Прагматизм
Прагматизм термині - іс, іс-әрекет дегенді білдіреді. Кейіннен, XIX ғасырда, ол америкалық философ Чарльз Пирстің атымен тығыз байланысты болды. Прагматизмді таза АҚШ-тық философия деп түсінуге болады, ол күні бүгінге дейін АҚШ қоғамында ерекше ықпалға ие.
Прагматизмнің басты қағидалары:ақиқатты тиімділік тұрғысынан мойындау, нақты тәжірибе бәрінен де маңызды, адам мақсат үшін өмір сүреді, адам бірдеңеге қол жеткізу үшін салыстырмалы білім де жеткілікті, ақиқаттың өлшемі практика, іс-әрекетте жетістікке жету үшін күмәнді еңсеріп, сенімге ие болу, адам ақиқаттан бұрын сенімге ұмтылу керек деген сияқты қағидаларды ұсынады.АҚШ қоғамының табысты өмір салты негізінде өнімді, тиімді қозғалыс идеясы жатыр. Мұндай философияның өзгерістер кезеңінде дүниеге келетінін өмірдің өзі дәлелдеді. Өмірдің әрбір сәтіне сәйкес келу, өмір сүре білу үшін өзгере білу және соған сәйкес әрекет ету, оны ұлттың жиған тәжірибесімен ұштастыру практикалық философияның өзегі десек те болады.
Елбасының прагматизм философиясына назар аударып отырғандығының басты себебі де осында болса керек. Мақалада, ұлттың рухани жаңғыруының күре тамыры прагматизм ұстанымдарының ұлт санасына сіңуімен тікелей байланысты екенін, ол үшін қанымызға сіңген, менталь –дық болмысымыздың сипатына айналған кейбір дағдылардан арылу қажеттігі туралы ой айтылады. Солардың бірі - ысырапшылдық, даңғойлық, астамшылдық. Әу баста, бұл қасиеттен нарық құтқарады, ұлтты үнемшіл болуға, байлықтың құны мен қадір-қасиетін бағалауға үйретеді деген ой-пікірдің де болғаны белгілі. Нарық заманының ширек ғасырын артқа тастасақ та, әлі сол ысырапшылдыққа жол берудеміз. Үнемдеуді үйрене алмай келеміз.
Ысырапшылдық - жеке тұлға, ұжым, әлеуметтік топ, тіпті мемлекет деңгейінде көрініп отырғаны мәлім.
|