Естуім бойынша ислам дінінде бала асырап алуға тыйым салынған екен. Бірақ, бұл өте қайырлы іс емес пе, осыны түсіне алмадым. Бала асырап алудың талаптары мен шарттары бар ма?
Ислам дінінде бала асырап алуға тыйым салынбаған. Керісінше жетім баланы бауырыңа басып, қамқорлық көрсету өте құптарлық іс. Алайда, асырап алған балаға туған әкесінің аты мен тегін беру керек. Асыраушының өз тегін беруіне рұқсат етілмейді. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл туралы:
«Адамға Алла екі жүрек бермеген. Сондай-ақ, сендер зиһар айтып, серт еткен әйелдерің аналарың бола алмайды. Ал өгей балаларың өз балаларың болмайды. Оның барлығы сендердің жай ғана ауызбен айтқан сөздерің ғана. Тура жолға бастайтын шынайы ақиқат – тек Алланың аяттарында ғана» деп, келесі аятта «Өздерің асырап алған өгей балаларыңды туған әкесінің атымен атаңдар. Алланың алдында осылай жасағандарың әділ болады. Ал егер де, олардың әкелерін білмесеңдер, онда олар сендерге, дін жағынан бауыр болып, туысқан болып келеді. Білместіктен қателік жасап жатсаңдар күнә болмайды. Біле тұра әдейі жасағандарыңның жөні бір бөлек. Алла Кешірімді, Мейірімді», – дейді.
Асырушысы асырап алған баласын бел баласы санап, туған әкесін айтпай, ақиқатты жасыруға болмайды. Сол сияқты бала да туған әкесін біле тұра атамауына болмайды. Білсе соның тегін алып, атын атау керек. Пайғамбарымыз: «Кім өзінің әкесін біле тұра жасырып, өзге адамды әкем деп айтатын болса, оған жәннат харам етіледі», – дейді. Мұның себебі, асыранды бала болашақта өз қандасына үйленіп қоймас үшін тегін білуі керек. Қазақта жеті атасынан аспай қыз алмайды. Міне, бұл да толығымен шариғи заңдарға саяды.
Бала асырауда шариғаттағы мирас мәселесіне көңіл бөлу қажет. Қамқоршының артында қалған мал-мүлкін мұраға беру туыстық қатынасты қажет етеді. Сондықтан да дүние-мүлік алдымен Қасиетті Құранда белгіленген тумаларына беріледі. Асыранды баласына көзінің тірісінде сыйлық ретінде беруге болады.
Міне, осы қағидаларды ескере отырып, біреудің баласын асырап, мейіріммен бағып-қағуға еш кедергі жоқ. Керісінше бұл сауапты істерден болмақ. Ол жөнінде Пайғамбарымыз хадисінде «Жәннатта менімен жетім баланы асыраушының арасы осындай болады» деп, сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсеткен. Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақ халқы да «Жетім көрсең жебей жүр» деп текке айтпаса керек.
Əр баланың ынтымағы жарасқан, берекелі отбасында мейірімге бөленіп, бағы жануы тиіс. «Неке жəне отбасы туралы» ҚР Заңыңың 52-бабында да баланың өз ата-анасымен тəрбиеленуіне, оның мүдделерінің қамтамасыз етілуіне, жан-жақты жетілуіне, оның адамдық қадір-қасиетінің құрметтелуіне құқығы бар екендігі бекітіледі. Міне, осындай қамқорлыққа зəру болған балаларды əлеуметтік қорғаудың ең тиімді нысаны бұл балалардың мүдделерін барынша жоғары қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жəне өздері балалы бола алмайтын жас жанұяларға бала тəрбиелеу мүмкіндігін тудыратын бала асырап алу болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |