Стиль мен бейнелілік ұғымдары туралы



бет31/32
Дата25.03.2022
өлшемі195,32 Kb.
#136809
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32
Байланысты:
Сыйлыгул-Диссертация

ҚОРЫТЫНДЫ

Қазақ лингвостилистикасы қалыптасып, өзінің мақсатын, міндетін анықтағаннан кейін зерттеу объектілеріне сәйкес іштей бірнеше бағытқа жіктеле бастады. Соның бірі – көркем әдебиет стилистикасы. Көркем әдебиет стилистикасында осы уақытқа дейін әдебиеттану ғылымы саласында сөз болып келген көркем шығармалар стилистикалық қырынан сипатталып, олардың тілдік ерекшеліктері талданып, проза тілі, поэзия тілі, автор бейнесі мәселелері зерттеледі.


Біздің жұмысымызға негіз болған «ХХ ғасыр лирикасындағы стиль мен бейнелілік» тақырыбы да көркем әдебиет стилистикасында қарастырылады. ХХ ғасыр лирикасына тоқталмас бұрын, алдымен, стиль мен бейнелілік ұғымдарына анықтама беріп өткен жөн.
Кез келген көркем шығарма шынайы өмірде болған оқиғалардың немесе қаламгер қиялының негізінде туады. Оның жасаушысы – автор. Автордың дүниеге деген көзқарасы, таным-түсінігі, шындықты қабылдауы, сана-сезімі, талғамы, білімі, таланты арқылы дүниеге келген көркем шығарма оқырман жүрегіне жету үшін белгілі бір көркемдік деңгейде болуы керек. Сол көркемдік деңгейді қалыптастырушы – автордың стилі мен шығарманың бейнелілігі. Бұл екі ұғым – бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі алмастырып отыратын екі үлкен стилистикалық категория.
Стиль – тек стилистика ғылымына емес, өнер, мәдениет, философия, музыка, сәулет өнері секілді бірнеше ғылыми салаға ортақ ұғым. Стиль мәселесі туралы сөз қозғаған кезде лингвистика саласы бойынша ғана анықтама берген аздық етеді. Сондықтан стильді шартты түрде жалпы және жеке стиль деп бөлу – оны кең және тар мағынада қарастыру арқылы жан-жақты ашуға негіз болады. Кең мағынасында стиль – белгілі бір дәуірге тән ортақ сипатқа ие болатын болса, тар мағынасында стиль – жеке адамның немесе қаламгердің өзіне ғана тиесілі ерекшелік, қолтаңба деген мағынаға саяды. Ал бейнелілік – стильді қалыптастырушы басты фактор. Ол «поэтикалық», «шығармашылық», «көркемдік», «бейнелі» секілді сөздермен бірге қолданылғанда терең түсіндіруді қажет етеді. Ақын немесе жазушының шығармасы осы бейнелілікті жүзеге асыратын көркемдеуіш-бейнелеуіш құралдар арқылы оқырманға жетеді. Қаламгердің бейнелілікті қаншылықты игергендігін білу оның туындысының көркемдік деңгейін анықтауға көмектеседі.
Аталған екі категорияны ХХ ғасыр лирикасында қарастыру – жұмыстың басты мақсаты. Жалпы лирикалық шығармалар – бейнелі түрде берілетін, оқиғадан гөрі адамның ішкі толғанысы, қуаныш-сүйініші, сезімімі суреттелетін күрделі көркем шығарма. Өлең тілі проза тіліне қарағанда күрелірек. Б.Қалиев сөзімен айтсақ: «Көркем әдебиетке жататын өлеңді шығармалар өзіндік сыр-сипатымен, белгілі бір тәртіпке бағынған, тізбекке түскен тілдік құрылысымен ерекшеленеді. Өлең сөз адамға өзінің ішкі мазмұнымен, суреттілігімен, бейнелілік мәнімен ғана емес, айтылу қалпы, әсем үнділігімен де әсер етеді. Өлеңнің құрылысы қара сөздердің сөйлем құрылыстарынан басқаша болады. Өлеңді сөйлемдердің буын-бунақтары белгілі бір тәртіпке бағынады. Егер ол тәртіп болмаса, сөйлем өлеңдік қасиетінен айырылады. Яғни бұл өлең құрылысының өзіне ғана тән бір заңдылық бар екенін көрсетеді». Ғалымның бұл пікірі лирика тілін зерттеудің қиындығын, маңыздылығын аңғартады. Қазақ лингвостилистика саласында лирика тілі кенже дамып келе жатырған салалардың бірі болса да, қазіргі таңда Д.Әлкебаева, С.Асқарова, К.Есіркепова, З.Османова, А.Бекбосынова, Қ.Т.Маликов, С.Кәрібаева, А.Қазанбаева Г.Боранбаева сынды ғалымдарымыз лириканың тілдік ерекшеліктері, жеке ақындардың сөз қолданыстарындағы бейнелеуіш құралдардың тілдік көрінісі деген тақырыптар бойынша құнды екбектер жазған.
Бейнелі сөздер сөздің көбінесе сөздің бастапқы лексикалық мағынасынан алшақтап, ауыспалы мағына қолданылады. Лексикалық мағынаның басты қызметі – затты немесе құбылысты басқа нәрселерден ажырату. Сол себепті барлық сөздер бір ғана лексикалық мағынаға ие болмауы мүмкін, көп мағыналы сөздің әрбірі контексте ашылады. Сөздің негізгі лексикалық мағынасынан туындайтын, оған метонимиялық, метафоралық немесе кеңістік, уақыттық, басқа да мағына үстейтін мағына ауыспалы мағына деп аталады. Ауыспалы мағына кейде негізгі, кейде қосымша мағына ретінде жұмсалады. Сөздiң семантикалық құрылымындағы мұндай өзгерiстер эмоционалды-бағалауыш, ассоциациялық немесе әсер етудің басқа факторларына негізделеді. Біз сөздiң ауыспалы мағыналарында ғана бейнелілікті анықтап, оның сөздің ішкі формасымен арақатынасын белгілейміз. Бұл – лингвистикада сөз бейнелiгiн зерттеудің негiзгi аспектiсі.
Жалпы көркем шығарма тілін зерттегенде қарастырылатын «автор бейнесі» мәселесі лирика тілін зерттеу кезінде де назардан тыс қалмайды. «Автор бейнесі» көркем шығарманың барлық элементтерін бір жерге тоғыстырып, жазушының дара стилін анықтауға көмектеседі. Ол – шындық пен оқырманның арасын байланыстыратын категория. Ал лирикалық шығармаларда автор бейнесі басқа шығармаларға қарағанда анық көрінеді. Себебі автор көп жағдайда оқиғаны немесе құбылысты өз «мені» атынан баяндайды, ол бір жағынан оқиғаның баяндаушы болса, екінші жағынан сол оқиғаның қатысушы рөлінде болады. Оқырман лирикалық шығармаларды оқу арқылы ақынның жеке көзқарасын, ішкі ойын байқай алады. Сондықтан лирикалық шығармаларды жан-жақты зерттеуде автор бейнесін ашып алудың маңызы зор.
ХХ ғасыр лирикасындағы стиль мен бейнелілік мәселесін тереңірек қарастырған кезде дәстүрлі көріктеу құралдарының поэтикалық бейне жасаудағы қызметі мен сөздердің мағыналық топтары мен тұрақты тіркестің бейнелі қолданыстарын қарастырамыз.
Дәстүрлі көріктеу құралдары қатарында теңеу, эпитет, метафора, кейіптеу талданады. Бұлар әдебиеттану ғылымы саласында троп ретінде сөз болса, көркем әдебиет стилистикасында бұл құралдарды жасайтын сөздердің мағынасы, жасалу жолдары, стилистикалық бояуы сипатталады.
ХХ ғасыр лирикасында –дай, -дей, -тай, -тей жұрнағы арқылы жасалған теңеулер басқаларына қарағанда басымырақ: кербестідей; түймедей; оттай; ұядай; ақ жұлдыздай; аспандай; көпірдей; сендей; жаралғандай; ұшқандай;сертін бергендей, т.б.
Келесі эпитеттер тобында сын есімдердің ешбір жұрнақсыз түбір күйінде тұрып, зат есімнің сипатын, сынын айқындайтын эпитеттер ақындар тілінде жиі қолданылады. Мысалы: асыл жан, терең сыр, зеңгір көк; мөлдір бұлақ; ерке гүл; ақ дауыл; қоңыр кеш; көгілдір көл; кең кеуде; абат бақ; қырмызы қыз; бозжайнақ дүние; мөлдір зәмзәм; балғын кез; ақ бесік, т.б.
Сонымен қатар ақындар кейіптеу тәсілін көбіне табиғат, туған жер туралы жырлағанда пайдаланған. Адамның көңіл-күйі, сезімі табиғат құбылыстары арқылы берілген. Бұл – ХХ ғасыр лирикасындағы басты ерекшеліктердің бірі.
Ал окказионал сөз қолданыстары, яғни ақындардың өздеріне ғана тән жеке қолданыстағы сөздері – дара стильді қалыптастыруы факторлардың негізгісі болып есептеледі. Осы орайда біз қарастырған лирик ақындарды өздерінің стильдік даралықтары бірден байқалатын, өлең сөздің мәні мен мағынасын терең түсінетін, әдеби тілдің әр сөзін орын қолдана білетін ақындар деп танимыз.
Біз негізінен өздердің грамматикалық топтарына синоним, антоним, омоним сөздерін жатқызамыз. Алайда біздің жұмысымызда талданған ақындардың өлеңдерінде бейнелеуіш тәсіл ретінде омоним сөздер шумақтарда қатар ұшыраспады. Бұның себебін С.Асқарованың пікірімен берсек: «Омонимдер антонимдер немесе синонимдер сияқты өлең шумақтарында қатар келе бермейді. Өлең жолдарында қатар тұрмай, қатар алынбаған омонимдер көркем туындыны ажарлауға мол қызмет ете алмайды». Сондықтан жұмыста ХХ ғасыр лирикасында кездесетін, көркем шығарманың бейнелілі мен эстетикалық сымбатын аттыра түсетін синоним мен антоним сөздер ғана талданады.
Сөз бейнелілігін арттыруда маңызды орын алатын категорияның бірі – тұрақты тіркестер. Р.Сыздықтың: «Тіл-тілдің қай-қайсысында да ғасырлар, жылдар бойы қалыптасқан фразеологиялық қазынасы болады. Олардың ішінде образды тіркестер көркем әдебиет қажетін өтеуде халықтың эстетикалық талғамын ақтайтын ең бір күшті тілдік құрал болып келеді. Сондықтан әдеби мектептердің де және тіл дамуы кезеңдерінің дәстүрлік, жалғастылық сипатын танытуда қомақты материалдарды фразеологизмдер береді», – деген пікірімен толықтай келісуге болады. Осыған орай жұмыста ХХ ғасыр лирикасында кездесетін тұрақты тіркестердің бірқатары қарастырылады.
Сонымен қатар жұмыста ХХ ғасыр лирик ақындарына ортақ табиғат, туған жер, махаббат, соғыс – бейбітшілік тақырыптарын ашуда қолданылған сөздердің лексика-семантикалық топтары беріледі.
ХХ ғасыр басындағы табиғат туралы өлеңдердің жырлануында мынадай саралану байқалады: бірінші – жылдың төрт маусымдық мезгілдерін бір-біріне жалғастыра жырлау, екінші – табиғат құбылыстарын жеке сипаттап жырлау.
Табиғат көріністерін беретін өлеңдерде жиі кездескен табиғат құбылыстары атаулары – көктем, күз, қыс, тау, бұлт, жаңбыр, жел, таң, түн, толқын және қайың, туған жер бейнесін беруде – Отан, атамекен, Күн-ана, дала, өлке, қыр, құм, көл, толқын, шың, тау, шалғын, жел, бұлбұл, ел, т.б лексемалары; махаббат лексика-семантикалық тобына жататын сөздер – әлем, дүние; арман, қиял; жүрек, мейірім, жер шары, ән, қуаныш, өмір, бақыт; ал соғыс – бейбітшілік тақырыбы келесі сөздер мен сөз тіркестері арқылы берілген: қанды соғыс, суық ызғар, қабырғаны қайырған соғыс, зарлы үн, жетім, жесім, еркіндік, бейбітшілік, жеңіс көктемі, қуаныш, т.б.
Қорытындылай келсек, ХХ ғасыр лирикасы – шындық пен шеберліктің, мағына мен форманың шынайы ұштасуының жемісі. Ақындардың өлеңдерінде теңеу, метафора, эпитет, кейіптеу, сөздердің мағыналық топтары және басқа да ерекшеліктердің орынды қолданылуы шығармадағы автор бейнесін тануға, ақындардың өзіндік қолтаңбасын анықтауға және сол арқылы дәуірге, ғасырға тән стиль мен бейнелілікті анықтауға үлкен септігін тигізеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет