«Дүниетану» оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартына сәйкес «Адам және қоғам» білім беру саласының жоспарланған білім нәтижесіне қол жеткізуге бағытталып дайындалған, интеграциялық-пропедевтикалық сипатымен ерекшеленеді.
Дүниетану оқу пәні негізгі орта білім беру деңгейінде қоғамдық-гуманитарлық пәндерді игеруге негіз болады. Дүниетану - адам, табиғат және қоғам, олардың өзара байланысы мен тәуелділігі жөніндегі білім жүйесін құрайтын кіріктірілген пән. Оқу пәнінің нысаны – адам, табиғат және қоғам, оның ішінде отбасы, мәдениет, денсаулық, қарым-қатынас, ұлт, қауымдастық, мемлекет, қоршаған табиғи орта және т.б.
«Дүниетану» пәнін оқыту:
оқушыларға қоршаған ортасы туралы ғылыми негіздерді меңгерте отырып, тарихи, географиялық тұрғыдан ойлауын дамытады;
Қазақстанның және бүкіл әлемнің өткен және бүгінгі күн оқиғалары, олардың себептері, өзгерістері, сабақтастығы, ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы білім қалыптастырады;
әлемнің бүгінгісі мен болашағына өткен замандағы оқиғалардың тигізетін әсері туралы түсінуін тереңдетеді;
оқушылардың бойында өз халқының және өзге халықтардың мәдениеті, дәстүрін сыйлай білу, ұлттық және жалпы адами құндылықтарды құрметтеу сезімі қалыптасады,
оқушылардың азаматтық құқықтар мен міндеттерді түсінуіне жағдай жасайды;
қоғамдық әдеп нормаларын ұстану қажеттілігін және әлеуметтік ортада қауіпсіздік тәртіп ережелерін сақтай білуін қамтамасыз етеді;