Ұрпақ тәрбиесі - келешек қоғам тәрбиесі. Ендеше, ақпараттық технологилар дамыған кезеңдегі балалардың ой-қиялдарын өз ертегілері арқылы жеткізу мүмкіндігі бар.
Руханилық - жеке тұлғаның негізгі сапалық көрсеткіші. Руханилықтың негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Мұның өзі мейірімділікке, ізгілікке шақырады.
2. Ертегінің түрлері
Мен жетекшіммен бірлесіп қазақ халық ертегілерімен танысқаннан кейін, олардың түрлерін,ерекшеліктерін зерттей бастадым. Қазақ ертегілері өзінің тақырыптары, көтерген мәселелері, мазмұнына байланысты
Қиял-ғажайып ертегілердің оқиғасы қиялға, фантазияға құрылады, өмірде болмайтын нәрселер туралы баяндалады. Кейіпкерлері қиялдан туған жалмауыз, жезтырнақ, мыстан кемпір, алып дәу және солармен күрескен батырлар болып келеді. Сонымен қатар адамға көмектесетін қанатты тұлпарлар, құстар да қиялдан туған бейнелер. Қиял-ғажайып ертегілері адамдардың арманы мен қиялын танытады, болашаққа деген сенімін білдіреді. Ертегінің қарапайым кейіпкері арманына жету үшін жолында кездескен барлық кедергілерді ақылмен, айласымен, достарының көмегімен жеңіп отырады. Қиял ғажайып ертегілер: «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай», «Ыста тас», «Алтын сақа», «Тас болған шаһар».
Қиял ғажайып ертегілер қазақ ертегілерінің ішінде ең көнесі болып табылады. Қиял-ғажайып ертегілері көп дәуірді бастан кешіргендіктен, өзгерістерге де көп ұшыраған. Қазақ қиял-ғажайып ертегілерінің кейіпкерлері «ай десе-аузы, күн десе-көзі бар сұлу», не «алтын шашты қыз», солармен қатар « айдаһар- жеті басты жылан», «алып қара құс», «тұлпар ат», «басы алтын», «арты күміс киік» сияқтылар араласып отырады. Бұлардың бір тобы ертегі кейіпкерінің досы болса, бір тобы қас жауы болып әрекет етеді. Бұл кейіпкерлердің арасында кейде дос, кейде қас болып кездесетіндері де бар. Оларға таусоғар, көлжұтар, көреген, желаяқ, саққұлақ, жұмбақ жар, жылан патшасы, жатады. Қиял ғажайып ертегілерінде зұлымдықты жеңетін күш-адам. Ол не әлсіз бала жігіт, не кедейдің жалғызы, не адал еңбекпен күнін көрген аңшы мен мерген ер болып келеді.
Қиял-ғажайып ертегілеріндегі адамға дос күштерден адамзаттың арманын тануға болады. Мысалы, «алты айлық жерді алты аттайтын тұлпар», «өзі ұшатын кілем», «көреген батыр», саққұлақ, желаяқ адам-адамның ұлы армандарын білдіреді. Адам аяғы баспаған жерді көрсем, танысам, табиғат құпиясын ашсам деген арманынан туған дүниелер қиял ертегілерде кеңінен орын алған. Ғалымдар, жазушылар, ғарышкерлер, инженерлер, т.б. барлығы бала күнінде ертегі оқу арқылы қиялын дамытып қоғамдағы мәдениеттің, ғылымның, техниканың қазіргі жетістіктерін жасады. Мысалы, ертегідегі ұшқыш кілемдер, құлағын бұраса ұшатын ағаш аттар бүгінгі заманда ұшақ, тікұшақ, зымырандарға айналған, таусоғар – экскаватор, көлтаусар – су соратын көлік, желаяқ – жеңіл көліктер, пойыздар, метролар, саққұлақ – телефон, ұялы телефон, т.б.
Тұрмыс-салт ертегілерінің кейіпкері қарапайым адамдар. Адамдардың шыншылдығы, озбырлығы және өмірдегі қиындықтар жайлы баяндалады. Бұл ертегілер өте қысқа, сюжеттері бір бағытта болып келеді. Тұрмыс-салт ертегілерде қойшы малшы, бақташылардың тұрмысы суреттеледі. Бұл ертегілердің өзіне тән ерекшелігі-өмірде болатын жағдайлар мен болмайтын нәрселердің араласып отыруы. Тұрмыс-салт ертегілеріне «Бозынген», «Аю, түлкі және қойшы», «Арыстан мен кісі» сияқты шағын, тәрбиелік мәні зор ертегілер жатады.
Ал хайуанат жайындағы ертегілер ата - бабамыз төрт түлік малды қадірлеп, пір тұтқан. Балаларға ең жақын ертегілер хайуанаттар туралы ертегілер. Хайуанаттар туралы ертегілердің кейіпкерлері аң, құс, үй жануарлары болады. Алайда олар адамға тән қасиеттер, әрекеттер иесі болып суреттеледі де сол арқылы сұм - қиянатшыл, арамза, қу мінез қылықтар әшкереленеді, еңбексүйгіштігі, батылдығы, адалдығы суреттеледі.Адам баласы өзінен өзге жанды, жансыз дүние, әсіресе айналасындағы хайуанаттардың тіршілігі, өмірі жайлы танып білуге талпынған талай аңыз ойлар, әңгімелер айтып таратқан. Қазақ елі де көп заманнан бері мал мен даланың аңы, құсымен үнемі көп араласып, келе жатқандықтан, хайуанаттар жайлы әр алуан ертегі әңгіме шығарған. Хайуанат жайлы ертегі барлық елде бар. Хайуанат жайындағы әңгіме аңыздардың екі түрі бар. Бірінде хайуан мінез-қылықтарын хайуанның өзін суреттеу үшін айтпай, адамдағы мінез-құлыққа бейне, тұспал, мысқыл есебінде қолданған. Адамдағы кемдікті, мінді бадырайтып, ұлғайтып жиіренішті етіп көрсету үшін, сондай сын арқылы жаманшылық пен алысу үшін мысал етіп алу болған. Хайуан мінездерін әңгіме етудің екінші түрі – хайуанды анық хайуан етіп суреттейді. Оның жанды-жансыз дүние арасындағы өз қалпы, кейпімен жүрген шындығын, болмысын адам өз түсінігі арқылы анықтап, айқындап жетілте өткірлеп көрсетеді. Жан-жануарлар туралы ертегілері барлығымызға жақсы таныс, олардың кейіпкерлері: қу түлкі, қорқақ қоян, озбыр қасқыр. Бұл топқа «Аю, қасқыр, түлкі, бөдене», «Аю, түлкі және арыстан», «Қоянның зары», «Күшік пен мысық» т.б. ертегілер жатады.
Шыншыл ертегілер халық өмірін, тұрмысын шындық тұрғыдан бейнелейді. Атқа мінерлердің іс - әрекеттерін әшкерелейді. Ертегілердің тілі көркем, қарапайым, түсінікті жеңіл келеді. Шыншыл ертегілер-қазақ ертегісінің ең мол түрі. Шыншыл ертегіге халық өзінің дүниетануындағы, қоғам тіршілігіндегі, үй тұрмысындағы басты тірліктері - барлық мұң, мүддесін, тартыс, талабын жиып, түйген.Бұл салалы ертегілер құр ертегі ғана емес, ауызша айтылған шебер көркем шығарма болып, халық романы, халық әңгімесі, новелласы болып та кетеді. Және мұнда қоғамдық тартыс, тап қайшылығы, қанау, зорлық, соған қарсы қалың еңбекші халықтың сыны, наразылығы, алыс-тартысы, алыс-арманы бәрі де айқын көрінеді.
Аңыз ертегілер де қазақтың көп ертегісінің бірі. Бұл топтың ерекшелігі барлығы да тарихта болған адамдар жайынан айтылған, халық шығарған көркем әңгіме болады. Бұл оның ертегілерде тарихи адамдар өміріндегі уақиғалар дәл айтылмайды, көбінесе елдің өз жанынан қосқан, бірақ сол тарихта болғанын сыйымды тым іс, мінез, әрекеттер әңгімеленеді.
Бұл жай алыс ескілікте болған адамдар турасында бір болса, тіпті берінде, жаңадан болған тарихтық адамдар жайында да бола береді. Тарихта ел жадында аты қалған белгілі бір қылық әрекетімен елге даңқты болған кісі болса, соның өмірінде шын болған мінез қалпынан туғызып, қиялдық, тың іс, уақиғалар тізіледі. Ондай әңгімелерді аңыз дейді. Аңыз ертегілерінің тағы бір ерекшелігі, ол әңгіме етілетін адамның өз өміріндегі шын ісі мен мінезінің сүрлеуінен, аңғарынан туады. Сондықтан батыр жайындағы аңыз болса, тірліктегі батырлық іс-әрекетіне қосымша ұлғайтылып айтылған шығарма болады. Күлдіргі болса, оның сол күлдіргілік іс, мінездеріне қосылып, ұлғайтылып, молайтылып айтылған оқиға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |