Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі
“Орталық Азия” Университеті
СӨЖ
Тақырыбы: Астананы Алматыдан Астанаға көшіру.
Орындаған:Қаратай.А.Қ
Қабылдаған:Хамитова.М.А
Алматы 2019 жыл
АСТАНА - Сайын Сарыарқа төсінде Қазақ елінің тәуелсіздігінің нышаны іспеттес әсем қаламыз Астананың бой көтергеніне де 16 жыл толып отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен осынау аз ғана жылдың ішінде елордамыз дәулеті тасып, сәулеті асқан жер жаһандағы сұлу шаһарлардың біріні айналды. Тарихқа сәл шегініс жасап, елордамыздың жылнамасына көз жүгіртер болсақ, сонау 1997 жылдың 20 қазанында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қазақ елінің астанасы болып жарияланған күн еске түседі. Иә, сол жылдың қара күзінде Мемлекет басшысы жаңа астана төрінде республикамыздың мемлекеттік нышандарын орталық алаңда салтанатпен қарсы алған болатын. Міне, осы сәттен бастап, Алатаудың бөктеріндегі әсем қала Алматыда қоныстанған мемлекеттік органдар Арқа төсіне атбасын бұра бастаған еді. Ал 1998 жлдың 10 маусымында әлем картасында пайда болған жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті. Дегенмен, 2006 жылдан бастап елорда күні 10 маусым емес 6 шілде күні кеңінен аталып өтуде. Әрине, Астана Елбасымыздың төлтумасы десек те, бұл Елбасымыздың туған күніне орайластырған шара емес. Кейде, кейбіреулердің дәл осындай ойға берілетіндігін жоққа шығаруға болмайды. Алайда, олар еліміздің жаңа тарихы бастау алатын тұстағы еліміздің елордасын ауыстыру туралы маңызды шешімнің дәл 6 шілде күні, осыдан тура 20 жыл бұрын қабылданғанын білмесе керек. Шынымен де, 1994 жылдың 6 шілдесі күні Қазақстан Респубилкасы Жоғарғы кеңесінің жалпы отырысына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға қазақ елінің елордасын Алматыдан Ақмола көшіру туралы идеясын ұсынып, оны нақты әрі мығым фактілермен депутаттардың алдында дәлелдеп шықты. Бұл жайында Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «1994 жылдың 6 маусымында Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың бәрi менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi, елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзi пойызбен жаңа астанаға көшiп келдi. Ендi шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды», - деп жазады. Елбасымыз жаңа астананы таңдауды 32 өлшем бойынша жүрізген еді. Соның ішінде аса маңыздылары: әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмологиялық жағдай, қор¬шаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның болуы, оның болашағы, коммуникациялар, құрылыс кешені және еңбек ресурстарының болуы. Ал сол барлық өлшемінің негізінде тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру нұсқасы мейлінше оңтайлы болып шыққан еді. Бүгінде бұл шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды. Мемлекет басшысы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында жазуынша, бұл бiрiншiден, Қазақстанды геосаяси жоспар тұрғысынан нығайту үшiн қажет едi. Астана Еуропа мен Азияның шектескен тұсында, яғни Еуразия құрлығының қақ ортасында, мұхиттардан бiрдей қашықтықта орналасқан. Еуропалық және азиялық дәстүрлердi бойына тоғыстырған бұл қала Батыс пен Шығысқа да, Оңтүстiк пен Солтүстiкке де ашық бола алады. Екiншiден, бұл шешiмде қауiпсiздiк мәселесi де елеулi рөл атқарды. Тәуелсiз елдiң астанасы сыртқы шекаралардан мейлiнше қашық және елдiң орталығында болуы тиiс едi. Үшiншiден, астананы өзгерту Қазақстан экономикасын сауықтыру үшiн де қажет болды. «Төртiншiден, Астананы құрамы жағынан көп ұлтты өңiрге көшiре отырып, бiз тұрақты саяси-этностық мемлекет құру, Қазақстанды мекендеген этностар арасындағы достықты сақтау мен байыту, дiндер мен конфессиялардың қақтығыссыз тату өмiр сүруiн қамтамасыз ету жөнiдегi бағытымызға адал екенiмiздi тағы бiр дәлелдедiк», - деп жазады Елбасы аталған кітабында. Жалпы, Қазақстан көшбасшысына елордамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясы тосыннан келмеген еді. Оны Елбасымыз өзінің жоғарыда аталған кітабында жан-жақты жазған болатын. Ол жайында Мемлекет басшысы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай еске түсіреді: «Баяғы бір уақытта Қазақстан Компартиясы Орталы комитетінің бірінші хатшысы кезімде менің қолыма академик Қаныш Сәтбаевтың баянхатының түскені бар. Ол анау-мынау емес, Қазақ КСР-нің астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағандығы не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Ардақты ғалым, ардагер қайраткер өз дәлелдерінің бірі ретінде осындай байтақ республиканың астанасы елдің әлдебір түкпірінде болмауы тиістігін келтірген. Оның үстіне арадағы қарым-қатынас сол уақытта нашарлап тұрған Қытай Халық Республикасымен шекара да тым іргеде. Есімде қалған: осы елеулі мәні бар баянхат Мәскеуге жіберілген екен. Мұндай мәселелер Мәскеусіз шешілмек түгілі, қолға да алынбайтын еді ғой. Мәскеу: «Басқа істейтін істерің жоқ па?», - деп, келте кесіпті». Айта кетерлігі, кеңес одағы құрдымға кетіп, жаңа мемлекеттер отау тіккен тұста арандатушылық әрекетке барған адамдардың да көп болғаны тарихтан белгілі. Иә, Кеңес одағының ішіндегі көп шекара өз заманында тымеркін тұспалмен белгілене салынған болатын бұл жайт егемендік шеруінен кейін іле-шала кейбір парасатқа бойлай қоймаған әрі жауапсыздау адамдардың бар шекараны қайта қарау қажеттігі туралы тіл безеуіне апарып ұрындырған еді. Мәселен, кеңестік диссидент Александр Солжиницын өзінің «Ресейді қалай жайластырамыз?» деген мақаласында қазақтардың ежелгі ата қонысы Қазақстанның солтүстік аумағын Ресейге қосып алу қажет деп сандырақтағаны бар. Сондықтан Қазақстанның астанасын республиканың солтүстігіне қарай, орталыққа қоныстандыру тәуелсіздіктің елең-алаңында күнтәртібінде тұрған ең өзекті мәселе еді. Мұны Елбасымыз анық байқап, аз ғана уақыттың ішінде елордамызды Сарыарқа төріне қоныстандырды. Міне, осылайша әлем картасында орын алған Астанамыз бүгінде әлем жұртшылығын ауызына қаратқан айшықты қалаға айналды. Айтпақшы, Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған жиында елордалық қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап бергені есте. «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық - Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар», - деген еді Елбасы мерейтойлық жиында. Тоқ етерін айтқанда, біз 6 шілде күні елорданың 16 жылдығымен қатар астананы Ақмолаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына 20 жыл толуын да атап өтеміз. Ендеше, бүгінде қазақ елінің елордасы болуымен қатар халықаралық алқалы жиындардың да ордасына айналған Астанамыздың мерейі тасып, беделі асқақтай берсін деп тілейік!
Достарыңызбен бөлісу: |