Сулейменов Пиримбек Муханбетович



Pdf көрінісі
бет13/48
Дата03.10.2023
өлшемі2 Mb.
#183567
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   48
Байланысты:
Электронный учебник аль-Фараби П.М. Сулейменов

1) мемлекетті дұрыс басқару үшін әділ заңның болуы; 2) бақ-
дәулеттің 
басқа 
қонуы; 
3) 
ақыл-парасаттың 
қоғамдық 
рөлі; 
4) қанағатшылдық мәселесі. 
Осы принциптерді ұстанған еңбектің негізі 
әділдік (Күнтолды), бақыт (Айтолды), ақыл (Ойтолды), молшылық 
(Жетелеуші) сияқты кейіпкерлердің сұхбаты іспеттес жүргізіледі. 
Адамгершілік, имандылықты насихаттайтын саяси-философиялық трактат 
идеясы әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындарының көзқарастар 
жайындағы» ойлармен ұқсас. Бұл еңбек өз уақытында Қытай, Үндістан, 
Араб, Парсы ғұламалары тарапынан жоғары бағаға ие болды. 
Ж.Баласағұн шығармашылығынан хикмет ілімінің тікелей ықпалы 
байқалады. Бүгінге дейін отандық ғылымда Баласағұн дастанындағы 
«парасатты билеуші», «кемел қоғам» идеяларын бірыңғай Фараби 
философиясымен байланыстыратын, соның әсеріне ықпал ететін көзқарастар 
басым болып келеді. Дегенмен, отандас қос тұлғаның шығармашылығында 
сабақтастықтан гөрі салаластықтың басым екенін қабылдаған жөн. Себебі 


29 
түркі өлкесінің идеялық тұғырына айналған сопылық-хикмет ілімінің 
негіздері Фараби мен Баласағұнға бірдей таныс болғаны анық.
«Құтты білікте» өзіндік поэтикалық шешімін тапқан «құт әкелуші білік» – 
хикмет ілімі және одан туындайтын қоғамдық-әлеуметтік идеялар 
Баласағұнға Фараби арқылы айналма жолмен жетуі шарт емес болатын. 
Дастандағы парасатты, бақытты қоғам тіршілігінің бір ұстыны – қанағат 
сезімінің Одғұрмыш сопы бейнесі арқылы көрініс табуы, өзін біржола Хақ 
жолына арнап, елден жырақ жалғыздықта-қылуетте күн кешкен тақуаның 
тарапынан айтылатын барлық үгіт-насихат сөздерде түркі сопылығына тән 
негізгі ұғымдар мен ұстанымдардың астаса өріліп жатуы шығарма 
авторының сопылық іліммен етене таныстығын аңғартады. 
“Құтты білікте” ол, ең алдымен, даналық яғни қазіргі түсініктегі 
теориялық зерде туралы ой толғап, даналық табиғатын, оның ерекшелігін, 
туа біткен қабілеттер мен кейінгі білім жинақтаудағы адамның өз рөлі, таным 
процесінде ақиқатқа ұмтылу, т.б. мәселелерді қарастырады. Ғұлама өз 
туындысын Шығыс перепатизмінің арнасында, сопылық ағымның қуатты 
ықпалымен жазып шыққан. Ойлау қызметі тек адамға ғана тән, жануарларда 
жоқ қасиет деп біледі ол. Егер сезім алдамшы болса, онда оған толық сенуге 
болмайды, ал ақыл, зерде әрқашан адамға қызмет етеді, оның жалғандығы 
жоқ. “Құтты біліктің” негізгі айтар ойы – адамның адами жетілуі мен кісілік 
кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету. 
Кісілік кемелдену жолына түскен адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен 
негізіне мейлінше жақындаған асыл жан.
Дастан оқырманына құт-берекемен, бақытқа өз адамгершілігін асыл 
етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Ондағы “өзіңді сақтау”, “өзіңді 
ұмытпау” қағидасы адамның адамшылығын танытар қасиеті – адамгершілік 
пен кісілікті жетілдіруге бағытталған. Ақын өтпелі өмір мен өлім жайында 
терең толғанады. Оның ойынша, өкініштің ең ауыры өлшеулі өмірде дүние 
қызығы мен тән тілегі жетегінде кетіп, діл тазалығын сақтай алмаудан туады, 
сондықтан адам өзінің кісілік қасиетімен бірге өмірдің өткіншілігін де 
ұмытпауы қажет. Мұнан өзге Жүсіп Баласағүни шығармашылығына ізгілікке 
құштарлық пен іңкәрлік, сопылық танымдағы Алланы сүю, әлем мен адам 
сырына терең бойлауға ұмтылушылық белгілер тән. Ұлы ғұлама әл-Фараби 
де өзінің еңбектеріне ең алдымен адам мәселесін біріншіге қойып, олардың 
арасындағы қатынастарды дәріптеп, қоғам дамуындағы маңызды сұрақтар 
ретінде қарастырады. Бұл ойшылдардың көзқарастары кейінгі уақытта да бір 
арнаға тоғысқанын байқатады. 
“Құтты білік” дастанының сюжеттік желісі негізінен шығарманың бас 
қаhармандарының өзара әңгімесінен, сұрақ-жауаптарынан, бір-біріне жазған 
хаттарынан тұрады. Төрт түрлі ізгі қасиеттің символдық көрінісі ретінде 
бейнеленген негізгі төрт қаhарман қоғамның көкейкесті мәселелері туралы 
әңгімелеседі. Мұндай сұхбатта олар ел басқарған әкімдер қандай болуы 
керектігін, оқу-білімнің қажеттігін, әдептілік пен тәлім-тәрбие мәселелерін 
дидактикалық-филос. тұрғыдан сөз етеді. 
Ал, Фараби болса «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» 


30 
трактатында көшбасшы қандай болуға тиіс деген сұраққа жауап іздейді. 
Және өз саяси көзқарас тұрғысынан жауап беруге тырысады. Бұл Фараби 
еңбектерінің Баласағұнның саяси ойларының қалыптасуына зор әсерін 
тигізгендігін көрсетеді. 
Аса көрнекті ойшылдың дүниетанымында оның әлемге деген көзқарасы 
анық көрінеді. «Құтадғу білік» дастанында әлем қалыптасуының басты 
себебі Құдай деп біледі. Жүсіп әл-Фараби секілді Алланың еркімен пайда 
болған әлем өз еркімен өмір сүреді және өз жеке заңдылықтарына сай 
дамиды деген тұжырымдамасын алға тартады. 
Жүсіп Баласағұн да адам мен 
Алла арасындағы байланысты «Құран» танымы шеңберінде түсіндіреді. 
Адамдық танымның негізі Алладан келеді. Алла адамға ақыл, ерік пен таңдау 
берген. Сондықтан нағыз мұсылман әрдайым Алладан мінәжат етіп, одан 
жол көрсетуін тілеуі қажет. Бұл – сопылық танымның негізгі ұстанымы. 
Сонда ғана адам Алланың құты арқылы кемелдікке жетіп, оның дидар-
жамалын көре алады. Бұл танымдық қалып Баласағұнға негізінен Фарабиден 
ауысқаны шүбәсіз. Өйткені, Фарабидің философиялық мұрасын дәріптеуші 
Ибн Сина Баласағұнның ұстазы болатын.
Осындай 
әл-Фараби 
секілді 
ұлы 
ғұламалардың 
өмірі 
мен 
шығармашылығы кейінгі оның соңынан ерген ғұламалар мен шәкірттеріне 
мол мұра қалдырғаны анық. Әл-Фараби қалдырған түрлі ойлар мен 
тұжырымдамалард бойларына әбден сіңірген ғалымдар өздерінің ойарын 
қалыптастыруда осы әл-Фарабидің ізін басуға тырысты. «Құтты білік» 
дастаны және де Әл-Фараби ойларын ұштастыра келе, мынадай қорытынды 
жасауға болады. Әділ қоғам, адамдар арасындағы түсініспеушілік пен 
қайырымдылық, бақытқа жету жолында бір-біріне жәрдем беру, тәлім мен 
тәрбие, бейбітшілік пен достық, жаман мінезді сөгу идеялары әлемдік 
әлеуметтік-саяси теорияның біртұтас бөлігіне айналып кеткен. Құтты билік 
орнату, идеалды мемлекет пен адамның кемелденуі туралы адамгершілік 
теориясында тек мемлекет басшылары ғана емес, барлық азаматтар ұстануы 
тиіс қағидаттардың тетіктерін ұсынған Жүсіптің бұл туындысы жаһандану 
ғасырына аман жеткенде, болашақта да ұрпақ тәрбиесіне мол үлес қоса 
береріне сенеміз. 
Ж. Баласағұнның ақын-ойшыл болып қалыптасуына әсер еткен, 
шеберлігінің шыңдалуына жағдай жасаған факторлар - желісі үзілмеген 
дәстүр сабақтастығы. Жүсіптің өзіндік көзқарастарын қалыптастырған 
қайнарларының бірі әрі бірегейі - көне түркі жазба ескерткіші болып 
танылатын «Құтты білік» дастаны. «Құтты білік» дастанында әлеуметтік-
философиялық ойлармен қатар, қарым-қатынас әдептері талданады. 
Сонымен 
қатар 
философиялық-әлеуметтік 
мәселелерді 
поэтикалық 
талдаудың 
қорытындысы 
болатын 
ақын-даналар 
шығармашылығы 
философияны қоғаммен байланыстыратын аралық буынды қарастырады.
Соңғы жылдары өріс алған ұлттық философиялық-рухани негіздеріне, оның 
өркениеттік көріністері мен нақыштарына терең бойлауға бағытталған 
ұмтылыс, тек ата-бабалар алдындағы парызды өтеу емес, сонымен бірге 
заман талаптарынан туатын өзекті мәселе болып табылады. Ал Ж. Баласағұн 


31 
философиясының қазақтың тарихымен, мәдениетімен тамырластығы, 
сабақтастығы-дау тудырмайтын ақиқат. Бұған Ж. Баласағұн дастанында 
келтірілген әдет-ғұрып, салт-дәстүр, шешендік сөздер, қанатты ойлар, 
адамгершілік, ізгілік, имандылық идеяларының үндестігі дәлел. Азаттық 
алған қазақ елі үшін қазіргі жағдайда рухани жаңғыру, төл мәдениетін 
қалпына келтіру жолында Ж. Баласағұн сияқты ойшылдың айтқан ойлары 
мен идеяларының маңызы зор. Ұлтымыздың қоғамдық-философиялық 
ойының даму тарихына ерекше ықпал еткен қазақ даласынан шыққан 
ойшылдардың көрнекті 
өкілі 
Ж. 
Баласағұнның шығармашылығы 
энциклопедиялық 
білімділігімен, 
әртүрлі 
философиялық-этикалық 
пікірлерінің жүйелілігімен, өміршеңдігімен дараланады. Ж. Баласағұн орта 
ғасырлардағы ірі мәдени мұраның қатарына түрік тілді философияның ұлы 
шығармасын дүниеге паш еткен. «Құтты біліктің» өз кіріспесінен кітаптың 
сол кезде-ақ дүниеге кеңінен мәлім болғанын білеміз. «Шындықтар», 
«Әдәбүл-Мүлік» - «Шахтардың әдеп-қағидалары» деп атаған. Машын 
Мәліктің хакімдері «Аийнул мемлекет» «зәйнәтүл-умәрә», «өмір зейнеті» 
деді; ирандықтар «Шахнәмәй түрки» деп атады, ал бағзы біреулер 
«Пәнднәмә-ли-мулік», «Падишаларға насихат» десті; тұрандықтар «Құтадғу 
білік» деп ат қойды. Жаңа заман мәдениетінде, соның ішінде түрік 
халықтарында «Құтты біліктің» үш нұсқасы қолданылады.
Ең алғаш мәлім болған Герат нұсқасы болып табылады ол араб 
әрпімен жазылып, кейіннен ұйғыр әрпіне көшірілген. Бұл нұсқа 1439 жылы 
көшіріліп жазылған. 
Екіншісі жақсы сақталғаны, Ферғана нұсқасы болып табылады. 
Наманган нұсқасын Фитрат атты кісі тапқан. Табылған нұсқада туындының 
алғашқы және соңғы беттері жоқ болып шыққан. Сол себептен де бұл нұсқа 
қашан, қай жерде, кімнің және кім үшін жазылғандығы белгісіз, тек 
жорамалдап қана айтылады. 
Үшіншісі - Мысыр нұсқасы. Бұл нұсқа 1896 жылы Каирден Хидиф 
кітапханасынан табылған. Мұны тапқан сол кездегі кітапхананың 
директоры, неміс ғалымы Мориц болды. Бұл нұсқаның жазуы анық және 
оқуға қолайлы жазылған. Туындының алғаш оқылуы және аударылуы 
түркология ғылымының алғаш қалыптасу кезеңіне сай келген. Осы 
тәжірибені ең алғаш рет В. Радлов өзінің ұсынған басылымында қолданады. 
В. Радловтың басылымында қолданылған әліппе көпшілікке әлі беймәлім 
күйінде қалды және ол транскрипция түрінде туындының фонетикасы, өзінің 
дыбыстық оқылуы дәл негізіне сай келе қоймайды.
Герат нұсқасына тән бір бөлігін алғаш рет жарыққа шығарған Г. 
Вамбери. Үш қолжазбаның басын қосып, транскрипциялаған, құрама мәтінін, 
аудармасын, индекстік сөздігін жасаған түрік ғалымы Р.Р. Араттың сіңірген 
еңбегі аса зор. 
Ж. Баласағұнның саяси-әлеуметтік көзқарастарын талдаудан бұрын, 
оның шығармашылығын, жалпы мәдени өрісін айқындау қажет. «Орта 
ғасырдағы Шығыс ренессансы аталған алтын дәуірінсіз Ж. Баласағұн өмірі 
мен шығармашылығын түсіну мүмкін емес». Ұлы түрік ғұламасы мен 


32 
ренессанс идеясының арасында қандай байланыс бар? Жалпы алғанды, 
ренессанс құбылысы Орталық Азияны қамтыды ма? Бұл сұрақтардың 
астарында терең сыр, үлкен пікірталас бар. Батыстық философия мен 
мәдениеттануда Ренессанс идеясы Италияда өріс алған антикалық мұраны 
қайта жаңғырту талпыныстарымен байланыстырылады және бір тұрғыдан 
Шығыста қайта өркендеу мәдениеті болмады делінеді. Мысалы, еуропалық 
ренессанстың алдында ұзақ ғасырларға созылған батырлық, варварлық дәуір 
болған және Қайта Өрлеу заманы капитализмге бет бұрады. Ал бұл 
белгілердің шығыста болмауын батыстық мәдениеттанушылар Шығыс 
ренессансын жоққа шығаратын дәлел ретінде келтірді. Таяу және Орта 
Шығыста «Мұсылмандық ренессанс» прогрессивті бағытты және 
философиялық ойды дамытқан Әл-Кинди, Әл-Фараби, Ибн-Сина, Бируни, 
Хоремзи, Омар Хайям секілді т.б. көрнекті ойшылдардың еңбектері әлемдік 
философия тарихының маңызды және елеулі бөлшегі болып табылады. 
Гегель ренессанс идеясын бүкіл азаматтың алтын таңы, жер жүзі 
мәдениетінің жаңа дәуірі деп атаған.
Ислам ренессансы деген терминді ғылыми қолданысқа енгізген ғалым
А. Мец («Die Renaissanse des Islams» - 1922), бұл жерде А. Мец ренессанс деп 
классикалық антикалық білімділікті әр жерде және әр уақытта қайталауды 
айтып тұр. Ислам ренессансын зерттеген ғалымдарың қатарынан В. 
Бартольдті, Д. Бертельсті, К. Беккерді, И.Конрадты, Э. Браунды, Р. 
Палодиді, т.т. көреміз. «Құтты біліктегі» көптеген түсініктер мен 
бейнелердің түпкі тегінен ежелгі түрік дүниетанымының рәміздік 
ерекшелігін аңғарамыз. Демек, Ж. Баласағұнның шығармашылық түп- 
тамырларын тек ренессанс идеяларынан ғана емес, ең алдымен тағдыры 
ұқсас түрік халықтарының мәдени мұраларынан іздеу керек. «Құтты білікті» 
орысшаға аударған С.И. Ивановтың пікірі бойынша, «дастандағы Алып Ер 
Тоңға исламға дейінгі діндердің жалпы бір көрінісі емес». 
«Құтты білік» кейіпкерлерінің есімдері де бұрынғы тәңірлік дін 
нанымдарына қатысты. Басты бейне Күнтуды әділ ел басшысының рәмізі. 
Бұл бейне «Күлтегін», «Түркі қағанаты туралы сөз» жазуларынан басталып, 
әл-Фараби мен Қожа Ахмет Иассауи армандаған түрік мәдениетіндегі үлгі, 
мұрат тұтқанның бастысы. Келесі кейіпкер - Әділ патшаның уәзірі, ақыл-
парасаттылықтың иесі, елге бақ-дәулет, яғни құт әкелетін Айтолды бейнесі 
арқылы ашылған. Күн мен Ай қашаннан Кіндік Азия халықтарының пір 
тұтқан күш қуаттары еді. Уәзірдің ақылды ұлы Оғділміш – осы мәдениетке 
тән білімділік пен парасаттылықтың көрінісі. Әдеп пен тәртіп, байсалдылық 
Оғділміш бейнесінде философиялық тәсілмен суреттелген. Төртінші бейне – 
дәруіш Одғұрміш. Бұл жерде бірнеше терең ой айтылған. Ұғыну «Оғділміш» 
пен Жүрекоттың «Одғұрміш» сұхбаттасуы бүкіл араб, парсы, түріктегі 
мәдени өрлеу дәуірін толғандырған нағыз дүниетанымдық ізденіс еді.
Ж. Баласағұн замандастарына және кейінгілерге табиғаттану, сан 
ғылымы (математика), астрономия, тарих, араб-парсы тіл білімі және түркі 
әдебиеті мен мәдениетінің үздік жетістіктерін, ауыз әдебиетін, фольклорын, 
т.б. жетік меңгерген орта ғасырдың атақты ғалымы ретінде жақсы таныс еді.


33 
Дегенмен Ж. Баласағұнның есімін әлемдік тарихқа өшпестей етіп 
жазып қалдырған бірден-бір философиялық, әдеби-поэтикалық мұрасы - 
«Құтты білік» дастаны. Бұл дастан қазіргі түркі- тілдес халықтардың орта 
ғасырдағы тарихи, қоғамдық-саяси өмірі, ғылыми әдебиеті мен мәдени 
дәрежесі, әдет-ғұрпы, наным- сенімі, т.б. жөнінде аса қызықты, өте құнды
әрі мол деректер беретін философиялық туынды. Ж. Баласағұн «Құтты 
білік» дастанын хижра есебі бойынша, 462 жылы, яғни жаңа жыл санау есебі 
бойынша 1069-1070 жылдары жазып бітірген.
«Құтты біліктің» әлеуметтік-саяси философиясының мәнісі неде деген 
сұрақ қойсақ, онда оны адамдық ізгілікті, ынтымақтастықты дәріптеу деп 
жариялауға әбден болады: 
Екі әлемде кісілерге, керегің – 
Ізгі қылық, түзу қылық - дер едім. 
Кел, ізгілік жаса, ек те ізгілік, 
Мәңгілік саған нәсіп болар ізгі бір, 
«Жақсылық қыл, ек жақсылық ұрығын, 
Мәңгі аялап тұрар жақсы қылығың».
Ынтымақтастыққа негізделген қоғамда мемлекет көркейіп, гүлденеді. 
Мұндай мемлекетте адам құқығы аяқ асты болмайды: елі бай, қазынасы 
толы, халқы бейбітшілікпен береке-бірлікте өмір сүреді. Жүсіп өз еңбегінде 
осы ынтымақтастықты арттыратын әлеуметтік-адами қасиеттерге үлкен 
көңіл бөледі. Олардың бірі - сүйіспеншілік. Баласағұн тұлғаның адамгершілік 
өлшемі ретінде «кісі» ұғымын қарастырады. Бұл ұғым кейін қазақ әдеп 
жүйесінде қолданылған түсінікке жатады. «Кісі болар адамның кісіменен ісі 
бар, кісі болмас адамның кісіде несі бар» дейді халық мақалы.
Ж. Баласағұн сол замандағы кәсібі мен мамандығына қарай
адамдардың әлеуметтік жіктелуінің сипаттарын көрсетті. Оның пікірінше, 
халықтың басым көпшілігі – қара халық. Олар негізгі материалдық байлықты 
өндірушілер. Алайда олардың теріс жақтарын да дұрыс аңғарған жөн. 
Тұрғындар ішіндегі «айшық мүйіз, ақ серкелер» ғалымдар мен даналар. 
Бұларды дана бектермен бірдей дәрежеде көреді: 
«Кісі асылын екі түрлі қараңыз, 
Бірі – бек те, бірі елбасы, данаңыз. 
Ғалым, дана болмағанда жаһанда,
Жерге игілік өнбес еді қашанда».
Мұнан шығатын қорытынды: ғалымдар қай қоғам үшін де аса қажет, 
пайдалы, маңызды тұлға. 
Ж. Баласағұнның «Құтты білігінде» түсті жорушылар, жұлдызшылар, 
ақын-жыраулар туралы сөз етілген. 
Ж. Баласағұн қоғам мүшелерін материалдық байлыққа ие болуына қарай 
3 топқа бөледі: бай, орта, кедей. Осыған орай қоғам жүгін де реттеп отыру 
қажет. Әйтпесе адамдардың көбі кедейге айналып, аз бөлігі шамадан артық 
баю жолына көшеді. Сондықтан да әркімге еңбегіне қарай құрмет көрсетіліп, 
ақы төленіп, мемлекет бақылауында болуы тиіс. Егер басшы үнемі мөлшер 
шамасын сақтап, кедейіне сүйеу болып, орташасына қамқор болып ел-жұрт 


34 
байыса, бектің де есебі түгел болады. 
Өзінің қоғамдық біркелкі үйлесімді даму іліміне сүйене отырып, Жүсіп 
Баласағұн әлеуметтік өмірді толық қамтитын шек, «пропорция» ұғымын 
ұсынады. Мысалы, біркелкі қоғамның барлық топтарын белгілі бір шекке 
келтіруге, бір әлеуметтік топтарды екіншімен теңестіруге болады. Ол әрбір 
топқа шамасына қарай салық салуды ұсынады, сол кездегі салық салу әдісін 
сынай отырып, ол әрбір топтың қоғамдағы алатын орнын біркелкілендіру 
және орталандыру үшін өз бағдарламасын ұсынады. Ол үшін әрбір топқа 
белгілі мөлшерде салық салу керек. Мұның нәтижесінде кедейлер әлеуметтік 
қорғаудың арқасында орташаға жетеді, ал орташа бай бола алады. Бұл жүйені 
прогрессивтік кіріс-салық деуге болады. Ж. Баласағұнның бөлу принципі 
арифметикалық теңдік формасына сәйкес сипатталады. Дананың айтуынша, 
адамдар анадан туғанда екі түрлі болып туады. Олардың біріне іштен жақсы 
болып туғандар, ал екіншісіне жаман болып туғандар жатады. Бұлардың өзі 
өз кезектерінде екіге бөлінеді. Ізгілікті қылықты ана сүтімен бірге 
сіңіргендер өмір бойы ізгіліктен айнымайды, ал екіншілері: 
Жақсыға ерсе жақсы бола бастайды, 
Жауызға ерсе жауыз бола бастайды, дейді. 
Сондай-ақ ессіздердің өзі де екі түрлі болады. Олардың бірі өмір бойы 
өз кірінен арылмай өтеді де, екіншісі ізгі ерге ізгілік жасай алады. Дегенмен 
Ж. Баласағұн адамның ізгілікті болуы алған тәрбиесіне, өскен ортасына, бірге 
жүрген жора-жолдастарына байланысты екенін айтады. Ғұлама зұлымдықты 
білімсіздіктің белгісі деп біледі. Егер адамға білім беріп, жарық түсіретін 
болса, ол адамның ізгі жандар қатарына қосылатынын айтады. Өйткені 
қайырымдылық, жақсылық - мәңгі, ал жамандық, зұлымдық дегендердің бәрі 
уақытша. Дүние дегеніміз түс сияқты, бүгін барсың, ертең жоқсың. Бұл 
жалғанда сенің жақсы атыңды тек ізгілік қана қалдырады. Дүниеге неше 
түрлі адам келіп-кетеді. Олардың көбі осы дүние қызықтарымен алданып, 
байлық жинап, үй салып, мал құрап, сараңдыққа салынып, ағайынды 
ұмытып, құлқын қамын ойлап кетеді. Кейбіреуі тек мансап қуып, атақ-даңқ 
іздейді. Адамдар өлгенде бұл дүниенің барлығын өзімен бірге арқалап 
кетпейді. Ж. Баласағұн мұны айту арқылы дүние - мал жима деп отырған 
жоқ, керісінше, жиған мал-дүниемен кедейлерге қарайлас, пақырды ұмытпа, 
сараң болма, халық үшін қызмет қыл деп отыр. Ғұлама жақсы қасиеттердің 
барлығын бала туғаннан-ақ тәрбиелеп, бойына сүтпен сіңіру қажет екенін 
айтады. «Сүтпен сіңірген мінез сүйекпен кетеді» дей отырып, ұл-қызға 
дұрыс, жақсы тәрбие беру керектігін, баланың ізгі бала болып өсуі ата-
ананың берген тәрбиесіне тікелей байланысты екенін айтады. Ата-ана 
тәрбиесін алған, өзгені сыйлай білетін адамның жүзі екі дүниеде де жарық.
Ж. Баласағұнның әдеуметтік философиясының негізінде дүниедегі 
сандық қатынастарды және үйлесімділікті анықтайтын төрт жағдай туралы 
ілім жатыр. Әлеуметтік қатынастар саласындағы үйлесімділік аталмыш 4 
қасиеттің «әділдік, ақыл, бақыт, қанағат» бірігуі арқылы жүзеге асады. 
Қоғамның жүйелі құрылымы да ерекше сандық рәміздер универсумы 
арқылы айқындалады. Жиі қолданылатын тағы бір сандық пропорция 


35 
«үштік» деп аталады. Жұлдыз жорамалдың 12 белгісін 4 үштік деп қарауға 
болады. «Үштіктерден,– дейді Жүсіп, бір - біріне дұшпандықпен қараған, 
алайда қосылудың, бірігудің нәтижесінде талас-тартыс тиылған жаңа 
тұтастық қалыптасады, яғни жауыздық тиылып, бейбітшілік орнайды.» Ж. 
Баласағұнның жалпы дүние танымына, ойлау жүйесіне ден қойсақ, ондағы 
философиялық ой-толғамдар, саяси-әлеуметтік тұжырымдар, әдептілік, тәртіп 
ережелері, мемлекет басқару заңдылықтары ғылым-білім жиынтығын
құрайды.
Баласағұн мемлекетті басқару жүйесінің төрт принципін атап көрсетеді:
1. Мемлекетті басқару үшін бұл жұмыста әділ заң мен жолдың керектігі. 
Әділдік бейнесі ретінде Күнтуды, Елік патша арқылы береді. 
2. Бақ-дәулет, ырыс-байлық мәселелері, дәулеттің баламасы ретінде Айтолды 
бейнесі.
3. Ақыл мен парасат ұғымдары, дастанда ақыл ұғымы уәзірдің баласы
Оғділміш бейнесі арқылы беріледі.
4. Қанағат-ынсап Одғұрміш бейнесі арқылы суреттеледі. 
Баласағұн ұсынған саяси жүйе коғам өмірін жолға салып, реттеп 
отыратын заңдар, ережелер, жарлықтар, елбасының бірлігі мен білім 
дәрежесінен хабар береді. Егер елбасы өз саясатында әділ заңдарға табан 
тіреп, оның ырғақты жұмыс істеуіне қол жеткізсе, онда мемлекет 
өркендейді, бейбітшілік пен молшылық орнайды. Бектің бақыты халқының 
бақытты болуында.
 
Баласағұн мемлекеттің гүлденуінің бір жолы ретінде 
мемлекеттік биліктің ірі иерархиялық аппаратының қызмет етуін ұсынды. 
Ол мемлекет ісінде барынша көп қызметшілер бір-біріне бағына, бір-бірін 
толықтыра қызмет еткенде ғана ел болашағы жарқын болады деп тапты. 
Әртүрлі әлеуметтік топтардың аражігін ажырата отырып, оларға мейлінше 
егжей-тегжейлі сипаттама берді. Оның шығармасында әлеуметтік топқа 
жіктеу 2 негізге сүйенді: мүліктік ценз бойынша және қызмет түрі бойынша. 
Ізгілікті қоғамның өмір сүруі мен өркендеуі тікелей дана және парасатты 
билеушінің қызметімен байланысты. Мұндай билеушінің бойында туабітті 
басқарушылық, ұйымдастырушылық, дұрыс шешім қабылдағыштық 
қасиеттердің болуымен қатар, жүре келе тәжірибемен, көрген-білгенмен 
сіңісті болып, ұжымдаса көрініс табатын қасиеттер тоғысады.
Баласағұн дана және кемел елбасының бейнесін сомдай отырып, оның 
тәңірлік жаратылысына да мән береді. Билікті тәңір сыры ретінде қабылдау 
идеясы барлық ежелгі және ортағасырлық түркі жазба ескерткіштерінде 
кездеседі. Әрқашан да халық мүддесін қорғау, адамгершілік принципімен 
қызмет ету бұл Баласағұнның ізгілікті қоғамның елбасына қояр талабы. Одан 
тек түп-тамырының тектілігі ғана емес, сонымен қатар саяси, дипломатиялық 
қабілет, заң шығарушының даналығы да талап етіледі. 
Ол елбасыға қарата айтқан кеңесінде құрғақ ақылгөйден гөрі, нақты іс-
әрекетке шақырған, соның жолын көрсеткен нақты ұсыныстар басым түсіп 
жатады. Оны ақиқат жолына бағыттай отырып, ол елбасын халықтың қамын 
ойлауға, қарапайым халықтың тұрмысын жақсартуға шақырады. Ол тіпті 
елбасының міндеттеріне де егжей-тегжейлі тоқталып, оларды біртіндеп санап 


36 
өтеді. Яғни, ол күміс сынамасының тазалығы, қадағалауы, «елге әділ заң 
шығаруы», «керуен жолдарын күзетуі», сондай-ақ «халыққа тізесін батырған 
залымдарды ел ішінен аластауы, ел шетіне тиген жауды тықсырып қууы» 
тиіс. Мұны айтқанда Ж. Баласағұн қарахандар тұсында елдегі саяси жүйенің 
бірте - бірте қожырап, орталықсызданып, жеке-жеке бектіктерге бөлініп бара 
жатқанын көре білді.
Ж. Баласағұн басқыншылық жорықтар нәтижесінде баюды мақсат 
тұтатын елбасының озбырлық саясатының мәнін айыптайды. Ол 
материалдық игіліктердің, байлықтың да шегі болуын қалайды.
Қоғам өмірін жолға салып, реттеп отыратын заңдар, ережелер, 
жарлықтар елбасының да білігі мен білім дәрежесінен хабар береді. Өйткені 
елбасы өз билігін осы күш – заң қуаты арқылы жүзеге асарады. Егер елбасы 
өз саясатында әділ заңдарға табан тіреп, оның ырғақты жұмыс істеуіне қол 
жеткізсе, онда мемлекет өркендейді, халық байиды, қазына толығады, сөйтіп 
ел ішінде әлеуметтік бейбітшілік пен молшылық орнайды.
«Құтты білік» дастанының сюжетіне қарағанда бақытты, құтты қоғам 
түзету басты мақсат болғандықтан, ақын-ойшыл Платон, Аристотель, Әл-
Фараби ілімдерінен нәр алып, идеалды мемлекет әртүрлі қарым-қатынастар 
гармониялық түрде болуға тиіс. Сол гармонияға жетудің негізгі алғышарты 
ретінде ойшыл адамды алады. «Саясаттың субъектісі де, объектісі де адам». 
Олай болса, жеке адамның да, әлеуметтік топтың да мүдделері мен мінез-
құлқын жете білу қажет. Ал енді Ж. Баласағұнның елбасы туралы 
көзқарастарына келсек, олар оның басқару жөніндегі ілімнің маңызды 
бөлшегі болып табылады. Сондықтан кейбір ғалымдар «Құтты білікті» 
«Басқару ілімі» деп атайды. 
Дастанның кіріспесінде Ж. Баласағұн мынадай ұғымдарды айтып өтеді: 
Бірі оның – шындық жолы әділет, 
Екіншісі, құт пен ырыс, Дәулет. 
Үшіншісі, Ақыл менен парасат, 
Төртіншісі, ұстамдылық, қанағат. 
Әділдікті Күнтуды Елік деп атайды, оны ел басқаратын бекке теңеп, 
ақын-ойшыл өзінің негізгі идеясын танытады: елбасының негізгі қасиеті 
әділеттілік. Соның арқасында Күнтуды Елік елін басқарып, заңды түзу 
жүргізіп, біліктілікті пір тұтып, халқын пұтқа жеткізеді. 
Бектік іс ананың сүтімен келеді деп ақын ойшыл әділеттік, ізгілікпен 
бірге оның іргетасына біліктілікті жатқызады: 
Ақыл керек, бекке керек білік те, 
Сақилық та керек лайық жігітке 
Бек халықты тек білікпен сендірер, 
Барлығын да ақылына жеңдірер... 
Әділеттік, ізгілік, біліктік қасиеттерімен бірге бекке тағы да бірнеше 
қасиеттір қажет екенін айтады: рақымшылық, қанағаттық, ұят және т.б. 
Солардың ішінен ұят қасиетіне көп көңіл бөледі: 
Бек кісігі керек ұят, ақыл, ар, 
Зұлмат күш жоқ, ақыл-арды жапырар. 


37 
Күшті болса кімде ұят құрыштай, 
Сақтар арын, арамды орып қылыштай 
Ж. Баласағұнның елбасы туралы ілімінде бекке лайықсыз, бектік іске 
кедергі болатын қасиеттер туралы да айтқан: «Ең алдымен бек 5 нәрседен 
алыстап жүру керек»: 
Жүрсін бектер, бес нәрседен алыстап, 
Есі болса, жұрнақ болса намыстан: 
Ұшқалақтық бірі, екіншісі - сараңдық, 
Үшіншісі ашу оған надандық. 
Қырсығың – сор, бетті жер қып жүргізер, 
Бесіншісі - өтірік жерге тірі кіргізер. 
«Құтты біліктің» басқа жерінде тағы басқа кемшіліктер берілген: 
Қос жаһанға билік еткің келсе егер, 
Бес нәрседен қашық жүрсең, ел сенер. 
Зорлық қылма, араласпа арамға,
Қанын төкпе, кек сақтама адамға. 
Шарап ішпе, азғындыққа салынба, 
Бұлар бекті қор етеді тағында... 
Түйіндеп айтқанда, Ж. Баласағұн тектің жаны мен тәні бір-бірімен 
үйлесімде болуды армандайды. Бұл идеал шығыс пен ежелгі антикалық 
мәдениеттерден бастама алады: дәлел ретінде «Венера Милосская» атты 
мүсінді еске алсақ жеткілікті болатындай. 
Жалпы «Құтты білік» дастанының негізгі идеясы 4 принципке 
негізделген: 
1.
Мемлекетті басқару үшін бұлжымас әділ заң мен тура жолдың 
керектігі. Әділдіктің бейнесі Күнтуды Елік патша арқылы беріледі. 
2.
Бақ-дәулет, ырыс-байлық мәселелері, дәулеттің баламасы ретінде 
патшаның уәзірі Айтолды бейнесі көрінеді. 
3.
Ақыл мен парасат ұғымдары. Дастанда ақыл ұғымы уәзірдің баласы 
Өгдүлміш арқылы жырланады. 
4.
Қанағат-ынсап - барға риза болу, ұстамдылық қасиеттері. Қанағат 
қасиеті поэмада уәзірдің жұрағаты, тақуа жан Одғұрмыш бейнесі арқылы 
суреттеледі. 
Ж. Баласағұн саясат ұғымын басқару, көтермелеу және жазалау ілімі 
ретінде түсіндіреді. Билікті сақтап тұру үшін билік иесі тарапынан алдап-
арбау, мақтап-мадақтау және сыйлық, мансап беріп сатып алу әдістері 
қолданылуы мүмкін. Ақыл елбасының оң қолында қылышы, сол қолында 
жиналған дәулетті таратуы, ал тілімен бал татыған шырын сөз айтуы тиіс 
деп есептейді. Жалпы, Ж. Баласағұнның «Құтты білік» дастанын ел 
басқару, саясат, билік психологиясы табиғатын ашуға бағытталған түркі 
тіліндегі тұңғыш кітап деп санауға болады. Осында айтылған жөн-жоралар 
мен үлгі нұсқалар талай хандар мен бектердің, уәзірлердің басқаруда 
басшылыққа алған құнды дүниесі болды.
«Құтты білік» дастанында саясат (басқару ілімі) маңызды орын алады. 
Шығыс дәстүрінің сарынынан шықпай, Ж.Баласағұн өзгеше ел басқару 


38 
өнерін қалыптастыруға ұмтылды. 
Аллегориялық түрде ақын бектік істі былай деп түсіндірді: 
Бегі қойшы, халық қойы мыңғырған, 
Мал ашуы жан ашуы шыңғырған. 
Күллі аш бөрі қақпан алдын торып жүр, 
Қойды, Елік, сақ түзетіп, қорып жүр. 
Бектің бас міндеті - халықты сақтау, оны құтқа, бақытқа, деулетке 
жеткізу. Ол үшін, Ж. Баласағұн пайымдауынша, бек төрт шартты орындауға 
тиіс:
Біріншісі тіл: ақ сөйле, айт ашығын, 
Екіншісі заң: ұстан адал, асылын. 
Үшіншісі елге қолың ашық, сақи бол. 
Жаныңды қос, жұртпен бірге бақи бол. 
Төртіншісі керек-қуат, қайсарлық, 
Жауың мойнын иіп, тегіс жайларлық. 
Ж. Баласағұн деспотияға қарсы шығып, күш қолданудан бас тартуды 
қалады. Осыны қалай түсіндіруге болады? Біздіңше, ойшылдың көзқарасы 
буддизм дініндегі «зорлық жасамау» принципі ықпалымен қалыптасқан 
сияқты. Екінші жағынан, Қарахан әулетінен шыққан көшпенділер 
қоғамындағы демократия бастамалары әсер етуі мүмкін. 
Жалпы алғанда, ойшылдың ел басқару туралы ілімінде заң ең жоғары 
дәрежеге келтірілген. Ж. Баласағұн пікірінше, заң шығару бектің үш негізгі 
міндетінің бірі. Заңның қайнар көзі бектің үш ақыл парасаты, ізгілігі, әділдігі, 
ерігі болып табылады. Заң арқылы бек әділдікпен елді басқарады, оның 
қолының астындағылар өз міндеттерін дұрыс атқарады, қоғамда гармониялақ
түрде қарым-қатынастар қалыптасады. 
Ж. Баласағұн қоғамның әлеуметтік құрылымын тағы да бір өлшем 
арқылы анықтайды. Ол өлшем адамдардың атқаратын түрлі қызметі. «Құтты 
білікте» әртүрлі қызметшілер: білгірлер, ғалымдар, ақындар, қолөнершілер, 
т.б. туралы сөз болады. Сөйтіп, Ж. Баласағұн иерархия түрінде ұйымдасқан 
мемлекеттік аппарат жасауды көздейді. Иерархияның ең жоғарғы сатысында 
бек тұр. Оның билікке ие болуы династиялық принципке бағынады: тек қана 
бектің баласы бек болуға тиіс. Бектің міндеттерін іске асыру үшін бекке 
көмекшілер керегін айтады. Жоғарыдан төменге қарай санағанда олардың 
қатары мынадай түрде көрінеді: уәзір-әскер басшысы ұлы хажиб, қақпа 
басшысы, елші, шежіреші, хатшы, қазынашы, азпазшы ,т.б. 
Ж. Баласағұнның пікірінше, ел басқару ісі ғылыммен тығыз байланысты 
болу керек. Сондықтан ойшыл ғалымдарды ел басқару ісіне қатыстыру 
керектігін, қарым-қатынас жасау туралы айтады. Ғалам бейнесін кең 
мағынада ұғынсақ, онда ол тағы да әртүрлі қоғамдық құбылыстарды 
қамтиды. Солардың ішінен Жүсіп Баласағұн ел басқару процесіндегі 
идеология мәселесін қарастырады. Бектікке лайық идеология ретінде ислам 
дінін алып, оның аясында бек сарайын елдің рухани орталығына айналуын 
қалайды. Сондықтан бек міндеті - өз сарайына ғалымдарды, ақындарды, 
жұлдызшыларды, т.б. жинап, оларға қажет жағдай жасау, олармен дұрыс 
қарым-қатынаста болу. 


39 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   48




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет