СРОП-7 Әмзехан Н 1.2 «Табиғат пен қоғамның бірлігі мен байланысы» Қазіргі өркениеттің ең ғаламдық проблемасы – экологиялық апаттың төнуі. Тірі табиғаттағы бір түр болып саналатын Адам әрекетінің барлық саласында табиғатпен шиеленушілік байқалуда. Мәселенің өзектілігі Өркениеттің тек қана өзін-өзі жойып жіберу ғана емес, барлық қоршаған тіршілікті Жер бетінен құртып жіберу қаупінде. Оны шешу үшін әртүрлі ғылымдар саласының өкілдері толғануда және одан шығудың жолдарын ұсынуда. Бірақ көбіне бұл – технократтық жолдар болып отыр. Шын мәнінде осы сыртқы апаттың «дәні» іште жатыр, ол – саналы адамның рухани-адамгершілік құндылықтарының жұтауы, ол кең ауқымды ұғымдағы адам мәдениетінің жетімсіздігі мен жетілмегендігі.
Адам табиғаттағы барлық түрге тән прогрессивті даму үстінде. Біздер, адамдар приматтар отряды ішіндегі тек жалғыз түр табиғатта үстемдік құрдық. Себебі не? Осынша «майлы шелпекті» жалғыз игеру неге байланысты? Ақыл, сана, мәдениет, ғылыми ой, пікір… XX – XXI ғасырларда ғылымның бірте-бірте Жер биосферасын терең де қатты өзгертуінің куәсі болып отырмыз. Ғылым тіршілік жағдайларын, геологиялық үдерістерді, планетамыздың энергетикасын өзгертуде, олай болса ғылыми ой-пікірдің өзі де табиғи құбылыс болып табылады. Осы жөнінде В. И. Вернадский «Натуралистің ой-толғамы. – Ғылыми пікір планеталық құбылыс ретінде» деген кітабында Жердің геологиялық тарихын талдаған [1].
Бұл еңбегінде В. И. Вернадский «Ғылыми ой-пікір мен адам еңбегінің әсерінен биосфера жаңа күйге – ноосфераға ауысады» деп анық жазған. Ол ауысу жаңа геологиялық күштің – адамзаттың ғылыми пікірінің әсерінен деп пайымдайды….Ноосфера жөніндегі ілімнің басты тақырыбы биосфера мен адамзаттың бірлігі. Вернадский өз еңбектерінде осы бірліктің түп тамырын, адамзаттың дамуындағы биосфераның ұйымдасқандығын ашып көрсетеді. Бұл дегеніміз биосфера эволюциясындағы адамзаттың тарихи дамуының орны мен рөлін жете түсінуге мүмкіндік береді, сөйтіп оның ноосфераға айналуының заңды екендігін көрсетеді.
Табиғатта ғылымның пайда болып, оның дамуын біз үш ғылыми революция деп білеміз. Адамзаттың дүниені тануында бірінші ғылыми революция б. э. д. VI-IV ғасырларда болды, екінші ғылыми революция XVI – XVIII ғасырларға сәйкес келді. (әлемнің геоцентрлік нобайынан гелиоцентрлік нобайға көшіп ғылыми әлем бейнесінің ауысуының кезеңі, Коперник, Галилей жаңалықтары), үшінші ғылыми революция – салыстырмалылық теориясы мен кванттық механиканың ашылу кезеңдері. Төртінші ғылыми революция бола ма? Мүмкін болып жатқан шығар, мүмкін жақын шығар, ол саналы адамның ғылыми ой-пікірінің әсерінен биосфераның жаңа күйі ноосфераға өтуін жүзеге асыратын – ноосфералық педагогика болар.
Аса ғаламат жаңалықтардың ашылуы негізінен XX ғасырда болды. Осы ғасырда бұқаралық ақпарат құралдарында: «Осы ашылған ғылыми жаңалық бүкіл Әлемді ауқымды өзгерте алады…» деген ұран сөздер әдетке айналды. Нәтижесінде адамзат жеткілікті дәрежеде ойланылмай, жете түсінбей шығарылған жаңашылдық өнімдердің аса зор әлеуетін планетада шоғырландырды.
Саналы адамның даму тарихы көрсеткендей адамның санасы, ақыл-ойы мен әрекетінің дамуы мен жетілуінің шегі жоқ.
Табиғат пен қоғамның ара қатынасын қарама-қайшылықтарсыз қарастыру мүмкін емес. Екеуінің арасында сонау көнеден, қоғамның дамуынан бері еріксіз болатын қайшылықтар бар. Адам мен табиғаттың қатар өмір сүру тарихы екі үрдістің бірлесуін береді [2]. Біріншіден, адам қоғамды дамытады, қоғам дамыған сайын оның өндіргіш күштері қоса дамитыны белгілі, сондықтан адамның табиғатқа үстемдігі кеңейе және ұлғая түседі. Үстемдіктің өсуі шексіз, себебі қазір (осы күнге дейін) тек тұтыну мақсатында табиғаттан тек қана алу пиғылы планеталық деңгейде ауқымда білінуде. Екіншіден, табиғат пен адамның арасындағы үндестіктен алшақтау және қайшылықтар үнемі тереңдеуде. Табиғаттың «Қара кітабы» осыны дәлелдей түскендей. Ал «Қара кітап» адамның табиғатқа тигізген зиянды әрекеттерінің «Қара тізімінен» туындаған «ұрпағы».
Бізді қоршаған табиғат өзінің көптүрлілігіне қарамай біртұтас тірі ағза болып табылады. Оның диалектикалық біртұтастық сипатын адамның елемеуі, түсінбеуі табиғатқа да, қоғамға да кері әсер етеді. Осы жөнінде кезінде Ф. Энгельс: «Өзіміздің табиғаттағы жеңістерімізбен аса масаттанбайық. Әрбір осындай жеңісіміз үшін ол бізден кек алады. Әрбір осындай жеңісіміз, әрине, бірінші кезекте біздің өз күткен нәтижемізді береді, ал екінші, үшінші кезекте тіптен басқа, күтпеген зардап – ол көбінесе бірінші нәтижелерді жойып жібереді» [3].
Осы заманғы бір өкінішті шындық, ол – тірі табиғаттың өзінің эволюциялық даму заңдылықтары мен ерекшеліктерін адамзат ұрпақтарының ескермеуі – бұл жалпы мәдениет деңгейіндегі ақтаңдақ. Бұл адамзаттың ғылым, білім саласындағы қазіргі кезектен тыс шешетін мәселесі.
Мәдениет ұғымы ең алғаш сultura – өңдеу, егу деген латын сөзінен шыққан. Ендеше мәдениет –адамның табиғаттағы, кез келген табиғат нысанын игерудегі әрекеті арқылы жасалытын өзгерістер. Кейіннен «Мәдениет» деген ұғым кеңейіп жалпылық маңызға иеленді. Олай болса түп тамыры егу, өңдеу болса табиғатты күту, баптау да мәдениет деген сөз.
Қазіргі біз тәрбиелеп, біздер білім беріп отырған жас ұрпақтың мәдениеті қандай дәрежеде? Сыпайы сызылған, Сіз, сіз деп үлкеннің алдынан кесе көлденең өтпейтіндердің немесе Мен деп өзін үлкеннен жоғары ұстайтындар, орынсыз жол бермейтіндердің мәдениеті қаншалықты? Олардың үлкендерден алатын үлгісі, көретіні не? Үлкендер оларға қандай тәрбие берген? Мәдениетті қарым-қатынас (өз арсында, көпшілік ортада, табиғатқа, өзі жеке болғанда,) қандай деңгейде?
Қазіргі ғылыми еңбектерде мәдениетке әр түрлі тұрғыдан анықтамалар берілген. Солардың ішінде мәдениет – адамдық әрекеттің белгілі бір қырының жетілу деңгейі деген де түсінік бар.
Американдық антропологтар Кребер және Клакхон «мәдениет» ұғымының тарихына арналған еңбектерінде мәдениет табиғатын, оның құрамдас бөліктері мен ерекшеліктерін қоғаммен, тілмен, психологиямен байланысын талдауды үш бағытта жүргізеді: адамның табиғатпен байланысы, құндылықтармен және басқа адамдармен байланысы жөнінде. «Мәдениет» көрінетін және көрінбейтін қылықтар мен істердің үлгісінен құралады деп те айтады.
Қоғам дамуын тоқтатпай-ақ табиғатпен үйлесімділікке жетуге болады. Ол үшін теорияда және тәжірибеде бұрынғы қалыптасқан ұғымдардан, әдеттерден арылып, табиғатты пайдалануды жаңа принциптер негізінде жүзеге асыру керек. Бұл принциптердің негізі қоғам табиғаттың құрамдас бөлігі екендігін мойындау. Адамзат қоғамы табиғаттың бөлігі екенін мойындау. Адамзат қоғамы табиғаттың бөлшегі болғандықтан жалпыда болған өзгерістер оның барлық бөлігіне әсер етеді. Яғни табиғатқа зиян келтірсек ол қоғамға да зиян. Табиғатқа қарсы әрекет етіп ешқашан өркениетті қоғам құра алмаймыз. Табиғат қоғамсыз өмір сүре алмайды, ал қоғам табиғатсыз тіршілігін қояды. Осы қағиданың негізінде қоғам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастың ең негізгі әдістемелік принципі – табиғи орта мен қоғамның үйлесімділігі, ең тиімді сәйкестігі. Қоғамдағы зат, қуат ақпарат алмасулар табиғатқа сіңімді болуы керек, табиғатқа сыйымсыз қалдықтар шығарылмауы керек, табиғаттың өздігінен қалпына келу қасиеті шектелмеуі тиіс.
Өндірісіміз, адамзат қоғамы тұтастай алғанда әзірге мұндай мүмкіншілікке жете алған жоқ. Сондықтан екінші әдістемелік принцип – табиғи теңдестіктерді сақтау. Эволюциялық даму нәтижесінде табиғи теңдестіктер қалыптасқан. Олардың бұзылуы экологиялық апаттарға әкеп соғады.
Табиғаттан алынған оған қайтып оралады. Алғандардың (зиянның) орнын толықтыру – үшінші әдістемелік принцип ретінде қарастыруымызға болады.