СӨЖ №1 орындаған: Көшен Қ. С. Нұр-Сұлтан,2019 Тапсырма



Дата17.03.2020
өлшемі31,13 Kb.
#60235
Байланысты:
СӨЖ №1

Еуразия гуманитарлық институты

Педагогика кафедрасы

Мектепке дейінгі педагогика пәні


СӨЖ №1


орындаған: Көшен Қ.С.

Нұр-Сұлтан,2019
Тапсырма:

1.Мектепке дейінгі педагогика ғылымының даму кезеңдері

2.Еліміздегі мектепке дейінгі педагогика ғылымының дамуына үлес қосқан ғалымдар.


1.Мектепке дейінгі педагогика ғылымының даму кезеңдері

Мектепке дейінгі педагогика –баланы туғаннан бастап мектепке барғанға дейінгі тәрбиелеу мен дамыту туралы ғылым.

Мектепке дейінгі педагогика ғылым ретінде мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеудің мағыналық қасиеттері мен заңдылықтарын ашуға бағытталған.

Мектепке дейінгі педагогика қазіргі педагогиканың мектеп алдындағы жастағы балалардың дамуын, тәрбиесін, олардың қарапайым оқыту түрлерін зерттейтін саласы. Жалпы педагогиканың методологиясы мен категориялық аппаратына негізделеді.

Мектепке дейінгі педагогиканың қарастыратын пәні мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу, оқыту және білім беру процестерінің мағыналық қасиеттері мен заңдылықтары болып табылады.

Мектепке дейінгі педагогика ғылым ретінде негізінен бес функция атқарады. Мектепке дейінгі педагогиканың ғылым ретіндегі функциялары


1. Суреттеушілік - зерттеудің эмпирикалық (тәжірибелік, бастапқы) деңгейіне сәйкес келеді. Педагогикалық фактілер мен құбылыстардың жинағын, олардың классификациясын қамтиды. 2. Түсіндірушілік (негізгі) - педагогикалық құбылыстардың мәнін ашуға бағытталған, яғни олардың шығуын, құрылымын, берілген құбылыстың даму заңдылықтарын қарастырады. Функция зерттеудің теориялық деңгейіне сәйкес болады. 3. Жобалаушы-құраушы - педагогикалық әрекеттің нақты технологиясын жасау, білім беру процесіндегі педагогикалық қарымқатынастың жобаларын, бағдарламаларын, түрлері мен әдістерін жасауды білдіреді. 4. Прогностикалық - оқыту мен тәрбиелеудің заңдылықтарын танып білу негізінде болашақта педагогикалық жүйенің дамуын болжауды жүзеге асырады. 5. Дүниетанымдық - қоғамдық ортада педагогикалық сананы белсенді түрде қалыптастыруға бағытталған.

Мектепке дейінгі педагогика педагогикалық практикаға бағыттаушы рөл атқарады. Мектепке дейінгі педагогика балабақшаның, отбасының тәрбиелік және оқыту өзара ықпалдастығының бірлігін, мектепке дейінгі мекеме мен мектеп жұмысының сабақтастығын қамтамасыз етеді. Мектепке дейінгі педагогика мектепке дейінгі білім берудің мазмұнын, әдістерін, құралын және қажетті нәтижені негіздейді. Мектепке дейінгі педагогиканың ғылым ретіндегі міндеттері мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметінің сұраныстарымен анықталады. Сонымен қатар, ғылымның міндеті бар тәжірибені біліп түсіндіріп қана қоймай, практиканың ары қарай дамуын бағдарлау, жаңа перспективалық педагогикалық технологияларды жасау, нақты педагогикалық практиканы жетілдіру міндеттерін де атқарады. Мектепке дейінгі педагогиканың ғылым ретіндегі міндеттері:


