Этиологиясы мен патогенезі. Бет және мойын аймақтарының абсцестері мен флегмоналарын қоздыратын микробтарға стрептококктар, стафилококктар, диплококктар, пневмококктар, ішек таяқшасы микробы және басқа да анаэробты микробтар жатады. Бұл микробтар жекеше не болмаса үйлескен түрінде кездеседі. Көбінесе стафилококк және стрептококк табылады.
Инфекцияның тіндерге кірер қақпасы „бұзылған" тістер мен тіс түбірлері. Сондай-ақ инфекция ошағына тіс-қызыл иек қалтасы, бадамша безі, іріңді жақ сүйектің сарысулы ісігі, жақ сүйектің сынығы, сыздауықтар стоматиттер жатады. Егер жұмсақ тіндерде дамыған флегмона, ауыз қуысындағы тістерге байланысты болса, онда ол одонтогендік (тістен пайда болған) флегмона, ал остеомиелиттің асқынуынан пайда болған флегмона-остеофлегмона деп аталады. Аденофлегмона — лимфа түйіндері іріңдегенде және ірің қоршаған жұмсақ тіндерге жарып шыққанда пайда болады. Олар одонтогенді (тістен пайда болған) одонтогенді емес (тіске байланысты емес) деп бөлінеді.
Қабыну процесінің дамуына байланысты, организмнің улануы үдеп, жалпы сырқаттану белгілері пайда болады (дененің қалтырауы, жалпы әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің шаппауы). Дене қызуы субфебрилитеттен 40°-ке дейін көтеріліп, дем алу және тамыр соғуы жиілейді.
Тіндердің анаэробты іріп-шіруінің бастапқы кезеңінде, науқаста эйфория (көңіл-күйінің көтерілуі) пайда болып, жағдайының жақсы екені туралы жалған пікір тууы мүмкін. Бірақ, содан кейін организмнің дереу көп улануына байланысты, барлық ағзалар зардап шеге бастайды. Кей жағдайда жергілікті тіндердің реакциясы (ішкі немесе сыртқы әсерлерге беретін жауабы) әлсіз болады. Бұл, организмнің қарсылау күшінің төмендегенін және аурудың артын болжау күмәнді екенін көрсетеді. Эксудаттың түріне қарай флегмоналар іріңді, іріңді-геморрагиялық және шіріктік деп бөлінеді.
Анаэробтар және олардың басқа да микробтармен үйлесіп тудыратын газды флегмонасы өмірге қауіпті болып есептеледі. Анаэробты инфекция, көбінесе бұлшықет тіндері мен терең клетчаткалы кеңістіктерде кездеседі.
Егер, іріңді флорадан пайда болған флегмонада, тіндердің іріңді қабынуы болса, газды флегмонада — тіндердің гангренасы (шіруі) пайда болады. Бұл, тіндердің қан тамырларында қанның ұйып, газбен қысылу қан айналымының нашарлауына байланысты.
Науқастың жалпы жағдайы тез нашарлайды: организмнің интоксикациясы өсіп, (жиі және әлсіз тамыр соғуы, қан қысымының төмендеуі), эритроциттердің ыдырауынан тері қабаты сарғышта-нады.
1965 ж. Д. Е. Альперн және 1971 ж. В. И. Русаков және т. б. қабыну процестерінде гиперфибриногенемия (фибриннің пайда болуының үдеуі) болатынын байқаған. Фибриннің пайда болуы, қабыну ошағын шектеуге бағытталған қорғаныс реакциясы болып табылады.
Гиперергиялық қабынуда, қан ұю процесі жеделдейді, сонымен бірге фибриногеннің сапалық өзгерісінің негізінде, ол фибрин және фибриноид ретінде тұнып, қан тамыры ішінде қанның ұюына, капиллярлар мен прекапиллярдың жабылып қалуына себепші болады. Бұл кей жағдайда, шіріктік қабынуға әкеп соғады. Жақ-бет аймағының іріңді ауауларында, гемокоагуляция мәселесіне аса зор назар аударған жөн, өйткені анатомия-физиологиялық ерекшеліктері, аурудың ерекше түрін туғызады. Соның әсерінен аурудың клиникасы, диагностикасы, сондай-ақ дәрігердің науқасты тексеруі, емдеу тәсілі де өзгеруі мүмкін.