Біздің қару – сәби тілі, қарт үні, Күш, қанағат, сезім, сана артығы, Жамандықты ұр, жақсылықтың бар түрі Күннің нұры, найзағайдың жарқылы. (Ж.Н. Қару-жарақ хақында. 1-73)
Арман үшін аяма жанды мына, Жамандықтың көнбеймін даң-дұнына. Жақсылықты ақ жібек ауаға орап, Үлестірем дүниенің барлығына. (М.С.Сырым менің. 1-13)
Ойда жүріп, зейнет үшін бейнет сазын кешемін. (М.С. Бұл кеудеме. 1-19)
Жүректі тырнап әлде бір шаттық, әлде мұң. (А.Б. Батырмен жүздесу. 1-337)
Ақындар бұл өлең жолдарында жақсылық – жамандық, бейнет – зейнет, шаттық – мұң сөздері арқылы екі нәрсені салыстырып, оқырманға ара-жігін ажыратуға шақырып, адам бойындағы қасиеттердің жақсы жағын көруге, қай нәрсенің де екі ұшы болатынын дәлелдеуге тырысқан.
Осы шумақтардың ішіндегі күннің нұры, найзағайдың жарқылыдеген тіркесті контекстік антоним деп қарастыра аламыз. Себебі сөздер осы өлең жолында ғана қарама-қарсы мағынаға ие болып тұр. Мұндай антонимдерді ғалымдар стилистикалық, авторлық антонимдік қолданыстар деп те атайді (А.Жұмабекова).
Өлең жолдарында зат есім ғана емес, қарсы мәнді сын есімдер мен үстеулер де кеңінен қолданылады:
Алғашқы және ақырғы Ең ұзақ хатым болды бұл. (С.Ж. Хат. 1-27) Бір-бірінің тірі-өлісін отыз жыл Өтсе дағы біле алмай жүр қанша адам. (А.Б. Шаңырақ. 1-357)
Қарлы жер ерте-кеш борап, Қасарып тұрған жоқ па екен. (С.Ж. Жылы жел есіп тау жақтан. 1-44)
Күндіз де түні шелектеп, Көл болып жерге ақты нұр. (С.Ж. Жаңбыр. 1-51)
Сөкпеші жұрт, бірде биік, бірде төмен жүрермін, Арманымды алынбаған шыңдарыма жібердім. (М.С. Бұл кеудеме. 1-19)
Бұл өлең жолдарындағы антонимдер бірде заттың сынын білдірсе, бірде уақытты, мезгіл-мекенді анықтап тұр.
Ал келесі өлең жолдарында қарсы мәнді етістіктер ұтымды қолданылған:
Сен сияқты мен де, апа, жылап, күліп, Бесік тербеп отырып өлең жазам. (А.Б. Тау гүлі. 1-346)
Қуанам өз бұлтымды өзім қуып, Мұңаям өз шаңымды өзім басып. (Ж.Н. Табиғат мінезді етіп берсе тілді. 1-31)
Көңілі мұңданады, шаттанады, Сол үнсіз жанның сая таппағаны. (А.Б. Ақсақ қыз аңызы. 1-110)
Бұл өлең жолдарында жылау – күлу, қуану – мұңаю, мұңаю – шаттану сөздері адам көңіл күйінің өзгермелігін суреттесе, келесі өлең жоларында қарсы мәнді етістіктер қарама-қарсы қозғалысты суреттейді: Құстар ұшып кетіп жатыр, келіп жатыр бұл жерге, Мен отырмын шау-қыранша ұя бағып, тізерлеп. (Ж.Н. Құстар ұшты. 1-54)
Қайтсем де дүниені жаңартам деп Мың биіктеп, мың рет аласардым. (М.С. Адам. 1-29) Құладым, ізге түсіп ағылмадым, Мүмкін аяқ алыстан жаңылғаным. Ақ қарға күмп бердім де қайтатұрдым Сезінбей еш жерімнің ауырғанын. (А.Б. Ақ ұлпа. 1-68). Жалпы алғанда «Тіліміздегі осы қарсы мәнді сөздерді ақын, жазушылар өзара қатар алып, шығарма тілінің көркемдігіне жұмсайды» [80, 27-б.]. Бұл сөздер екі нәрсені салыстырып қана қоймайды, құбылысты немесе кез келген затты жан-жақты суреттеуге септігін тигізіп, поэзия тілінде қарама-қарсылық мағыналық жүк көтеріп, үлкен стилистикалық қызмет атқарады.
Лирика тілінде тағы бір ерекшелік – тұрақты сөз тіркестерінің қолданылуы. Қазақ тілінде ғасырлар бойы қалыптасып, бүгінгі күнде дайын қалпында қолданылып жүрген тұрақты тіркестер өлең көркемдігін арттыруда да аса үлкен қызмет атқарады. Г.Смағұлова былай деп жазады: «Қиыннан қиыстырған ой өрнектері өлеңде өз орнын құлпыртып тұрған тұрақты сөз тіркестерінің мәнерлегіштік, бейнелегіштік қасиеті айқын аңғарылады. Аз сөзбен көп сөздің түйінін түйген тұрақты сөз тіркестерін поэзиялық шығармада қолданудың өзіндік ерекшелігі бар. Өлең қара сөздей емес, белгілі бір ырғаққа, ұйқасқа құрылады. Басы артық селкеу сөз бен селдір шумақ бүкіл өлеңнің поэтикасына нұқсан келтіреді. Сол себепті де ақындар дайын тіркестерді өлең жолдарына пайдаланғанда аса үлкен жауапкершілік барын сезінеді. Тұрақты сөз тіркесінің құрылысы жағынан көп өзгеріске ұшырауы, әсіресе, өлең сөзге тән құбылыс. Фразеологизмдер өлең жолдарына ерекше қуат беріп, терең ой иірімдерін аңғартады» [81, 103-104-бб.]. Басқа шығармаларда тұрақты қалпында, белгілі бір қалыппен ғана жұмсалатын тұрақты сөз тіркестері өлеңге келгенде бірнеше өзгерістерге ұшырайтыны белгілі. Мұның себебі – өлеңнің ұйқасқа құрылатындығы. Соған байланысты дыбыстық үндестікті сақтау үшін ақындар сөз орындарын саналы түрде ауыстырып, керек кезде кейбір сөздерді де қоса қолданады. Алайда бұдан тұрақты тіркестің беретін терең мәні жоғалып немесе өзгеріп кетпейді. Ақындар қазақ дүниетанымынан, пайымынан туындап, ғасырдан ғасырға жалғанып жасап келе жатқан фразеологизмдердің табиғатын аша түседі.
Зерттеуге нысан болған ақындар өлеңдерінде де тұрақты тіркестер кеңінен қолданылады. Сол тұрақты тіркестердің мағынасын ашып, талдайтын болсақ, жиі, барлық ақында қолданылатын ортақ тұрақты тіркестерді айқындауға болады. Мысалы, ұйықтамау мағынасын білдіретін тұрақты тіркес бірнеше ақында кездеседі: