Қазақстандамал шаруашылығының қалыптасуы Қазақ жері — мал шаруашылығы қалыптасқан ең көне аймақтардың бірі. Жабайы жануарларды қолға үйрету. Жабайы жануарларды қолға үйрету неолит дәуірінен басталды. Ең алғаш қолға үйретілген үй жануарлары — қой мен ешкі болды. Қойдың арғы тегі — арқар (муфлон), ал ешкінікі — таутеке. Қой мен ешкі мөлшермен б.з.д. 8—7-мыңжылдықтарда қолға үйретілген деп есептеледі. Осы кезге жататын Жерорта теңізі маңайындағы тұрақтарда қой мен ешкінің сүйегі табылған. Сиыр тұқымының дәл қай жерден шыққаны әлі анықталмаған. Дегенмен де қолға үйретілген сиырдың да ең көне заманғы сүйегі б.з.д. 7-мыңжылдыққа жатады, ол Оңтүстік Анадолы жерінде (Түркия) табылған. Б.з.д. 6—5-мыңжылдықта Месопотамия жерінде мал шаруашылығы болғандығы бүгінде дәлелденген.
Жылқы алғаш қолға үйретілген аймақ деп Шығыс Еуропа мен Еділ бойы есептеледі. Жылқыны қолға үйрету мөлшермен б.з.д. 4-мыңжылдықта болған сияқты. Қазақстан жерінде ең көне мал сүйегі энеолит дәуірі ескерткіштерінде кездеседі. Бұл — Терісек, Сексеуілді, Орталық Қазақстандағы Қарағайлы (Қарағанды маңы) тұрақтары, Шығыс Қазақстандағы Усть-Нарым қонысы. Бұлардың мөлшерлі жасы б.з.д. 3-мыңжылдықтың орта шені. Бұл тұрақтардан қойдың, ешкінің, сиырдың, жылқының сүйектері табылған. Қазақстан жерінде қола дәуірінің кезінде-ақ үй маңындағы мал шаруашылығы қалыптасты. Б.з.д. 2-мыңжылдықтың орта кезіне жататын жерлеу орындарында, кейінірек қоныстарда қой, жылқы сүйектері көптеп кездеседі. Кейбір шөбі қалың, өзен-көлді аймақтарда орналасқан қоныстарда, мысалы, Шағалалы, Сарғары қоныстарында сиырдың сүйегі басым, ал Трушниково қонысында ұсақ мал мен мүйізді ірі қараның сүйегі табылған.
Бұдан 3 мың жыл бұрын Қазақстан жерінде құрғақшылық күшейді. Далалы, жартылай шөлейт, таулы аудандарда мал өсіру шаруашылықтың негізгі түріне айнала бастады. Алдымен жартылай көшпелілік, содан соң көшпелі мал шаруашылығы қалыптаса бастады.
Көшпелі шаруашылық түрлері. Археологиялық және этнографиялық материалдар Қазақстан жерінде ежелден бастап XX ғасырдың басына дейін мал шаруашылығының үш түрі қалыптасқанын көрсетеді. Көшпелі мал шаруашылығы Маңғыстау, Батыс, Орталық Қазақстан аймағында басым болған. Бұл аймақтарда қыстаусыз көшпелілермен қатар қыстауы бар көшпелілер де болған. XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы деректерге қарағанда, көшпелілік Маңғыстау, Темір уездеріндегі адайларда, Атбасар уезін жайлаған бағаналыларда, Қазалы, Ырғыз, Торғай, Қапал уездерін мекендеген кейбір руларда жақсы сақталған. Батыс, Орталық Қазақстанның кейбір жерлерінде тастан, балшықтан, ағаштан салынған қыстауы болмаса да, қыста ұзақ уақыт көшпей, бір жерді паналап отыратын көшпеліліктің түрі болған.
Б.з.д. 1-мыңжылдықтың орта шеніне жататын, бір жерде шоғырланған Қараоба, Тасмола, Сыпыраоба, Қарабие деп аталатын рулық қауымдық зираттар осындай ұзақ қыстап отыратын жерлерге салынған сияқты. Бұл тайпалардың негізгі түліктері қой, жылқы, түйе болған. Қазақстанның кейбір жерінде ерте заманнан-ақ жартылай көшпелі мал шаруашылығы да қалыптасқан. Жартылай көшпелі деп көктем, жаз, күз мезгілінде жайылымның ыңғайына қарай жылжып көшіп отырып, қыста дайын қора-жайы бар қыстауларда қыстайтын мал шаруашылығын айтады. Мал шаруашылығының бұл түрі сақ-үйсін заманында-ақ дала мен таулы аймақтарда қалыптаса бастады. Мұндай аудандарға Жетісудың, Шығыс Қазақстанның тау етектеріндегі аймақтар жатады. Бұл аймақты мекендеген халық малды жазда биік таулы жайлауда бағып, қыста тау етегінде, тау қойнауындағы қыстауларда қыстатып күн кешкен. Кейде олардың қыстаулары Алтай, Тарбағатай сияқты биік таулармен сілемдесіп жатқан аса биік емес, қары аз Қаратауда болатын. Жартылай көшпелілікпен айналысқан көшпелілер қыстау маңындағы ұсақ өзен, бұлақтардың жағасына егін салатын. Олардың негізгі дақылдары: тары, арпа, бидай. Жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан тайпаларда қой, жылқымен қатар сиыр малы да өсірілді.
