Көшпеліліктің шығу тегі Көшпеліліктің шығуы, көпшілік жағдайда, географиялық ортаның тікелей әсерімен байланысты. Сондықтан да көшпелілік белгілі бір нақты тарихи кеңістіктерде ғана таралды. Көшпеліліктің пайда болуы — белгілі бір климаттық жағдайлар, экологиялық ұяның (ниша) шектеулі мүмкіндіктері, табиғи ресурстардың сол өлкеде өмір сүруші этностың алдына қоятын табиғи талаптарына байланысты. Көшпелілік белгілі бір геофизикалық, табиғи-климаттық аймақтарда қалыптасады. Әдетте, бұл — далалы, жартылай шөлейт, шөл және құрғақ далалар, тау бөктері, тау аймақтары. Мұндай жерде көбінесе жаңбыр аз, жылдық ылғалдың мөлшері 200—400 мм арасында ғана болады. Осындай аймақтарға: Қазақстан, Моңғолия, Жоңғария, Араб түбегі, Оңтүстік-батыс, Оңтүстік Азиядағы шөлдер мен шөлейтті аймақтар, Африка континенті жатады. Қазақстан шеңберінде көшпелілік қалыптасқан аймаққа Каспий маңы ойпаттары, Үстірт, Торғай, Жем жоталары, Бетпакдала, Балқаш маңы далалары, Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау жоталары, Алтай, Тарбағатай, Жоңғар, Іле Алатауларының тау беткейлері және таулы өлкелері жатады. Бұл аймақтардағы өзен-сулардың маңайында, әсіресе осы аймақтар мен отырықшы-егінші мәдениеттер шекараларында маргиналдық аймақтар қалыптасты. Оларға тән шаруашылық-мәдени тұрпат — жартылай көшпелі шаруашылық пен мәдениет. Мұндай аймақтарға Сырдың бойы, жартылай Ертістің, Тобылдың, Есілдің, Жайықтың бойлары, Жетісу, Шығыс Қазақстанның таулы және тау бөктерінің кейбір алқаптары, Аралдың маңайы жатады. Жоңғар, Іле, Қырғыз Алатауындағы тау бөктерлерінде жылына 500 миллиметрден астам ылғал түседі. Бұл өңірлерде, әсіресе өзен-көлі сулары маңайында, ежелден егіншілік пайда болып, отырықшы мәдениет қалыптасқан. Құнарлы топырақты, жұмсақ климатты Сыр бойы, Шу, Талас аймақтарында қола дәуірінен бастап-ақ егіншілік дамып, орта ғасырларда біршама дамыған қала мәдениеті қалыптасқан. Дегенмен де осы егіншілік, отырықшы мәдениет қалыптасқан аймақтардың өз ішінде де мал шаруашылығы егіншілікпен қатар дамып, жалпы алғанда, бұл өңірлердің де шаруашылық-мәдени тұрпаты жартылай отырықшы, жартылай көшпелі болған. Әр заманда климаттық ауытқуларға, тарихи-саяси, этномәдени ахуалдарға байланысты бұл өңірлерде бірде отырықшы, жартылай отырықшы егіншілік шаруашылық пен тұрмыс қалыптасса, (мөлшермен VI—XIII ғғ. аралығы), ал енді бір замандарда (қола, ерте темір дәуірі, соңғы орта ғасырлардан XX ғ. басына дейін) жартылай көшпелі, кей аудандарында тіпті көшпелі шаруашылық мәдени тұрпаты қалыптасты. Палеоклиматология ғылымында әрбір континенттің өз ішінде ұзақ мерзімдік климаттық ауытқулармен қатар 100—200 жылдар бойы ауысып келіп отыратын климаттық-табиғи жағдайлар жиі кездеседі. Осындай табиғи-климаттық өзгерістер ұлан-байтақ жерімізді ежелден мекендеген халықтың (ал біз солардың тегін, мәдениетін жалғастырушы екенімізде шүбә болмауы керек) шаруашылық мәдени кескінінің, түрлерінің әр замандарда белгілі бір өзгерістерге ұшырап отыруына міндетті түрде әсер еткен. Көшпеліліктің эволюциясы. Көшпелілік бірден пайда болмаған. Оның пайда болуының, дамуының өзіндік заңдылықтары, себептері бар. Малшылықтың алғашқы түрі — үй маңында мал өсіру болды. Ал "Көшпелі мал шаруашылығы қалай пайда болды?" деген мәселеде әр түрлі пікір бар. Кейбір ғалымдар: "Отырықшы малшылық біртіндеп дамып, мал басы өседі. Мал басы өскен сайын жайылымды кеңіту, жайылым ауыстырып отыру қажеттілігі туады. Бұрынғы отырықшы малшылар біртіндеп жайылым ауыстырып, жылжып көшуге мәжбүр болады. Сөйтіп, көшпелілік қалыптасты", — дейді. Ал енді бір зерттеушілер бұл жағдайды қола дәуірінің соңындағы климат жағдайының өзгеруімен — Еуразия даласындағы қатты құрғақшылықтың басталуымен түсіндіреді. Көшпелі қоғам тарихын зерттеуші ғалымдар басқа да көптеген себептер бар дейді. Олар: мал басының өсуі, ерте темір дәуірінің басында бақташының атқа мінуі, біртіндеп жылқыны мініске үйретіп, алдымен, сүйек ауыздықты, содан соң қола, кейініректе темір ауыздықты, одан үзеңгіні, ертоқымды пайдалануы көшпелі мал шаруашылығының дамуына, ғасырлар бойғы мал бағудың тәжірибесінің қалыптасуына негіз болды. Көшпелілік тек шаруашылықты жүргізудің түрі ғана емес, бұл тұрмыс-тіршіліктің де түрі. Тіршіліктің көзі мал болған халық оның өнімдерін пайдалануды да үйренеді. Етін, сүтін тамаққа, терісін, жүнін киімге, үй тұрмысына, тіпті сүйегі мен мүйізін де қажетіне жаратты. Көшпелі тұрмыс қалыптасуы барысында, алдымен, сүйретпелердің, одан соң арбаның шығуының да маңызы зор. Көшпелілер баспанасының алғашқы түрі арба үстіне орнатылған басқалқа, қос, күрке. Бара-бара көшпелілер көшіқонға ыңғайлы кереге, уық, шаңырақты киіз үйді ойлап тапты. Көшпелілердің ыдысы да көшуге ыңғайлы, сынбайтын, икемді материалдан — ағаш, теріден жасалды. Көшпелілікке өтуден бұрын мал шаруашылығы бірнеше өтпелі түрді: үй маңындағы малшылық, алысқа ұзамайтын бақташылық, жайлау бақташылығын басынан кешірді. Құдықтың шығуы да сол 2-мыңжылдықтың соңы, 1-мыңжылдықтың бас кезі. Көші-қон үшін дөңгелекті көліктің шығуының мөні зор. Дөңгелекті көлік суреттері қола дәуірінің тасқа салынған сурет-таңбаларында кездеседі. Алтайда зерттелген Бесінші Пазырық қорғанынан күймелі арба және жүк таситын үлкен арба табылған. Бұл — сақ дәуірінің көлігі. Сақ дәуіріндегі алғашқы арбалар бір дәртелі болған, кейінірек екі дәртелі арба пайда болады.
Көшпелілік басталған б.з.д. 1-мыңжылдықтан б.з. 1-мыңжылдығының ортасына дейінгі аралықта малшы тайпалар алдымен шөл далалардағы сусыз аймақтарды қыстық жайылым ретінде игерді. Содан соң көшудің меридиандық, жоғары-төмен, шеңберлік, ендік түрлерін игерді. Шеңберлік немесе айналмалы көшпелілік дегеніміз — белгілі бір шеңбермен, ортадағы су көзінен алыстамай, айнала көшіп-қонып отыру. Әдетте, бұл көшпелілік малды құдықтан немесе көлден суаратын малшы тайпалар тәжірибесінде болған. Ендік көшпелілік — батыстан шығысқа, одан соң шығыстан батысқа көшіп-жылжып отыратын көшпеліліктің түрі. Б.з.д. 1-мыңжылдықтың ортасына қарай көшпелі шаруашылық иен тұрмыстың жаңа жетістіктері пайда болды. Олар — темір үзеңгінің шығуы, ағаш ердің таралуы (бұрын тоқым сияқты жұмсақ ер болған), кереге, уық, шаңырағы бар киіз үйдің шығуы, т.б.