Көшпелілер тұрмысы Көшпелілер тұрмысы. Жинақы тұрғын үй құрылымы, соған сәйкесті үй мүліктері мен киім-кешек үлгілері, тіпті, еуропалықтар тұрмысына да дендеп енді. Еуразия жазығының шығыстан батысқа қарай көсілген ендігінде олар ру-тайпалық бірлестіктен бастап өзара конфедеративті қарым-қатынасқа негізделген көшпелі империялар құруға дейінгі саяси интеграцияның күрделі үрдістерін өткерді. Әсіресе, мыңдаған жылдарға созылған нәсілдік-генетикалық бірігулердің, геосаяси және әлеуметтік-мәдени байланыстардың мекені болған апайтөс кеңістіктің батысы мен шығысын тұтастырған Тұран жазығының тұрғындары — протоқазақтардың өте ерте кезеңдерден көшпелілікті отырықшылық тұрмысқа, мал бағуды егіншілікке үйлестіре жүргізгені, көне қытай жазбаларында айтылған. Тоталитарлық режим тұсында тарихшылар түркі жұртының даңқы, өрелі өткені туралы деректерді айналып өтуге тырысты. Ерте ғасырлардағы жетістіктерін айтпағанның өзінде, айқын деректі — адамзат тарихында елеулі рөл атқарып, өз кезеңінің батыстық, шығыстық авторларының жазбаларына арқау болған Түркі қағанатын елемей келді. Ал бұл мемлекеттің өз кезінде Византия, Иран, Қытай сияқты елдермен саяси және экономикалық қарым-қатынас жасап, Манчьжуриядан Керчень түбегіне, Енисейдің жоғарғы сағасынан Әмудария жағалауына дейінгі кеңістікте салтанат құрғаны белгілі. Көне тарихта, адамзат дамуының бастапқы кезеңдерінде осынша ауқымды масштабты иемденіп, билеп- төстеген бірде-бір отырықшы халық ұшырасқан емес. Көне түркілер дәуірлеген кезеңде көшпелі тұрмыс Орталық Азиядан Византия шекараларына жол тартқан ерекше мәдени-әлеуметтік көпір болды. Ғасырлар ағымында бірінің орнын бірі басып, үздіксіз алмасып отырған көшпелі империялар шектес елдер мен шендес құрлық халықтарының этникалық шығу тегіне, күрделі Далада алуан текті мәдени кешендеріне орасан ықпалын тигізді. Тұрақты дипломат және сауда-саттық қарым-қатынастарының желісі ретінде Ұлы жібек жолы әр текті, алуан бітімді мәдениеттер мен халықтардың арасын тұтастырып, тек материалдық айырбастың ғана емес, сондай-ақ, ілкі санадағы ізгілікті идеялардың, ілім-білімнің, ғылыми танымның, яғни мәдени құндылықтардың бастапқы негіздері алмасуының тиімді факторына айналды. Осындай ауқымды да тығыз байланыстар нәтижесінде Көк түркілердің өзіндік ерекшелігі бар "өркениеттік деңгейдің басты шарты" — төл сына жазуы қалыптасты. Алтай өңірінен, Шығыс Түркістан мен Жетісу жерінен, Хакас және Тува өңірлерінен табылған 200- ден аса ежелгі түркі жазуының ескерткіштері б.з. І-мыңжылдықтың соңы мен ІІ-мыңжылдықтың бас кезіндегі (V-VІ ғ-лардағы) түркілердің аса қуатты мәдени-тарихи даму үрдісіне дәлел болады. XX ғ-дың басына шейін өзіндік өрнегі мен этникалық бітімін жоғалтпаған осынау ерекше мәдени-тарихи тип «Дала өркениеті» екендігі, белгілі қазақ зерттеуші-ғалымдары М.Қозыбаевтың, Ә.Кекілбаевтың, Т.Ғабитовтың, А.Сейдімбековтің, М.Барманқұлов және т.б. еңбектерінде негізделген. Дала өркениеті шын мәнінде, уақыт пен кеңістік өрісінде географиялық-ландшафттық бөгесіндерге қамалып, томаға-тұйық күй кешкен реликтілік құбылыс емес, динамикалық, футуристік мән-мазмұны қанық жүйе ретінде ерекшеленді.