Тақырыбы: «Қыз тәрбиелей отырып ұлт тәрбиелейміз»



Дата24.04.2022
өлшемі24,64 Kb.
#140712
Байланысты:
қыз тәрбиелей отырып


Тақырыбы: «Қыз тәрбиелей отырып – ұлт тәрбиелейміз»

Мақсаты: Халықтық тәлім - тәрбие негізінде қазіргі қазақ қыздарының бойында жан сұлулығын қалыптастыру жолдарын көрсету, адамгершілікке үндеу.


Кіріспе:(тәрбиеші сөзі)


- Қайырлы күн, құрметті ұстаздар мен тәрбиеленушілер!
Бүгінгі біздің «Қыз тәрбиелей отырып – ұлт тәрбиелейміз»- атты пікірталас алаңын ашуға рұқсат етіңіздер.
Мақсатымыз - қаракөз қазақ қыздарының бойына халықтық тәлім - тәрбие негізінде жан сұлулығын қалыптастыру.
«Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз - қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз»
Әр елдің өміріндегі шешуші кілт қыздарға берілетін тәлім тәрбие арқылы өлшенеді. Халқымызда қыз деген сөзді әдеміліктің, әдептіліктің, жан - жақты сұлулықтың символы ретінде қолданады. Жарық пен жылу, от пен су жоқ жерде тіршілік жоқ, ал осылардың көктегі көзі - күн, жердегі көзі - адамзат. Адамдардың бір - біріне мейірімі мен ұлағатты тәрбиесі тіршілікті сақтайды. Тәрбиесі түзелмей елдің көсегесі көгермейді, отбасы түзелмей, болашақ түзелмейді. Бала жастан жақсы тәрбие алған, үлгі өнеге көрген қыз бала болашақта да сол әдебін сақтамақ. Әдепті, инабатты, адамгершілігі мол, сыпайы қыз тәрбиелеу - бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселесі.
«Жақсыны көре білсек, ой көзімен,
Өмір сәуле көрсетер судай тұнық»- деп Абай атамыз айтқандай пікірталасты бастамас бұрын слайдқа назар аударсақ.
(« Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әуен ойнап тұрады).

Пікірталас барысында талқыланатын сұрақтар:


Сұрақ: (тәрбиеші сөзі)
Жүргенде сендер тамаша - ақ,
Қазақтың ғажап даласы.
Өздеріңсіңдер болашақ,
Ұрпақтың ұлы анасы - дегендей
Ұлттық дүниетаным, ұлттық салт - дәстүрлеріміздің қыз бала тәрбиесінде алар орны қандай?

Жауабы: «Қызды тәрбиелегеннің – бір ұрпақты тәрбиелегенің», - деген екен ата - бабамыз.. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ. с) « Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанына киіндіріп бақса, олар ( қыздарын тәрбиелеп өсіргені) сол үшін тозақ отынан қалқан болады», - деген. Бұл шынымен де қыз бала тәрбиесінің ата - анаға оңай түспейтіндігін дәлелдейді. Қыз баланың ары мен абыройы, сыры мен сымбатын сақтауы, келешек өміріне даярлығы әрқайсысы өз алдына дербес тақырып. Халқымызда «бір ұл тәрбиелесең бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген дана сөз бар. Әубәкір ақын «Қыз бала – үйдің бояуы» деген екен. Сол кісінің айтқанындай қыз әлемнің көркі, әрі ұрпақты көбейтуші. Қыз баланың тәрбиесін ұлттық болмыстың барлық іргетасымен астастыратын халықтық қағиданы бүгінгі таңда біз де қалтықсыз ұстануымыз қажет. Болашақта да, қазір де сыр - сымбаты ақыл парасатына сай, адамгершілік қасиеттерді өз бойына толыққанды топтастыра алған қыз тәрбиелеу біздің басты парызымыз болып табылатынын еш уақытта естен шығармауымыз керек. Қыз баланың болмысын биіктететін, оның тұлғалық ерекшеліктерін айқындайтын тәрбие мен ұлттық құндылықтарды айтар едім. Ана тілімізде «қыз» деген сөз бар. Ол ең қасиетті де, құрметті сөз. Қасиетті болатыны - бүкіл адамзат әйелден тарайды: қыз келін болады, келін - анаға айналады, ал ана - әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Қазақ халқы қыз баланың қадір қасиеті мен қылығы ұлттық ұлылығын танытады деп халықтық болмыспен астастырған. Сондықтан қыздың тәрбиесіне ерекше мән беріп, сол тәрбиені қалыптастырудың жолына барлық игі жақсылықтарды топтастырған. Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Ата - бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген. «Қыз - өріс, ұл - қоныс» деп білгендіктен қазекем өрісін кеңейтер қыз балаға айырықша көңіл бөлген. Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «қызға қырық үйден тиым» жасайды.


