ДҮНИЕГЕ КӨЗҚАРАС- қоғамдық сана мен жеке адам санасының ең жоғарғы деңгейі. Ол өзінің қызметі мен мәдени міндеті бойынша адамның біртұтас дүниедегі бағдарларының кешені болып табылады. Дүниеге көзқарас— дүниедегі ұсақ-түйек мән-жайларға қатысты емес, біртұтас дүниеге қатысты бағдарлар кешені. Сонымен бірге бұл бағдарлар әлгі ұсақ-түйек мән- жайлар туралы ой түюге аса қасаң болмаса да белгілі бір бағыт сілтейді. Дүниеге көзқарас бағдарлары кешеніне, ең алдымен, болмыстың жалпылама- әмбебап көріністері, яғни философияда категориялар деп аталатын көріністер енеді.
ДІН (лат. religio – құдайға сиыну, киелілік) - адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сана. Діннің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі және оның Жаратушы Құдайға сенімі. Дүниетаным не дүниені қабылдау, сондай ақ Алланың барлығына сену негізіне сәйкес өзін өзі ұстау, соған қатысты адамның «табиғи» ұғымынан, танымынан биіктігі «қасиетті» бастау, барлығының бастауы, Жаратушыға тән құбылыс ретінде қабылданады.
ДОГМАТИЗМ (гр. dogma - пікір, ілім, шешім) – тексерусіз, зерттеусіз соқыр сенімге ғана сүйенген, дәлелденбеген қағида негізінде теориялық және саяси мәселелерді зерттеп шешуде нақтылы жағдайларды ескермейтін абстрактілік ойлау әдісі.
ЕЛЕСТЕТУ— бұрыннан бар тәжірибе негізінде жаңа түсініктер, ойлар мен бейнелер жасауға болатын процесс. Елестету — болмысты жаңа ұштасулар мен байланыстарда бейнелеу. Елестетудің ең маңызды мәні сонда, ол еңбек басталғанға дейін оның нәтижелерін көз алдына келтіруге мүмкіндік береді, осы арқылы қарекет процесінде адамды бағдарлайды. Елестету арқылы еңбектің түпкі не аралық өнімнің моделін жасау олардың заттық жүзеге асырылуына жағдай жасайды.