Байланысты: ЖОО мен ЖОБМ физиканы оқытудың әдістемелік маңыздылығы
Өзін-өзі бақылау сұрақтары: Білім берудің технологиялық тәсілі.Модульдік технология ерекеліктері
14 - дәріс. Тақырыбы: Жобалау технологиясы
Мақсаты: Физиканы оқытуда қолданылатын жобалық оқытудың рөлі
Жобалап оқыту технологиясы педагогикалық технология оқыту проблемаларын, тәрбиелеу мәселелерін шешуді технологияландыру мәселесінің туындауына байланысты соңғы кезде өмірге келді. Қазіргі кезде оқыту теориясындағы «технологиялық қатынас», «технология», «педагогикалық технология», «оқыту технологиясы», «тәрбие технологиясы», «ойын технологиясы» т.б. ұғымдарды бір-бірінен ажыратып, жеке-дара қарастырудың қажеттілігі туындап отыр.
Педагогикалық технология – дара тұлғаны қалыптастыруға педагогикалық ықпалдарды ұйымдастыру қажеттілігінен туындаған өзара байланысты процестер. Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік жоспары, ұлттық үлгісі қалыптасуда. Осыған орай, оқушының тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологиялары пайда болуда. Бүгінде елімізде білім беру ошақтарында 50-ден астам педагогикалық технологияларды теориялық және ғылыми қолданбалы бағыт тұрғысынан жазылған зерттеулерді арқауы етіп, оларды оқыту үрдісін жетілдіру бағытында қолдану мәселелерімен отандық ғалымдар: Д.М.Жүсіпбалиева, Б.Ә.Әбдікәрімұлы, М.С.Мәлібекова, Г.Қ.Нұрғалиева, Қ.Қабдықайырұлы, Ж.А.Қараев, Ш.Т.Таубаева т.б. өз зерттеулерінде қарастырған, педагогикалық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін нақтылау қажеттілігін айқындай түсуде.
Осындай жаңа технологиялардың бірі – жобалап оқыту технологиясы. Жобалау – «proicere» деген латын сөзі. Бұл сөз «жоспарлау, дайындау» сияқты мағынаны немесе жоспардың жүзеге асырылуын білдіреді. Жобалау технологиясы ХІХ ғасырдың 2-ші жартысында АҚШ ауылшаруашылығы мектептерінде пайда болған. Оның негізін қалаған психолог, педагог, философ Джон Дьюи. Дьюидің ілімін жалғастырушы профессор Уильям Херд Килпатриктің ойынша, балаларды өз жұмысының жемісін көруге ынталандыру арқылы үлкен өмірге дайындау – бұл технологияның негізі. "Өзіне көйлек тігіп киген бойжеткенді мысалға алайық. Егер ол кейін өзі киетін көйлегі үшін жанын аямай, ерінбей, аса қызығушылықпен көйлек үлгісін өзі ойлап тауып, өз бетімен өлшеп, пішіп, тігіп кисе – бұл мысал жобалау технологиясының нағыз типтік үлгісі" – деп тұжырымдайды Хилпатрик. Сонымен қатар танымдық прагматизм философиясының өкілі Девей жобалық жұмыстың ғылыми және саяси концепциясының іргетасын қаласа, оның әріптесі Килпатрак жобалау әдісін ауқымды мағынасына қарай тәрбиеге қатысты философия ретінде бағалады. Осыған байланысты Килпатрак жобаны «әлеуметтік ортада өткізілетін жүректен шыққан мақсатты әрекет» ретінде қарастырады. Рейхвейн (1951) теория мен тәжірибенің байланысын жоба десе, Б.Отто жалпы сабақтардың концепциясында басты рөлді сұхбат алады дегенді айтады. Кершенштайнер (1968) еңбек мектебінен жобалау идеяларын немесе осы бағытта дамуды байқауға болатынын тұжырымдады. 1965 жылдан бері қарай жобалау әдісі халықаралық деңгейде қолданыла бастады. Бұл әдіске қайта оралудың басты себебін ғалымдар «мәселені оның дамуында қарастыруға мүмкіндік беретіндігімен» байланыстырады, яғни білім алушылар нақты мәселені шешу үшін әрекет үстінде бірнеше рет теорияға үңіледі, соның нәтижесінде өз ісінің қалай орындалғанын бағалай алады, өз қолдарымен жасалған іс оларға қанағаттанарлық, өзіне сенімділік әкеледі. Ғалымдар бұл технологияның осы артықшылықтарына үлкен мән берген. В.Килпатриктің ойынша, оқу әрекеттері оқытушының қатысуынсыз орындалуы тиіс. Сонда оқушы өз әрекетінің нәтижесін көріп, өзінің қабілетін бағалай алады десе, ал Д.Дьюи оқушының әрекеті мұғаліммен бірлескен әрекет болуын талап етті. Өйткені оқушының әрекетті аяғына дейін орындауына толық білімі жетпеуі мүмкін, ол үшін мұғалім әрекетті орындаудың алдында оқушының барлық ойлау әрекеті сатысынан өтуін қамтамасыз етуі тиіс деген пікір айтады.
Демек, жобалау идеясы, жобалау әдісі ең алдымен жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарындағы дәстүрлі оқытуға қарсы бағытталған бағдарлама ретінде қарастырылды. Жоғарыда айтылғандай, жобалау әдісі Еуропада ХХ ғасырдың басында басталғанымен, Қазақстанда білім беру салалары кредиттік жүйеге енгелі қазақ тілі әдістемесінде соңғы жылдары ғана қолданыла бастады.
Жобалап оқыту технологиясы ТМД елдерінің оқыту жүйесінде де кең өріс алып жатқаны белгілі. Жобалап оқыту технологиясының теориялық алғаш негіздеген Ресей ғалымдарынан В.П.Беспалько, В.В.Давыдов, В.К.Дьяченко, Л.В.Занков, П.Я.Гальперин,
Н.В. Кузьмина т.б. ғалымдардың теориялық зерттеулерінің нәтижесінде, сонымен қоса Е.Н.Ильина, С.Н.Лысенкова, В.Ф.Шаталов т.с.с. әдіскерлердің практикалық тәжірибелерінің негізінде қарастырылған.
Қазақ тілін оқыту үдерісінде оқыту технологияларын жаңа қырынан қарастырған, оларды таңдап, талғап қолданудың ғылыми-әдістемелік мәселелерін арнайы зерттеген жұмыстар қатарында Ф.Оразбаеваның коммуникативтік технологиясын, М.Жанпейісованың модульдік технологиясын, Қ.Қадашеваның жаңғырта оқыту технологиясын, Р.Шаханованың мамандыққа бейімдеп оқыту технологиясын, З.Бейсембаева мен К.Жақсылықованың модульдік технологияларын, Н.Құрманованың дамыта оқыту технологиясын, Н.Оразахынованың сатылай кешенді талдау технологиясын, белсенді оқыту әдістерін зерттеген.
Жобалап оқыту технологиясы – кредиттік оқу жүйесінің талабына сай, қазақ тілін үйренуге қазіргі заман тұрғысынан қойылып отырған міндеттерге жауап бере алатын, бүгінгі күн үдерісін толық ақтай алатын оқыту жүйесі [4, 39]. Яғни, жобалап оқыту технологиясының негізгі тірегі – өз бетімен белсенді істер атқаратын студенттің өзіндік ізденісіне, олардың өзін-өзі танытуына, танымдық-практикалық қабілеттерін жүзеге асыруына қажетті мүмкіндіктер.
Ш.Д.Абдиева: "жобалау әдісі – студент пен оқытушының бірігіп, белгілі бір мәселені шешуге және қорытынды жасауға негізделген оқу немесе басқа да әрекеттерін айтуға болады" – десе [4, 43], ғалым А.А.Сатбекова: "жобалау әдісі арқылы қазақ тілін оқыту – студенттердің репродуктивтік оқу әрекеттерін біртіндеп имитациялық әрекеттерге көтеру арқылы қазақ тілінің заңдылықтарын және қазақ тілінің бай қорында жинақталған ұлттық мәдени мол мұраны студенттің ішкі құндылықтар жүйесіне енгізудің тиімді жолы"– деп тұжырымдаған [5, 49].
Яғни, жобалау технологиясын қолданудағы негізгі мақсат – оқушылардың қызығушылық ынтасын дамыту, өз бетімен жұмыстарын жүргізу арқылы білімдерін жетілдіру, ақпараттық бағдарлау біліктілігін қалыптастыру жəне сыни тұрғыдан ойлау қабілетін арттыру арқылы оқушыны болашақта əр түрлі жағдаяттарда, əр түрлі қоғамдық ортада өзін өзі көрсете білуге бейімдеу.