1. Мектепке дейінгі білім беру жағдайларына лайықтап тәрбиелеу мен оқытудың жалпы заңдылықтарын бейімдеу және негіздеу (мектепке дейінгі жастағы балаларға лайық тәрбиелеу мен оқытудың заңдылықтарының әсерінің ерекшеліктерін зерттеу). 2. Мектепке дейін білім берудің жаңа тұжырымдамалық әдістерін негіздеу, олардың нақты іс жүзіне асырылу әдістерін қарастыру («балабақша - мектеп» кешендерінің, мектепке дейінгі жеке мекемелердің, балалардың мектепте қысқа мерзімде болу топтарының (мектеп жанындағы «мини-орталықтар») оларды теориялық тұрғыдан негіздеуді, олардың қызметінің тиімді болуының тетіктері мен шарттарын жасауды талап етеді). 3. Мектепке дейін білім берудің мемлекеттік стандартын және мектепке дейінгі мекемеде оқыту мен тәрбиелеудің бағдарламаларын жасау. 4. Мектепке дейінгі мекемелерде балалар әрекетінің дамытушы түрлерін психологиялық-педагогикалық тұрғыда негіздеу. Оларды ұйымдастырудың мүмкіндіктері мен құралдарын сипаттау (мектепке дейінгі мекемеде баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін олармен қандай жұмыстар жүргізу керек). 5. Білім беру мекемесі жағдайында мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеудің, оқытудың, дамытудың педагогикалық технологияларын жасау (педагогикалық технологиялардың компоненттерін, оның нәтижелілік көрсеткіштерін, іс-қимыл тетіктерін, өзара ықпал нұсқаларын негіздеу). 6. Мектепке дейін тұлғалық-бағдарлық білім беруді жүзеге асырудың мазмұнын, түрлерін, әдістерін, педагогикалық шарттарын айқындау, педагогикалық технологияны дараландырудың жолдарын іздестіру. 7. Озат педагогикалық тәжірибені үйрену, қорыту, теориялық тұрғыда негіздеу. 8. Мектепке дейінгі мекемеде білім беру процесінің барысын және нәтижелерін бағалау әдістерін құру. 9. Білім берудің әртүрлі бағдарламаларын жүзеге асыру жағдайында педагогтың шығармашылық қызметінің мүмкіндіктерін анықтау. Педагогикалық импровизацияның принциптері мен шарттарын анықтау. 10. Заманауи педагог-кәсіби маманның моделін құру, оны негіздеу, мектепке дейінгі мекемедегі педагогикалық қызметтің тиімділігін бағалаудың критерийлері мен жетістікке жету жолдарын айқындау. Айқындалған міндеттерді жалғастыру, ірілендіру немесе, керісінше, бөлшектеп нақтылау. Әдебиетті талдау негізінде біз ғылымның алдында тұрған бірқатар негізгі міндеттерді айқындадық. Тұрақты атқарылатын міндеттер тобымен бірге мектепке дейін білім беру практикасының бір мезгілдік қажеттілігімен анықталатын міндеттер де болады. Мысалы, экологиялық тоқырау мектеп жасына дейінгі балаларды экологиялық тәрбиелеу бағдарламаларын, оларға әдістемелік ұсыныстар жасау қажеттілігіне әкелді; мектептердің жанында мини-орталықтар құру олардың қызметін теориялық және әдістемелік тұрғыдан негіздеу қажеттілігін тудырды. Егер біздің жоғарыда айқындаған міндеттеріміз жүйелі түрде жүзеге асырылып отыратын болса, мұндай міндеттердің аясы үнемі өзгеріп отырады. Мектепке дейінгі педагогика ғылым ретінде өзінің даму жолында ғалым зерттеушілердің назарын аударатындай бірқатар проблемаларға жолығады. Бұл практика мен өзара ықпалдастық, мектеп жасына дейінгі балаларды оқытудың, тәрбиелеудің және дамытудың жаңа теориялары мен әдістемесін жасау, жастары әртүрлі топтардағы бұл процестердің ерекшеліктерін талдау; мектепке дейінгі мекеме жағдайында мектеп жасына дейінгі балалар мен педагогтардың психикалық және физикалық жағдайын сақтап, қолдау көрсету проблемаларын шешу; топтарда жайлы эмоционалдық ахуал болу тәсілдерін іздестіру; дамытушы орта ұйымдастыру проблемаларын шешу; мектепке дейін білім беруді дараландырудың теориясы мен технологиясын және т.б. жасау. Туындаған проблеманы шешу жолдарын теориялық және практикалық тұрғыда негіздеу мектепке дейінгі педагогиканың тұрақты міндеттер аясын құрайды.

