«Ұстазым – ұлағатым, қарттарым - қазынам!»
(Ертеңгілік)
Ересек «Ақкөгершін» тобы
Мақсаты: Балабақша тарихымен, зейнеткер ұстаздардың еңбектерімен таныстыра отырып, олар туралы мол мағлұмат беру. Оқушыларды ұстазды ұлықтауға, қарттарды құрметтеуге, сыйлауға үйрету. Ұстаз мамандығының қырымен сырларын түсіндіру, ұстаз еңбегін әрқашан бағалай білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Интерактивті тақта, музыкалық аспаптар, шарлар, гүлдер, слайдтар, видеороликтер плакаттар, нақыл сөздер.
Барысы:
І бөлім: «Шәкірт жанын аялайтын, ұғатын, Мерекеңіз құтты болсын мұғалім»
ПРОЛОГ
(Ұстаз туралы видеоролик көрсетіледі)
(Музыкалық фонда ортаға жүргізушілер шығады)
Аружан: Ұстаз... Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық
нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі – Ұстаз.
Жүргізуші: Дұрыс айтасың.
«Ұстаз» деген сөз қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады.
Жүргізуші: Олай болса, қадірлі ұстаздар!
Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Сіздердің шәкірттерді тәрбиелеп, білім беру жолындағы еңбектеріңіз жана берсін! Ал, уақыт тауып, бүгінгі мерекеге арналған «Ұстазым – ұлағатым, қарттарым – қазынам!» атты ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!
Бекжан:
Жүресіз баршамызды сүйсіндіріп,
Даналықтан қазына жүрсіз жиып.
Ұстаздарды жетелеп ұлылыққа,
Тұғырында өмірдің тұрсыз биік.
Аружан:
Ажырамай ұжымнан бір елі Сіз,
Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз.
Сөз берелік құрметпен өзіңізге,
Ұстаздарға арналсын тілегіңіз, - дей келе бүгінгі мерекемен құттықтау сөз кезегін алабақша басшысы ...................................... береміз.
II – бөлім. «Алдыңғы буын айнамыз,
Қадірлі ұстаз жайнаңыз!»
Ақжанат:
Өткізген шәкіртімен қыс жаздарың
Көп пе екен айтар бізге мұң наздарың
Еңбегімен бөленген нұр алғысқа
Армысыздар! Ардагер ұстаздарым!
Айым:
Ардагерлер ардақты асыл жандар
Шәкіртімен мерейі тасығандар
Білімнің сәулесі мол нұр көшінде
Шуақ боп, шапағат боп шашылғандар
Назерке:
Нұр жүзінен жылы шуақ төгілген,
Шәкірттерін сүйген таза көңілден
Тағылым беріп жас ұрпаққа қашан да
Өз соқпағын тапқан мынау өмірден
Жүргізуші: Бүгінгі үлкен мерекемізге зейнеткер ұстаздарымыз қатысып отыр. Олардың өнегелі істері, жүріп өткен жолдары кейінгі ұрпаққа өнеге. (Балабақша, бүлдіршіндер туралы сыр шертеді.) Құттықтау сөз .................................................................. беріледі.
Жүргізуші:
Өмір - өз өнегесімен өлшенеді. Адам өмірінің өлшемі - өмір сүрген күндерімен, жылдарымен емес, ғұмырындағы мәнді тірлігімен, елге тигізген пайдасымен, өнегелі істерімен өлшенетіні анық. Өрнекті, өнегелі істерімен ардақты ардагер ұстаздарымыз мәңгі біздің жүрегімізде!
(Ардагер ұстаздарымыздың слайды көрсетіледі.)
Би: «Қазақша Рок Н Рол»
«Ұстаздармен ойын»
IІІ – бөлім. «Ақ тілегім ақ арман!»
Бұл бөлімде Әрбір оқушы сабақ беріп жүрген ұстаздарына арнап өлең – жырлар арнайды. Қабыл алыңыздар!
Бексұлтан:
Өзі ұшырған қырандарын қиядан,
Іздейтұғын құздан емес, қиядан.
Біз бәріміз берешекпіз ұстазға –
Ұстаздарды, ұстаздарды сүй адам!
Димаш:
Білімнің кәусәр бұлағын,
Жүресің құйып санама,
Біз үшін сенсің-мұғалім,
Ұстаз да,ғылым дана да.
Өмірбек:
Шәкірттерін азамат қып саналы,
Ұстаз ана, ұстаз дана болады.
Ең бастысы – ұстаз мына өмірде,
Ұлағат боп, ұлылық боп қалады.
Ерасыл
Қара сөздің дауылы,
Құрмет еткен ауылы
Сыйымызға риза бол,
Мұғалімдер қауымы!
Ернар:
Бірге өсіп, ен жайлаған ұл менен қыз,
Асыға сәлем жолдап жүректеп біз.
Тәтті күй, асқақ ән мен әсем биді,
Сіздерге тарту етіп ұсынамыз.
Ұ – ұлағатты
С – салмақты
Т – танымал
А – ардақты
З – зиялы
Хор: «Ұстазым»
Сахнаға полицей, дәрігер, банкир, дизайнер, шәкірт шығады. Барлық оқушы хормен:
Рамазан: Мен полицей қызметкері,
Бастау алған тәртіптен.
Алда, озып келемін,
Ұстаз берген тәртіппен!
Әйгерім: Дәрігермін, жәрдем берер науқасқа,
Жақсылығым жақсылыққа жалғасса.
Бағаланса менің егер еңбегім
Қарыздармын мұғалімге әу баста
Аруназ: Мен банктің басшысымын, қалада,
Бас иемін мұғалімдей данаға.
Тамсанамын, кейде қайран қаламын,
Үйретуден жалықпаған балаға.
Еркеназ.Ж: Дизайнермін ұстаздан алған білім,
Сағынамын апайымның аяулы үнін.
Жинап келдім шоғымен қырдың гүлін,
Құттықтаймын ұстаздарды мен де бүгін.
Алтынай:
Шәкірттік парызым бар ақталмаған,
Көп түйген сырларым бар ақтармаған.
Жұп жұмыр жүрегімде сәулеленіп,
Келеді бой көтеріп асқақ арман.
(балалар шығып кетеді)
(Балалардың ұстаздарды құттықтауға арналған видеороликтері)
ІV – бөлім. «Сауал – бізден, Жауап – сізден»
Есіңізде қалған ең қызықты сәтіңіз?
Алғашқы шәкірттеріңіз нешеде?
Шәкірттеріңізден алған ең қымбат сыйлығыңыз.
Шәкіртіңіздің күлкілі қылығы есіңізде ме? Қандай қылығы болып еді?
Ұстаз болудың қиындығы мен қызығы.
Би: «Шығыс» биі
Айлин:
Бақшам үйім, ұстаздарым ата-анам,
Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.
Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек,
Тамырлары сан тарапқа тараған.
Аяжан:
Бүгінгі күн құшақтары гүлге толсын!
Дендеріңнің саулығы мықты болсын!
Білімімен суарған шәкірттерін,
Төл мерекең ұстаздар құтты болсын!
Мерейлім:
Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған
Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар,
Өздеріңнен бастау алар бар арман.
Еркеназ. Қ:
Білдіріп шәкірттердің ақ ниетін,
Ұстаздың алып жүрген атын еркін.
Біз сізге сыйлық қылып ұсынамыз,
Жүректің алғысы мен рахметін.
Әйгерім:
Түзеттіріп шалалықты,
Есейттіңіз балалықты.
Ойламайтын ертеңін,
Ойсыз кейбір еркені,
Түзеп жөнге салдыңыз,
Ел алғысын алдыңыз,
Сабырыңыз құрыштай,
Жөн айттыңыз ұрыспай,
Түзедіңіз тентекті,
Тұрғызбай - ақ бұрышқа
Хормен: Тәрбиеші апайларға мың алғыс
Ән: «Балабақшам – бақ ұям»
АЯҚТАУ
Аружан:
Қала, дала жайнап тұрған бау болсын!
Тәрбие теңіз, береке білім, құт болсын!
Ел байлығын маңдай термен жасастың,
Ұстаздарым дендеріңіз сау болсын!
Жүргізуші:
Аяулы ұстаздар! Төл мерекелеріңіз тағы да құтты болсын! Білім беру жолындағы еңбектеріңіз еленіп, абырой биігінен көріне беріңіздер деген ізгі тілекпен бүгінгі мерекелік кешімізді жабық деп жариялаймыз!
Достарыңызбен бөлісу: |