СРСП: «Мәңгілік ел» - Қазақстанның ұлттық идеясы
«Мәңгілік ел» идеясының тарихи негіздері 2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезекті халыққа жолдауын: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол — «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті«,- деп бастады. Бұл орайда елең еткізген жаңалық — тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы. Бұл — Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым. Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. «Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету мәселелері маңызды болып табылады.
Түркі тарихын, көне түркі мұраларын зерттеуші филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналында: «Мәңгілік ел — түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қалаған идея...» — екендігін жазған [1, 20-21 бб.]. Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік ел» идеясын қолға алды. Мәңгілік ел — мақсаты түрік елінің билігі деп осыдан 13 ғасыр бұрын мәңгілік идеясын ұсынған. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, мәңгілік ел саясатын Көк Түріктер іске асырды. Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ елінің бас ұранына айналуда.«Күл тегін» жазуының қазіргі қазақ тілінің нормасына келтірілген Ғұбайдолла Айдаровтың нұсқасында: «Көктегі түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін...» — деген жолдар бар [2, 63 б.]. Бұл жерде елдің тарих сахнасынан кетпей, сақталуын тілейді. Мәңгілік ел дегеніміз — мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. Орхон өзенінің бойында Түрік қағанатының Ордабалық деген астанасы болған. Қағанаттың хан ордасы мемлекеттің ішкі ядросы. Оны қорғайтын арнайы полиция(тұрғақ деп аталған) және оған қоса тұрақты әскер (шерік деп аталған) пайдаланылды. Ішкі қорғаныс деп атаған екінші шеңбер белдеуін түрлі тайпалар қорғап тұрды. Үшінші шеңберде он-оқ Түркештер тұрды. Қырғыздар, Кидандар, Татабилер, Таңғыттар, Басмылдар да үшінші шеңбердің қорғаушысы болды. Осы үш шеңбер тұтас империяны қорғап тұрды. Түріктер осы 3 шеңберді орнатып болған соң, «Мәңгілік ел» идеясын нық бекемдейді.
Ғұлама ойшыл, сазгер, қобыз жасаушы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, тек Қорқыттың ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді. М. Әуезов Қорқыттың мәңгілік өмір туралы толғаныстарының негізгі философиялық түйініп аша келіп, оның болашақ ұрпақ үшін дүниетанымдық маңызы зор, мәңгілік мұра екенін атап өткен. Қазақ халқы арасында тараған аңыздардан Қорқытты бірде айтулы күй атасы ретінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Қорқытты мәңгі өмірді іздеген, бақилық болғысы келмеген деген түсінікті, халқына жерұйықты іздеген Асан Қайғымен түсіндіруге болады. Асан Қайғы өз халқы үшін ең қолайлы, ең құнарлы жерді іздегендігі белгілі. Утопиялық көзқарастағы Асан қайғының жерұйықты іздеудегі мақсаты, халқының жайлы жерге қоныстанып, болашақта мәңгі ел болуын қалаған.
Көрнекті еуразияшыл ғалым, тарихшы-этнолог Л.Н.Гумилев «От Руси к России» атты еңбегінде: «Еуразия құрлығы үш рет біріктірілді. Алғашында оны Ұлы Түркі қағанатын құрған көне түріктер біріктірді. Түріктерден кейін Шыңғыс хан бастаған монғолдар, кейіннен Ресей өз қолына алды» — дейді.[4, 382 б.] Л.Н.Гумилев еуразия құрлығының бірлігі, мәңгілігі туралы ойын көне түріктерден бастайды. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қалыптасып жатқан Еуразиялық идеясының негізінде Ресейлік емес, түріктік ынтымақтастыққа қол жеткізіп, көне түріктердің мәңгілік ел идеясының өміршеңдігін дәлелдеуіміз керек.«Тұтас түрік елі» идеясынан «біртұтас Түркістан» идеясына дейінгі бабаларымыздың атқарған істері едәуір. Елбасы Түрік бірлігі идеясын тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап көтеруде. Ел азаматтары мен Қазақстан саяси элитасының ұлттық идеология қалыптастыру жолындағы ойларын Елбасы сараптады. «Біртұтас Түркістан идеясы», «Түркістан конфедерациясы», «Еуразиялық одақ идеясы», «Қазақстандық ұлт идеясы», «Жерұйық», «Атамекен», «Қазақ Елі идеясы» сынды ұғымдар арқылы мемлекет құрушы қазақ халқы мен тарихи тағдыр тоғыстырған ұлттарға ортақ боларлық идея, мемлекеттік мәнге ие боларлық идеология қарастырылды. Мәңгілік Ел идеясы —қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне және елімізді ортақ Отан еткен жүз отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың ұлттық идеясына негізделген идеология болатынына сенуге болады.
Еуроцентристік көзқарас бойыншатүркі тілдес халықтардың ынтымақтастығына деген сын айтушылар көп. Түркі интеграциясын Т. Рысқұлов пен М.К. Ататүрік бастаса, кейін нақты практикалық шараларды қолға алған ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың шешуші саясаты өз жемісін берді. Н.Ә. Назарбаевтың түрік халықтарының бірлігін нығайтудағы тарихи рөлінің қаншалықты маңызды болғанын аңғаруға болады. Қазақстан Халықаралық «Түрксой» ұйымына қолдау көрсетіп, түрік дүниясының барын бағалап, жоғын түгендеуге жол сілтеді. Халықаралық аренада Қазақстанның беделі нығайған сайын, түрік мемлекеттерінің бірлігі идеясы ашық әрі табанды насихаттала бастады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Тарихтың алға қойып отырған өктем талабы әрбір түрік еліне әртүрлі салада саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық тәсілдермен бірігу проблемасын шешудің бәріне бірдей тең институттық тетіктерін жаппай-тұрмай іздестіруді міндеттейді» [3, 120 б.], — дей отырып, түрік мемлекеттері интеграциясының тиімді жолдарын іздеу қажеттілігін көрсетті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2000 жылы 14-желтоқсанда латын алфавитіне көшу мәселесіне қатысты өз пікірін білдіре келіп, өте мұқият дайындықтан соң латын алфавитіне көшетінімізді айтты. Бұл жерде Тоныкөк негізін салған «Мәңгілік ел» идеясын қалпына келтіруші, жандандырушы Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың қазақ халқына славяндық кириллица емес, түркі тектес бауырларымыз қолданатын латын қарпіне көшудің қажеттілігін айтты. «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Түркі халықтары жұмылған жұдырықтай болып біріккен кезде геосаяси өмірге тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара қарым-қатынастарда қайдағы бір енжар, ынжық элемент ретінде емес, өзгелермен терезесі тең тұлға ретінде бой көрсете алады. Бұл бағыттағы алғашқы игі қадам ортаазиялық одақтың құрылуы болды. Оның шеңберінде біздің бәрімізге ортақ мәдени ұқсастығымызды жете сезіну арқылы деңгейіміздің көтеріле түсетіні сөзсіз» — деп түрік бірлігінің болашағына зор үмітпен қарады
Достарыңызбен бөлісу: |