Мектепке дейінгі педагогика – бала өмірінің алғашқы күнінен бастап (туғаннан мектепке барғанға дейін) оны тәрбиелеу, оқыту және білім беру туралы ғылым. Педагогика ғылымдарының басты саласы ретінде мектепке дейінгі педагогиканың негізін салушы Я.А. Коменский. Оның «Ұлы дидактика» атты кітабында алғашқы рет мектепке дейінгі тәрбие жүйесі берілген. Я.А. Коменский теориясының коптеген қағидалары заманауи педагогика үшін де өзекті. Заманауи мектепке дейінгі педагогика, біріншіден, тәрбиелеу және оқыту процесін, оның мақсаттарын, міндеттерін, мазмұнын, ұйымдастыру түрлерін, оны жүзеге асырудың әдістері мен тәсілдерін, құралдарын; екіншіден, бұл процестің баланың дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына әсерін қарастырады. Мектепке дейінгі педагогика қолданбалы функция да атқарады – тәрбиелеу мен оқытудың жаңа, неғұрлым жетілдірілген бағдарламалары мен әдістерін жасаумен шұғылданады. Әлеуметтік ғылым бола отырып, жас ұрпаққа білім беру саласында заманауи қоғам талаптарымен тығыз байланыста болады. Мектепке дейінгі педагогика білім беру жүйесін дамыту тенденциялары мен перспективаларын, тәрбиелеуді ұйымдастыруды қарастыратындықтан оның прогностикалық рөлі басым екендігі күмән тудырмайды. Ғылыми болжам негізінде тәрбиелеудің жаңа тұжырымдамалары, білім стандарттары жасалады; балаларды жанұя және мектепке дейінгі мекеме жағдайында тәрбиелеудің теориялық негіздері мен технологиялары қарастырылады, түрлі типтегі, оның ішінде балама типтегі мектепке дейінгі мекемелердегі оқу процесінің ерекшеліктері зерттеледі



2.Еліміздегі мектепке дейінгі педагогика ғылымының дамуына үлес қосқан ғалымдар.

Мектепке дейінгі педагогиканың тарихи –педагогикалық негіздерінің түп тамыры тереңде жатыр. Халықтық педагогика мен әртүрлі елдер мен әртүрлі дәуірдегі философтар мен педагогтардың прогрессивтік идеялары мектепке дейінгі педагогиканың ғылым ретіндегі дамуының бастауы болды. Тарихтан негіз алған мектепке дейінгі кезеңде балаларды оқыту мен тәрбиелеудің гуманистік идеялары, балалардың құқығын қорғау жайлы ойлар, дара дамыту, тұлғаны сыйлау, мектепке дейінгі жастағы әрбір баланың әлеуетін дамыту қажеттілігі мектепке дейінгі білім берудің заманауи теориясының негізіне жатқызылады. Мектепке дейінгі тәрбиені дамытуда Н.К.Крупская, Е.И.Тихеева, А.С.Макаренко, Е.А.Флерина, Л.К.Шлегер, В.И.Логинова, П.Г.Саморукова үлкен рөл атқарады. Қазақстанда Н.Құлжанованың қызметін атап көрсетуге болады.



Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында (1920-1930ж.ж) Қазақстанда мектепке дейінгі мекемелер (балабақша, балалар яслилерін) ашу аса күрделі де қиын мәселе болатын. Оның себебі: Біріншіден, мектепке дейінгі мекемелерді ашу үшін орасан мол қаржы керек еді (арнаулы үй, жиһаз, оқу құрал-жабдығы, ыдыс-аяқ, ойыншықтар, т.б. сатып алу қажет). Екіншіден, балаларға арналған жиһаз, ойыншықтар шығаратын өндіріс орындары жоқ болатын. Сондықтан, оларды шет елдерден қымбатқа сатып алуға тура келді. Үшіншіден, мектепке дейінгі мекемелерде қызмет ететін маман кадрлар тапшы-тын. Оларды даярлайтын арнаулы оқу орындары болмады. Төртіншіден, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлеріне қажетті оқу-әдістемелік құралдар жетпейтін.
Міне, осы проблемаларды шешу ісімен алғашқы Кеңес үкіметінің басшыларымен бірлесе отырып А.Оразбаева, Н.Құлжанова, Ш.Шонанова, С.Есова сияқты көрнекті педагог қоғам қайраткерлері айналысты. Олар бұл істегі батыс елдерінің педагог қайраткерлері К.Цеткина, Н.К.Крупская, Е.Тасова, т.б. іс-тәжірибелерінен үйренді. Солардың педагогикалық еңбектерін қазақ тіліне аударды. Сөйтіп, өздері де мектепке дейінгі тәрбиемен байланысты төл оқу-әдістемелік құралдар жазу, кадрлар даярлау істерімен айналысты. Мәселен, Ш.Шонанова 1929 жылы «Жаңа мектеп» журналына екі еңбегін ұсынды. Оның бірі «Мектепке дейінгі тәрбие жұмысының болашақ проблемасы», екіншісі «Балалар алаңын құру мәселесі» деп аталды. Ш.Шонанова (1903-1938) 1922 жылы ҚазАССР-і Халық ағарту комиссариаты жанындағы мектепке дейінгі тәрбие ісінің әдіскері, ғылыми хатшысы, инспекторы қызметтерін атқара жүріп, республиканың әр аймақтарында мектепке дейінгі мекемелерді ашу ісімен де айналысты. Ол екі рет медицина институтына (Орта Азия мемлекеттік университетінің биология факультетіне) түсіп, шыққан табына байланысты оқудан шығарылған болатын. 1937 жылы жұбайы, көрнекті лингвист, тарихшы ғалым Телжан Шонановпен бірге тұтқындалып, халық жаулары ретінде 1938 жылы ату жазасына кесілген.
Осынау қазақтың педагог ғалым қыздарының алдыңғы легінде жан аямай еңбек еткен педагог ғалым Нәзипа Құлжанова (1887 жыл 26-ы шілде-1934 жыл наурыз) Жангелді ауданында Ы.Алтынсарин ашқан мектепте оқып, кейін Орынбордағы мұғалімдер семинариясын 1914 жылы үздік бағамен бітіріп шыққан. Ол қазақ әйелдерінің арасынан тұңғыш әлеуметтік іске белсене араласқан, әрі мұғалім, әрі педагог- ғалым, әрі журналист болды. Ол 1902 жылы Қостанайдағы Қыздар гимназиясын оқып бітіріп, Торғайдағы қыздар училишесінде, кейін (1904-1919жж) Семейдегі мұғалімдер семинариясында мұғалімдік қызмет атқарады. Нәзипа Құлжанова Орынбордағы мұғалімдер семинариясында (1907-1914) оқып жүрген кезінде өзінің идеялық ұстазы Ахмет Байтұрсынов Назипаға өлеңмен хат жолдап, оқу инемен құдық қазғандай ауыр іс. Оған асқан төзімділік, қажымас қайрат қажет.

Келешек ел үмітін ақтап шығар алғыр, турашыл, өр мінезді азамат бол дей келіп,
Су да болар ол жолда,

тау да болар,


Жаудың оғы – жайған тор, ау да болар.
Мынау пайда, мынау зиян демек,
Ол ерліктің ісі емес, сауда болар.
Шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар,
Шалдыққанға мұқалмас ерлер де бар.
Қайраттанып, қажымай тырмыссаң да,
Шыққызбайтын жолыңда өрлер де бар, – деп, сол кездегі саусақпен санарлық бірді-екілі талапты қазақ қыздарының білім жолындағы қиын кедергілерді жеңіп шығуына ағалық ақыл-кеңесін береді.
Нәзипа Құлжанова 1914-1920 жылдары Семейдегі мұғалімдер семинария­сында оқытушы, 1920-1922 жылдары Ақмолада оқытушы,Орынбордағы «Еңбекші қазақ» газетінің редакция алқасының мүшесі және белсенді авторларының бірі, 1923-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» (қазіргі «Ақиқат») журналында, ал 1925-1929 жылдарда «Әйел теңдігі» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналдарында қыз­мет атқарған. Ағартушы ұстаз, қоғам қайраткері Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова 1934 жылы Ақмолада дүниеден озды. Нәзипа Құлжанова 1925-1929 жылдары М.Горькийдің, В.Г.Короленконың, А.Куприннің, В.В.Лавренконың, Н.К.Крупскаяның еңбектерін қазақ тіліне аударды. 1919 жылы Семей қаласында Ж.Аймауытов, М.Әуезовтермен бірге Абай мұраларын насихаттаумен айналысып, Семейде Абайдың қайтыс болғанына 15 жыл толуына байланысты Абайды еске алуға арналған әдеби кеш өткізіп, Абайдың ақындық шығармашылығы мен рухани мұрасы турасында екі тілде (орысша, қазақша) ғылыми баяндама жасады. Осы кеште М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді қойылады. Артынан концерт болады. Оған өнер саңлақтары И.Байзақов, Ә.Қашаубаев, Абайдың әнші шәкірті Әлмағамбет, Қ.Сәтбаев, Ж.Аймауытовтар қатынасып, Абай өлеңдерін оқып, Абай әндерін орын­даған. Нәзипа Сегізбайқызы Ахмет Байтұрсыновтың ұстаздық үлгісінен нәр алған адам. Ол өзі де педагогикалық екі еңбек жазды. Оның бірі «Мектептен бұрынғы тәрбие» (1923) деп аталса, екіншісі «Ана мен бала» (1925) деп аталады. Н.Құлжанованың «Мектептен бұрынғы тәрбие» атты еңбегіне Ахмет Байтұрсынов кіріспе сөз жазып, бұл ең­бекке «Қазақстан топырағындағы жаңа тақырыпқа арналған тың туынды» деп жоғары баға береді.
Нәзипа Құлжанова мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің жұмыс мазмұнын, атқаратын қызметін айта келіп, баланы тәрбиелеу, өсірудегі ұлттық ойындардың ерекшеліктеріне тоқталады. Үш пен жеті жас аралығындағы балалардың физиологиялық ерекшеліктерін – бала әлемін сөз етеді. Әсіресе, жас баланың айналаны білуге деген құмарлығын, сөйлеуге, сұрақтар беруге бейім болатынын, сол арқылы ойы өсіп, жетілетінін айта келе, баланың ойын дамыту үшін олардың сұрақтарын жауапсыз қалдыруға болмайды. Қазақтар баламен сөйлесуге жете мән бермейді. Сондықтан, олардың сөйлеу мәдениеті толыққанды жетілмейді дейді. Баланы табиғат аясында тәрбиелеудің, табиғат құбылыстары жайында үнемі әңгіме жүргізудің тағылымдық мәніне терең