеңмен әйгілі Иран бағының тамаша сұлу суретін салып, Иран бағының картасын алдымызға жайып салады. Алуан түрлі жемісті бақты бірге аралағандай боламыз.


Иран жері, не керек


Жеміс, бұлбұл, гүл жібек,
Төрт түлігі сай бопты.
Сай болғанмен мәлім ғой,
Елінің дені қу кедей,
Бір уыс-ақ бай бопты [58,256 б.].
Ақын жемісі мол, бұлбұлы сайраған, гүл жібек жерден, патшаның байлығынан не пайда, халқы кедей болса дегенді балаларға түсіндіргісі келеді. «Баяғыда бай бопты, төрт түлігі сай бопты» деп басталатын ертектің құлақ күйін де шебер пайдаланған. [56,230 б.].
Төрт түлігі сай Аббас ханға бір күні балшыларының бірі келіп, «енді он күнде осы тақта отырып өлесің» дегенді айтады. Амалы құрыған хан он күнге астындағы тағын уәзірлерінің біріне қалдырмақ болады. Олардың барлығы да түрлі себептермен бас тартады. Он күн тақта отыру үшін кім жанын қия қойсын. Сонда уәзірлері базарда зарлап байлар мен хандарды сыбап отыратын қу кедей Жүсіпті сайлауды ұсынады. Таққа отырған Жүсіп хан бір күн де болса әділдік орнасын, халықты қан қақсатқан залымдар жазасын алсын деп бай-манаптарға қырғидай тиеді.

Жарлықты Жүкең жаудырады,


Уәзірді жер аударды.
Қазының басын алдырды.
Машайығын, молдасын
Қойқаңдаған қолбасын
Абақтыға салдырды[58, 265 б.].

Ертедегі оқиға әрі қарай Жүсіп ханның басы кесілумен аяқталады. Жұлдызшының айтуы бойынша, оныншы күн таңында Жүсіп хан өлтіріледі. Сөйтіп, тоғышар, озбыр, арамтамақ Аббас хан аман қалып, кедейдің қамын ойлаған Жүсіп хан өледі.


Поэмада қазақ ертегілерінде кездесетін қарама-қарсылық бар. Ақылды Жүсіп хан мен ақымақ Аббас хан, шындық пен жалғандық, жақсылық пен жамандық, трагедия мен комедия қатар суреттеледі. Осылар арқылы балаларды жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге үндейді. Хан мен ханның төңірегіндегілердің ақымақтығын күлкі етіп сынайды. Мәселен, уәзірдің жағымпаз, аяр, бейшара кейпін былай күлкі етеді:

Жүзіне қуаң өң кіріп,


Көзді тоқсан төңкеріп,
Қолды жайып жіберіп,
Бейне маймыл майпаңдап,
Біресе, бейне жайнаңдап,
Біресе бейне түнеріп. [58, 260 б.].

Жұлдыздарды адастырып, алдап соғу үшін балшының он күн қатерлі осы уақытқа басқа бір адамды таққа отырғызып, хан ете тұрайық деген ұсынысынан кейінгі Аббас ханның бейнесін былай ажуалайды:


Хан қуанып қопаңдап,


Қоразданып, қоқаңдап.
Жалт қарады уәзірге:
«Қанатым сен, құйрығым,
Жұрт билеуге жүйрігім,
Сен хандық құр әзірге [58, 260 б.].

Уәзір хандыққа қазыны, қазы қолбасыны, қолбасы жендетті «лайық деп танып», бірі-біріне сілтей, бірін-бірі мақтағансып, көтермелегенсіп, кекете отырып, тақтан бас тартқан іс-әрекеттерін ақын өткір сынайды. Сұрқиялықты, аярлықты, жағымпаздықты шенеудегі Мағжанның сөзбен сурет салған тапқырлығын көреміз. «Ақын алдына қойған мақсатына жетуде балалардың санасына жақын ауыз әдебиетіндегі ертегі жанрын пайдаланған. Әрі төл әдебиетімізде сатиралық әдеби ертегі жанрын қалыптастыруды мақсат еткен» [59, 207б.].


Мағжанның балаларға арналған «Өтірік ертек» поэма-ертегісі «Жаңа мектеп» журналының 1926 жылғы алтыншы санында жарияланды. Бұл ертек сұлу суретші Арлаудың «Мысық, тышқан» деген он төрт суреті бойынша жазылған. (М.Жұмабаевтың ескертпесі) [58, 268 б.]. Қай халықтың болсын құнды қазынасын шығармашылық шеберлікпен игеріп, төл әдебиетінің туындысына айналдыруы – ертеден-ақ бар дәстүр. Осы дәстүрді Мағжан өз шығармасына асқан шеберлікпен пайдалана білді.
Ақынның алдыңғы ертегісі сияқты бұл ертектің де басталуы фольклорлық дайын үлгіні қолдануымен ерекшеленеді. Балаларды бірден «Бір дегенім – білеу ғой» деп басталатын санамақ-жұмбаққа көңіл аудартып, ары қарай «ерте, ерте, ерте екен, ешкі жүні бөрте екен» деген ертегінің құлақ күйін қолданып, балалардың әлі таныс емес ертегіге деген қызығушылығын оятып, бала атаулыны маңына жинап алып қояды. Аса қызғылықты оқылатын «Ертегі» поэмасының («Өтірік ертек») негізгі төркіні – мысыққа қарсы тышқандар көтерілісі. Қаналушы таптың үстем тапқа қарсылығын көрсететін бұл шығарманың негізгі ойы – балалардың таптық сезімін ояту. «М.Жұмабаев творчествосын тұтас алғанда, қанаушы деген бұрын аузына түспейтін сөзді қосуы жазушы үшін үлкен жетістік еді. Ал сол қанаушыны қалың қаналушы елге жеңгізсе, бұл Мағжанның жаңа тұрпатты суреткер дәрежесіне көтеріле бастағанын көрсететін бұлжымас айғақ.» [67, 29 б.].
Күн шұғылалы, бау-бақшалы Шираз қаласында өткен бұл оқиға жүзім шарабына тойып алып, масайып қалған тышқанның мысықты балағаттап, тілеуінен басталды.

Татқан сайын тәтті су,


Тәтті суы – тәтті у.
Жылти көзі жайнады.
Күш қосылды күшіне,
Мысық түсті есіне,
Тышқан тілді шайнады.

«Ай, дүние, жалған-ай»,


Іште кетті арман-ай,
Не көрмедік мысықтан?!

...Мынау батыр жүрекпен,


Мынау батыр білекпен,
Алып ұрып, байлар ем!
Танытар ем әкесін,
Шағар едім шекесін!
Қос құлағын шайнар ем!» [58,271 б.].

Мұны естіп, ашу қысқан мысық тықшан сорлының кешірім сұрағанына қарамай жеп қояды.


Тікен мұрты тікиді,


Шегір көзі шікиді,
Бір «ап» деді, жеп қойды,
Сілекей шұбырды ұртынан,
Бір мырс етті мұртынан,
«Құтырған құл!...» деп қойды.

Оқиға ары қарай басына сәлде салып, қолына тасбиық ұстап, мешітке барып, жаратқаннан «кешірім сұраған» зымиян мысықтың сұм тірлігі, оның өтірігіне сеніп қалып, қапыда мысыққа жем болған тышқандардың бейшара күйі суреттеледі.


Соныменен сөз қысқа,


Опыр-топыр топ тышқан,
Ию-қию тойда отыр.
Жалғыз-ақ бір қария,
Өзінше ойы – дария,
Тойда отырып ойда отыр.

Қария айтты: «Әлеумет»,


Құтты болсын қаниет!»
(Күңгірт көзін көтерді).
«Сонікі сұмдық болмасын!...
Сол сұм алдап ұрмасын!...
Малданбалық бекер-ді».
Арақ ішкен өңшең мас,
Есі шала өңшең жас,
Дүрсе қоя берісті:
«Көр көрінед көзіңе,
Өз ақылың өзіңе!
Сен бүй деме игі істе» [58, 276 б.].
Шығармадан ақсақалды қартын сыйламаған ел жазаға, абыройсыздыққа ұшырайды деген пәлсапалық ой аңғарылады. Арақтың кесірі, аңқаулықтың, сенгіштіктің соңы неге апарып соғарын меңзейді. Шығарма тышқандардың мысықты жеңуімен аяқталады. «Құдайдың бүйрығы сол, тышқан – мысықтың азығы, олар қалайша жеңеді?!» - деп астамшылық ойлаған мысықтың аяғы аспаннан келеді.

Өңшең шірік, пасықтар!


Ажалына асықтар,
Көрді көрмей қазулы!...
Олар – менің азығым,
Бұл – құдайдың жазуы,
Өзгертпек пе жазуды?! [58, 283б.].

Азалы, ызалы ел – тышқандар жеті қараңғы түнде жиналып, мысыққа қарсы қайта көтеріліс бастайды. «Шөппен болса да» мысықты ұстап байлайды, халыққа тізесін батырған жауыз ханын қоса тұтқындайды.


Соныменен хан, мысық,


Кетті қаңғып, хан құсып,
Қуанышта қалың жұрт.
Деп: «Бұғаудан босандық!
«Жасасын, - деп, - бостандық!»
Қол соғылды шарт та шұрт [58, 286 б.].

«Құдайдың жазуы солай дейтін фаталистік идея өмірде өзгермейтін еш нәрсе жоқ дейтін ақиқатқа қарсы дәлді мысал бола алмайды» [67, 28 б.].


«Әлсізге күштіні жендіру – фольклор эстетикасына тәң құбылыс. Бұндай ертегілердің балаларға берер ләззаты мол. Ертегіде сомдалған кейіпкерлер жас өспірімдердің ой санасында ұмытылмайтындай ұялайды, ондағы жануарлар нағыз досатарындай қабылданады, балғындар жануарлар әлеміне енгендей күй кешеді» [22,90б.].
Балалардың тәрбиешісі жастар жанашыры Ж.Аймауытов балаларға арнап бірнеше ертегі-поэма жазды. Олар: «Көк өгіз», «Шал мен кемпір», «Үш қыз» прозалық ертегі болса, «Нұр күйі», «Жаман тымақ» поэзиялық туынды. Бұлардың бәрі де суретті жеке кітапша болып басылып шыққан. Осылардың ішінен біздің алып қарастыратынымыз өлеңмен жазылған поэма-ертегілері: «Жаман тымақ», «Нұр күйі».
«Нұр күйі» поэмасы 1929 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып басылған. Поэма оқиғасы ананың жаңа туған бөбегін айналып-толғанған жырымен басталады.
Күнім! Айым!
Өкпе жайым
Қанша әлпештегенімен, емірегенімен, әлдилегенімен нәресте бедірейіп сұлқ жатады, бір сәт жадырамайды. Ақыры баласының соқыр боп туғанын білген ана байғұс жүрегі өртеніп, қайғыға салынады. Алайда бала өсе келе өте зерек, өнерпаз болып өседі. «Бармағы алтын күйші, жағы талмас жыршы» болады. Өнерге ғашық Едіге «Бәлен жерде қоңыр қазды жерге қондырған, құланды үстіне төндірген шебер күйші бар» дегенді естіп, тынышы кетеді. Болмаған соң қасына жолдас ертіп сол күйшіні іздеп жолға шығады. Сол сапарда қаншама қиындыққа кезіккенімен, сәті түсіп орыс дәрігерлерінің көмегімен көзі жазылып, дүниенің жарық нұрына кенеледі. Ғажайып сезіммен, адам тілмен айтып жеткізе алмас қуанышын күймен жеткізеді. Шаттық жырын, жарық нұрдың күйін тартады.
Поэма жастарды қандай қиыншылыққа кезікседе де, мойымауға, қиындықпен күресе білуге шақырады. Оқу, өнер үйренуге, өмірді сүюге тәрбиелейді.
Поэма ақ өлең үлгісімен жазылған. Өлеңнің ырғағы еркін, әңгіме-кеңес, диалог көбірек қолданылады.
Ж.Аймауытовтың «Жаман тымақ» атты өлеңі 1928 жылы «Қазақ Мемлекеттік» баспасынан жарық көрген. Пікір жазған А.Байтасов, көркемдеген суретші Каменский.
Балаларға арналып жазылған бұл ертегілердің тілі жатық ой-жүйесі анық, оқиға-мазмұны қызықты. Балалардың қабылдауына түсінікті әрі қонымды.

Ертегіде бір кедей,


Қара қасқа қу кедей, қатыны бар қаншырдай.
Жауыр күрең – көлігі,
Жалғыз сиыр қорегі.
Келді бір күн ауылнай,
Үй жағатын дауылдай.
«Дереу алым тап!» - дейді.
«Күй мөшкенді сат!» - дейді.
Кедейге қамшы басады,
Сиырын айдай қашады [66, 98 б.].

Осы жағдайдан кейін әуре-сарсаң болатын жаман тымақты кедейдің көмек сұрап ауыл ақсақалына болмасқа, молдаға, начальникке баруы баяндалады. Көрген қиянатын әр қайсысына бір айтып, ешқайсысынан пана таппай жүргенде кедейдің өзі қашып құтылып, тымағы тұтылады. «Өлеңде тымақтың өмір-тарихы, саяхат-сапары арқылы шығарманың өн бойында тымақ – кейіпкер көзімен жаңа заманның орнағанын, төңкерістен кейінгі түрлі өзгерістер, қазақ азаматтарының саяси санасын оянауы мен ел ішіндегі түрлі бай мен болыс, қожа мен молда сияқты ел билеуші топтардың жағымсыз әрекеттерінің, елдің ауыр тұрмысын реалистікпен көрсетуді мақсат тұтқан авторлық тенденция анық байқалады». [68, 36 б ]. Бұл туралы профессор Р.Тұрысбек: «Жаман тымақ» - кешегі қазақ қауымының бодандық бұрауында отаршылдық-империялық саясатын салқыны мен салмағы батқан жиынтық бейне» [69,195 б.], – деп атап көрсетеді.


Поэмада фольклорлық айшықтар молынан ұшырасады. Мәселен:

Бір мезгілде қараса


Түнеугі қазақ-орысты
Қуып кетіп барады
Түнеугі долы тілмашы
Бұғып кетіп барады
...Сар түймелі төрені
Кім көрінген желкелеп
Ұрып кетіп барады, - [66, 102 б. ]

деген жолдардан ауыз әдебиетіндегі батырлық жырларда кездесетін шумақтар ойға оралады. Мәселен, «Қыз Жібек» жырындағы:


Көш алдында қараса


Бір қыз кетіп барады.
Толған айдай толықсып
Ақ сазандай бұлықсып
Бұралып кетіп барады... – деп келетін шумақтармен үндес.
Өлеңнің құрылысы да 7-8 буынды. «Батырлар жыры өлеңнің жеті-сегіз буынды жыр түрімен айтылған. Өйткені ерлік қимылды, атыс-шабыс - жорықтарды түйдектете, асқан шапшаңдықпен, шабытпен айту үшін өлеңнің оралымды түрі – жыр болған», - дейді М.Ғабдуллин [70,176 б.].
Сондай-ақ Жүсіпбек өлеңдерінде айшықтаудың қайталау үлгісі яғни өлеңнің анофоралық түрі көрініс береді.

Сорлы кедей қалбаңдап,


Жаман тымақ жалбаңдап... –

деп басталатын шумақтардағы 1-2-4 тармақтарының қайталанып келуі – оқиғаның сюжеті байланысын үзбей, дамыта түсуге тигізер әсері мол. «Қайталау – сөз әсерін күшейте отырып, оқырман назарын айрықша аударғысы келген нәрсені не құбылысты бірнеше мәрте қайталап, айтар ойды, ұқтырар сырды ұғымға мұқият сіңіре түсу» [71, 246 б.].


«Ж.Аймауытов – қазақ кеңес ертегілерінің негізін салушылардың бірі. Оның ертегілері – балалар әдебиетінің алтын қорына қосылатын құнды туындылар, жас ұрпақты тәрбиелеуге, олардың ұғым-түсінігін ұлғайта түсуге қызмет ете беретін көркем дүниелер»[72,437 б.], - дейді Т.Қожекеев.
Б.Майлиннің «Өтірікке бәйге» (1922) ертегі-поэмасы, «Кемпірдің ертегісі» (1927) поэмасы, «Хан күйеуі» (192), «Байшұбар» (1923) өлеңі - балалар әдебиетінің алтын қорына қосылған құнды мұра.
«Өтірікке бәйге» ертегі-поэмасы халық ертегісі «Тазша баланың қырық өтірігі» негізінде жазылған. Бейімбеттің бұл ертегісінде де халық ертегісінің дағдысындай еріккен, сауық-сайранның қызығынан жалыққан ханның өтірікке бәйге жариялауы баяндалады. Халықтық үлгідегі ертегіде кімде-кім мүдірмей қырық өтірік айтатын болса, хан өзінің сұлу қызын бермек болса, бұл ертегіде хан бәйгеге көзе толы алтын тігеді. Фольклорлық кейіпкер – Тазша бала өз өтірігімен ақылсыз ханды жаңылдырып жеңіске жетеді. Көзе толы алтыннан дәмелі қарт та, қария да, жас бала да ханның алдына жиналады. Алтынын қимаған әккі хан ешқайсысының өтірігін мойындамай, үміттерін кеседі. Тапқыр Тазша бала ханға: «Мал соңында жүрген ұсқынсыз қайыршы шал сіздің әкеңіз ғой, солай ма?» дейді.
«Рас» дегеніңіз, боқмұрын шал, -
Сізге әке болғаны.
Көнбесеңіз, өтірік деп,
Алтынды таза алғаны...»

Хан шошынды, жеркеніп,


«Рас» деуге болмады.
«Өтірік!» деп айтып салды,
Тазды құдай оңдады. [ 65. 78 б].

Тапқырлығымен ханды тұқыртқан Тазша бала қаз мойынды көзе толы алтынға ие болады.


Бейімбеттің келесі бір қызықты сюжетке құрылған өлеңі – «Байшұбар». Өлең арқауына айналған екі қылмысты кейіпкер арасындағы тартысты оқиғаға құрылған өлең әрі күлкі тудырады. Оқиға желісі өте жылдам өрбіп, балаларды бірден еліктіріп әкетеді
Екі кейіпкер – біреуі - ұры адам, екіншісі – жыртқыш аң – жолбарыс екеуі де керуеншілерді тонамақ болып, қараңғы түнде бір-біріне кезігеді. Ат деп ойлап мінгені – жолбарыс болып шыққан ұрының зәресі ұшып, дегбірі қашады. Одан қалай құтыларын білмей сасады.

Құдай-ау атсыз жалғыз өтсем-дағы,


Өмірге қайыр сұрап кетсем-дағы,
Не қыла жолбарысқа кезіктірдің,
Мал бер деп аз-кем тілек етсем-дағы.

Мен сорлы мұны білсем келер ме едім,


Керуеннен мал алмасам өлер ме едім?
Не күйге сендер үшін түскенімді,
Дариға, қатын-бала көрер ме едің!.. [65, 135 б.].

Ал ат олжадан әкеткісі келген жолбарыс «қолқасын қысып, арқасына жабысқан «пәледен»қалай құтыларын білмей жанұшырып келеді:


Мал үшін керуенге бардым қайдан,


Шықпастан жатсам еді терең сайдан.
Түспейді туласам да, талды белім,
Тілеп пе ем бұл пәлені мен құдайдан?

Өздері істеген ұрлық істерінің зиянын шегіп, арамдық істерімен әшкере болған қарашылар бұл қылықтары үшін өкінеді. Автор балаларды ешкімнің ала жібін аттамауға,өз бетінше адал еңбек етуге шақырады.


Қазақ кеңес балалар әдебиетінің негізін қалаушы Өтебай Тұрманжанов балаларға арнап ертегі, аңыз түрінде жазылған бірнеше поэма ұсынды. Олар: «Қарлығаш» (1929), «Пулемет» (1933), «Құрыш құс» (1934), «Қыран қыз»( 1934).
«Қарлығаш» дастаны – балдырғандарға арналған қызықты шығарма. Сөзбен сұлу сурет салған ақын балалардың көз алдына жұпар иісі аңқыған кең жайлауды, қоңыр салқын орманды, саялы көлді алып келеді. Жәндіктер тіршілігін сүйіспеншілікпен жырлайды.

Инелік, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа,


Бәрі де кірісіпті зор жұмысқа.
Бал ара гүлге қонып, балын теріп,
Өзінше әрқайсысы етіп нұсқа.

Шегіртке шырылдауық, жылан, қоңыз.


Бұлар да тамшалап тартып қобыз,
Есекқұрт, шылаушындар кесек құйып,
Сан жәндік тіршілікте «тоқсан тоғыз» [73, 82 б ].

Балаларды жәндіктер құпиясына қызықтыра тартады. Олардың өмір сүрген жерін, айналасын суреттегенде бүкіл жаратылысқа, тіршілік атаулыға жан бітіреді. Дастанда балалар күнде көріп жүрсе де өздері байқай бермейтін түрлі шыбын-шіркей, жәндіктер мен түрлі құстардың аттары аталады. Ақын олардың тынымсыз тіршілігін, еткен еңбектерін жырлай отырып, балалардың байқағыштық қасиетін, аңғарғыштық қабілетін дамыта түседі. Поэмада әдемі теңеулер, эпитеттер мен метафоралар молынан ұшырасады.


Түрлі жәндіктер мен құстардың арасынан қарлығашты даралап көрсетеді.

Қарлығаш қарағанда өзге құсқа,


Барынша жұмысына тым-ақ ұста.
Балшықтан бөбегіне бесік жасап,
Өзгеге өрнегімен болған нұсқа [73, 86 б.].

Қарлығаштың өмірі, үй салуы, балапан басуы өлеңде тартымды суреттелген. Балапандарына тамақ тасып, ойдан қырдан жем іздеген қарлығаш қиындыққа тап болып, дәуіттің көмегіне жүгінеді. «Қашаннан қарлығашқа құмар жылан» балапандарын жемек болып таянып қалғанын көргенде «ана байғұс» жаны шырқырайды. Нағыз дос, зұлымдыққа жаны қас дәуіт жыланға қарсы тұрып, көзін ойып алады. Қиын жағдайда көмекке келіп, қарлығаштың балапандарын өлімнен арашалап қалады.


Қан сорғыш шұбар жылан қалды өліп,
Бір бала кезі келген кетті көміп,
Ақыры өз түбіне өзі жетті
Қашаннан қара ниет қанға жерік.

Қара ниет зұлымдардың жолы болмайтынын, қашанда жақсылық жеңетінін айтады, «біреуге ор қазба, өзің түсерсің» деген қорытынды жасайды.


Балалар қашан-дағы бірлік керек! Әлсізге артық болмас етсек көмек. Жақсылығың ұмытылмас қашан-дағы, Игілікке дәнекер болсаң себеп [73, 87 б ].


Балаларды достыққа, бірлікке, татулыққа шақырады. Қиындыққа душар болған адамға көмек көрсет, жәрдем бер, жақсылыққа жаса деп, мейірімді, адал болуға меңзейді. «Қарлығаш» поэмасын бөбектер мен балдырғандарға арналған шығарма десек, «Пулемет»,«Қыран қыз» поэмаларын жасөспірімдер мен жеткіншектерге арналған деуге болады.


Өтебайдың «Пулемет» поэмасы 1934 жылы жақсы поэмаларға жарияланған республикалық жабық конкурста жоғары орын алған. «Пулемет» Ө.Тұрманжанов талантының толықсыған шағын танытқан туынды болып табылады. Сондықтан ол бүкіл қазақ поэзиясының отызыншы жылдардағы шоқтықты шығармасы есебінде танылды» [73, 8 б.].
Поэмада қазақ еңбекшілерінің бостандық, теңдік үшін күресі әсерлі суреттеледі. Қазақ даласына кеңес үкіметін орнату үшін тап жауларымен ұрысқа түскен қазақ батырларының ерлігі шынайы баяндалады. Поэманың негізгі қаһармандары Нар Нақым мен Ер Сақым ел арасындағы жігіттерді ұйымдастырып, ақ бандыларға қарсы ұрыс ашады. Олар қызыл әскерлерге қосылып, тап жауларына қарсы қан майданда бірге соғысады. Поэма кең тынысты, эпостық жыр үлгісімен жырланады. Жырдың өнбойында халық фольклорының сюжеті мен образдары бой көрсетіп отырады. Нақым мен Сақым образдарынан батырлық жырларындағы қазақ батырларының бейнесін көргендей боламыз.
Аталған кезең балалар поэзиясында фольклорлық үлгілердің жаңаша мазмұндағы түрлендіре қолданған барлық жанрларын кездестіруге болады. Ауыз әдебиетінің кәусарынан қанып ішкен ғасыр басындағы ақын-жазушыларымыз сол жауһарларын кәдеге жарата білді. Балаларға арналған өлең-жырларында ауыз әдебиетінің үлгілерін, фольклорлық дәстүрлерді пайдаланып сол кезең балалар әдебиетін жарқырата танытты. Осы орайда ғалым А.Қыраубаеваның «Халық көзі, халық даналығы әр уақытта асылды ғана таңдап ала білді. Көңілге қонбайтын, бұл дүниенің шындығынан көңілді адастырып, дүниауи шын рақат, шын қызықтан бездіретін нәрселер толқын бетіндегі әлсіз көпіршіктер тәрізді қалып қойса, жарқыраған асыл меруерттер тұңғиық түбіне шөгіп, мың құбылған күйінде көз жауын тартып, халық кәдесіне жарамақ» [74, 57 б.] деген пікіріне көз жеткіземіз. А.И.Герцен халықтың дәстүрлері оның ауыз әдебиетінде жинақталғанын, онда «дәуірдің аңыздары сақталып қалғандығын» айтты. Ол халықтың аңыз-әңгімелері, жыр-дастандары, ертегілері – өмірдің, туған табиғаттың, тұрмыстың шынайы бейнесі, демек осының бәрі жас шағынан балаларды отансүйгіштікке тәрбиелейді және оны дамытуға тиіс деп есептеді [75, 28 б.]. Қорыта айтқанда, балалар поэзиясындағы фольклорлық дәстүрден өнеге алған жауһар жырлар бүгінде бала кәдесіне асар үлкен қазына болып отыр. Фольклорлық дәстүр балалар поэзиясының бағыт-бағдарының, тақырыптық аясының қалыптасуына да ықпалын тигізді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет