ӘОЖ 821.512.122(091)
А. А. Оспанова
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
философия докторы (PhD), аға оқытушы
Алматы қ., Қазақстан
е-mail: aknur.ospanova@mail.ru
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ТҮРІКШІЛДІК МҰРАТТАР НЕГІЗІ
Мақалада қазақ халқының қайраткер тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының саналы ғұмырындағы отаршылдық езгіге қарсы күрес жолы, ағартушылық еңбегі, Ахмет Байтұрсынұлының әдеби мұрасын зерттеудегі оның рухани-саяси ұстанымдары туралы ой-пайымдаулар жүйелі түрде, ғылыми негізде баяндалады.
Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны, шығармашылық мұрасы, саяси күрес жолы туралы Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» зерттеу еңбегінде жасалған пайымдаулардың танымдық-эстетикалық мәніне, қайсыбір кезеңдік саяси ұстанымдарына зер салынады.
«Қырық мысал», «Маса» жинағындағы жекелеген туындылары туралы Сәбит Мұқанов бағалауы келтіріле отырып автордың қазақ әдебиетінің жанрлық дамуындағы ықпалды шығармашылық әлуеті туралы ой қозғалады.
Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығындағы түрікшілдік-ұлт-азаттық мұраттар туралы академик Серік Қирабаевтың ой-тоқтамдары ақынның «Қазақ қалпы», «Үлес», «Жиған-терген» өлеңдері сараланады.
Ахметтанудағы Міржақып Дулатұлының ой-пайымдарының бастамашылдық, көркемдік таным бағытындағы озық мәні туралы баяндалады.
Ахмет Байтұрсынұлы және ұлттық-азаттық мұраттар мәселесіндегі Дихан Қамзабекұлының зерттеулері назарға алынады.
Түйін сөздер: «Қазақ» газеті, азаттық, ағартушылық мұрат, түрікшілдік идея, мұсылмандық ағартушылық.
А. А. Оспанова
Основа идеалов тюркизма в поэзии Ахмета Байтурсынова
В статье рассматриваются борьба Ахмета Байтурсынова, общественного деятеля казахского народа, против колониального угнетения в течение всей своей сознательной жизни, его просветительские труды, а также системное изложение суждений о его духовно-политических концепций в исследовании литературного наследия Ахмета Байтурсынова на научной основе.
Было обращено особое внимание на познавательно-эстетическое значение суждений в исследовательском труде «Казахская литература в ХХ веке» Сабита Муканова о биографии, творческом наследии, политической борьбе Ахмета Байтурсынова, политической концепции того времени.
Приводятся рассуждения о влиятельном творческом потенциале автора в жанровом развитии казахской литературы, приводя оценку Сабита Муканова для каждого отдельного произведения в сборниках «Комар» и «Сорок басен».
Анализируются выводы академика Серика Кирабаева об идеалах тюркизма и национально-освободительных идеалах в творчестве Ахмета Байтурсынова, а также стихи поэта «Казахская натура», «Үлес» и «Жиған-терген».
Излагается передой смысл в инициативном и художественно-познавательном направлениях суждений Миржакипа Дулатова в ахметоведении.
Были приняты во внимание исследования Дихана Камзабекулы по вопросу национально-освободительных идеалов и Ахмета Байтурсынова.
Ключевые слова: газета «Қазақ», свобода, просветительские цели, тюрская идея, мусульманское просветительство.
A.A. Ospanova
Basis of the ideals of Turkism in the poetry of Ahmet Baitursynov
The article deals with the struggle of Ahmet Baitursynov, public figure of the Kazakh people, against the colonial oppression throughout his adult life, his educational writings and systematic exposition of judgments about his spiritual and political concepts in the study of the literary heritage of Ahmet Baitursynov on the scientific basis.
Special emphasis was placed on the cognitive and aesthetic value of judgments in the research work “Kazakh literature in the twentieth century” of Sabit Mukanov about biography, creative legacy, political struggle of Ahmet Baitursynov, political concepts of that time.
Arguments about the influential creative potential of the author was cited in the genre development of Kazakh literature, providing an assessment of Sabit Mukanov for each individual work in the collection of "Mosquito" and "Forty fables".
Findings of academician Serik Kirabaev about the ideals of Turkism and the national liberation ideals in the works of Ahmet Baitursynov and poems of the author "Kazakh nature", "Ules" and "Zhigan-tergen" are being analyzed in the article.