тоқталады. Ол баланы жас кезінен бастап табиғат аясында тәрбиелеудің эстетикалық әсерін айта келіп, «Бала даланың кеңдігінде шолпылдатып суға түсіп, жүгіріп құспен бірге сайрап, көбелек қуып, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқамен бірге көкорай шалғын тоғай арасында сайрандай жүріп, көңілі де, жан-тәні де бірдей өсіп, өркендемек» дегенді айтады. Автор осы пікірін әрмен қарай жалғастыра келіп: «Әрбір құлықты, жақсы адам мінезінің түпкі негізінде болатын еңбек ету, көңіл көтеру және денесі еліктегіш, талшыбықтай икемді, нәзік сезімді болып келеді» деп мектеп жасына дейінгі балалардың тыныс-тіршілігін сөз етеді. Нәзипа Құлжанова баланы үйде, балабақшада еңбекке бейімдей тәрбиелеудің маңызына тоқталады. Ол үшін әр балабақша жанында биологиялық бұрыш, тәжірибе участогы болуы керек. Бала торғайды, қоянды, тотықұсты, кірпікшешенді, балықты өсіруді білсін, аулаға көкөніс, гүл отырғызып, су құюды үйренсін, сазбалшықтан ойыншықтар жасап үйренсін дейді. Нәзипа Құлжанова баланың санасын оятып, қиялын өсірудегі ойыншықтардың тәрбиелік рөліне ерекше мән береді. «Ойын баланың қиялын өсіреді. Ойнай білу дегеніміз – ойлай білуге үйрету» дейді.
Нәзипа Құлжанова мектепке дейінгі тәр­биенің басты бағыттарын «Тән саулығы», «Баланың сырт сезімдерінің дамуы», «Заттың түр-түсін ажыратуы», «Бала тілінің шеберлігі», «Баланы еңбекке дағдыландыру», «Баланың әдемілік сезімін ояту», «Бала ойындары мен ойыншығы», «Баланы көпшіл болуға баулу» деп жіктей келіп, осы мәселелердің әрқайсысының мән-мағынасын ашып талдайды. Нәзипа Құлжанованың мектепке дейінгі тәрбие туралы жазған еңбегінің құндылығы – біріншіден, оның Қазақстан топырағындағы тұңғыш мектепке дейінгі педагогика ғылымының негізін салушы педагог-ғалым болуымен ерекшеленсе, екіншіден, Нәзипа Құлжанова мектепке дейінгі педагогиканы биология, медицина ғылымдарының жетістіктерімен байланыстыра қарастырады, үшіншіден, ол қазақ этнопедагогикасын әлем елдерінің этнопедагогикасымен үндестіре зерттеді, төртіншіден, Нәзипа Құлжановагың еңбектерінде Қазан төңкерісінің қарсаңындағы көшпелі қазақ елінің тұрмысы, сол уақыттағы ауыл мен қала өмірінің шындығынан алынған нақты көріністер айқын бедерленген. Ана мен бала тәрбиесі, әсіресе баланы мектепке дайындау жайында әдістемелік құралдар ана тілімізде күні бүгінге дейін тапшылық етуде.

Нәзипа Құлжанованың шығармашылығының ең жемісті салаларының бірі –тәрбие тақырыбындағы еңбектері. Осы уақытқа дейінгі еңбектерді саралай келіп, негізделген теориядан қазіргі заманғы ғылым бастау алады. Мектепке дейінгі педагогиканың жаңа бағыттары дамып келеді, мектепке дейінгі білім берудің жаңа теориясы мен технологиясы жасалды.

Әдебиеттер

1.Жұмабекова Ф.Н. Мектепке дейінгі педагогика. Оқу құралы. Астана: «Фолиант» 2014ж

2.Аралбаева Р.Қ. Мектепке дейінгі педагогика. Алматы, 2012 ж.

3.Серғазы Қалиұлы, профессор «Ақиқат» журналынан алынған сөзсұхбатынан үзінді.




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет