20-30 жылдардағы Қазақстанның мәдени құрылысы
Ересектер арасында сауатсыздықты жою
Шаруашылықты дамытып, жақсы өмір сүру үшін, ең алдымен халықтар арасында сауатсыздықты жою және ағарту ісін дамыту міндеті тұрды.
1924 жылы Қазақстанда «Сауатсыздық жойылсын» қоғамы ұйымдастырылды. 1921-1927 жылдар аралығында Қазақстанда 200 мыңға жуық адам әр түрлі жерде оқыды. 1928 жылы Қазақстанда барлық халықтың 28%-ы сауатты болды. Ал қазақтар арасындағы бұл көрсеткіш 10% болды. 1931 жылы Қазақстанда 15-50 жас аралығындағы барлық адамдардың сауатын ашу, яғни оларға міндетті білім беру жүйесі енгізілді. Сауатсыздықты жою мақсатында республикада ағарту ісіне жұмсалатын қаржының мөлшері көбейді. Мысалы, 1928 жылы ағарту ісіне 12 млн сом жұмсалса, 1940 жылы бұл көрсеткіш 682 млн сомға дейін жетті.
Сауатсыздықты жою ісі бойынша Қазақстан одақ құрамындағы басқа мемлекеттерден артта қалды. Бұның себебі - әміршіл-әкімшіл жүйенің бюрократтық саясаты.
Сауатсыздықты жою ісінде ең алдымен комсомол ұйымы белсенділік танытты. Тек қана 1930 жылы бұл іске комсомол құрамындағы 5000-ға жуық жастар қатысты. Ал соғыс қарсаңында сауатсыздықты жою ісіне 65000-ға жуық комсомол өз үлесін қосты.
1936 жылы жер-жерде ашылған сауатсыздықты жою мекемелерінде 500000-нан астам адам оқыды.
Республикада ересектер арасында сауатсыздықты жою ісіне сол кездегі «Ауыл мұғалімі» журналы мен «Төте жол» газеті әдістемелік кұрал ретінде көмегін тигізді.
1939 жылы Қазақстандағы сауатты адамдардың үлесі 65% болды, қазақ халқынын, арасында бұл көрсеткіш 40%-ға жетті. Республикадағы ірі қалалар, негізінен, сауатты қалаларға айналды (Алматы, Шымкент, Қарағанды, Лениногорск, Тараз, Орал т.б.).
Халыққа білім беру ісі
1926 жылы Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Қазақ АКСР біртұтас еңбек мектептерінің жарғысын» қабылдады. Көптеген қалаларда арнаулы білім беретін және соның ішінде қазақ қыздарын оқытатын мектептер ашылды. Білім беру ісіне тек Қазақстанда 1921-1927 жылдары бір адамға шаққанда 68,9 тиын жұмсалды.
1930-1931 жылдары Қазақстан халықтарының арасында жалпыға бірдей оқу міндеті енгізілді. Жалпыға бірдей білім беру ісіне үкімет жан-жақты қолдау керсете бастады. Сонымен кдтар Қазақстан комсомолы бұл істің жүзеге асырылуын және білім беру ісін дамытуды өз мойындарына алды. Білім беру ісін дамыту бағытында ана тіліндегі оқулықтарды жасаған қазақтың ұлттық зиялылары үлкен үлес қосты. Мысалы, А. Байтұрсынов суретті әліппе, Ж. Аймауытов ана тілі оқулықтарын жазды.
20-30 жылдары қазақ мектептеріне арналған оқулықтарды жасау бағытында Ғ. Мүсірепов, С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Қ. Кемеңгеров, Ә. Бекейханов, С. Сәдуақасов, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов көп еңбек сіңірді. Мысалы, Қ.И. Сәтбаев орта мектепке арнап алгебра оқулығын, Ә. Бөкейханов география оқулығын жазды. А. Байтұрсыновтың мысалдары «Қазан» баспасынан жарық көрді. Республика жерінде орыс, қазақ, өзбек, татар тілдерінде оқытатын мектептер жұмыс істей бастады. 1931-1932 жылдардағы қазақ даласында болған аштықтың салдарынан балаларды оқыту ісі біраз нашарлады. Аштықтың салдарын жою мақсатында Қазақстан жерінде білім беру ісін дамытуға көңіл бөлінді. 1934-1935 жылдары Қазақстанда 221 интернат жұмыс істеді.
Соғыстың алдында республика мектептерінде 44000 мұғалім жұмыс істеді. С. Ақышев, С. Көбеев, А. Ақатов, Ш. Сарыбаев, Л.И. Довранская, Н.В. Волков т.б. білім беру ісінің үздіктері «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» деген атаққа ие болды. Сауатсыздықты жою, жалпыға бірдей оқу міндетінің енгізілуі индустрия мен аграрлық салаға қажетті мамандардың көбеюіне ықпал етті.
Кәсіптік білім беру ісінің дамуы
1928 жылы Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орны Алматы педагогика институты ашылды. Бұл институт Абайдың есімімен аталды.
1929 жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институты ашылды.
1930 жылы Алматыда Қазақ ауыл шаруашылық институты ашылды.
1931 жылы Ленинград әскери медицина академиясының қамқорлығымен Алматы медицина институты ашылды.
1934 жылы Қазақстандағы тұңғыш университет С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті ашылды.
1934 жылы Алматыда Қазақкен металлургия институты ашылды. Кейін политехникалық институт аталған бұл оқу орны инженер-техник кадрларын даярлайтын іргелі оқу орны болды.
1931-1932 жылдары Қызылорда, Орал қалаларында педагогика институты ашылды. Семей, Петропавл, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Шымкент қалаларында мұғалімдер институттары ашылды. Соғыстың алдындағы жылдарда Қазақ КСР-де жоғары оку орындары саны 20-ға, арнаулы оқу орындарының саны 118-ге жетті. Кәсіптік білім беретін бұл оқу орындарында 40000-ға жуық жастар білім алды.
Қазақ зиялыларының қалыптасуы
Кәсіптік білім беретін оку орындарының көбеюі Қазақстан зиялыларының қалыптасуына үлкен ықпал етті. Жаңадан ашылған жоғары оқу орындарында М. Әуезов, О. Жандосов, Қ. Жұбанов, С. Сейфуллин, А. Байтұрсынов, Т. Жүргенов, С. Аспандияров т.б. қазақтың зиялы қауымдарының өкілдері қызмет атқарды. Одақ мемлекеттерінен Н.П. Орлов, М.П. Иванов, И.С. Бахал, Д. Домбровский, К.П. Персидский т.б. ғалымдар Қазақстан жоғары оқу орындарында және ғылыми-зерттеу мекемелерінде жұмыс істеді.
1939 жылы Қазақстанда 27454 жоғары білімді маман жұмыс істеді.
Соғыстың алдындағы жылдарда Қазақстанда ағарту, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, ауыл шаруашылық салаларында ұлттық зиялылар қалыптасты.
Қазақ зиялыларының қатары сталиндік жазалау шараларының салдарынан сиреп кетті.
Ғылымның дамуы
XX ғасырдың 30 жылдарында Қазақстан ғылымы қалыптасып, дами бастады. Қазақстанды ғылыми тұрғыдан зерттеу ісіне 1920 жылы құрылған «Қазақстанды зерттеу» қогамы көп үлес қосты. Бұл қоғамда Қ. Жұбанов, С. Аспандияров, Ж. Аймауытов, А.В Затаевич, А. Байтұрсынов, Ә. Диваев, А.П. Чулошников сияқты ғалымдар еңбек етті. 1926 жылы М.Е. Массон Тараз қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.
Н.Г. Кассин, С.С. Неустраев, М.П. Русаков, А.Е. Ферсман, Р.А. Барунайов сияқты геолог ғалымдар казақ жерінің табиғи ресурстарын зерттеуде ірі табыстарға жетті. Қарағанды, Екібастұз көмір қорлары, Ембі мұнай қоры анықталды.
1932 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық базасы құрылды. Бұл базаның құрамында 1935 жылы тарих және геология секторы, Қазақ ұлттық өнер ғылыми-зерттеу институты құрылды.
1935 жылы КСРО Ғылым академиясы Кенді Алтай түсті металын, Жезқазған мысын, Орал-Ембі мұнайын зерттеуге арналған сессия өткізді. Зерттеу нәтижесінде Қазақстаннын, одақ көлемінде көмір қоры жөнінен үшінші, мұнай қоры жөнінен екінші, қорғасын, барит қоры жөнінен бірінші орын алатыны анықталды.
1935 жылы профессор С. Аспандияровтың еліміздің тарихы жөнінде «Қазақстанның көне заманнан бері тарихы» атты ғылыми еңбегі жарық көрді.
А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Сейфуллин, С. Мұқанов бастаған әдебиеттанушылар лингвистика, тіл білімі және әдеби зерттеулер бойынша ғылыми еңбектер жазды.
Қазақ КСР-де ғылымды дамыту жолында С.М. Вавилов, В.Л. Комаров, А.Н. Смаилович (түрколог), А.Д. Архангельский (геолог) есімді академиктер мол үлес қосты.
1940 жылы Қазақстанда 57 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеді.
Бұларда 1700-ге жуық қызметкер еңбек етті. 1939 жылы елімізде ғылыми істерге жұмсалатын күрделі қаржы 14,4 миллион сомға жуық болды.
Соғыс қарсаңында КСРО Ғылым академиясынын, қазақ филиалы құрылды.
Әдебиеттің дамуы
XX ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ әдебиетінде Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, С. Сейфуллин, Б. Майлин, I. Жансүгіров, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, М. Дулатов, М. Жұмабаев бастаған ақындар мен жазушылардың орны ерекше болды.
С. Сейфуллин - «Қазақ жастарының марсельезасы», «Көкшетау», «Советстан» шығармаларының авторы. 1927 жылы Қазан революциясы, азамат соғысы жайында «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи романын жазды.
М. Жұмабаев «Батыр Баян», «Жүсіпхан», «Қойлыбайдың қобызы», «Ертегі» т.б. дастандарын жазды.
С. Мұқанов «Сұлу шаш» поэмасын, «Ботагөз» романын жазды.
I. Жансүгіров «Құлагер», Б. Майлин «Азамат Азаматыч», И. Байзақов «Құралай сұлу», Ғ. Мұстафин «Өмір мен өлім», Ж. Аймауытов «Қартқожа» туындыларын осы кезде жазды. Б. Жәнікешов, Б. Ізтөлин - азамат соғысы жылдарындағы белгілі ақындар.
Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», Ж. Аймауытовтың «Ел қорғаны», «Мансапқорлар», Б. Майлиннің «Жалбыр», М. Әуезовтің «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан» сияқты туындылары қазақ драматургиясының ірі табыстары ретінде белгілі болды. Қазақ әдебиетінде кеңестік басқа ұлт өкілдерінің де алатын орны ерекше. Мысалы, қазақ жеріндегі ұжымдастыру жөнінде Матэ Залка «Тұман тұмшалаған ауыл» атты романын жазды.
20-30 жылдардағы қазақ әдебиетінде аударма ісі де ерекше орын алды.
Алаш қозғалысының жетекшісі Ә. Бөкейханов аударма ісінің шебері болды.
А. Байтұрсынов И.А. Крыловтың шығармаларын, Ж. Аймауытов М.Ю. Лермонтов пен А.С. Пушкиннің, Ғ. Тоқай Ф. Шиллердің шығармаларын;
М. Жұмабаев М. Горький мен Г. Гейненің, Гете мен Д. Мамин-Сибиряктың, В. Ивановтың шығармаларын аударды.
Ж. Аймауытов «Интернационалды» аударды.
Ж. Жабаев пен Н. Байғаниннің, Ш. Қошқарбаевтың т.б. ақындардың өлендері мен дастандары қазақ поэзиясын одан әрі дамытты.
XX ғасырдың 20-30 жылдарында Ә. Тәжібаев, Қ. Аманжолов, Ә. Сәрсенбаев, Д. Әбілов, К,- Бекхожин, Ж. Саин, Т. Жароков бастаған жас буындар әдебиет саласында белгілі болды.
Сталиндік бюрократизм, жазалау шаралары, репрессия қазақ әдебиетіне орны толмас шығын әкелді. Мысалы, жазықсыз жолмен М. Дулатов түрмеге қамалып, 1935 жылы қайтыс болса, А. Байтұрсынов 1937 жылы атылды.
Қазақ Кеңес өнерінің дамуы
XX ғасырдың 20-30 жылдарында Алматы, Орал, Петропавл, Семей, Ақмола, Қостанай қалаларында түрлі деңгейдегі мәдениет мекемелері жұмыс істеді.
А.В. Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» (1925 жылы), «Қазақ халқының 500 ән мен күйі» (1931 жылы) деген еңбектерін жазып, қазақ музыкасын зерттеу ісіне үлкен үлес қосты. А.В. Затаевичке 1932 жылы Қазақ АКСР-ның халық артисі атағы берілді.
1922 жылы Қарқаралыда халық жыршылар бәйгесі өтті.
1924 жылы Москвада өткен халықтар музыкасының концертіне Петропавл педучилищесінің қазақ хоры қатысты. Хорды И.В. Коцык басқарды.
Қазақ әншісі Әміре Қашаубаев 1925 жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы, 1927 жылы Францияның астанасы Париждегі концерттерге қатысып, Батысқа қазақ әнінің құдіретін танытты.
1926 жылы Қазақстанда алғашқы ұлттық қазақ театры сол кездегі астана Қызылорда қаласында ашылды. Театрдың алғашқы директоры актер, режиссер Жұмат Шанин болды. Театр ұйымдастыру ісіне Ә. Қашаубаев, И. Байзақов, Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Қ. Жандарбеков, Е. Өмірзақов, Қ. Бадыров көп еңбек сіңірді. М. Әуезовтің «Ендік-Кебек» пьесасы - театрда алғаш қойылған пьеса. Бұдан басқа театрда Ж. Шаниннін, «Арқалық батыр», Б. Майлиннің«Шаншар молда», С. Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», М. Әуезов пен Л. Соболевтың «Абай», Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесалары, Д.А. Фурмановтың «Бүкіл», Шекспирдің «Отелло», Н.В. Гогольдщ «Ревизор», «Үйлену» қойылымдары сахнаға шығарылды.
1937 жылы бұл театр қазақ академиялық драма театры аталды.
1930 жылы Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Ақтөбе қалаларында театрлар ашылды.
1933 жылы Алматы қаласында ұйғыр музыкалық драма театры ашылды. Бұл театрда А. Садыров пен Ж. Асимовтің ержүрек ұйғыр қызын бейнелейтін «Анархан» пьесасы және т.б. қойылды.
1937 жылы Қызылорда қаласында корей театры ашылды. Мұнда Д.И. Дон Имнің «Чуп-хин-дон» музыкалық драмасы қойылып, көпшіліктің көңілінен шықты.
Сонымен қатар азамат соғысы кезінде және басқа да қиын-қыстау жылдары Ә. Жангелдин басқарған отрядта, Түркістан атқыштар дивизиясы мен бірінші кеңестік қазақатты әскер полкінде жылжымалы театрлар жұмыс істеді.
Онда Ж. Аймауытовтың «Ел қорғаны», Р. Мәлібаевтың «Әдет күңі», М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше тоқал», Е. Ерданаевтың «Мылқамбай» сияқты пьесалары қойылды.
30 жылдары қазақ киносының дами бастаған кезі болды. Осы кезде Алматы қаласында жұмыс істеген «Востоккиноның» бөлімшесі «Жайлауда», «Түркісіб» сияқты деректі фильмдер мен «Қаратау құпиясы», «Жұт», «Дала әндері» сияқты дыбыссыз көркем фильмдерді түсірді.
1934 жылдан бастап республикада хроникалы фильмдер студиясы жұмыс істей бастады.
1938 жылы республикадағы алғашқы дыбысты фильм «Амангелді» фильмі қойылды. Бұл фильмді «Ленфильм» киностудиясы түсірді.
1934 жылы Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театры ашылды. Мемлекеттік музыка театры болып ашылған бұл театрда М. Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклі 100 реттен астам көрсетілді.
1934 жылы А. Жұбановтын, жетекшілігімен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік оркестрі құрылды.
1936 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы құрылды.
1938 жылы мамырда Москвада өткен қазақ өнері күндерінде «Жалбыр», «Қыз Жібек» опералары қойылып, Күләш Байсейітова бастаған әншілер ән шырқады. К. Байсейітова КСРО халық артисі атағына ие болды.
Әйгілі суретші П.Г. Хлудов қазақ бейнелеу өнерінід негізін салушылардың бірі болды. Алғашқы қазақ суретшісі Әбілхан Қастеев-Хлудовтың шәкірті. Ә. Қастеевтің «Амангелді» картинасы - қазақ бейнелеу өнерінің озық туындыларының бірі.
30 жылдары Қазақстанда мәдени ағарту орындары жұмыс істей бастады.
1934 жылы Алматыда кітапхана техникумы, Орал, Семей, Өскемендегі педагогикалық техникумдар жанынан кітапхана бөлімдері ашылды.
1939 жылы республикада 3304 кітапхана жұмыс істеді. Соғыс қарсаңында республикадағы мәдениет үйлерінің саны 5237-ге жетті.
Соғысқа дейінгі жылдарда Қазақстан мәдениеті осындай зор жетістіктерге жеткенімен, сталиндік бюрократиялық жүйе мәдени рухани салаға орны толмас шығын әкелді.
|