Сұлтанова Бибігүл Мыңбайқызы Бейсеева Нұргүл Әбдіқадырқызы Тойғанбекова Майра Шоданқызы ХХ ғасыр басындағЫ Қазақ Әдебиеті


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар



бет12/21
Дата29.01.2023
өлшемі0,92 Mb.
#166695
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   21
Байланысты:
қазақ әдебиеті тарихы

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар:

  1. М.Жұмабаевтың балаларға арнап жазған «Шын ертек» («Жүсіп хан»), «Өтірік ертек» поэмалары

  2. Ж.Аймауытовтың балаларға арнап жазған ертегі-поэмалары ( «Көк өгіз», «Шал мен кемпір», «Үш қыз», «Нұр күйі» «Жаман тымақ»)

  3. Б.Майлиннің «Өтірікке бәйге» ертегі-поэмасы, «Кемпірдің ертегісі» поэмасы, «Хан күйеуі», «Байшұбар» өлең-поэмасы

  4. Өтебай Тұрманжановтың балаларға арнап ертегі, аңыз түрінде жазған поэмалары( «Қарлығаш», «Пулемет», «Құрыш құс», «Қыран қыз»).



II. ИДЕЯЛЫЛЫҚ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ӘЛЕМ
2.1. Идеялы нысана және бейнелік әлем
30-жылдардағы әдебиетке сол тұстағы жас мемлекеттің өз қажеттілігіне сәйкес идеология қалыптастыруға ұмтылуы, саяси бағыттың ел өміріне өлшеусіз ықпал жасаған тарихи-әлеуметтік күшке айналғаны тарихтан белгілі. Бұл ықпалдан, әрине, балалар поэзиясы да тыс алған жоқ. Интернат, коммуна, балалар үйі т.б. туралы І.Жансүгіров, Б.Майлин, Ш.Иманбаева, Ғ.Орманова, А.Тоқмағамбетов, Ө.Тұрманжанов, т,б көптеген ақындардың өлеңдері жарық көрді. Сол сияқты оқу-тәрбиеге мән беріп, өнер білімге шақырған өлеңдер (І.Жансүгіров " Оқимын", "Күн шыққанда" 1926), А.Тоқмағамбетовтің "Тапқаны ғылым емес пе?" (1926), "Білім дариясы"(1928), " Қызғалдақтай пионер" (1928), Ғ.Ормановтың "Кітап" (1928), "Қуаныш" (1928), Ш.Иманбаеваның «Жолаушы мен жұмыскер», «Жас ініме», «Пионерге», «Жеттік міне» т.б. еңбек, халықтар достығы туралы, т.б.) көп басылды. Әсіресе И.Ленин идеяларын насихаттауға, Ленин есімі мен өмірін ардақтауға арналған мадақ жырлар көп жазылды. Кеңес мемлекетінің өмірін өрнектеуге арналған жырлар да жиі жарияланды. Міне, осындай идеялық біржақтылыққа орай образдың табиғаты мен адамгершілік мұраттары да өзара ұқсас болды. Тарих тағылымы дәлелдегендей, басқа бір елдің қысымында өмір сүрген халық өзінің тамыры тереңде жатқан таным-түсінігінен, дәстүр-дағдысынан, әдет-ғұрпынан, ұттық болмысы мен құндылығынан лезде қол үзе қоймайды. Қырғын мен қуғынды көрген ұлттық сана-сезімінде небір соққы мен кедергі көрсе де, өзінің ұлттық төл қасиеттері сақталып, астыртын қарсыласып келеді. Мұндай кезеңді қазақ елі де бастан кешті. Шынжырлы қапаста өмір сүрген ел туралы, осы елдің перзенттері хақында белгілі ғалым, жазушы, Шәріп Амантай дәл айтады: «Интернационализмнен жамылғы жасап алып, қазақтың құнарлы аймақтарын түгесілмес желеулермен (қала салу, кәсіпорын ашу, кен өндіру, астық өсіру, қару-жарақ сынау т.б ) тоз-тоз еткен «мейірбанды Мәскеудің» саясатын ашықтан-ашық айыптауға жол жабық болғанмен, тіл тұсауы шешілген тұстарда перзенттік парызын және азаматтық ар-абыройын жоғалтпаған қазақ ақындары атамекенін ардақтаудан айныған емес»[76, 67 б]. Адамзат шежіресі мен ғасырлар бойғы тарих куә болғандай, қазақ елі әуел баста тыстан келген қауіптің қайсысына да иіліп, бүкпеді, бүгежектелмей, бүктетілмей қайсысына да қайтпас қайсарлықпен қайрат көрсетті. Айтысса – айтысқан, алысса – алысқан, «ұйықтап кетуден» қауіптеніп, оятып отырды. Іліп кету мен жұлып алудың жолында жүргендерге көлденең олжа болып кетпеуді ескертіп келді. XX ғасырдың бас кезеңі халқымыздың тарихында ең бір үлкен өзгерістер мен ұлы асулар кезеңі боп есептеледі. Дәл осы тұста қазақ арасында оқу-ағарту жұмыстары өркен жайып, қазақ зиялылары алдыңғы қатарға шыға бастағаны белгілі. Осы кезеңді әдеби тұрғыдан зерттеуші Әбдиманұлы Өмірхан: «Жалпы XX ғасырдың басындағы әдебиетке тән тағы бір ерекшелік – әлеуметтік-саяси мәселелерді көп көтергендігі. Отаршылдық талқысы езіп-жаншып, жері талан-таражға түскен, халқының тоз-тозы шыққан, бірліктен кетіп, берекесінен айрылған елінің қара түнектегі жағдай қай бағыттағы ақын-жазушыларының шығармасында да болмасын ортақ тақырып ретінде көрініс тапты»[77,128 б.] , - деп жағдайды ұтымды тұжырымдаған. Расында да, қазақ поэзиясында «поэтикалық тұрғыдан парықтағанда, ұйқы-құлдық құрсауындағы елдің қауқарсыз, қамсыз, қараңғы қалпының бір символы» [76] болды. Мұның түбірі сонау Дулаттың зар заманынан бастау алды ( «Ұйқы басып сезбедің, Шырмағанын жаудың сырт»). Олардың соңғы тұяғы боп Мәшһүр, Ахмет, Бернияз,Сұлтанмахмұт,Мағжандаресептелді. А.Байтұрсынов «Маса» жинағында:
Баяғы қалпы, Баяғы салты Бұл неткен жұрт ұйқышыл ?!—
деп күйінсе, “Жиған-терген” өлеңінде:
Ұйқышыл жұртты Түксиген мұртты Обыр обып, сорып тұр Түн етіп күнін Көрсетпей мінін, Оятқызбай қорып тұр. Обыр болса қамқорың, Қайнағаны сол сорың! -
деп мүлгуге кеткен елдің ұйқысын қорып, қарбалас тірлік жасайтын, тіршіліктің нышанын көрсететін жарық күнін түн етіп, түндегі ұйқымен жалғастырып, сорын қайнатқан ұйқышыл жұртты ұйықтатқан «обырды» ашық айтып және айыптап тұр. Осы обырдың ұйқысын қорығанына мәз болған өтірік пен шынды, жақсы мен жаманды айыра алмаған, әбден теріс жолға түскен халықты
Оянған ерге Ұмтылған жерде Еруші аз да серік кем, -
деп сөгеді. Ақ патшаның айбалтасы төніп тұрған дәуірде мұндай ашықтан-ашық жыр жолдау нағыз ұлт перзенті мен шынайы ақын жүрегінен туған ерлік боп есептеледі. Ұлттық поэзиямызда бөліп жаруға келмейтін қатар ұғым – өткенді аңсау мен ояну сарынының кең етек жаюын Мағжан Жұмабайұлы «Ояна бастаған ел баяғы күнін есіне түсірмек болған әдебиетіміз де мынау «Оян!» деген зармен бірге елдің өткен күнін есіне сала бастап еді. Өткен, тағы болып жүрген дәуірді қайта орнату үшін емес, жасынан елдің жанына үміт салу үшін өткенді жырлай бастап еді», - деп «Алқа» атты айқындамасында тарқатып, таратып түсіндірген еді. «Қамқадан басқа кимей, жүйріктен басқа мінбей, сұлудан басқаны сүймей» ( Қазтуған ) өткен дәуірді аңсағанмен, қайта келмесін зиялы қауым біртіндеп түсіне бастады. «Еш пайда сағынудан табылмайды, Болары болып өтіп біткен күнді» деп Ғұмар Қараш жұбанса, Әубәкір Кердері «Кемдігі ол күнгінің қанша айтқанмен, Күніге бес уақыт намаз еді» деп діни тұрғыда өз заманына сай сыни көзқарасын айтады. Міржақып: «Жауап сол өткен дәурен қайта келмес, қаншама өкінгенмен тағдыр көнбес» деп еріксіз көніп, сол заман қайта келсе де «қарашыл қарт» пен «парашыл би» бұларға орын бермесін айтып, өзін-өзі алдаусыратты. Осы тұрғыдан зерделесек, «оятудың» жолын әрбір қаламгер өз көзқарасы арқылы айқындап көрсетті. Әдебиетімізде, бұлармен қатар адамгершілік тәрбиенің негізін діни тұрғыдағы тәрбиеден табуға болады деген насихаттар да болғаны мәлім.
Ағартушы-демократтар халықты ұйқыдан тек ағартушылық әлеуметтік теңсіздікті жою арқылы құтқаруға болады деп есептесе, енді біреулері ұлттық тұрғыдан азат елдікке қол жеткізгенде «оянады» деп түсіндірді. Осы орайда зерттеуші-ғалым З.Бисенғали: «Ағартушылық реализм өмірді талдап түсіндіруге, жақсы мен жаманды ажырата көрсетуге назар аударады. Әділетті қоғам, жақсы өмірге жетудің бірден-бір жолы оқу, ғылым, мәдениет деп түсіндіреді. Адамзат қоғамы дамуындағы ақыл мен білім орнын «абсолют» деңгейіне шығарады. Қаламгерлік идея қоғамдық қатынастар мен адам табиғатын, мінез-құлқын түзетудің басты құралы, кілті ретінде оқу, өнер, мәдениет алынады. Идеал ретінде алдыңғы қатардағы оқыған, мәдениетті, сауатты жастар алына бастайды. Олар ағартушылық-демократтық идеялар жолында күрес үстінде бейнеленеді» [78,112-113бб.] деп ХХ ғасыр басындағы қазақ лирикасындағы дидактикалық сарындағы өлеңдерді айқын түсіндіреді. Шериаздан Елеукенов «Қандай да идея өздігінен тумайды. Белгілі бір қоғамдық-саяси және экономикалық жағдайдың әсерімен дүниеге келмек» [67,95б.] деп өмірдегі құбылыстарды тәжірибелі түрде қорытқандай, 1917 жылдың ақпан мен қазан айларындағы төңкерістер қазақ елінің қоғамдық өміріне, таным-пайымына, керуен-көшіне “сәуір желі емес, дәуір желіндей” орасан әсер етті. Осынау алма кезек ауысқан дүниені қара халық былай тұрсын, қазақ оқығандарының өзі қай тұстан қабылдарын, қалай ұғынарын білмей, санасы сан-саққа кеткенде, ақпан айындағы оқиға ақын-жыршылар, жазушылары “өз дауыстарын “халық бостандығы” әуеніне келтірулеріне жылдам қозғау салды”. Ал Жүсіпбек тілімен айтсақ: “17-ші жылдың ақпан төңкерісі қазақ азаматтарына ұлт сезімінің көтерілуіне себеп болды. Ауылда сөйленіп жүрген ұлт қамы, ұлт мұңы іс-жүзінде жарыққа шығатындай көрінді. Қазақ азаматы мәре-сәре болды. Төңкерістің болғанына, бостандық туғанына қарық болып кенелді”. Ғасырлар бойы қарсыласып, құзырына көнбей келген асау да тарпаң алаш қайта бір сілкініп, өшіккен орыс отаршылдарының желкелеуінен құтылғандай әсер алды. Әлеуметтік, тарихи құбылыстардың қазақ даласындағы дүмпуін жылдар бойы саяси-азаматтық, ар-ұждандық бостандыққа ұмтылып келген, «ұйықтап кетпеуге» қамданып қалған ұлт азаматтары бұл төңкеріс сырын «бостандық таңы» деп жанымен ұғып, саналы түрде орыс пролетариат өкілдерімен тізе қоса, қатар ұрандасты.
Көркем әдебиеттің мақсаты да қоғам мен адам, бұқара мен жеке адам арасындағы жанды әлеуметтік-психикалық байланыстарды шынайы бейнелеу болса, «1917 жылдың оқиғалары ақындарымыздың туындыларында олардың саяси дүниетанымы мен суреткерлік дүние сезіміне, сондай-ақ қаламгерлік қарым-қабілетіне қарай түрліше бедерленіп, бейнеленді» [76 ].
Бостандықты, 1917 жылғы төңкерісті алғашқыда шын бостандық, «тілекті құдайдың бергені» деп түсінген қазақ оқығандары, ақындар ерекше шабытпен жырлады. Бұл тақырыпты жырламаған ақын кемде-кем. Оқыған- тоқығаны, көргені бар ақын-жазушыларды былай қойғанда, қарапайым халықтың да аузындағы әңгіме осы төңкеріс еді. Ақындарымыз төңкеріс көктен келген құнды сыйлық деп түйсінді, ғайыптан келген ғаламат деп ұғынғанда, Сәкен ғана көп ақындар білсе де мойындамай келген шындықты ашып салды. Ол «Асығып тез аттандық!» өлеңінде әділдік, теңдік іздеген жұрт арасында өздерінің де тәуекелге бас тігіп, білігін сыбана кіріскенін әдемі суреттеген.
Сұлтанмахмұт Торайғыров төңкеріспен келген бостандықты «құдайдың рахметі», Бернияз «хақтың бергені» деп қуанса, бостандықты (оның жасанды бейнесін) Мағжан:
Көк есігі ашылды,
Жұмақ нұры шашылды,
Келді ұшып бостандық, -
деп халық таным-түсінігіне сай бостандықты жұмақ нұрымен бірге көктен шашылған керемет деп қабылдады.
Сәбит Дөнентаев:
Тілекті бүгін хақтың берген күні,
Көлдария көздің жасын көрген күні.
...Ғаламға аузын ашқан айдаһардың
Мерт болып, мақсатының өлген күні[79,118 б ] , -

деп ертегі сюжетіндегі басында қиын-қыстау сәттерді бастан өткізіп, ең соңында жақсылықтың мақсат-мұратына жеткеніндей етіп эпикалық түрге енгізді.


Бұл жылдардағы әдебиетте де «ояну» сарыны болды, тек ол өткен ғасырларда өмір сүрген ақын жырларынан біршама өзгеше бағыт алды. Дулатовтың салған ояту бағыты өткенді аңсаумен сабақтас болса, 30- жылдарға дейінгі кезеңдегі ояну – саяси ояну, оқу-білімді дұрыс қолға алып, саяси бостандыққа ұмтылу, ескішілдік пен қараңғылықты даттап, енді орнаған жаңа үкіметті мақтаумен халықты оятуға кірісті. Бұл мазмұндағы өлеңдер Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бейімбет Майлин, Бернияз Күлеев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров т.б. қазақ ақындарының қаламынан да туындап отырды. Қараңғылық пен отаршылдық езгісінде жаншылған қазақ елін шынайы суреттеп, қалың жұртты оқу-білім, өнер жолына шақыру арқылы, туындыларына саяси астар алып, қоғамдық, әлеуметтік мәселелері де қамтып, заманның өзгеріп, білім-өнер арқылы бостандық таңы мәңгілікке ататынына олардың сенімі кәміл болды.
Бернияз:
Жасағанға жылалық,
Күн көруді сұралық,--
десе, тілеп алған еркіндікті дер кезінде өз пайдасына жаратып қалуға шақырған Міржақып:
Жұрт болудың ойланалық амалын,
Қамсыз жатар емес енді заманың,
Надандықтың қираталық қамалын,
Мақсатыңа ұмтыл таяу, алашым[80,108 б ] , -
деп қалың жұрты, алашты заманның қамсыз жатар сәті емес, темірді қызған кезде соғуға үгіттеп, мақсатқа жетуден тайынбауға шақырады.
Бейімбет:
Бұрынғыдай байың, жарлың шашылма,
Бірлікпенен жұмыс атқар басыл да,
Азын-аулақ миың болса басыңда
Партия, штат, дау-дамайды қой қазақ! [65, 20 б.] , –
деп қазақ еліне тікелей тіл қатып, бірлікке үндейді, бай-жарлы боп бөлінуден, тарыдай шашылғаннан келер пайда жоғын түсіндіреді. Ел ішінде партия болып топ-топ болып жік-жікке бөліну арқылы «алтау ала болса ауыздағының кететінін» жіліктеп түсіндіреді.).
Ал Ш. Құдайбердіұлы төңкеріс жетекшілерін «арға ие басшы» санап өз қазағына:
Бостандық таңы атты,
Қазағым көріңдер.
Арға ие басшының
Соңынан еріңдер.
Таң артынан хақиқат
Күн шығады,
Еріншек, жалқаулық
Әдеттен безіңдер,-
деп, жаңа орнаған үкімет пен оның саясатын атқан таңға теңеп, шығар күнді қарбалас тірлік пен талай істің бастамасына балайды, үміттенеді, қарап жатып күн өткізбеуге шақырып, жалқаулықтан безінуге жар салады.
Кез келген көркемөнер, оның ішінде көркем әдебиет қоғамдық өмірмен тығыз байланыста болады. Көркем шығарма – шынайы өмірдің көрінісі, онда ақиқат өмірдің сәулесі, шындығы, ізі мен ықпалы көрінеді. Себебі қалам қайраткерлері өмір жайлы өз түсінігі мен толғанысын, дүниетанымы мен көзқарасын, өз жүрек лүпілі мен ой-сезімін, көргенімен көңілге тоқығанын бейнелейді. Осылайша заман жаршысы бола алады. Бұл турлы ұтымды қорытындыны «Суреткер – белгілі бір дәуір перзенті. Оның шығармашылығы – сол өмірдің сәулесі, көрінісі. Сондықтан жазушы шығармалары өз дәуірінің әлеуметтік тіршілігінен, арпалысынан оқшау болуы емес » [81, 8 б], - деп әдебиетші ғалым Төлеутай Ақшолақов жасаған болатын. Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі саяси-әлеуметтік халді сөз еткенде, ең бір ауыз толтырып айтатын, аса мәнді, маңызды тақырып – оқу-ағарту ісінің қолға алынуы «Сауатсыздық жойылсын!» атты қоғам құрылып, үкімет тарапынан пәрменді шаралар істеліп, оның нақты бір көрінісі қазақ әдебиетінен де орын алды. «Үлкен суреткер өз мұңын, арманын, адам тағдырын, қоғам тағдырын жырлайды. Соны шығарма өрнегімен түсіндіруде өз тәжірибесіне арқа сүйейді» [81,28 б.] деген ғалым Төлеутай Ақшолақов пікірмен келісе отырып зерделер болсақ, сол кезеңдегі қазақ ақын-жазушылары да өздерінің көркем сөздерімен халықты оқуға, білім-өнер үйренуге, ынта-ықыласын арттыруға талмай қалам тербеді. Бақытты өмір мен жарқын болашақтың тетігі де, ел мен жерді ішкі, сыртқы жауды шаң қаптырып кететін де, жеңген жауға жетіп, оны таптап өтетін де, қараңғы қапас өмірден алып шығар сенімді қару-жарақ – оқу мен біліммен келетінін көрікті ой мен жалынды жырлар арқылы жеткізіп отырды. Бұл орайда балаларға тақырыбы жағынан жақын, көркемдігі өте жоғары Ілияс Жансүгіров өлеңдері. Мысалы, Ілияс Жансүгіровтің « Замандасқа » деген өлеңіндегі:
Өнерге ұмтыл, өнерді біл замандас!
Қамдан, жатпа, заманыңнан хабарлас!
Ынта салсаң, білім туын қолға алсаң,
Теңдік тиер, ешкім күйе жаға алмас, [64,38 б.] -

Ақын балалардың қоғамдық құрылыс пен әр нәрсенің ішкі мәніне үңілуге күш салады. Ортаға ой салар ұрандар сол тұстағы қазақтың ағартушылық-демократтық бағыттағы ақын-жазушылардың эстетикалық принциптерімен сарындас. Мұндай қарқынды екпінмен талмай еңбектену, жалынды жырлар жазу ғасырлар бойы жаншылып, рухани қараңғылықтан туындаған зардап екенін толықтай қазақ зиялыларының түсінгендігін аңғару қиын емес.


«Білім, еңбек – бақыттың жібермейтін қазығы. Білімсіз бақ – әлдекімнің азығы» деген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов сөзі ақындарымыздың шығармашылығының негізгі өзегіне айналғанын білу қиын емес. «Білімді ұрпақ – болашақтың кепілі» демекші, әрбір өсіп келе жатқан жас жеткіншектің саналы да, салиқалы, білімді де, білгір болуы қажет-ақ. Адам бала кезден көп нәрсені қиялдайды да, армандайды да. Баланың арман бесігінде тербелуі, оның болашақ өмірін жоспарлауда да белгілі дәрежеде жәрдемдесері сөзсіз. Арман – балаларды ғана емес, үлкендерді де болашаққа жетелеп, бағыт сілтейді. Арманнан мақсат туады. Ал мақсаттың орындалуы – бала үшін де үлкен сын. Бала қиял жетегінде ғана кетпей, оны іс жүзіне асыруға талпыну қажет. Өмірден өз орнын табу үшін бала ерінбей, бар ынта-ықыласымен оқуға, білуге, үйренуге талпынып, терең білімді, парасатты азаматқа айналу қажет. Міне, сонда ғана баланың өз-өзіне, біліміне, білігіне деген сенімі берік, болашағы жарқын болары айқын.
Ілияс Жансүгіров «Жалпы жасқа» деген өлеңінде:
Оқы орталас, ұйымдас!
Берік, бірлес, жиып жас!
Жиылатын күш жетті
Қайтып ұйқың қиылмас[64, 80 б.], - деп балаларға ұйымдасып, бірігіп ұйымшылдықпен оқығанда ғана озасың деген салиқалы ой айтса, енді дәл осы білім алуды өмірдің басты мұраты деп таныған Б.Майлин:
Білімнің шамы - мектеп қой,
Мектепке үй өтпек қой
Керегесін қалады .
Ал, Дәмелі, дал болмай
Мектептің атта есігін.
Аттасаң есік, білім бар,
Дап-дайын тұр өсуің.
Жаңа өмірге кіргесін
Сонда ғана білесің.
Көп сұраудың шешуін, [65, 89 б.], - дейді.

«Керегесін қалады» деп аталатын бұл өлеңінде ақын балаларды мектепке жетелеп, білімнің көзі мектепте екендігін, мектепке барып көзі ашылатынын айтады. Осы ойларын мына өлеңінде одан әрі тереңдете түседі:


Жаңа әліп жайып қанатын,


Мұғалім берді әліппе.
Әліпті таяқ деп жүрген
Үйренді көзің әріпке [65, 92 б.].

Енді ғана білім алып келе жатқан жас жеткіншектерге білімнің бастауы - әліппеден басталатынын айтады:


Оқу керек, білім алып,
Ел көгіне шашайық
Елге барып, елге барып
Елде өзгеріс ашайық! [65, 92 б.].

Жас ұрпаққа білім алып, халықтың көсегесін көгертейік, жаңалық әкеліп, елден алғыс алып, елге өзгеріс ашайық деп ұрандайды ақын. Білім болмаса көзіңнің қараң, өміріңнің азапты болып қалатындығы жайында балаларға ұғынықты да көркем жырлады.


ХХ ғасырдың басында қазақ ақындарының ішінде білім алу тақырыбында қалам тартпағаны жоқ. Солардың ішінде білім алуды идеялық-поэтикалық концепцияға айналдырған жүйріктеріміздің қатарында Б.Майлин, С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, І.Жансүгіров те болды. Жоғарыда келтірілген өлеңдерден көп сөйлегенннен гөрі дәл сөйлегенді артық санайтын ерекшелігі, суреткерлік көзі мен байқампаздығы көрінеді.
XХ ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ жеріндегі жас мемлекеттің өз қажеттілігінен туындаған идеологиясы мен саяси бағыты ел тағдырына үлкен ықпалын тигізді. Әрине, оның арасында балалар лирикасы да белгілі бір бетбұрыс жасады. Осы тұста қазақ жеріндегі оқу-ағарту жүйесін түбегейлі қолына алып, оның негізгі мәселелеріне әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеп, жас ұрпақты көзі ашық, көкірегі ояу азамат етіп тәрбиелеуді мойнына міндет етіп алғандардың бірі Сәкен Сейфуллин болды. «Теңдік, әділдік туралы партия ұрандары халықты сендіре бастады. Осындай жағдайда Сәкен Сейфуллиннің маңына жаңа қаламгерлер тобы қалыптасып, кедейдің теңдік алуы, әйелдердің құқын қорғау тақырыбына өлеңдер жаза бастады. Жаңа өмір жасаушы ретінде Ленин мен Коммунистік партияның адресіне мадақтау жырлар туды» [82,34б]. Сонымен қоса, «...кеңесшіл жас әдебиет шығармашылық істі жандандыруға тырысты. Жаңа заман шындығын көркем бейнелеуге ұмтылған, елді теңдікке, мәдениетке үгіттеген пафосты жырлар туды. Олар азаматтық-саяси лириканың өркендеуіне негіз салды» [82, 34 б ]. Шынында да, Сәкен Сейфуллин ағартушылық идеясына ерте жастан ойысқан-ды. Оның мұндай саналы идея жетегіне түсуіне сол дәуірдегі қоғамдық ойдың алдыңғы қатарында болған қазақтың ағартушы-демократ ақындары М.Сералин, С.Торайғыров, С.Дөнентаевтардың оқу-өнер, ғылым-білім ісіне деген пікірлері мен оны өркендету хақындағы өлеңдері мен публицистикалық еңбектерінің ықпалы зор болды. Сәкен Успенкіде оқуда жүргенінде-ақ 1908 жылы өзінің туысы боп келетін Жәкенов Тақайды мазақтап шығарған өлеңінің өзі оның білім-ғылымға деген талап-тілегінің биіктен көрінетінін аңғартады:

Оқып жүр бай баласы Тақай сасық,


Кәсібі – ылғи жейді кәмпит сатып.
Өзім мен өзгелерді қарамайды,
Оқуға ерте тұрған асып-сасып.
Ақынның арман-мақсаты өз заманының өзекті мәселесі болғандықтан Сәкеннің ағартушылық ой-пікірі дәйекті көзқарасқа айналды, қазан төңкерісінен кейін ағартушылық ой-пікірлері барынша қомақтана да нақтылана түсті. «Нәзік сезімталдық. Өзін қоршаған өмірден әрқашан тың құпиялар іздеп, айрықша әсер алу, көз алдындағы құбылыстарды ерекше сезіну, нәзік түйсіну, сезінген-түйсінген шындығына бейтарап қала алмай, тербеле тебірену, көкірегінде көл-көсір сыр ұялату бәрінен бұрын – ақынға тән қасиет» [ 83,16 б.] болса, дәл осы ерекше қасиеттерге ие біртума тұлға Сәкен Сейфуллин болды. Ақын төңкерістік қызметінен бөлек оқу-білімді насихаттап, оның өркендеп қанат жаюына зор еңбегін публицистикалық мақалаларынан басқа өлең-жырларында да түртіп қойып отырды. Оның балаларға арналған өлең-жырларында оқу-білім іздеген, надандық пен қараңғылықтан жалығып, көктегі күнге ұмтылған, қырда жатып, қиядағы қаланы қиялдаған, жарқын өмір аңсап, ауылдан алыстаған кейіпкерлер пайда болды. Ақынның 1925 жылы жазылған:

Еңбекші елін


Шақырады Ленин,
Білімге айқын нұсқады.
Білуге қарман,
Білмеуге арлан!
Деді жалшы ұстазы [63,82 б.], -
деп келетін өлең жолдары сол кездегі поэтикалық тілді ғана емес, саяси көріністен сыр береді. Поэзияның басты күш-қуаты адам баласын тәрбиелеу процесінде үлкен рөл атқаруында болса, бұл жолдардағы бұйрықты рай (қарман, арлан ) бала санасында заман заңындай орын тебеді. Ал осы өлеңнің «Оқу» деген бөлімінде:
Оқу – білім қазығы,
Адамның азығы.
Оқу – өмірдің сәні
Тіршіліктің шамы.
Сауатсыз надан –
Қор болған адам [63, 87 б.], - деген жолдары әрі көркем, әрі терең ой түйгені бала танымына саяды. Оқудың адам өмірі мен тіршіліктегі маңызын поэтикалық тілмен тапқыр жеткізу, сауатсыз наданның қор болған адам екенін ұтқыр да тиянақты тұжырымдауы баланы поэтикалық мағынаны қабылдай білумен қатар сөзбен бейнеленген көркемдік шындықты көз алдына елестете алады. Ал Ілияс Жансүгіров:
Жас мұраты – білім, тәрбие-талабы,
Таудай болсын, оңалуға алабы.
Жас қанжары – жүректегі жігері,
Өнер, оқу – жастық қару-жарағы [64, 13 б.] , -
деп байлықтың негізі жүректегі жігерді қанжар етіп тапқан өнер – оқуда екенін түсіндіреді. Жаңа өмір салтанаты үшін керек басты құралдың бірін – оқу-білім санаған ақын бұл тақырыпқа арнаған «Жастар», «Саналы жастарға» «Оқимын» т.б. жырларын дүниеге әкелді. Бұл өлеңіндерінде өнер, оқуды қару-жарақ етуге үгіттейтін сарындағы ағартушылық, өсиеттік идеялар айтады. Балалар әдебиеті жас жеткіншектің сана-сезімін оятып, ақыл-ойын, дүниетанымын дамытатын, өзіндік көзқарасын қалыптастыратын бағыт-бағдар сілтеуші өмір оқулығы деп есептесек, өнегелі адамдардың өмір жолын көркем поэзияда таныту жасөспірімдерді адамгершілік рух пен эстетикалық мұратта тәрбиелеудің ең ықпалды және әсерлі жолы болмақ. Мұндай тәсілді Сәкеннің «Анаңның хаты» (1925), «Анаға жауап» (1926), «Совпарттағы қарындасыма («Гүлбарамға»)» (1926), Ілиястың «Баласынан анасына хат»(1928) , «Оқимын» (1925) т.б. өлеңдерінен көреміз.
І.Жансүгіровтің мектеп пен бала, оқушы ойы туралы өлеңдерінің ішінде ерекше көзге түсетіні – «Оқимын» өлеңі. Бұл өлеңде бұрын-соңды ауылдан ұзап шығып көрмеген жас жеткіншектің қалаға оқуға аттанардағы ата-анасынан рұқсат сұрауы, іні-қарындастары, ауыл-аймағымен қоштасуы айтылады.
... Жая десем жал беріп
Секер десем бал беріп,
Аялап мама емізген.
Аяулым Анам аман бол!
Ұлықсат қыл оқимын, Оқығанда кім болам? Жанарыңа нұр болам [64, 207 б.].
Анасына деген ыстық сезімін білдіріп, қимай қоштаса отырып рұқсат сұрайды, білім алса ең алдымен анасының көз қуанышы, көз нұры болатынын айтады. Одан әрі әкесімен, жеңге-қарындасымен қоштаса отырып, елге, қоғамға пайдалы адам болып оралатынын меңзейді. Содан соң өзі өсіріп баққан қошақаны мен ботақанымен қимай қоштасады. Өлең соңында туған ауылына деген сүйіспеншілігін былай жеткізеді:
Қараша ауылым шошайған, Көшесің қашан сол сайдан? Жалқаулық пен кедейлік Көшірер ме екен сол сайтан? Аман бол, ауыл оқимын Оқығанда кім болам? Аулыма ай, күн болам! [64, 210 б.].
Жеткіншек өзінің ғана көзі ашылуын аңсамай, бүкіл ауыл өмірінің өзгеруін көксейді. Ақынның бұл өлеңі С.Торайғыровтың «Кім болам?» өлеңімен мазмұндас. Ал Сәкеннің "Анаға хат", "Анаға жауап" өлеңдерінде аналық-балалық махаббаттың, сағыныш-мұңның, өкпе-наздың, жүрек қылын шертер, көзге жас үйірілтіп, ет жүректі елжіретер нәзік лирикалық сезім жеті-сегіз буынды, шалыс ұйқаспен келетін өлең өрнегімен аса сәтті бейнеленеді. Сәкеннің«Совпарттағы қарындасыма («Гүлбарамға») өлеңі оқудың маңыздылығын айқындаған көркем шындық, өнегелі образ арқылы ұтымды баяндалған. Ел қызының қала қызығына түсіп кетпеуін дидактикалық өрнекпен өрген ақын:
Ел қызының келеді
Сенен дерек білгісі.
Елге білім апарып
Солардың бол үлгісі...
Тоқып үйрен, жалықпа
Өнер-білім өрмегін
Шеберлей бер жібекпен
Сол өрмектің өрнегін [63, 210 б.],-
дей отырып, бүкіл білім қуған жасқа ақыл айтады, табиғилық пен жарасымдылық тек өнер-білім арқылы тармақталып, үйлесім табатынына кеңес береді. Өлең әлі күнге дейін тәрбиелік маңызын жоғалтпады: ойынға артық берілме; бояу қуған қыздарға еліктетпе сыртыңды; шылым тістеп аузыңа, оқымай жатып желікпе; үйренбесті үйреніп, шылым деме – білімді т.б. сияқты кеңестері – бала тәрбиесіндегі бүгін де күн тәртібінде тұрған келелі мәселелер. Бәрі қызық, бәрі жақсы, бәрі тартымды, зиянсыз көрінетін бала психологиясын ескеріп ақын «үйренбесті үйренбе» деп білім қуған мен қызық қуғанның аражігін айыра білуге үйретеді. Осы өлеңдегі:

Кейбіреулер санасыз,


Сыртын ғана түзейді.
Өнер кебі солдай-ақ,
Құр, тек шашын күзейді.
Білім емес мақсаты,--
Сондайлар көп емес пе?
Сөйтіп жүрсең сендағы
«Мәнсіз адам» демес пе? [63, 211 б.], -
деген жолдармен мазмұндас шығармалар басқа қалам қайраткелері жанынан, сөз шеберлері қаламынан да туып отырды. Соның бір мысалы құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің «Боранбай не ойлап оқып жүр?», «Қорқамын» т.б. өлеңдерінен де сипат алады.

