Қорыта айтқанда, бала − ата-ана − педагог, отбасы және білім беретін ұйымдар арасындағы сабақтастықтың ойдағыдай жүзеге асуы тұлғаның әлеуметтік бейімделуінің алғы шарттарының бірі болмақ. Біз, балалар үшін бала өз әрекетінің қатысы мен керектігін сезінетіндей жағдай жасауымыз керек. Мемлекетіміздің әрбір азаматы – ұлттық құндылықтарымыз, әр баласы еліміздің ертеңі екенін ескерсек әрбір мүмкіндігі шектеулі балалардың сапалы білім алып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасау біздің міндетіміз. Инклюзивті оқыту – мүмкіндігі шектеулі балалардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы балаларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз. Сонымен қоса, инклюзивті оқыту үрдісі балаларды толеранттылыққа тәрбиелеудің бастауы болмақ. Мүмкіндігі шектеулі жандарға деген мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек етек жинап, ел болғалы толастамақ емес. Дегенмен бұл әрине мұндай жағдайда аздық, әлі де болса ойланарлық жағдай. Десек те, даму мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ел тарапынан бөлінетін көмек пен қамқорлық шектелмесе екен деген ойдамын. Бұл жандар ондай өмірді таңдап алмаса керек.
Мүмкіндігі шектеулі балалардан болашақта қолдарынан іс келетін саналы азаматтар мен азаматшалар шықпасына кім кепіл? Мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалыс мүмкіндігі шектелгенімен, жандүние кеңістігі аясының тарылып, күйзеліске ұшырауына жол бермеу − белгілі бір ұйымдардың міндеті ғана емес, қоршаған ортаның, қалың бұқараның басты парызы. Соңғы уақытта елімізде атқарылып жатқан істер инклюзивті білім беру жүйесінің қалануына негіз болары анық. Жас нәрестенің дені сау болса, отбасына зор қуаныш пен бақыт әкеледі. Елімізде өркениетті қоғам құру үшін, тәрбиелі, дені сау азаматтар мен азаматшалар тәрбиелеу керек.
Инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктерін және жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылардың білімге тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін үдеріс.