Жеделағымды эпидемиялы емес паротит Бұл дерт бездердің іріңдеуіне алып келеді және өте ауыр түрде жүреді, созылмалы қабынуға өтуі де мүмкін.
Дерттің жергілікті себептеріне: бөгде заттың енуі, сілекей тастарының пайда болуы, афтозды және жаралы стоматиттер, бездің жарақат алуы, қабыну процестерінің көрші аймақтардан өтуі жатады.
Жалпы себептері: инфекциялық дерттер, іш қуыстарына жасаған операциялар, сусыздануға алып келетін дерттер.
Клиникалық көріністері. Жедел эпидемиялы емес паротиттер клиникалық ағымына қарай серозды, іріңді және гангренозды деп бөлінеді.
Бұл дерт кезінде науқастар ауыз қуысының құрғақтығына, жалпы әлсіздігіне, дене температурасына, құлақалды маңында қатты ауыру сезімінің болуына, оның тамақтанар алдында үдей түсетініне шағымданады.
Қарап тексергенде, құлақ маңындағы инфильтраттан пайда болған беттің асимметриясы анықталады (екі жақтық сирек). Инфильтраттың әсерінен құлақ сырғалығы көтеріліп тұрады. Дерттің жедел серозды кезеңінде ауыздың ашылуы шектелмеген, шығару түтігінің ашылған орны қызарған, ісінген. Құлақмаңы сілекей безіне массаж жасағанда сілекейдің бөлінуі байқалмайды, кейде күңгірт-шырышты сүйық бөлінуі мүмкін. Содан кейін процестің кері дамуы басталады, без маңындағы инфильтраттың ісігі қайтып көлемі кішірейеді, ауыру сезімі төмендейді, сілекей" мөлшері қалыптағыдай болады.
Жедел серозды паротит іріңді түріне өткенде безде қабыну процесі өте тез дамиды.
Бездің тығыз капсуласының болуынан іріңді жалқықтың теріасты клетчаткасына шығуы қиындайды, осының әсерінен ауыру сезімі күшейе түседі. Құлақмаңы сілекей безі аймағындағы инфильтраттың көлемі ұлғайып, жүмсақ тіндерде ісіну пайда болады. Инфильтрат бетіндегі тері қабаты қызарған, қатпарға жиналмайды. Ауыздың ашылуы шектеледі. Шығару түтігінен көп мөлшерде ірің бөлінеді. Без капсуласы іріңдеп ерігенде, былқылдақ (флюктуация) болады. Құлақмаңы сілекей безі аймағында пайда болған жұмсақтану ошақтары өз бетімен ұрттың тері қабатына немесе сыртқы дыбыс жолына ашылуы мүмкін. Іріңді паротиттің кері дамуы 12—15 күннен кейін басталады. Қабыну процестері басылып ауыру сезімі төмендейді және тамақтанар алдында ауырмайды, науқастың жалпы жағдайы жақсарып, тамаққа тәбеті ашылады, дене температурасы қалыпты жағдайға келеді. Без маңындағы инфильтрат кішірейіп, жоғала бастайды. Сілекей бөліну қызметі қалыпты жағдайына түсіп, мөлдірленеді, жыланкөздер жабылады.
Паротиттің гангренозды түрінде тіндердің көлемді некрозы және науқаста ауыр септикалық жағдай болады. Бет веналарының тромбозы мен флебиттер дамып, ми синустарына өтуі мүмкін.
Ажырату диагнозы. Жедел іріңді паротит ұрт, самай аймағындағы, шайнау еті астының кеңістігіндегі флегмоналардың клиникасына ұқсас, бірақ сілекей безінің қызметі бұзылмайды, шығару түтігінен мөлдір сілекей бөлінеді.
Жедел эпидемиялық паротиттен жедел эпидемиялық емес паротиттің айырмашылығы, оның жиі бір жақта және ересек адамдарда болуы. Қандағы эритроциттердің тұнбаға түсу жылдамдығының жоғарлауы, лейкоцитоз, нейтрофильдер санының жоғарылауының солға жылжуы байқалады.
Емі. Жедел паротит кезіндегі емдеу шаралары дерттің сатысына байланысты жүргізіледі. Қабынудың серозды түрінде науқас сілекей бөлінуін жоғарлататын диета және тамақтанар алдында пилокарпин гидрохлоридтің 1% ерітіндісін 6—8 тамшы қабылдау қажет. Тамақтанып болғаннан соң ауыз қуысын сілтілік ерітінділермен шайған дұрыс. Сілекей безі аймағына физиотерапевтикалық ем, әлсіз жылулық бактерицидтік әсері бар УЖЖ — терапия қабылдауы, күндіз құрғақ жылы, ал түнге қарай камфор майымен жылы компрестер жасау және күнделікті шығару түтіктері жүйесін антибиотиктердің 0,5% новокаиндегі ерітіндісімен немесе протеолитикалық ферменттермен жуып-шаю жақсы емдік әсер береді. Егер қабыну процесі өрши түссе, онда микрофлораның сезімталдығын анықтап, антибиотиктер тағайындалады. А. В. Вишневский бойынша блокада жасау, яғни құлақмаңы сілекей безінің аймағында орналасқан инфильтрат төңірегіне антибиотик қосылған новокаиннің 0,25% ерітіндісін енгізеді.
Егер қабыну процесі іріңді немесе гангренозды түріне өткен болса, онда улануға қарсы жалпы әлдендіру және симптоматикалық емдерден басқа, бет нерві талшықтарының топографиясын есепке ала отырып тіліктер жасау көрсетілген.
Алдын алу. Ауыз қуысының тазалығын сақтау, сілекей бөлінуін жоғарылатып тітіркендіргіш тағамдар (қышқыл тамақ) немесе пилокарпиннің 1% ерітіндісін күніне 3—4 рет 4—6 тамшыдан қабылдау, тұз, аскорбин қышқылдарын қабылдау жатады.