Лекция түрі: ақпараттық
Тірек ұғымдары: «көлденең жолақ еттер», «бiрiңғай салалы еттер», «миофибрильдер», «миозин», «актин», «саркомер»
1. Ет талшықтарының құрылымы.
Адам мен жануарлардың қимыл – әрекетi, оның iшкi мүшелерiнiң жұмысы, тыныс алу, ас қорыту, қан айналым, бөлу процестерi әртүрлі ет топтарының үйлесiмдi қызметiнiң арқасында атқарылады.
Адам мен жануарлар организмiнде ет ұлпасы құрылымына қарай көлденең жолақ еттерi, жүректiң көлденең жолақ еттерi және бiрiңғай салалы еттер болып бөлiнедi.
Көлденең жолақ еттерге қаңқа, тiл, көз, жұтқыншақ, көмей, өңештiң жоғарғы бөлiгiндегi еттер жатады.
Бiрiңғай салалы еттер- терiде, iшкi ағзалардың, сөл мен несеп түтiктерiнiң, қан және лимфа тамырларының, өкпе, кеңiрдек, жыныс ағзаларының қабырғаларында орналасқан.
Қаңқа еттерi әрқайсысының құрамында 20-60 ет талшықтары бар жеке-жеке ет шоғырларынан құралады. Әрбiр ет шоғыры сырт жағынан дәнекер ұлпалы қабықпен - перимизиуммен, ал әр талшық -эндомизиуммен қапталған. Талшықтар саны ауытқып отырып, пiшiнi цилиндр тәрiздi, ұзындығы 1- ден – 40 мм, ал жуандығы 0,1 мм-ге жетедi. Әрбiр талшық сырт жағынан сарколемма (гр. Sarkos-ет, lema-қабықша) қаптап тұрады, iшiнде саркоплазма, миофибрильдер және торша қосындылары саркосомдар мен митохондриялар орналасады.
Миофибрильдердiң диаметрi 0,5-2 мкм шамасында, ет талшығының бiр ұшынан екiншi ұшына дейiн созыла орналасады. Миофибрильдер жiңiшке және жуан белок жiпшелерiнен – протофибрильдерден құралған. Миофибрилланың құрамына 2-2,5 мың протофибрильдер кiредi. Жiңiшке – актин жiпшелерi, диаметрi 10-15 нм, ұзындығы-1,5 мкм.
Миофибрильдердiң ұзына бойында алма кезек орналасқан күңгiрт- анизоторптық дискiлер немесе А жолақ, және ақшыл-изотроптық дискiлер немесе И жолақтар дейдi. И дискiнiң ортасы арқылы Z сызығы, ал дискiнiң ортасынан Н жолағы өтедi. Екi Z сызығының арасыдағы учаскенi саркомер деп айтады. Саркомерлерге актин жiпшелерi бекидi, күңгiрт учаскелерiнде миозин жiпшелерi орналасады. Актин жiпшелерi өз ұштарымен миозин жiпшелерiнiң арасына кiрiп жатады. Актин және миозин жiпшелерi өзара миозиннен шығатын көптеген көлденең көпiршелер арқылы жалғасады. Бұл көпiршелерде басқа заттармен қатар АТФ-аза ферментi болады. Әрбiр жуан – миозин- жiпшенi алты жiңiшке жiпше- актин қоршап тұрады. И-дисканың ұзындығы ет талшығының жиырылу сатысына қарай өзгерiп отырады, ал А- дисканың ұзындығы өзгермейдi. Еттiң жиырылуын саркомер қамтамасыз етедi, оның ұзындығы 2 мкм шамасында болады.
Ет талшықтарында жазық эндоплазматикалық тор, немесе саркоплазмалық ретикулум бiртұтас түтiкшелер мен цистерналар құрайды. Бұл құрылым қозу процесiнiң ет талшықтарының iшiнде таралуын, талшықтардың жиырылып, босаңсуын қамтамасыз етуде маңызды роль атқарады.
Сонымен, ет талшықтарының жиырылуын негiзiнен актомиозиндiк кешен құрайтын актин және миозин белоктары қамтамасыз етедi. Жиырылтқыш белоктарға жiңiшке жiпшелерде болатын трипомиозин мен трипонин кешенi, миоглобин, гликолиздiк ферменттер және басқа белоктар да кiредi.
Бiрiңғай салалы бұлшық ет ұлпасының құрылымдық элементi бiрiңғай салалы ет клеткасы. Оның пiшiнi ұршық, жұлдыз пiшiндi, ұзындығы 60-200 мкм, диаметрi 4-8 мкм. Ядросы торшаның ортасында орналасқан. Ет торшаларының саркоплазмасында ұзындығы 1-2 мкм шамасында актин және миозин жiпшелерi және кальций иондары бар көптеген көпiршiктер болады.
Достарыңызбен бөлісу: |