Сұрақ: (тәрбиеші сөзі)


Аяулы ару қыздар, көрікті көктемдегі
Тамаша сіздерменен өмірдің өткелдері
Жанарды жалт еткізіп, біздерге қараңыздар
Осылай көңілдерге шуақ боп тараңыздар - қазіргі заман талабына сай қыз бала өзін қалай ұстауы керек?
Жауап:
1. Иә, менің ойымша қазақы тәрбие алу дұрыс. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтылмаса керек. Қазіргі күнінен бастап рухани құндылықтарды сіңіргеніміз дұрыс. Қазір Европаға еліктеу кең етек алған заманда, жастардың соның ішінде ертеңгі ана болатын қыздарымыздың рухани жұтаңдануына жол бермеуіміз керек. Сондықтан да ХХІ ғасырдағы қазақ қызы жан - жақты білімді, тәрбиелі, иманды, барынша әдепті, болғанымыз дұрыс.
2. Жалпы менің түсінігімде қазақ қыздары ар - намысын биік қоюы керек. Нақтырақ айтсам:
Кешегі Қыз Жібектер қысқа киім,
Жігітке асылуды білмеп еді.
Қасиетін сақтаған аруларды
Қазағым қай кезде де құрметтейді.
Менің айтайын дегенім әр ұлттың, әр ортаның өз киіну әдебі болады. Өзгелер жапырақ жамылып жүрген заманның өзінде қазақтың ұлттық киімдері көз жауын алардай әдемі еді. Бұл - халқымыздың талғамының жоғары болғанының белгісі. Дегенмен заман өзгерді. Өзіңнің жасыңа, жүрген ортаңа сай киіне білу керек. Сондықтан көп ашылып, шашылмай, бірақ сәнді киінгені және заманына сай әдепті болғаны дұрыс.
3. Менің түсінуімше, қазақ қызы деген абыройлы есім, оны алып жүру де кез келгеннің қолынан келе бермейді, әрі тәрбиенің бұрынғысы мен бүгінгісі болмайды. Тәрбие қашан да ұлттың өзіндік ерекшелігін, құндылықтарын сақтауы керек. Ал ұлттық құндылық дегеніміз қай уақытта да бір ғана мақсатқа бағытталады, яғни, салауатты, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Олай болса тәрбие ескірмейді. Сондықтан да қазақ қызы өз ибалылығын жоймай, өзгеге үлгі боларлықтай болу керек. Ақан сері «Ойнақтап сиыр үркіп жылқы болмас» дейді олай болса жүз жерден батысқа еліктегенімен қазақ қызы орыс та, ағылшын да, неміс пен француз да бола алмайды, сол қазақ қызы күйінде қалады. Бұлай дегенім қазақ қызы көштен қалсын дегенім емес, заманына сай оқысын, қызмет етсін, бірақ өзінің негізгі міндетін ұлт келешегін тәрбиелер ана екенін естен шығармағаны жөн деп ойлаймын.

Сұрақ: (тәрбиеші сөзі)


Сақтық керек сезімнің гүліне де,
Албырттығы өмірдің біліне ме.
Қыз баланың жігітке «сүйем» деуі,
Жараспайды ғасырдың біріне де - бұрынғы қазақ қыздарының қылығы мен қазіргі қазақ қыздарының қылығының қандай айырмашылығы бар? Құрбыңның бойынан жағымсыз қасиеттерді көргенде не деп ақыл қосар едің?
Жауап:
1. Күнделікті өмірде жиі кездесіп қалатын жай - жастардың көпшілік ортада аймаласып, сүйісіп тұруы. Мұны өздерінше махаббат бостандығы деп ойлайды. Ал қазақ баласы еш уақытта да махаббатын жарқыратып жұрттың алдына жайып салып, көрмеге қойған емес. Өзіңіз ойлап қараңызшы беті ашық тұрған зат пен беті жабық тұрған заттың қайсысы жұртты қызықтырады. Әрине, жабығы. Олай болса махаббат құпия, нәзік болса ғана маңызды, ал мені көрдің бе дегендей өз сезіміңді жұртқа жариялау, көрінгенмен құшып, сүйісу махаббат емес, құр жабайы сезім болса керек. Неге мен өзімнің аялаған, нәзік нәрсемді жұртқа жариялауым керек?! Махаббаттың нәзіктігі сонша кішкентай елеусіз нәрсе оны жаралауы мүмкін. Ал қыздар қашан да өз құпиялылығын жоймауы, яғни жігітке сөз айтпауы керек.

2. Қ. Мырзалиевтің «Әдемі қыз – көзіңе жақын, әдепті қыз – көңіліңе жақын» деген сөзі бар, осындай көңіліңе жақын қыз тәрбиелеп өсіру әрбір ата - ана, әулеттің ғана емес мемлекет пен қоғамның да міндеті. Біздің аналарымыз алған тәрбиені бүгінгі қыздардан іздеу орынсыз деп ойлаймын. Өйткені қазір шеше тәрбиесінен гөрі көше тәрбиесі басымырақ. Қазір аяқ бассаң болды кілең арзан сөзден құрылған мәнсіз, мағынасыз өлеңдер, дүңкілдеген әуен, оңай пайда табу тырысқан, қиындықтан қашқан, кіндігін ашқан жастар. Десек те осындай жастарды жолға салу үшін бұрынғы қазақы тәрбие керек - ақ деп ойлаймын..


Топтық жұмыс: (тәрбиеші сөзі)


Тірек сызба: Қыз бала бойында қандай қасиеттер болуы керек?
Қыз балаға тән мінез, қасиет сендердің өз бойларыңнан табыла ма?

Сұрақ: (тәрбиеші сөзі)


Бүгінгі қазақ қызы дегенде біз түсінген әйелдік борышты үстірттеу ұғатын, жартылай түсінетін, қоғаммен арпалысты көбірек қалаған, дей тұрғанмен жүрегінің арғы түкпірінде бақытты ана болуды аңсаған, соған мына ғасыр жол бермей, сонымен арпалысқа түскен қыздар көз алдыма елестейді. Қазіргі қыздардың біразы жеңілдеу өмірді іздейтін болды. Шетелге тұрмысқа шыққысы келетіндердің қатары қалың. Өзінің тілін емес, үйренген тілін жоғары қоятындар баршылық. Қай жерде жеңіл өмір бар екен деп көзін сүзген қыздар көп. Маған сондайға бейім қыздар көбірек кездеседі. «Не де болса маңдайымнан көрейін, осы қазақ халқымен бір болайын» деп ойлайтындар сиреді. Бәріне жеңіл жолмен, күрессіз жолмен жетуді көксейтін қыздарымыз көбірек – деп «Алаш»сыйлығының лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгереева айтқандай, бүгінгі күнде көптеген бойжеткендеріміздің салғырттыққа салынып, өмірдің қараңғы жағына бет бұрып кетулеріне қандай себеп бар?
Жауап:
1. Кейде маған қазіргі жастар көбіне махаббаты бір сәттік ләззатпен алмастырып алғандай көрінеді. Көпшілігі алдамшы сезімнің жетегінде жүргенін білмей соны махаббат деп ойлап жүр. Шетелдік фильмдерге еліктеп, бүгін танысып ертең бір төсектен табылу қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай ма қалай?! Қыздың жігітке сөз айтуын өз басын кемсіту деп ойлаймын.
2. Қазір корей, түрік фильмдеріне еліктеп киіну жиі кездеседі. Парсылар қыздарын аяғын айқастырып отырғаны үлкен әбестік саналы, сол үшін оларды полицейлер дүрелейді екен деп естігенім бар еді, мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын білмеймін. Әрине, бұлайша қатал жазалау дұрыс та болмас, дегенмен қыздарымыздың кіндігін ашып, қысқа киім киюдің ұят қана емес денсаулыққа зиянды екенін де ескергені дұрыс.

Сұрақ: (тәрбиеші сөзі)


Кейбір ісім дұрыс та емес шығар,
Қылығым да көрінер егес құмар.
Қайткенде де қанымда жоқ нәрсені
Істеймін деп жайым жоқ кеңес құрар - деп Фариза апамыз жырлағандай.
Қоғамдық ортада қыз бала өзін қалай ұстауы керек?

Жауап:
Көпшілік ортада тәрбиелі қыздар үнемі өзінің жалғыз емес екенін есте сақтайды. Өзін өзгелерге кедергі келтірмейтіндей ұстайды. Біреумен сөйлесіп тұрып сағыз шайнамайды. Шайнаған сағызын жерге түкіріп тастамайды немесе үстелге, орындыққа, қабырғаға жапсырмайды. Қарсы келген үлкен кісіге жол беріп өткізіп жібереді. Өтіп бар жатып тайып кеткен кісіге сүйеу болады. Қоғамдық көлікте үлкендер мен балалы әйелдерді өткізіп жібереді, оларға орын береді. Автобустан шығарда алдындағы кісілерді итермелемей, сыпай ғана өткізіп жіберуді сұрайды.


Көліктен түсерде қарттар мен балалы әйелдерге көмектеседі.
Біреудің аяғын басып кетсе сыпайы кешірім сұрайды, ал егер өзінің аяғын басып кетсе, ашуланбайды үндемей шыдайды. Еш уақытта өзінің назарын аударған нәрсені қолын шошайтып көрсетпейді, көзімен не ыммен көрсетеді. Кәмпиттің немесе сағыздың қағазын т. б. заттарды жерге немесе қоқыс салғыштың сыртына лақтыра салмайды.
Көшені тек рұқсат етілген жерден не бағдаршамның жасыл түсіне кесіп өтеді. Бұл әдепті қыз баланың бойында болу керек қасиет деп білемін.
2.
Сұрақ: (тәрбиеші сөзі)
Есейткен жетті күндер сыр ақтарып,
Қалдым мен қоштасарда бір ақталып.
Таралып шартарапқа жолдар шықты,
Сендердің бұрымдарың сияқтанып.
«Қыздың көркі - шаш»- деген өнегелі сөзде қандай тәрбиелік мағыналы мән бар?
Жауап: Әр нәрсеге мән беріп қараған ойлы халқымыз қашан да сұлудың көркі – шаш, шаштың көркі – шаштеңге деп қараған. Ұлт мәдениетінде әр бойжеткенді шашы мен түр - тұлғасына қарап бағалаған.
Әйел шашы табиғатына қарай қолаң шаш, сүмбіл шаш деп, өріміне қарай «жалғыз бұрым», «қос бұрым» деп бөлінеді. Ұзын әрі алтын, күміс шолпы тағылған сұлу бұрым бойжеткен көркін одан әрі аша түседі.
Ақындар оларға «Қолаң қара шашы бар жібек талды» (Абай), «Сүмбіл шаш, пісте мұрын, лағыл иек, шынардай он саусағың құлжа күйек» (Ақан) деп сұқтанған, таңданған.
Шаш күтімі оны тарау, өсіру, өрудің өзі үлкен бір тәрбие мектебі десе де болады. «Ақ үйден бір қыз шықты көзі үлкен, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» делінген халық өлеңіндегі ғажап сурет осының бір дәлелі. Шашқа қосатын, жалғайтын, кигізетін, тарайтын, жағатын, тағылымы зор тағымдар мен зергерлік әсем бұйымдар тағы бар. Шашты тарау, тарқату үшін шаштарақпен бастырады. Тарақты шеберлер сиыр мүйізінен жасаған. Шашты жылтырату үшін шашмай жағады. Шашқа тағатын және оның сәнін келтіріп, мәнін арттыратын сәндік бұйымдардың ішіндегі асылы мен артық саналатыны – шолпы. Шолпы сәндік үшін ғана емес, шашты өсіретін әрі ұзартатын болғасын тағылады, желді күні көтеріліп кетпес үшін де пайдаланылады. Әсем сәнді шолпыларды қыздар мен келіншектер таққан, егде әйелдер тақпаған.

Сұрақ: «Синкуин» (тәрбиеші сөзі)


Мен қазақ қыздарына қайран қалам,


Жанары жаны жаздай жайраңдаған.
«Қыз өссе – елдің көркі»- деген сөзді
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам?!- деген өлең жолдарының мәнін ашып, қазақ қыздары туралы өз пікірлеріңізді бес жолдық өлеңмен білдірсеңіздер?.

Бекіту:(тәрбиеші сөзі)


Уақыт өзгереді, келесі ғасырдың адамы да, көзқарасы да бөлек
болады. Дүниенің дөңгеленгені сияқты, адам қоғамды бір орында ұстап тұра алмайды. Мысалы, ғасыр бөлек болса, бола берсін, әр гүлдің өзінің топырағында өсетін тамыры болуы керек. Әр ағаштың өз топырағынан алатын нәрі болуы керек. «Мына ғасыр бөлек екен» деп, тамырсыз гүл сияқты солып өте шығуға болмайды. Сондықтан бәрі бір әжелер тамырынан, ғасырлар қойнауынан, өзіңнің қаныңнан тәрбиенің негізін алып, сол жолда жүрсең, өмірің бекер өтпейді. Қазақ баласының ұлттық тәрбиесін ұмытуға болмайды. Біз қай қоғамда өмір сүрсек те, басқа ұлт өзінің түрімен, тілімен танылып тұрса, кең даланың ұрпағы да өзінше танылуға тиісті. Біз қазақ даласының өзіндік дәстүрін сақтауымыз керек. Басқа жерге барғанда «Мынау қазақ қызы» деп ерекшеленіп тұрса, қандай жақсы.
• Ұлттық тәрбие бастауы...
• Қазақ қызы деген өзгеге ұқсамайтын дала мінезімен ерекшеленуі
керек. Одан парасат пен ақыл үйренсе артық па екен? Бүкіл далаға, ұлтқа ана болатын қыз тәрбиесі оп - оңай қарайтын нәрсе емес. Біздің қазіргі қыздарға ұлттық тәрбие ерекше қажет кезең. Ол алдымен ұлттық намыстан бастау алады.

Сұрақ: (жалпы аудиторияға сұрақ) (тәрбиеші сөзі)


«Жолықсаңдар тағдырдың ызғарына
Тілектеспін ел салтын бұзбауыңа.
Абай атты армандай ұл өсіріп,
Ат қойыңдар Тоғжан деп қыздарыңа»- деп қорытынды жасай келе отырып, «Қыз тәрбиелей отырып - ұлт тәрбиелейміз»- деген қағиданы бір сөзбен айта аласыздар ма?
(тәрбиеші сөзі)
Қорытынды: Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп Ахметова: «Қыз баланың мына өмірдегі міндет - парызының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап жар күтетін асыл жар, ата ене сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын - қаламасын, бұл өмір заңы»- деген.
(тәрбиеші сөзі)
Бүгінгі пікірталасымыздың соңында ақын Рахат Әбдірахмановтың «Қазақ қызы» атты өлеңін Жұлдызбай Сымбаттың орындауында қабыл алыңыздар.

Қазақ қызы РАХАТ ӘБДІРАХМАНОВ


Ғажаптың бәрі өзінде,


Көзінде сұлу әлемі.
…Әдебі әрбір сөзінде,
Жан емі - оның сәлемі.

Келбеті күнге келіскен,


Нәзіктен нәзік сыр ұққын.
…Бесіктегі әппақ періштең
Бастауы әдеміліктің!

Пәк болып туған о бастан,


мүсіні мыңды арбаған.
Көңілі оның Көк аспан,
Көркінің құны бар ғалам!

Қыздары олар даламның,


Таусылмас жылы бір лебі.
…Мәншүк пен Әлиялардың
Сүйкімді сіңілілері.

Даладай дархан пейілін


Ұлдары РУХ санаған,
Болмысы тұнған мейірім,
Ол менің әппақ жан анам.
Ғасырдан жеткен ғасырға
Ұлтымның ұлы дастаны.
Ол сенің қарындасың да,
Ол менің қарындастарым.

Жоғалтып бастың салмағын,


Сандалған талай ғашық ұл.
Біреудің болса арманы,
Бір үйдің қазынасы бұл!

Шынайылыққа заты мол,


Пәктіктің өзі турасы.
…Жүрегі жалын ақын ол,
Немесе ақын музасы.

Кессе де ептеп бұрымды,


Бәрібір сұлу жаны, нұр.
Жүрегі оның бұрынғы,
Қазақтың қызы ол бәрібір!

Өзінде бәрі ғажаптың,


Көзінде көркем әлемі.
Ақиқат жалғыз:
Қазақтың қызының бәрі әдемі

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет