«Жыландар жыры» тарауында Талас жерін мекендеген ордалы жылан тағдыры сөз болады. Адамдардың қара ниетінен отқа өртенген жыландар мен адамдар әлемі қатарластыра алынып, үлкен адамзаттық мәселе философиялық тұрғыдан көркем туынды заңдылығына сай зерделенеді. «Жыландар жыры» – адамдардың табиғатқа, сол арқылы өздеріне әкелген зауалын жыланның монолог-зары арқылы жеріне жеткізе айтып берген көркемдік тәсіл. Фольклорлық дәстүрдегі жыр үлгісін, ауызша және жазба әдебиеттегі ерекше әсер туғызған соңғы қайталау (эпифора) тәсілін пайдалана отырып, ақын жыланның зары арқылы күллі жаратылыстағы қайшылық пен қиянатты ақтарады. Ел жадындағы аңызда Айша қызды жылан шағып өлтіреді. Есенғали поэмасында осы желі болғанымен, Ғайшаның өлімі, жыланның шағуы мүлде басқаша жағдайда өрбіген. Адамдар тағдырымен жыландар әлемін қатарластыра берудің өзінде көне танымды негізге алу бар. «Бұл мақұлық күні бүгінге дейін қазақ сенімінде маңызды орынға ие болып отыр. Жыланға қазақ құпия таным, тылсымдық сипат берумен қатар, көмекшілік қасиет те берген. Басқаша айтқанда, жылан культі – арғықазақ мифологиясының басты сипаттарының бірі» [4; 291] – деп жазады мифтанушы С. Қоңдыбай. Жыландар – адам мен табиғат арасын байланыстырушы тылсым сыр иелері болып та ұғынылады. Жыланды культ санаудың ауыз әдебиетінде, тұрмыстық салт-ғұрыпта көптеген мысалдары бар. Әруақты қастерлейтін қазақ сол әруақтардың жылан кейпінде көрінуіне сенеді. Бұл сенімнің реминисценциясын Е. Раушановтың өлеңдерінен-ақ табуға болады. Ақын жыландар әлемін белгілі бір маңызды себептермен оқиға желісіне енгізген. Зерттеу еңбектерге, мифтанушы ғалымдардың пікірлеріне сүйенсек, дербес өмір сүретін рух жылан кейпіне ие болады, яғни, адам дүниеден өткенде оның жаны жылан кейпіне айналады. Сондай-ақ, өзіміздің қазақы түсінікте жер астына жасырылған қазынаның иесі де жылан болады деп есептелген. Поэмада Талас жерін мекендеген ордалы жыланды қағанат халқы «жылан бауырына алтын басып ұйықтайды» деп, ордаларын ойрандап, өртейді. Тотемдік қағиданы бұзған, киеге қарсы қол көтерген адамды қарғыс ұрады деген көне сенім тарихты, танымды қастерлеу мақсатында да өзіндік рөл атқарады. «Жыландар жыры» тарауындағы қасірет шеккен лирикалық кейіпкер дәрежесінде көрінген жыланның ішкі монологы – адамзат баласының адамшылық атаулыдан алыстап, табиғаттан алшақтауының түбі үлкен қасірет боларын аңғартқандай.
Әдебиеттер: Тоқтаров Р.. – Алматы: әл-Фараби, 1999. – 752 б.
Ахметов З. Адамзаттың перзенті // Кітапта: Дала даналары. – Алматы, 2001. – 640 б.
Елеукенов Ш. Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде. – Алматы: Алатау, 2006. – 352 б.
Абай және архив. – Алматы, 1995. – 216 б.
Абай дәстүрі және қазіргі қазақ әдебиеті: ұжымдық монография. – Алматы: Арда, 2009. – 392 б.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТІРЛІГІ СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