Мен өзім қағаз алып қала барсам,


Қаланы үлкен-үлкен араласам.
Қалада пәленше бар, түгенше бар,
Қазналық школға кіріп алсам[64, 146 б.] ,-

деп бастау алатын аталмыш жырдың кейіпкері ескішіл қазақ түсінігімен қаладағы «пәленше» мен «түгеншенің» көмегі арқылы «школға» түсіп алып, оқу-білімді қууды емес, керісінше, «шаш жарып, кекіл қойып», «шапанды сым-түжіркеге» айырбастап, «көңіл қосқанын» құшақтап бақшаға баруды, базар аралап, арақ пен тарақ алуды, оқу мен жазуға әуреленбей, көшені көздеуді, жазда сұлуды ертіп, кемпір мен шалдың үрейін алып, шіренуді ғана армандайды. Ақын бір жағынан, Боранбайдың ниет-мақсатын ажуалау арқылы балалардың көз алдына «қиын балалар» бейнесін келтірсе, екінші жағынан, ақын саясат пен идеология тапсырысы бойынша, қазақтағы ескі таным-түсінікті көрсетіп отыр. Осындай қалаға кетіп, рухани азық емес, қалалық қызық қуған «Баянсызов» бейнесі арқылы қазақ арасында қалыптасқан пайым – «Жалпы жұрт ағармаса, қоңыр болар» дегенді жариялап отыр. Әрине көркем шығармада эстетикалық мұрат тек ұнамды кейіпкер арқылы көрінеді деу сыңыржақ пікір. Ұнамсыз кейіпкер де бала санасында ізгілік пен зұлымдықтың аражігін ажырата білуді қалыптастыруға үлкен үлесін қосады. Бала жақсыны жақтап, жаманнан аулақ болуға дағдыланады. Бұл түсінік Тоқмағамбетов Асқардың 1926 жылы жазылған «Мұғалім» өлеңінен де көркем көрініс табады. Ауыл балаларының білімге құштарлығы мен өнерге құмарлығын, мектептің, мұғалімнің рөлін көрсету 20-жылдардағы қазақ поэзиясының ардақты міндеттерінің бірі болды. «Мұғалім» өлеңінің кейіпкері бозбала Қойбағар оқу үшін кедей отбасын қалдырып, ауылдан қалаға кетіп, демалыс күндері елге оралғанда, қалың қазақтың «ауылдан кетіп, не істемексің? Осы оқығаның жетпей ме?» деген қарабайыр пікірін шебер суреттеген-ді. Ауыл арасында «соттық пен болыстыққа шамаң жетті ғой» деген ауыл үлкендеріне:


...Біздікі соттық та емес, болыстық та,


Ел билеп қызықпаймын болыстыққа.
Сен үшін, аулым үшін оқымаймын,
Қызбаймын екі-үш күндік қоныстыққа.
Жалшы үшін, халқым үшін келгенше әлім,
Ағарту білім беру – бар талабым.
Ел билеп, қамырша илеп мен жүрмеймін,
Келешек інім үшін, мен мұғалім [84, 146 б.] , -

сипатты жас мемлекет – кеңес өкіметінің азаматы тілімен жауап береді. Шығармашылық жолында аянбай тер төккен Асқар Тоқмағамбетовтің бұл шығармасы тура заман талабымен дүниеге келген. Ақын Қойбағар бейнесі арқылы халқының өткенінен өнегелісін іздеп, ардақтысын харамынан ажыратып алып, сол дәуірдің кезеңдік түсінігі «ескінің» кесапатты, кесірлі түсінік-қылықтарын көрсетіп, «келешек» үшін «ағарту, білім беруді» талап етіп қолға алады. Ақын-жазушылардың мойнындағы міндет таптық үлгі, байды балағаттап, кедейді көтермелеу мен ескіні даттау, жаңаны мақтау 20-30-жылдардағы көркем әдебиет те өз дәрежесіне толық көтерілген еді. Бұл өлеңдерде ақындар өнер-білімді игеру адам баласын бақытты болуға бастайды, надандықтан арылтады, өмір сүруді жеңілдетіп, болашақ жарқын боларын сенімді жырлайды. Көргені мен білгені, өмір сүру тәжірбиесі жетімсіз жастар үшін ақын-жазушылардың қызықты шығармалары өмір мектебіндей көрініп, елеулі рөл атқарады. Сонымен қатар аталмыш жырлар баланың ақыл-есінің тез жетілуіне жәрдемдеседі, оларға өмір сүру, білім алу жолдарын танытады. А.Тоқмағамбетов қазақ кеңес әдебиетіне ән текстісінің үлгісін енгізген ақын болды. «Тап қорғаны» (1928), «Сәуле» (1928), «Қызыл әскер» (1928). Жалпы, Асқар поэзиясының өзіндік ерекшеліктері бар. Асқардың орыс әндеріне еліктей жазған қазақша ән текстерінде ақын жасөспірімдерді саналы тәрбиеге баули отырып ынталандыра білді. Бұны «Білім» деген өлеңінен байқаймыз. Өлең бала танымына сай нақты, әрі әсерлі де мәнді жазылған. тәрбие мәселесін көтеріп, жас өскелең ұрпақты білім шыңына бастап, сол арқылы жастарды қай кезеңде болмасын, білім нәрімен сусындауға шақырады. Жай ғана шақырып қоймай, сол арқылы өзі жол бастап, өсіп келе жатқан ұрпақ көзін ашады, қараңғы бұғаудан алып шығып, жарқын күнге, шуақты өмірге жол бастайды. Бұл орайда Ш. Ахметов: «Балаларға арналған Асқар поэзиясының көркемдік нәрі көбінесе орыс әндеріне текст сияқты үлгісінде жазылады; өйткені әнмен қосып айтуға арнала жазылған өлең көбіне жасөспірімдердің санасына тезірек әсер беріп, олардың айтып жүруіне қолайлы жағдай тудырады. Әнмен қосып айтуға арнала жазылған өлеңдермен-ақ Асқар жасөспірімдерге өмірде бастан кешірген тарихи оқиғаларды түсіндіреді. Бұдан шығатын қорытынды: Асқар өлеңдерінде сезім дүниесінің жарқындылығы, ойының мазмұндылығы білінеді. Ол жастарды біріншіден, тәрбиелесе, екінші қырынан өмір жолына көш бастап, қол сілтейді» [1.63 б.], - дейді.


Қазақ балалар әдебиетінің қалыптасуына зор үлес қосқан ақынның бірі – Шолпан Иманбаева. Ол балаларға арнап оқу-білім тақырыбына «Жеттік міне» (1922), «Пионерге» (1925), «Біздің Сәуле» (1925), «Жас қайратқа және жастарға», «Жас ініме» (1925) т.б. өлеңдерін жазды. Балалар коммунасында жұмыс істеп әдебиетке қабілеті бар балаларды әдебиет, көркемөнер үйірмесіне тартып мектептегі қабырға газетін шығарады. Өлеңдерін халық әндерінің ырғағы мен әуеніне салып жазып, балаларға үйретеді. Шолпанның «Жолаушы мен жұмыскер» (1923) өлеңі диалогқа құрылған. Жұмысшы табының жеңісін баяндайтын бұл өлеңді балалар сауық кештерде сахнада рөлдерге бөліп оқып, қызыға орындаған.
Жолаушы: Шаттық, қызық мынау сайран кімдікі? Гүл, бәйшешек жасыл-ала жердікі Жан-жағынан бойын безеп ырғалған , Жөн сұраймын, бұл қызыл ту кімдікі?
Жұмыскер: Үш жүз жылдай тұрдым тордың ішінде, Енді сендім жұмыр білек күшіме. Жайқалтқан мен, жаңғыртқан мен жер-көкті, Бұл қызыл ту желбіреген менікі [85.163 б.]
Шолпан өлеңдерінің тақырыптары жастарды оқуға, өнер-білімге шақыру, жаңа заман шырайы, халықтың жаңа заман орнатудағы табыстары, әйел теңсіздігі., т.б. «Шолпан бойшаң, кесек шығармалар жазбағанымен, шағын лирикалық өлеңдері арқылы қазақ кеңес поэзиясының алғашқы кезеңіне көп үлес қосып, оны тақырып жағынан байытты» дейді М.Сәрсекеев.
Үлгілі сөз, Бола ма кез, Оқып, біліп жазбаса. Алтын мен жез Алынбас тез, Еңбектеніп қазбаса[85.166 б.].
Шолпанның бұл өлеңіне қарап Абай үлгісін тәп-тәуір меңгергенін көреміз. Балаларға «Оқу – инемен құдық қазғандай», «Еңбек түбі – зейнет» дегенді түсіндіреді. Бұл туралы Ә.Қоңыратбаев: «Бұл – силлогизмге құрылған «уағыз, үгіт» қана емес, Шолпан поэзиясының «өмір кітабына» айналған өткірлігінің, оның жауынгерлік рухының шыншылдығы мен өмір сүйгіштігінің белгісі. Сол үшін тәрбиелік, көркемдік мәні әлі де болса зор» [85.166 б.], - деуі өте лайықты баға.
Балалар лирикасында жақсы, зейінді, жаңа өкіметті құрмет тұтқан жас пен ескі түсініктен арылмаған қазақты қатар қою арқылы идеологияға зор көңіл бөлген кеңес өкіметі балғын оқырмандарды тәрбиелеудің ең тиімді жолын тапты. Бұл туралы Тұрсынбек Кәкішев: «Октябрьге дейінгі әдеби шығармалар өнер-білімнің жалпы пайдалылығы мен қадір-қасиетін баяндап келсе, енді нақтылай айту, өзің ғана оқып қоймай, өзгеге де үлгі бол, өрелі өмірдің белсеңді асуларына қол сермеуің қажет деген ой салалана тармақтанып, жалпы халық ағарту мәселесіне ұласып, практикалық шаралармен жүзеге асып жатты» [28, 26 б.], - дейді. Ғалымның бұл пікірі Ілиястың «Баласынан анасына хат», «Жалпы жасқа» (1924), «Саналы жастарға», «Жас бұлбұлдарға» (1921), «Жас жалшыға» (1923), «Күн шыққанда» (1926) т.б., Сәкеннің « Совпарттағы қарындасыма», «Анаға хат», «Жазғы далада», «Күздігүні далада» т.б. өлеңдерінде, Жүсіпбектің «Ұранында» т.б. ақындар жырларында көрікті де көркем баяндалған. Мұндай өлең-жырды жаттап өскен жас буын, өнерлі, білімді буын, қара бастың қамы үшін емес, ел қамы, халықтың қамқоршысы болу үшін жұмсалуы керектігін түйсінеді. Мұндай тәрбиедегі бала «өз отанының уақытша емес, өмірлік даңқы үшін және адамзат баласының игілігі үшін қолдан келгенді аянбау – бұдан да ардақты, қасиетті тілек бар ма?» [87,46 б. ] - деген қасиетті меңгерері хақ. 1921 жылы Қазақ АССР үкіметі сауатсыздықты жою жөнінде Қазақтың Орталық Төтенше комиссиясын құрды. Бұл Комиссия барлық ұлттың, қалың қазақ бұқарасын оқыту үшін барлық партиялық, қоғамдық күштері мен ерікті қоғамдардың қызметін ұштастырады» [88,43б.]. Мұндағы «ерікті қоғамдарға» қалам қайраткерлері жатса керек. XX ғасырдың 30-жылдарына дейінгі қазақ балалар әдебиеті оптимистік лириканы жасады. Кеңестік идеология мен партия талаптарына дамыған поэзия «кеңестік» жастарды өсіріп, тәрбиелеуге толығымен кірісті, дүниеге «қызыл әскер» әкелмекке атсалысты. Кеңестік идеология балалар әдебиетіне «басшылық» жасап, тақырыбына, идеясына екпін түсіріп, ал біраз шығармалардағы кейіпкерлер – эстетикалық, философиялық астары идеологиялық талап бойынша жасалды. Елдің, халықтың болашағы, болашақтағы дүниенің қожасы балалар болғандықтан, балалар әдебиеті жас жеткіншектердің тұлға боп қалыптасуындағы оқу-білімге деген ізденістің, адмгершілік мұрат пен еңбектің, қоғам мен жеке адамның ықпалы зор екенін ескере отырып, өз ұрпағын оптимистік рухпен, интернационалистік таныммен тәрбиелеуге кірісті. Баланы тәрбиелеу, өсіру, олардың алдына сан алуан тілек-мақсаттар қою, олардың алдағы өміріндегі іс-әрекеттері тек қана халық игілігіне жұмсалуға тиіс екені, сол игі бағытта тәрбиелеп өсіруге ақын-жазушылар, бүкіл саясат пен әлеумет барлық күш-қуатын сарп еткені белгілі. Сол себепті балалар поэзиясы да балаларға рухани азық боларлық, қанатына су бүркіп, аспандатып отыратын, өмірді үйрететін, еңбек майданына белсене араласып кетуге жұмылдыратын, болашағын, келешегін танытатын өмір оқулығы дәрежесіне жетті. Қандай құбылысты болсын тарихи жолмен, өзге де құбылыстармен байланыстыра қарастыру керек. Көркем сөз шеберлерінің туындыларын зерттегенде, бағалағанда, оны түсіндіріп талдағанда, сол шығармаға арқау болған объектіні сол кезеңдегі әлеуметтік өмірмен байланыстырмай, жалаң, оқшау алып қарау оған объективті баға беруге жағдай жасай алмайды. Мысалы, XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы балалар поэзиясында «мінсіз бала» бейнесі көбейді, «мәнсіз адамды» әжуалау дамыды. Зар заман ақындары елдікті сақтауды, бірлікпен өмір сүруді, азғындық пен азғырудан, арбау мен алданудан сақтануды тек өсиет ретінде жырлады. Ағартушы-демократ ақындар (Ыбырай, Абай, Мағжан) «өнер-білім бар жұрттарда» болған өркениетті жетістікті дәріптесе, кеңес өкіметі әдебиетіндегі ақындар «мәнсіз адам » (Сәкен) қандай екенін ашық айтып, «мінсіз баланы» бар сыр-сипатын, қадір-қасиетін, адамгершілік мұратын жан-жақты жырлап, өсиет ретінен гөрі шақыру, үндеу, ұрандау сарынымен білім-өнерге, тәлім-тәрбиеге, еңбек пен бірлік, әділдік пен теңдікке баулып өсірді. Бұл кездегі поэзия өкіметті, ондағы қараңғы қазақ тұрмысын, шаруа баласын не жетімді, оқуды, еңбекті, еңбек арқылы жетілген жас кейіпкер мен «қызыл әскерді», жалпы жас өкімет орнатқан бүкіл жаңалықты өзара сабақтастырып, тізбектей жырлады. Көргені мен білгені аз, өмір тәжірибесі жоқ жасөспірімдердің ақыл-есінің тез жетілуіне, жәрдемдесетін шығармаларды жақсы өмір сүрудің ең жақсы жолдары жастар санасына жеткізе айтады. Сәкеннің «Лезде-ақ артта қалады» өлеңіндегі кейіпкерден де «мінсіз бала» сипатын табамыз. Ол қырға шығып, сайда қалған ауылда қойын баға жүріп, алыстағы қаладан хабар білсе, «бақытқа» тез жететіндей сезінеді. «Анаға жауап » өлеңіндегі ауылдан келіп қалада «өткелден» өткен баласын сағынған анасының хатына шыдамдылық танытып, көздеген асудан енді өтіп, бел ортада қалдырсам, «бетке өлім» деп басшылық рұқсат етсе, елге барып келерін айтқан жас азамат; Ілиястың « Ел тілегі бойынша» әскерге, «жалаңдаған жаулардан» елін құтқару үшін жауға «Аттанған азаматы»; «Баласынан анасына хатындағы»:
Оқыдым оқу құралын.
Айырдым есеп анығын.
Таңбасын танып, хат сызып,
Қағаздан қарап таныдым.
Пионер болдым жазылдым,
Мойнымда қызыл мойынтақ.
Бізде жиын, жиналыс,
Жақында ойын қойылмақ [64, 244 б. ] , -

дей келе ауылда қалған анасына «Ленин деген басшының» қамқорлығын мақтап жеткізген анасының «құлыны»; «Қызыл әскер» өлеңіндегі, «Еңбекші елдің қорғаны» болуға мылтығы оқтаулы, қайраты сақтаулы жастар т.б. бәрі-бәрі «мінсіз бала» бейнесінде сомдалған. Поэзияда Чемберленге қастық, қызыл әскерді мақтан тұтып, оған сай болу, сонымен қоса «Көтер», «Лап десе, тап бол», «Оқ сайла, қылыш қайра», «Дайын бол» мен «дайынбыз», «қарулан», «атта, алға бас», «қатар түзе, сап жаса », «тарт, бөгелме», «көтермеле», «өрмеле», «жасыма», «көтеріл, көрін, көзіңді аш», «үйрен», «оқы», «оян», «ойлан», «ұрандас», т.б. сол секілді «ұландар ұраны» асқақ әуенмен шырқалды. Мысалы, Ілиястың мына бір жалғыз өлеңінің өзінде отыздан астам бұйрықты ұран көркем тізбектеліп, тамаша құрылған.


Әйел, еркек, жалпы жас!
Көтеріл, көрін көзіңді аш!
Жаңбырлы жазғы жапырақтай,
Көтеріл, көгер, гүлің шаш [64, 80 б.].
Осылай басталатын бұл өлеңнің тақырыбы «Жалпы жасқа» деп арнайы аталғандықтан болар, осы өлеңде атап көрсетілген «Әйел, еркек, жалпы жасқа», «қамдан, жатпа, қауымдас», «оян, ойлан, ұрандас», «қатарлас, теңел, құрал жас», «оқы, орталас, ұйымдас» секілді тағы біраз ұрандар тасталады. Кез келген көркем шығарма белгілі бір дәрежеде эмоцияға негізделетіндіктен болар, «Жастар ұраны» өлеңінде «Біз жастар заманның Иесі, қожасы», «Біз жастар заманының еңбекшіл еліміз» деген оптимистік тәрбиедегі жолдармен қоса
Кел, жастар, алға ұмтыл,
Ел үшін еңбек қыл, -

деген ұран қатарласа орын тапқан. Ақынның поэзиясында, сонымен қатар, жастар «ұйымшыл», «ұраншыл», «мейірімшіл», «қоғамшыл», «ортақшыл», «Лениншіл» және «Лениннің еккен жемісі» бейнесінде көп суреттелген.


1985 жылы жарық көрген Қазақ совет әдебиетінде де ақынның оқу-ағарту тақырыбындағы өлеңдеріне тоқталғанда: «Бұл тақырып Ілияс Жансүгіровтің алғашқы кезеңдегі, яғни жиырмасыншы жылдардың бас кезіндегі өлеңдерінде ерекше орын алады. Мұның өзі бір жағынан, сол кезеңдегі заман талабына, уақыт ұранына байланысты да еді. Саяси бостандыққа қолы жеткен, ғасырлар бойғы билеп-төстеушілерге қарсы күресте шыныққан еңбекші халықты рухани жағынан түлетіп өсіру, оны өнер-білімге ұмтылдыру міндеті қалам қайраткерлеріне де көп міндет жүктеді. Ақындар осы тақырыптас өлеңдерін, әсіресе, жас буынға көп арнады» [ 89, 112 б], - деп әділ пайымдаған-ды. Жүсіпбектің «Жас көсем мен Октябрь», «Октябрьдің ұлдары», «Жас көсемдер маршы» сияқты өлеңдері жасөспірімдерді отансүйгіштікке баули отырып, адал іске, әділетті болуға үндеді. 1924 жылы «Жас қазақ» журналында жарияланған «Жас көсемдер маршы» орыстың «Марш юных пионеров» деген жастар әнінің аудармасы. Осы өлеңіне берілген түсініктемесінде Жүсіпбек: «Дәйім әзір бол!» деген сөйлемдер дыбыс жағынан шұбалаңқы, күшті тәрізді көрінбеді. Сондықтан «Лап десе, тап бол!» деп қазақ ұғымында жігерлі, күшті деп алдым. Қай жерде дәл мәнісінен тайғаным да бар. «Еңбек, төбелес» ұранына «Қауіп-қатер» деген сықылды. Өйткені «Талас-тартыс» артында таяқ тұр. Қайталама болмасын дедім. Бір істе алғашқы жол салушыны «пионер» дейді. Ол – көсем» деп түсініктеме беріп, өлеңнің мазмұны мен мәніне ерекше көңіл бөледі.
Жасап өсеміз, туған бауыр көп,
Қауіп-қатерге дәйім әзір боп. Тартыс, еңбекшіл қайтпас қыраны, Лап десе, тап бол! - жастар ұраны[66, 89б. ]. .

С.Қирабаев: «Жүсіпбектің ақындық творчествосында дүние жүзі пролетарларының гимні «Еңбекшілдер ұраны» («Интернационал») мен азамат соғысы кезінде туған «Жас әскер» («Молодая гвардия»), «Жас көсемдер маршы» («Марш юных пионеров») өлеңдерінің аудармасы айрықша маңызды. Бұлар кезінде халық арасына кең тарап, әнге қосып айтылған. «Интернационал» көп жылдар Жүсіпбек аударған нұсқа бойынша айтылып жүрді және революцияшыл ұрпақтың санасына кірді. Одан кейін де өлеңнің талай аудармалары жасалды. Бірақ солардың бірде-бірі Жүсіпбек нұсқасының көркемдік дәрежесіне көтеріле алмады» [91, 96 б.] деп оң бағасын береді. Өтебайдың «Интернатта көз аштым» (1925), «Қызыл шоқпар» (1926), «Жастар өлеңі» (1925) өлеңі де сол кезең балалары мен пионерлеріне қатты ұнаған. Жастарға қайрат, жігер берген, ой-санасына ерекше әсер еткен мұндай өлеңдердің өз кезінде тәрбиелік мәні күшті болды. Әнге қосып айтуға арналған бұл өлеңдерінің «музыкасы да тым көңілді, эстетикалық сезімді билейтін әсерлі болатын» [73, 437б. ].




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет