Зерттеу өзектілігі: Бүгінгі таңда қазақ тіл білімі саласында ғана емес, әлемдік тіл ғылымында лингвистикалық ғылымдарға ерекше назар аударылып, тіл мәселесін жан-жақты зерттеу тіл мамандары тарапынан қолға алынуда. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, тіліміздің күн санып дамуы, стильдердің қолданыс аясының кеңуі, көркем әдебиет тілі мен жеке қаламгерлерге тән даралықты анықтау мәселесі стилистика ғылымының тамырын тереңге жайып, тілдік бірліктердің қолданыс қызметін, стильдік ерекшеліктерін талдауды қажет етіп отыр.
Стилистика – тіл білімі саласында басқа салалармен салыстырғанда кеш қалыптасқан сала болғанымен, өзінің мақсат-міндетін анықтаған, дербес сала. Осы сала бойынша жазылған еңбектерде стилистиканы жан-жақты зерттеуде пікір қайшылықтары кездессе, бұл – стилистиканы зерттеу кезінде қателіктерге алып келмейді, керісінше, оны толық зерттеуге мүмкіндік береді. Қазақ тіл білімі қазақ әдебиетімен тығыз байланысты, сондықтан бұл екі саланы бір-бірінен жеке дара қарастыруға болмайды. Әдебеттегі көркем мәтіндер тіл білімінің негізгі зерттеу нысаны болса, тіл біліміндегі ізденістер – әдеби құбылыстар мен көркем мәтінді зерттеудегі басты құралдардың бірі. Сол себепті стилистика мәселелерін қарастырған кезде тіл білімі мен әдебиетті ұштастыра зерттеу үлкен жетістіктерге жеткізеді.
Стилистика саласында көркем әдебиет стилистикасы, шығарма тілі тура зерттеулер соңғы жылдары жан-жақты зерттеліп, қарастырылып жүрген мәселелердің бірі. Бұл тақырып аясында бірнеше ғылыми зерттеу жұмыстары жазылып, жариялануда. Сол көркем әдебиет ішіндегі ХХ ғасыр лирикасының стиль мен бейнелілігін тіл кестесінің көркемдік дәрежесін айқындап, оны лексика-грамматикалық салада қарастыру тақырыптың өзектілігі болып табылады.
Көркем туындының құрылысы әртарапты көптеген компоненттердің бірлігінен тұрады. Олар көркем шығарма тілінің заңдылығына бағынады және тілдік жүйе түзеді. Осы жүйені жасайтын – жазушының өзі. Осыдан «автор бейнесі» мәселесі туындайды. «Автор бейнесі»көркем әдебиет тілінің ішкі сапалық қасиеттері мен заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік беретін категориялардың бірі әрі негізгісі болып табылады. Көркем мәтінде жазушы өз идеясын, көзқарасын жеткізуде оқырман қажетіне жарайтындай, түсініп оқитындай тілдік бірліктерді қолданады.
Оқырманын ойлантып, санасын сәулелендiретiн көркем әдебиет тiлiнiң орны қай заманда болмасын айрықша екенi сөзсiз. Эстетикалық деңгейi жоғары, айтар идеясы айқын, мазмұны терең көркем шығарма оқырманға сөз құдiретi арқылы жетедi. Сөз құдiретi арқылы суреткер тiлiнiң әсемдiгi, көркемдiгi, тiлдiк құралдар мен тәсiлдердi орнымен жұмсап, сөз қазынасын молынан пайдаланып, сөздердi қиыстырудағы ұтқырлығы, шеберлiгi, даралығы, өзiндiк жаңалығы танылады.
Автор бейнесін жан-жақты қарастыру мақсатында осы жұмыста Жұмекен Нажімеденов, Сағи Жиенбаев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Ақұштап Бақтыгереева сындық ақындардың лирикасындағы автор бейнесінің тілдік көріністерін, ақындардың стильдік сөз қолданыстарындағы бейнелілік ерекшеліктерді қарастырылады. Жалпы көркем мәтінге талдау жасаған кезде, прозамен салыстырғанда, поэзия тілін талдау, оған анықтама беру қиынырақ болады. Әсіресе лирикалық шығармадағы автор бейнесі мен прозалық шығармалардағы автор бейнесінің құрылымдарында біршама ерекшеліктері бар. Соның ішінде лириканың өзіндік ерекшелігі, автор ойының түрлі бейнелеуіш құралдармен астарлап берілуі, прозадағыдай ақпаратты тура баяндап немесе сипаттап беруден гөрі адамның ішкі жан дүниесіне, қиялына әсер ету – лирика тілінің басты ерекшелігі.