Advanced sense in the initiative, artistically-cognitive directions of Mirzhakyp Dulatov’s judgments in Ahmet Studies is being stated.
The research of Dikhan Kamzabekuly on the issues as national liberation ideals and Ahmet Baitursynov were taken into account in this article.
Key words: "Қазақ" newspaper, freedom, educational objectives, turkish idea, moslem education.
Қазақтың аса көрнекті қайраткер тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының сан-салалы азаматтық күрес жолындағы шығармашылығында ХІХ ғасырдың соңына қарай жандана түскен отаршылдық езгіге қарсы азаттық күрестің ағартушылық жолы айқын көрініс тапты.
1909 жылы жарық көрген «Қырық мысал», 1911 жылғы «Маса» жинағында Ахмет Байтұрсынұлы ұлттық мұраттарды саяси, рухани күрес кеңістігіне шығарудың өзіндік жолдарын ұстанды.
ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамын саяси-әлеуметтік дүрбелеңдер мен сілкіністер ауқымындағы қалпында ала отырып, оған тарихи талдау жасап келіп баға берудің дер кезіндегі өзіндік үрдісін қалыптастырудың негізді ой-пайымдауларын жасауда аса зеректік танытқан қайраткер тұлғаның бірі Сәбит Мұқанов болды.
Ел өміріндегі сан-тарап өзгерістер, жеке тұлғаның тарихи бір кезеңдегі азаматтық, елдік ұстаным бағыты, замана барысын пайымдауы бағаланып, сараланып отыруының үрдіс-бастауы әсіресе Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» еңбегінде айқын көрініс тапты деуімізге болады.
Сәбит Мұқанов Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны, шығармалары, саяси күрес жолын кең толғап, тоқтамдар жасайды. Уақыт таңбасы айқын түскен аталған еңбектің астар-қатпарындағы ақиқаттар әлі де зерттеп, зерделеп отыруға зәру.
Саяси күрес жолына үзілді-кесілді баға берген Сәбит Мұқанов Ахмет Байтұрсынұлының әдеби шығармашылығын талдауда талай жайды меңзеп отырған, өзің ойла, өзің таны, ұғын дейтін емеуріні де байқалып қалып отыратын тұстары аз емес.
«Қырық мысалды» сөз етуінде ең алдымен А.Байтұрсынұлы И.А.Крыловтың шығармаларын не себепті аударды деген мәселеге назар аудартып алып, қоғамдық, саяси тұрғыда бір шоғыр ой-тоқтамдар айтады.
Соның ішінде негіздеп, тарқата тоқталатын жайының бірі – отаршылдық саясатқа қарсылық бағыт, ұстаным туралы ой-пайымдаулары.
«Ахметті 1905 жылға шейін, негізінде, ақсүйекшіл болды дегенімізбен, ол орыс ақсүйектерінің екінші қатардағылары сияқты, қазақ аталықтарының бойындағы кемшілігін көрумен ғана қойған жоқ. Оларды мәдениетке шақырды. Бұл, бір.
Екінші, Ахметте 1905 жылға шейін ашық ұлтшылдық программа болмағанмен, онда ұлтшылдық белгісі жоқ еді деу және дұрыс емес. Ахметте орысқа қарсылық, «Қазаққа» жаны ашушылық деген пікір 1905 жылдың ар жағында, айта берсең есін білгелі туды. Әкесін айдатқан орыс отаршылдарының үкіметін ол бала күннен сүйген жоқ. Оның үстіне «Сары орыстың бәрі орыс» деген, қазақ елінің орысқа отар болған кезіндегі мақалын ол да қолданды. Отаршылдық саясаттан соққы көрген қазақ елінің «Ай, бәлем, әй, қылдың-ау!» деген орысқа тымырсық өшпенділігі Ахметте де болды. Ахмет 1905 жылға шейін ашық ұлтшыл бола алмады дейтін себебіміз: бұл жылға шейін ол қазақ елін орыс отарынан бөлуді, бөлек ел қылуды жырлаған жоқ. Жырлар еді, ондай ірі программаны ол кезде жасаған жоқ» [1, 83-б.].
Сәбит Мұқанов «Қырық мысалдағы» өлеңдерді «1.Бірлік», «2.Ескішілдік», «3.Тағдырға үндеу», «4.Патшаға қарсы» деген жүйеге бөліп қарастырған. Сонда Ахмет Байтұрсыновтың И.Крыловтан айырмасы дегенге мән береді.
«Ахмет Крыловтың кейбір мысалдарын қазақтың ол кездегі отар күніне мысалдады. Сол мысалдар арқылы астарлап, отаршыл үкіметтің қазақ еліне істеген қорлығын айтты. Ол өлеңдер мыналар:
«Қасқыр мен қозы»: Суатта су ішіп жатқан қозыны қасқыр ұстап алады да, суымды неге лайлайсың деп пәле салады. Қозы қасқыр ішкен жерден алыстығын дәлелдегесін қасқыр «Былтыр сөккесің» деп жала жабады. Қозы одан «былтыр қайдан сөгем, өзім биыл тудым» дейді. Қасқыр одан жеңілгесін ол сенің жақының еді деп, одан да жеңілгесін «айыбың: жегім кеп тұр» деп шынын айтады. Ахмет өлеңді:
«Қасқырдың зорлық болды еткен ісі,
Ойлаймын оны мақтар шықпас кісі.
Нашарды талай адам талап жеп жүр,
Бөріден артық дейміз оның несі?».
Бұл арадағы «нашар» деп отырғаны, әрине, кедей емес, қазақ.
«Қайырымды түлкі». Ағаштың басында, шешесі өліп жетім қап, зарлап отырған балапандарды түлкі аяған боп сөздер сөйлегесін, балапандар мынау қайырымды зат екен деп жерге түссе, түлкі балапандарды жеп қояды. Ахмет ол өлеңді былай деп аяқтайды:
«Пана боп өзің сақта, құдіретім,
Кімде-кім балапандай қалса жетім!
Жұмсақ тіл, көңілі қатты залымдардың
Ете гөр жетімдерден аулақ бетін!».
Бұндағы жетімдер де ауылдағы әкесіздер емес, қазақ. Өйткені отарға айналған қазақты Ахмет «жетім» деген атпен атаған. Оған «Масадағы»:
«Қара балуан Жәнібек,
Тұлға болып артыңа,
Қаз дауысты Қазыбек,
Жетім қалған халқыңа
Кім тиянақ қазық ед!» –
деген өлеңі куә.
[...]
«Үлесте» бірнеше кісі ақшаларын үлесе алмай отырғанда өрт шығады. Өрт шықты дегенге олар қарамай, жанжалды молайтып, ақырында бәрі де ақшаларымен отқа күйеді. Өлеңді Ахмет былай қорытады:
«Ойласақ, уақиға емес болмайтұғын,
Ел қайда өзін даудан қорғайтұғын?
Қазіргі пайдасына бәрі жетік,
Адам аз алдын қарап болжайтұғын.
Аңдыған бірін-бірі жаудан жаман,
Байқасам ел белгісі – оңбайтұғын.
Бұл белгі табылып тұр біздің жұрттан,
Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан.
Алданып арадағы дау-шарына,
Қатерден қапері жоқ келер сырттан».
Ахметтің «Қырық мысалында», қазақты патша үкіметіне бұдан күшті қайрап салған өлеңі болған жоқ» [1, 89-б.].
Сәбит Мұқанов Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағының автордың белгілі бір саяси бағытқа түскен шақтағы шығармаларынан түзілгеніне айрықша мән беріп атап айтып, ден қойған. Көпшілік шығармаларының мазмұнын тарқата айтып, астарын аша сөйлеп отырады.
«Өзі үшін емес, «қазақ үшін» істейтіндігіне Ахмет «Қазақ қалпы» деген өлеңін дәлел қылады. Бұл өлеңде қазақтың ескі хандық өмірін айта келеді де, отарланған күніне тоқтап:
Алаштың адамының бәрі мәлім,
Кім қалды таразыға тартылмаған,
Дегендер мен жақсымын – толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған.
Бұл бір сөз қасірет етіп, хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет, қазақ азған.
Байға мал, оқығанға шен мақсұт боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан.
Қазақ жұртында жұрт қамын ойларлық кісі жоқ, сондықтан мен жұрт үшін істеймін деген ойға түскен. Ахмет, бұдан былай өзінің тілегін белгілі программаға қойып сөйлей бастайды. Ол программасы, қысқаша айтқанда, қазақ елін отарға қарсы қою: ояту, өнерлендіру, жеке ел қылу» [1, 90-б.].
Замана дүрбелеңі жалғаса түсіп отырған уақытта белгілі бір тұлғаның шығармашылығын саралап, саяси мән беру дегеннің қаншалықты қауіпті болғандығын бағамдап бола қойған жоқпыз.
Сәбит Мұқановтың аталған еңбекте қазақ елдігінің тарихында, әдебиет, мәдениет өрісінде азаттық күрес бағытын ұстанып шыққан шығармашылық тұлғалар туралы егжей-тегжейлі тұтастықта ой саралауы – айрықша бағалануы тиіс жанкешті құлшыныс, құштарлық.
Түбегейлі, түпкілікті мәселенің барлығын зерек зердемен барлаған Сәбит Мұқанов, алай да былай да айтқан болып отырып, не дегенде де саясатқа жығып бермейді.
Тұтас бір ұлт тарихындағы қаралы, қасіретті күйді ашқан (оң мағынасындағы, тура мағынасындағы – А.О.) тұтас бір ұлтшыл шоғырдың қайраткерлік, қаламгерлік ұстанымын бұлтақсыз айғақтайды.
««Жиған-терген» деген өлеңінде Ахмет, қазақтың орысқа қалай бағынғанын айтады да, отарланып болған күйіне көшіп, қазақ ішіндегі алдыңғы қатардағыларды сынайды.
Салынып дауға,
Сатылып жауға,
Болыстықты алысты.
Мақтады ұлық, болды мәз
Оқытты жасын
Өсірді шашын,
Мал табуға салынды.
Басында сәлде,
Аузында алла
Молдаларда не ғамал.
Көздерін сүзіп,
Түстерін бұзып
Алдап жұртты жимақ мал.
Ұлғайып қайғы,
Уытын жайды
Айтпасыма болмады.
Қабағын түйіп,
Қаһарын жиып,
Қауым үшін қайғы аз.
Жан-жақты бұлт торлады.
Жаңбыр жаумай, жауса қар,
Жұрт жұтайтын түрі бар.
Ұйқышыл жұртты
Түксиген мұртты
Обыр обып, сорып тұр.
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып.
Ахметтің «Масадағы» өлеңдерінің көпшілігі осы «Жиған-терген» өлеңімен қазықтас. Осындай екпінді ұлтшылдық тілекте жүрген Ахмет 1909 жылы Тәттімбет жандармның көрсетуімен абақтыға түседі. Жалпы қазақты соңына ертем деп жүрген Ахмет артынан мынадай аңдушы шыққасын назаланады. Сөз түрлеріне қарағанда, Ахмет абақтыда «Анама хат», «Тілек батам», «Жауға түскен жанның сөзі» деген үш өлең жазуға тиіс» [1, 91-б.].
Академик Серік Қирабаев «Ахмет Байтұрсынов – тәуелсіздік жыршысы» атты зерттеуінде қазақ поэзиясындағы тәуелсіздік мұраттардың жырлану үрдісіне тарихи негізде шолу жасап отырып, мәселенің түпкілікті маңызды қырларына бойлауда өзіндік айқындамалар жасаған.
«Қазақ поэзиясының ұлттық сипат алып дами бастаған тұсынан бергі тарихына көз салсақ, оған желі болып тартылған тұтас бір ұлттық идеяны көреміз. Ол – ұлттық тәуелсіздік идеясы. Арғы заманда «көшерін жел біліп, қонарын сай біліп» жүрген көшпелі ел сыртқы жаудан қорғану, ешкімге тәуелді болып қалмау қамы үшін халықты ерлікке, күреске үгіттеген жауынгер жыр тудырса, бергі заманда орыс отаршылдығының езгісіне күңіреніп, зар-заман поэзиясын тудырды» [2, 241-б.].
Серік Қирабаев отаршылдық езгіге қарсы ұлт-азаттық күрес батырларына, Абай Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсариннің ұлт тәуелсіздігі жолындағы ұстанымдарына тоқталып өтіп, ХХ ғасыр басындағы ұлт тағдырының тар жол, тайғақ кешуіндегі азаттық мұраттар жолындағы күрескерлікке ойысады.
«ХХ ғасыр осы бір ұлттық идеяға жаңа сипаттар қосты. Империализм жағдайында реакцияның күшеюі мен ұлттық езгінің тереңдеуі бұл тұста әлеуметтік революциялар мен ұлт-азаттық қозғалысын туғызды. Бұрын «бұратана» саналып келген халықтардың ұлттық сана-сезімі оянып, оның көрнекті өкілдері туған халқының тағдыры мен келешегі, қоғамның даму жағдайлары жайлы ойлана бастады. Қазақ поэзиясы ұлттық ой-пікірдің басы болып, осы кезде ұлт-азаттық идеясын жаңа сапаға көтере жырлады. Оның жаңа дәуірдегі бастаушысы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов туған халқының патша отаршылдығынан босап, елінің егеменді болуын, қазақ қоғамының экономикалық және мәдени дамуда жаңа жолға түсуін ұлттық идеяға айналдырды. Ахмет пен Міржақып бастаған революцияшыл демократтық қозғалыстың қазақтық жолы осылай туды» [2, 241-б.].
Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағы, «Қырық мысал» кітабы – қазақ поэзиясындағы ұлттық мұраттар бағытындағы шығармашылықтың озық, озат үлгілері болып қалды.
Жұртының қамын қаршадайдан ойлауға тағдыр өзі жетектеп әкелген Ахмет Байтұрсынұлы сынды заманауи тұлғаның елін ояту, саналы ғұмырға бағыттау жолындағы сан-салалы өлшеусіз еңбегінің бір арнасы болған поэзиялық туындылардың басты сипат, даралық ерекшеліктерін Міржақып Дулатұлы алғашқылардың бірі болып бағамдап, бағалайды.
«Маса» жинағы (1911) Ахметтің әлеуметтік шындықтың ақыны екенін анықтай түсті. Жинақ туралы Міржақып Дулатұлы: «өз өлеңдерінде Ахмет Байтұрсынұлы ғашықтық туралы, әйел туралы, табиғат туралы жырламайды, онда қанатты көпірме сөздерге құрылған өлең үлгісі де жоқ. Ол қарапайым, нағыз қазақ тілінде бостандық, ұлт туралы – қазақ халқының қанауда, артта қалғаны жайлы жырлап, оны оқуға, еңбекке және ұйқыдан оянуға шақырады, әрбір қазақтың бойындағы азаматтық сезімді оятуға ұмтылады», – деп атап көрсетеді Серік Қирабаев.
Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін шығару ісіндегі жетекші еңбегімен де ел тәуелсіздігі, азаттық күрес жолындағы ағартушылық бағыт ауқымына заманалық өредегі қайраткер тұлға болғандығын және де айқындап берді.
Отаршылдық езгіге қарсы күресте баспасөздің мәніне аса ден қойған Исмаил Гаспралы өнегесі, әлемдік өрістегі озық мұраттар ықпалы әсерінде, елдің ішкі жағдай, ерекшелігін егжей-тегжейлі зерделеп, ескеріп отырып «Қазақты» шығару, оның жұмысын жүргізу – Алаш ардагерлерінің, соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының да тарихи қайырлы шаруасы.
Ағарту саласында халық мұқтаж болып отырған бағыттарда атқарған қыруар шаруасы Ахмет Байтұрсынұлының тарихи тұлғасын тұғырландыра түседі.
Тәуелсіздік жолындағы күрестің ұзақ тарихы 1917 жылдан кейін де жаңа бір бағыттарда жалғасып, өрістеп отырғаны белгілі.
Халықты құрып кету құрдымынан сақтаудың ендігі бірден-бір жолы – біліммен қаруландыру деп шешкен Алаш зиялысының әрбір нақтылы қадам, іс-шарасында дәуірлік ықпалды тұлға Ахмет Байтұрсынұлының азаматтық ұстанымдарының негіздері бар.
1917 жылғы жеделдете өткен қос төңкерістен кейінгі ұлт зиялысы ұстанымдарындағы қайсыбір беталыс, бағдарлар туралы Дихан Қамзабекұлы былайша ой өрбітеді.
««Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар» деген, 1919 жылдың ортасында большевиктердің жеңіске жеткені айқындалғанда, тағдырдан тәлкек, өмірден өгейлік көрген Алаш қайраткерлері амалсыз кеңес шебіне өтті.
1922 жылы Қазан шаһарында жарық көрген «Маса» жинағына (толықтырылып үшінші рет басылуы) кірген «Жауап хаттан» өлеңінде Ахмет Байтұрсынұлы:
Қарап жатқан тірі жоқ.
Мен де – соның бірімін,
Өлгенім жоқ, тірімін, –
дейді. Кеңес үкіметі 1919 жылы 4 сәуірде ресми газет бетінде Алаш Ордаға, оның қайраткерлеріне Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери төңкерістік комитет (ревком) құрылғанда, А.Байтұрсынұлы оның мүшесі болуға келісімін берді» [3, 99-б.].
Дихан Қамзабекұлы қиын-қыстау кезеңде ұлттық мұраттар жолындағы күрес тактикасын өзгертуге тура келген, тығырыққа тірелген шақтарда да қарап қалмай, саяси өмірден алыстамай, ел қамымен ештеңеден де бас тартпай еңбектенген ел ағаларының тағдырын таныта түсер фактілерді Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлік ғұмырбаянынан молынан келтіріп отырады.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған қиын уақытта кезінде пікірлерді келіспеген тұлғалармен қатар еңбектенеді.
Аласапыран уақыттың шындығының бар құбылысы оны да шарпымай қалмайды.
Дихан Қамзабекұлы Ахмет Байтұрсынұлының күрескерлік ғұмырбаянын маңыздандыра түсетін елеулі бір факті – Ахмет Байтұрсынұлының Ташкент сапарын аса мән беріп, тәптіштей ұғындыруымен ахметтануда тұлғалық болмысы сан тараптан зерделегеннің өзінде қағаберіс қалған бір құбылысты аса елеулі бағытымен байыптап берді деуге болады.
Себебі, дәл осы Ташкент сапарының алғышарт, ықпал-нәтижесі туралы Ахмет Байтұрсынұлының ғұмырбаянын зерттеушілер дәл осындай саяси қатпар, астары айқындала түскен негіздеме жасай қоймағандығын айтқан жөн.
«Көрнекті ғалым, оқу жүйесінің реформаторы, кешегі Алаш қозғалысының қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1922 жылы тамыз айының басында Түркістан республикасының астанасы Ташкент қаласына жасаған іс-сапардың мақсатын «Ақ жол» газетінің бір авторы: «Келген жұмысы – Түркістандағы екі облыс қазақты Қазақстанға қосып, қазақ елін біріктіру» деп көрсетіпті» [3, 102-б.].
Ташкентте Ахмет Байтұрсынұлын қарсы алу, Ахаңның сөйлеген сөзі, т.б. нақтылы жайлар Ахмет Байтұрсынұлының күреспен өткен ғұмырының елеулі фактілері. Ұлт тәуелсіздігі жолындағы қайраткерлік еңбегінің және бір мазмұнды бағыты.
«Тарих үшін қас-қағым сәт болып есептелетін осы уақыт А.Байтұрсынұлының көз алдында өтті. Алаш зиялылары ұлттық ұйысу, шекара нақтылығы, жер аумағы тұтастығы жолында іс-қимыл жасаса да, қисынсыз көп нәрсе бұлардың ырқынан тыс орындалды. Сөйте тұра олар кеңес өкіметінің қазақ жерінде жүргізілген әрбір шарасына түзету енгізуге тырысты. 20-жылдардағы Қазақстан мен Түркістанның руханиятқа қатысты саясатының игі істерінде Ахмет Байтұрсынұлының да қомақты үлесі бар» [3, 106-б.].
Замана озды. Уақыт қазақ баласына толып жатқан игіліктер мен жаңа мүмкіндіктер туғызып отыр. Осының барлығында ұрпақ қамын ойлап ғұмыр кешкен ұлт ұлдарының жаны мен қанынан дарыған ізгілік нұры қоса шалқиды. Сонда ол болса шалқақтап, асқақтап озып кеттік деуге, әлі ерте. Туған жұртының бойында бар асылы мен жасығын жасырмай сынап, жаба тоқымай бағалаған асыл ағалар айтқан көп ақиқат бар. Ел мінезіндегі белгілі бір дәуірлердің зардабындай бел алып кеткен желөкпе жеңілдікке қазірде де қауіппен қарамасқа болмайды.
Біздіңше, ұлттық мұрат, азаттық күрес идеясы деген ұғымдар әрбір халықтың жасампаз тарихында қатарласа, қатпалдаса жүретін құбылыстар. Ол тоқтамайды, тоқырамайды. Бұл мұраттар – жасампаздықтың қуат қосатын, қимылды үдететін баянды тетіктері.
«Қазақ салты» өлеңінде Ахмет Байтұрсынұлы қамығып айтатын кереғар, келеңсіз нышандар түбегейлі жойылып, ел баласы ежелгі еңселі биігіне көтерілгенше үзілмеуі тиіс күрес мұраты қай-қайсымыздың болса да жүрегімізге тыншу бермеуге тиіс.
«Қазақ салты» осыдан бір ғасыр бұрын меңзейтін, әлі де «аңлашы» дейді.
Тықылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп,
Екпіндеп ұшқыр атша қарқындаған.
Бос белбеу, босаң туған бозбала көп,
Киіздей шала басып, қарпылмаған.
Еңкеңдеп ет аңдыған шалдар да көп,
Телміріп бір тойғанын ар қылмаған.
Ақ көңіл, алаң-бұлаң адамдар көп,
Есептеп азын көпке, аңқылдаған.
Қайырсыз неше сараң байлар да бар,
Қайықтай толқындағы қалтылдаған.
Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп,
Ұмтылып, талап ойлап талпынбаған;
Солардың қатарында біз де жүрміз,
Мәз болып құр түймеге жарқылдаған.
Не пайда өнерің мен біліміңнен
Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?!
Бұл бір сөз қасірет етіп хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет, қазақ азған.
Байға – мал, оқығанға – шен мақсұт боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан.
ХХ ғасыр басындағы әдеби үдерістің тарихи, саяси негіздерін бағалап, саралауда құжаттар негізінде пайымдаулар жасау дағдысы бөлек академик Тұрсынбек Кәкішұлы зер салған мәселелердің Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығындағы тәуелсіздік мұраттар бағытында дәуірлік деңгейде ой қорытындылап, пайымдамалар жасауға негізді қисындар қосатындығын айтар едік.
«Ақтаңдақтар ақиқаты дегенде, ең алдымен сол ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының өмірі мен шығармашылығындағы өзгерістер мен қақтығыстардың болу себептерін ашу, қазіргі бір ғасырға жуық уақыт аса мерзім өткен кезде олардың шығармашылықтарын ғылыми көркемдік даму заңдылықтарына сай талдау, тұлғалық мінез-құлықтарының өзгешеліктеріне тоқталу жеке-жеке емес, тұтас дәуір үнімен сабақтастыра қарастырылуы шарт. Сондықтан, Т.Кәкішұлы ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақтар туралы рухани тұтастықты, жалғастықты, арналастық пен айырмашылықты, дәстүр жалғастығы мен рухани ғибраттың маңызын жете ұғына пікір білдірген жөн деп есептейді» [4, 85-б.].
Зерттеуші А.Зекенованың күрделі ХХ ғасыр басындағы әдеби даму бағыттары туралы тақырып «сәнге» айналмай тұрып, сонау ХХ ғасырдың 50-жылдарында нақтылы құжаттық негізде зерттеуге ден қойған Т.Кәкішұлының пайымдарындағы өзгешеліктерді тұтас аңғарып, ауқымды, жүйелі тоқтамдарға айналдыру бағытындағы ізденісі негізді.
ХХ ғасыр басындағы күрделі, қайшылығы мол ақиқатты тану жолында елеулі көзқарас жүйесі бар Тұрсынбек Кәкішұлы Ахмет Байтұрсынұлының азаттық мұраттар жолындағы күрес ұстанымының даралық сипаттарын атап айтуында кезеңдік жалпы ағымға ілісе кетіп сөйлеген көп зерттеушіден ауылы шалғай ақиқаттарға сүйеніп отырды. Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық ағым қалыптастырудағы тарихи еңбегін, «Қазақ» газеті туралы ой-тоқтамдарында тұлғаның тарихи еңбегін ғылыми, саяси-әлеуметтік негізде бағалаудың ұстанымдары көрініс тапты.
Тұрсынбек Кәкішұлы Ахмет Байтұрсынұлының ұлт азаттығы жолындағы күрес мұратымен астасқан жеке бас тағдырындағы әрбір әрекет, шара шығармашылық туындысының арқау, арналары туралы әр кез ой өрбітіп, сөз қозғап келеді. Осында Ахмет Байтұрсынұлының кез-келген шешімі, қолымен атқарып саяси, мәдени кеңістікке дарытқан шараларының бар мән-маңызы тәуелсіздік мұратпен тұтасып жатқандығы тайға таңба басқандай, нақтылана, айқындала түсіп отырған.
А.Байтұрсынұлының әліпбиі туралы тоқтамында Т.Кәкішұлының А.Байтұрсынұлы еңбектерін зерделеудегі зерек пайымы көзге ұрады.
«...Әрине, Ахмет Байтұрсынов қазақтарды тезірек сауаттандыру мақсатымен ұлттың жазу тәртібін енгізгені өзінің ұлы жемісін берді, ең жеңіл алфавит ретінде мойындалып, күні бүгінге дейін өмір сүріп келеді» [5, 78-б.].
Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығын зерттеуде Меруерт Көпбаева ақындық өрістегі жекелеген туындыларының «Қазақ» газетінде жарық көргеніне мән бере отырып, сол туындыларды ғылыми айналымға тартады.
«Ахметтің жинақтарына енбей қалған кейбір өлеңдері бүркеншік есіммен «Қазақ» газетінде жарияланған. Ал «Қазақта» көбіне ел мұңын жоқтаған азатшыл поэзияның ғана орын тапқаны шындық. Мәселен, газеттің екінші санында жарияланған «Көшбасшы» өлеңінен-ақ осы бір талап айқын сезіледі. «Зарыққанда қылған бата» деп аталатын өлеңнің шымыр шумақты өткір сөздері «жүрекке дөп, ойға жөн». Көңілдегі мұңды оятып, ұмтылысқа, қимылға шақырғандай:
Сөйлесін! Жүйрік болса інжу тізіп,
Жосықсыз бас ауыртпай босқа езіп.
Құйса екені қысқасынан түсіндіріп,
Ретті, төрт аяғы түгел келіп.
Көсем бол тура жолға бастап кетсін,
Қалмасын кейінгілер соңына еріп.
Бай болса, малын қисын жұрты үшін,
Аямай керегіне тұрсын беріп.
Қайдағы аламанға ас дегенде,
Осқырып жоламайтын не бір жеріп?
Шығарып бір жерден сөз, бір жеңнен қол,
Ықпасын! Бүгежектеп, тұрсын берік.
Өлең сөздері «Қазақ» мақсатымен үндес шығып, көкейдегі көп ойға қозғау салады. Өлең авторы белгісіз, қол қойылмаған. Бірақ Ахмет қолтаңбасы байқалады. Ахметтің бұдан да кейін де бүркеншік есіммен бірнеше өлеңдер жариялағанын еске алсақ, «Қазақтағы» өлең-жырдың бастауында өзі тұрғандығына күмәндануға болмайды» [6, 196-б.].
Қазақ әдебиеті тарихындағы ұлт-азатшыл бағыттың белгілі бір тарихи кезеңінде өлең сөзбен өріс кеңітіп, ұлтын ұлы мұраттарға қарай жетелеген Ахмет Байтұрсынұлының тарихи еңбегі қазақ әдебиеттану ғылымында жан-жақты зерделеніп отыр.
Ахмет Байтұрсынұлы туралы арнайы «Тарихи тұлғалар тағылымы» сериясымен еңбек жазып шығарған Өмірхан Әбдиманұлы [7] ахметтануда азаттық мұраттар бағытында елеулі пайымдауларға барды.
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ өмірінің қалтарыстары әлеуметтік негізде қамтылған поэзиялық туындылары тұтас бір кезеңнің рухани кеңістігін түзуде жетекші мәнде болған рухты туындылар мәнінде ел тарихында, әдебиет тарихында елеулі орын алады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Мұқанов С. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті: – Алматы: Атамұра. –2008. – 384 б.
2 Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: «Қазығұрт» баспасы. – 2007. – 5-т. – 464 б.
3 Қамзабекұлы Д. Руханият: (Мақалалар мен зерттеулер). – Алматы: Білім. – 1997. – 272 б.
4 Зекенова А.Ж. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихы – Т.Кәкішұлы контексінде. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі. – 2007. – 204 б.
5 Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. – Алматы: Санат. – 1994. – 448 б.
6 Көпбаева М. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. Көмекші оқу құралы. – Шымкент. – 2009. – 196 б.
7 Әбдиманұлы Ө. Ахмет Байтұрсынұлы: Зерттеу-эссе. – Алматы: Арда. –2007. – 296 б.
Достарыңызбен бөлісу: |