Орта ғасырларда Ертіс бойы мен Жетісудағы отырықшы қоныстарда, кішігірім қалаларда суармалы егіншілік болған. Жартылай көшпелілерде егіншілік, отырықшылықтың белгілі бір нышаны болғанымен, негізгі шаруашылығы — мал бағу, ал тұрмысы көшпелілікке бейім болды. Отырықшы мал шаруашылығы Оңтүстік Қазақстандағы, Сыр, Шу, Талас, Арыс өзендері бойында, Қаратаудың оңтүстік беткейінде қалыптасып, таралды. Оларда мал шаруашылығымен қатар суармалы егіс, жауын суымен шығатын егіншілік жақсы дамыды. Соғды мен Ферғананың отырықшы мәдениетіне бұл елдердің көршілес жатуы оларда ертеде-ақ отырықшы мәдениеттің пайда болуына әсерін тигізді. Сақ заманының өзінде Оңтүстікте Шырық-Рабат, Бәбіш-Молда, Баланды сияқты бекіністі қалашықтар қалыптасты.
Отырықшы мал шаруашылығының қалыптасуы, әсіресе б.з.д. 1-мыңжылдықтың бас кезіне дәл келеді, осы кезде бұрынғы көшпелі, жартылай көшпелі мал бағушы қауымдастық біртіндеп отырықшылыққа көшуге айналды. Осы кезден бастап, бұдан кейінгі ерте орта ғасырлар дәуірінде бұл аймақтарда үлкен отырықшы қоныстар мен қалалар қалыптаса бастады. Дегенмен осы қоныстар мен қалалардың сыртында, маңайында жартылай көшпелі, отырықшы малшы қауымдар аз болған жоқ.
Орта ғасырларда Оңтүстік Қазақстанда қала мәдениеті жақсы дамып, халықтың көпшілігі отырықшылыққа айналды. Бұл жағдай Жетісудың да біраз аумағына таралды. Моңғол шапқыншылығынан кейін Оңтүстік Қазақстанда қола мәдениеті, отырықшы егіншілер экономикасы күйреген кезде, бұл өңірде де жартылай көшпелі мал шаруашылығы қайтадан жаңа қарқынмен дамыды. XVII—XVIII ғасырлардағы шығыста жоңғарлармен, батыста қалмақтармен соғыс қазақ халқының шаруашылығына өз әсерін тигізді. Көші-қон жолдары, бағыттары өзгерді, жайылым бірде тарылып, бірде кеңіді, мал басы азайды. Жоғарыда келтірілген екі мысал этносаяси жағдайлар халықтың шаруашылық құрылымының, бағытының өзгеруіне әкелетіндігін көрсетеді.
Көшпелілердің өсірген түліктері. Қола дәуірінің ортаңғы, соңғы кездерінде Қазақстан жерін мекендеген тайпалар шаруашылығында қой түлігі сан жағынан басым болды. Сақ дәуірінде жерімізде осы күнгі құйрықты қазақы қой сияқты қой тұқымы тараған екен. Ерте темір дәуірі заманында кәдімгі қойлармен қатар биязы жүнді қой, ешкі де өсірілген екен. Алтайдан, Жетісудан табылған ерте темір дәуіріне жататын киіздер осындай биязы жүннен басылған. Ерте заманнан-ақ көшпелілерде қойдан кейінгі саны жағынан екінші түлік — жылқы. Жылқы мөлшермен б. з. д. 2-мыңжылдықтан бастап мінуге, жүк артуға, жегуге үйретілген. Арпаөзен, Қойбағар, Берікбай, Хантаудағы тасқа салынған суреттерде жеңіл күймелерге, ауыр арбаларға жегілген аттар бейнеленген. Сақ дәуірінде Қазақстан жерінде басы үлкен, аяғы қысқалау, тұрқы ұзын, түгі қалың жылқы тұқымы кең таралған. Бұл жылқылар тебіндеп жайылуға үйренген қазақтың қазіргі жабы жылқысы тұқымына жақын. Сонымен қатар сол заманның ақсүйектері, қолбасшы батырлары жерленген үлкен қорымдардан (Пазырық, Берел) тұрқы биік аттардың да сүйегі табылған. Сақ дәуірінде жабы сияқты төзімді, жекпе-жекке, үлкен ұрыстарға мінетін қазанаттармен қатар осы екі тұқымның араласуынан шыққан тұрқы орташа жылқы тұқымдары да болған. Олардың сүйектері Шығыс Қазақстан жеріндегі Кіші Красноярка қонысынан, Орталық Қазақстандағы Тасмола зиратынан табылған. Бұл деректер сақтардың жылқының әр түрлі тұқымдарын өздері сұрыптап шығара алғандығының белгісі. Сақ дәуірінде қалыптаса бастаған осы жылқылардың тұқымы ғұн, сармат, үйсін дәуірінде, одан соң көне түркілер заманында кең таралып, өз жалғасын тапты. Ұзақ жорықтарға төзімді, аса күй талғамайтын осындай жылқыларды қыпшақтар да өсірген. Қыпшақ жерін аралаған ибн Баттута деген араб саяхатшысының пікірінше, Үнді жерінде жорыққа мінуге арналған қыпшақ жылқыларына сұраныс өте күшті болған.
Қазақстан жерінде қола дәуірінен бері ірі қара мал өсірілген. Қола, ерте темір дәуірі ескерткіштерінен табылған сиыр сүйектері де ірі, орташа, ұсақ сиыр тұқымдарының болғандығын көрсетеді. Көшпелілер малының құрамында ірі қара аз болды. Қола дәуіріне қарағанда көшпелілік пайда болған ерте темір дәуірінде сиыр малы азайды. Тек қана үлкен өзен-көлдердің (Сыр, Ертіс, Жетісу аймақтары) маңын мекендеген жартылай көшпелі тайпалар сиыр өсірген.
Ортағасырлық моңғол көшпелілерінде қысы-жазы өз аяғымен жайылуға бейімделген, жүні қалыңдау сиыр тұқымы өсірілген. Далалы, шөлейтті аймақтарды мекендеген көшпелілерде сиырдың осындай тұқымы кеңірек таралған болуы керек.
Қазақтың ежелден қолға үйреткен төрт түлігінің бірі — түйе. Қазақстан, Орталық Азия жері қосөркешті түйенің қолға үйретілген аймағы болып есептеледі. Түйені қолға үйрету Арал, Маңғыстау өңірінде мөлшермен бұдан үш жарым мың жыл бұрын, яғни б.з.д. 2-мыңжылдықтың ортасында іске асқан. Үй түйесі Қазақстанның көптеген аймақтарында жабайы түйе — қаптағайды қолға үйретуден пайда болған.
Туыстық қатынастар. Көшпелі қоғамдағы саяси, әлеуметтік, экономикалық қатынастар туыстық жүйеге негізделді. Қазақ қауымындағы қоғамдық-әлеуметтік қатынастар көп жағдайда туыстық қатынастармен астасып жатыр. "Туыстық жүйені ылғи да қандас туыстық" деп түсінуге болмайды. Көшпелілерде шынайы қандас, ортақ ататектен тараған жүйе бар да, жалпы генеалогиялық туыстық жүйе бар.
Дәстүрлі қазақ қоғамында ел, жүз, тайпа, ру, ағайын, жақын ағайын, туыс, жақын туыс, ата баласы, бір әке баласы деген туыстық атаулар бар. "Ел" деген ұғымға бүкіл қазақ халқы кіреді. Қазақтардың өз түсінігі бойынша, жүздер қандас туысқандыққа негізделген бірлестіктер. Үш жүздің арғы атасының аты — Қазақ, одан Ақарыс (Ұлы жүз), Жанарыс (Орта жүз), Бекарыс (Кіші жүз) деген үш ұл тарайды. Сол үш ұлдан үш жүзді таратады. Шежірелік бұл аңызды тарихи шындық деп қарауға болмайды. Бұл көшпелі қоғамның рулық идеологиясы туғызған аңыз. Көшпелі қоғам туыстық қағида бойынша бірігеді. Кейін отырықшы халықтарда ең жақын туыстық қағида ғана сақталып, қалған бірлестіктер аумақтық жақындық, яғни көршілік қағидаға негізделетін болған. Қазақ халқының құрамына кіретін үш жүздің баласының алыс этногенетикалық туысқандығы бар екендігін жоққа шығаруға болмайды.
Тайпа. Қазақтың әр жүзінің өзі үлкен тайпалардан тұрады. Бұл жерде бір нәрсені ескерте кеткен жөн. Қазақтар тайпа деген атауды көп қолданбайды. Оның себебі бұл сөздің бізге арабтардан келгендігінен болса керек. Бірақ ғылыми әдебиетте "ру" деген сөзді орыстың "род", ал "тайпа" деген ұғымды "племя" деген сөзбен атау қалыптасқандықтан, біз рудан үлкен, бірнеше рудың бірлестігі болып табылатын этностық құрылымды тайпа деп атап жүрміз. Әйтпесе "тайпа" ұғымы кей өңірлерде ру ұғымынан тар шеңберлі ұғым болып есептеледі. Сонымен, тайпа дегеніміз—жүздерді құрайтын үлкен ру бірлестіктері деп түсінгеніміз жөн.
Қазақ қоғамындағы көпшілік тайпалардың атауы өте әріден белгілі. Мысалы, үйсіндер мен қаңлылар тарихи деректерде бұдан 2300 жыл бұрын аталса, найман, керей, жалайыр, қыпшақ, т.б. тайпалар тарих бетіне кейіннен, бұдан 1200 жыл бұрын шыққандығы белгілі. Аталған қазақ тайпаларының біразы басқа туыстас халықтардың да құрамында кездеседі. Мысалы, қыпшақтар, қоңыраттар, наймандар, қаңлылар туысқан өзбек, башқұрт, ноғай, татар, мажар (венгр), т.б. халықтардың құрамында бар. Бұл қазақ тайпаларының көпшілігі әріден келе жатқан этностық бірлестіктер екендігін және бұл тайпалар қандас туыстар бірлігінен гөрі этностық, этносаяси бірлестік екендігінің куәсі
Ру. Біздің пайымдауымызша, шын қандас туыстық жүйе көбінесе 7 атадан басталып, 15—20 атаға дейін барады. Әдетте, мұндай туыстық жүйе ру деп аталады. Рудың ішіндегі жақын туыстар деп 7 атаға дейінгілер есептеледі. Жақын туыстар өзара қыз алыспайды. Балаға кішкентайынан жеті атасының кім екенін жаттатып өсірген. Бір атаның балалары жақындығы жағынан 7 атадан асқаннан кейін ғана өзара құдандалық қатынасқа түсуіне рұқсат етіледі. Оны ел ақсақалдары арнайы рәсімдейді. XVII—XIX ғасырларда кейбір рулар туыстығымыз, берекеміз бұзылмасын деп, 13—15 атаға дейін өзара қыз алыспаған. Жақын туыстар арасында қыз алыспау тәртібін рулық экзогамия дейді.
Әріден келе жатқан үлкен руларда қандас туыстықпен қатар жай генеалогиялық (шежірелік) туыстық қалыптасқан. Рулардың өсіп-өну үдерісінде олар әр түрлі тарихи себептермен (соғыс, жер ауып көшу) өзара араласып сіңісіп отырған. Рудың өзінің көшіп-қонатын аумағы, рулық таңбасы, ортақ ұраны болған. Ұран ретінде сол рудың белгілі бір атақты адамының аты қабылданатын. Қазақ жөн сұрасқанда: "Қай рудансың?", "Қай елсің?" — деп сұраған. Мысалы, басқа тайпа арасына барғанда, алдымен қай жүзден, қай рудан, сол рудың ішіндегі қай тармақтан екенін, содан соң қай атадан тарайтынын айтқан. Мысалы: "Ұлы жүзбін, оның ішінде дулатпын, дулаттың ішінде жаныспын, оның ішінде жантумын, одан өтеміспін", — деп, бергі атасына дейін атап береді.
Қазақ ру-тайпалары өзара қатты араласқан. Бұл араласу, бір жағынан, бір-бірімен некелік қатынастар арқылы болса, екінші жағынан, ел басына күн туған соғыс, жұт, әр түрлі жұқпалы аурулардан қоныс аударудан болған. Сонымен қатар ру-тайпалардың араласуына тайпалар, рулардың бір саяси-этностық одақтар құруы әсер етіп отырған. Қазақтың "Қарға тамырлы қазақпыз" деген нақылы олардың бір-бірімен туыстас екендігін көрсетеді. Қазақ қоғамының жүзге, руға бөлінушілігінің кейде келеңсіз, жағымсыз жақтары да бар. Өзінің шыққан тегін, аталарының шежіре тарихын әркім білуі керек. Онсыз адам тексіз, өнегесіз болып өседі. Бірақ өз шыққан тегін біле тұра, бүгінде сол ру-тайпалардан сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ деген біртұтас халықтың ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек.