ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің білім бөлімі
Қызыл ту орта мектебі КММ
Тақырыбы: «Күш атасы-Қажымұқан»
Секция: тарих
Бағыты: ҚР-ның дамуы бар саяхат
маршруттары
Жобаның авторы: 4 сынып оқушысы
Әмірбек Назым Жанайдарқызы
Жетекшісі: Конкашова Фарида
ӘБЖАПАР АУЫЛЫ
Әмірбек Назым Жанайдарқызы
Туған жылы..............................................................19.04.2007 жыл
Оқитын сыныбы......................................................3 сынып
Сыныптағы атқаратын міндеті.............................Оқу секторы
Сүйіп оқитын пәні......................................Әдебиеттік оқу,дүниетану,қазақ тілі
Өнері....................................................Мәнерлеп өлең оқу,ән айту,би
МАЗМҰНЫ
Кіріспе
І.Негізгі бөлімі
1.1Қажымұқанның туған жері, шыққан тегі, жанұясы, ата жолын жалғастырған ұрпақтары
1. 2.Қажымұқан- қазақ атын әлемге паш еткен орасан күш иесі
1.3.Әлемді бағындырған палуанның жетістіктері
1.4.Қажымұқан туралы қалам тербеген алаштың ақын – жазушылары
1.5.Қазіргі қазақша күрес, Қазақстанның туын көкке көтерген Қажымұқанның ізбасарлары
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
А н н о т а ц и я
Зерттеуге алған тақырыбы: «Күш атасы-Қажымұқан»
Тақырыпты таңдаудағы мақсатым:
Мен әдебиеттік оқу пәнін сүйіп оқимын.2-3 сыныпта Қажымұқан Мұңайтпасов туралы әңгімелерді оқығанда ұстаздан Ұлы Отан соғысы кезінде өз ақшасына ұшақ жасатқаны,қазақ халқының атақты балуаны,күш атасы болғандығы туралы мағлұмат алдым. Осыдан кейін мені мынадай сұрақтар мазалады: Қажымұқан ата қандай адам? Қайда дүниеге келген? Ата-анасы кім болған? Кімдермен күрескен? Балалары кім? Оның күрес өнеріндегі ізбасарлары бар ма? Қазіргі заманның«Күш атасы»кімдер? Сондықтан «Күш атасы -Қажымұқан» тақырыбын осы сұрақтардың жауабын табу мақсатында таңдадым.
Менің жобамның басты мақсаты:
Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы жан-жақты деректермен танысу,білу.
Міндеттері:
Қажымұқанның өмірімен танысу;
Қажымұқанның кімдермен күрескенін білу;
Қажымұқанның жетістіктерін білу;
Қажымұқан туралы кімдердің не жазғанын,ол туралы түсірілген фильмдерді білу;
Қажымұқанныңізбасарларын білу.
Зерттеу нысаны: «Күш атасы-Қажымұқан»
Қосымша зерттеу заты: Күрес өнері
Зерттеудің өзектілігі:
Қазіргі техниканың даму заманында телефонға үңіліп уақыттарын бос өткізетін жастарға Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолын өнеге ету,күрес өнеріне қызығушылығын ояту.
Зерттеудің болжамы:
Егер мен Қажымұқан жайлы көбірек оқып білсем, оның неге «Күш атасы»атанғандығы туралы ақиқатты білер едім.
Зерттеу әдістері:
-ғылыми әдебиеттердегі мәліметтермен танысу
-Қажымұқан туралы мақалалармен танысу, талдау.
-дәйектермен, дәлелдермен салыстыра баяндау әдісі.
-жинақталған ақпараттарды талдау,қорыту
КІРІСПЕ
Қара күшті әлі ешкім жоқ сенше биік шырқаған,
Өнерге де өзгелерден жақын едің ғой бір табан,
Рух қашып бара жатыр өзің өскен қырқадан...
Бүгін мені қайта көтер жарты ғасыр өткен соң,
Қанатсызды мойындамас мінезіңмен бұрқаған.
Сол бір салтың тірі тұрса ,тұрар әркез ұлт аман,
Қазақтың бас бұлшық еті, құлагер төс, піл табан...
Мұхтар Шаханов
Қажымұқан Мұңайтпасов – қазақ халқының мақтанышы, аты аңызға айналған, дүние жүзілік спорт аренасына шығып,шетелдегі жарыстарда атақ даңққа ие болған тұңғыш қазақ.Ол Парижде, Лондонда, Варшавада, Берлинде, Будапештте, әлемнің басқа да көптеген қалаларында күресті.Америкада болды.Таяу және Орта Шығыс елдерін аралады.Қажымұқанға дейін бірде –бір қазақ спортшысы мұндай тамаша табыстарға жетіп көрген емес.Сонымен бірге алғаш көшпелі цирк ұйымдастырған.Ел аралап күш өнерін көрсетіп, одан түскен қаржыны мектеп, аурухана салуға тапсырып отырған. Туған жерінде күрестен чемпионаттар өткізіп, Бішкек, Ташкент, Ашхабат, Самарқанд, Орынбор қалаларында кілем үстіне шығып, жұртшылық құрметіне бөлінеді.
Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін 1927 жылы арнайы Қажымұқанға «Қазақ даласының Батыры» деген құрметті атақ беріледі.
Патриот атамыз Қажымұқан ел басына күн туған Ұлы Отан соғысының отты жылдарында жасының егде тартып қалғанына қарамастан тағы бір ерлік жасайды. Ол белін бекем буып, екі жылға жуық жүріп, ел аралап цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша табады. Осы қаржыға ұшақ жасатып, майданға жіберген. Бұл ұшаққа халқымыздың ардагер ұлы, азамат соғысының батыры Амангелді Имановтың есімі жазылды. Бұл ұшақ қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаевқа табыс етіледі. Ол Қажымұқан сыйға тартқан ұшақпен 120-дан астам жауынгерлік тапсырма орындайды. 1945 жылы бұл ұшақ Мәскеуде өткен жеңіс парадына да қатысқан. Сөйтіп Ұлы Жеңіске өз үлесін тигізді.
Әйгілі адамдар жайлы ел ішінде айтылып жүрген аңыз-әңгімелер көп. Олардың бірі шындыққа жақын, екішісі аңыз іспетті көрінуі де мүмкін. Бірақ қалай дегенмен де ол әңгімелердің де атақты перзенттеріне деген сүйіспеншілігінде шек болмайды. Сондай ел құрметіне бөленген ерлеріміздің бірі – Қажымұқан палуан халқына адал қызмет етті. Оның үлкен жүрегі елім деп соқты. Ал Отаны мен халқы қасиетті ұлын қастерлей біледі, ұмытпайды.
1.1Қажымұқанның туған жері, шыққан тегі, жанұясы, ата жолын жалғастырған ұрпақтары
Тарихи деректерге сүйенсек ол 1871 жылғы 7 сәуірде (кейбір зерттеулерде, оның 1883 жылы туғандығы айтылады) Ақмола уезі, Сарытерек болысына қарасты Жәдік деген жерде дүниеге келген. Бұл жер Астана қаласынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Астрахань тас жолының бойындағы бұған дейін Буденный атанып келген, қазіргі Қажымұқан ауылы. Оның маңында Сарытерек, Тасмола, Жәмәли, Баламар, Жайнақ ауылдары бар. Қажымұқан ауылының бұрынғы атаулары: Қоскөл, Қоспа, Қосқопа кейіннен Құрама атанды. Құраманың өзінде 7 шағын ауыл болған. Сол ауылдың бірі Жәдік ауылында дүниеге келген. Қажымұқан кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс байларына және дәулетті адамдарға жалданған. Сөйте жүріп, күреске түсіп, той томалақтарда елге көрініп, бала балуан деген атқа ие болған.
Қажымұқан өзінің бір отырысында әндетіп айтқан:
-Сұрасаң арғы атам ұзын қыпшақ,
Тәңірім беріп еді өлшеусіз бақ.
Шын бабам қарақыпшақ Қобыланды,
Тең келер ондай ерге қандай қазақ. («Күш атасы», 157 бет)
Осы қысқаша берілген шумақта өзінің арғы заты, ата-бабалары қазақ тарихында болған белгілі тұлғалар екені менмұндалап тұр. Оған талас жоқ. Қажымұқанның арғы тегінен сөз қозғайтын болсақ, жоғарыда өлеңде айтылғандай руы – қыпшақ, оның ішінде – алтыбас. Шежіре бойынша тарқатар болсақ: Тоқтарбай, одан Қобыланды, Қобыландыдан Терлікбай, Терлікбайдан Ойбас, Ойбастан Ұзын, Ұзыннан Алтыбас, Алтыбастан Қарыс, Қарыстан Санай, Санайдан Шәді, Шәдіден Ернақ, Ернақтан Мұңайтпас, Мұңайтпастан Мұқан (Қажымұқан). Мұңайтпастың Асан, Үсен атты екі ұлы ерте қайтыс болыпты. Қажымұқаннның ата-бабалары шетінен батыр болған. Төртінші атасы – Шәді Абылайханның тұсында өмір сүрген үлкен батыр, асқан найзагер екен.
Енді Қажымұқанның өз кіндігінен тараған ұрпақтарына тоқталайық. Оның өмір соқпақтары өзгелерге ұқсамайтын дара жолдар. Сондықтан оның жанұялық жағдайы тұрақты болмады, бірнеше рет үйленген. Көнекөз қарттардың айтуы бойынша Мұқан жас кезінде Бәтима атты аруға ғашық болған. Бірақ екеуі қосылмапты. Палуан екінші рет Қадиша есімді қыр қызын ұнатады. Қадишаны Балуан Шолақ Мұқанға айттырады. Бірақ сұм тағдыр Қадишаны көп ұзамай бұл фәниден алып кетеді.
Қадишаның қазасынан кейін Қажымұқан сырт елде жүріп, 1909 жылы Рига қаласында Надежда есімді цирк әртісімен танысады, сөйтіп екеуі үйленеді. Үйлену тойлары Омбы қаласында өтеді. Жергілікті мешітте некелері қиылады. Надежда мұсылман дінін қабылдап, Бәтима деген жаңа есім алады. Надежда – Бәтимадан Қалиолла, Абдолла есімді екі ұл сүйеді. Қалиолладан – Шәбден,
Құлымбет есімді екі ұл, Рәзия атты қыз бар. Бұл ұрпақтар Омбы өңірінде тұрады. Надежда – Бәтима 1966 жылы дүниеден өтті.
Бәтимадан соң Қажымұқан Омбы жақта Ырысты деген әйелге үйленеді. Ырыстыдан үш ұл, үш қыз сүйеді. Бұл балалар Қалиолланың қолында өседі. Ырысты 1938 жылы қайтыс болады. Бұдан кейін Бибіхауа атты жесір әйелге үйленеді. Одан бала сүймеген.
Кеңес үкіметі үстемдік жүргізіп тұрған кезде Қажымұқан жайлы көп құпиялар айтылмады. Оның қажы атануы, Алаш партиясы мен болған тығыз байланысы, 1937 жылдардағы зобалаң кезінде Омбыдан Шымкент өңіріне қашып келгені де жазылмайды. Шымкентке көшіп келген соң Мінәйім есімді әйелге тағы үйленеді. Оның балаларын өз баласындай жақсы көреді.Ал 1940 жылы Айдархан атты ұлы дүниеге келеді.
Айдарханнан туған Шаттық – ата жолын жалғастырып жүрген ұрпақтарының бірі. Ол 25 жасында каратэ-до спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2002 жылы Пуссанда (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойындарында кұміс жүлдегер атанды.
Бабамыздың соңғы қосылған жары Бибігүл. Бибігүлден Жанәбіл есімді ұл туады. Жанәбіл қарапайым мінезді, ер тұлғалы жігіт. Денесі де әкесіне ұқсайды. Бірақ ол ата жолын қуған жоқ. Жанәбілдің Жанар деген қызынан туған Еркежан қазақша күреспен айналысады. Оқушылар арасында облыс чемпионы. Түйіндей айтар болсақ, бүгінде палуан бабамыздың кіндік қаны тамған қасиетті атамекенінде ұрпақтары жетерлік.
Қалмақан Әбдіқадыров «Қажымұқан» атты деректі повесінде палуанның соңғы сөзіндей пікірі бар: «Арқада Есіл жағасында туып өстім. Сырда, Арыс жағасында дүниеден өтермін. Жөргеккет ораған мен кебінге ораган дердің арасы алыс болды, өкінбеймін. Қазақ жерінің алыстығы жоқ» деген екен
Егер ол өз заманында тәуелсіз елдің азаматы болса, оның Мұқан Мұңайтпасұлы деген шын есімі әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылар еді. Өмірінің 55 жылын күрес пен цирк өнеріне арнап, 50 шақты медальдің иесі болып, жеңіс тұғырынан түспеген дара тұлға — қазақтың нағыз хас батыры. Ол 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Ленин туы колхозында қайтыс болды. Темірлан деген ауылда, қабырының басына ескерткіш орнатылған.
1.2.Қажымұқан қазақ атын әлемге паш еткен орасан күш иесі
Қажымұқан балуанның 75 жасындағы дене құрылысының өлшемдері
(Профессор Ә.Қоңыратбаевтың дерегі бойынша)
1. Салмағы–174 кг.
2. Бойы–195 см.
3. Кеудесінің аумағы–146 см.
4. Балтырының аумағы–49 см.
5. Мойнының жуандығы–56 см.
6. Бас аумағы–65 см.
7. Ортаңғы саусағының ұзындығы–14 см.
8. Ортаңғы саусағының жуандығы – 10 см.
9. Үстіңгі және астыңғы еріндері – 12 см.
10. Аяқкиімі–54 размер.
Оның көрсеткен нөмірлері:
күйдірген 4 кірпішті төбесіне қойып, 15 килограмдық балғамен ұрып сындыртады.
Ауырлығы 2-3 центнер келетін кесек тасты шалқасынан жатып кеудесіне қойдырады да,20 килограмдык балғамен ұрғызады.
Қалыңдығы 2 сантиметр арбаның жалпақ шен темірін білегіне білезік етіп орайды.
Жуандығы таяқтай жұмыр темірді беліне белбеу етіп байлайды.
Арбаға белдік жасайтын жуандығы сырғауылдай, ұзындығы 7-8 метр темірді иығына қойып, екі жағына он-оннан адам асылтады да, жуан белдікті доғадай иеді.
Төрт доңғалақты арбаға 25 адам отырғызып, жетегіне жуан қайыс тағады да, тісімен сүйрейді.
Екі атан түйені ортаға әкеліп, постромка қайысты екі білегіне іледі де, қолын айқастырып алып, қамшымен шықпырта екі түйені екі жаққа тартқызады.
«Ғажап көпір» нөмірі кім-кімді де таңғалдырмай қоймайды. Қалың тақтайдың астында жатып үстінен автомашина жүргізіеді.
Есейе келе Ақмола саудагері Козулин Степанға жалданады. Бір күні қожайын пар ат жегіп береді де, Мұқанды Есіл өзенінің арғы жағындағы қасапханада сойылған қой етін алып келуге жұмсайды. Жиырма қойдың етін шанаға тиеп, аяқ асты көрінбейтін түтеп тұрған боранда қалаға қайтады. Қалың қардан аттар шананы жылжыта алмайды. Мұқан аттарды арбадан босатып, қамшымен шықпыртып қоя береді де, жарты тонна ет тиеген шананы жаяу сүйретіп келеді. Мұны көрген қожайын қатты таңырқайды.
Бірде Қызылжардағы жәрмеңкеде алыпсатарлар құрық тимеген шу асауларды ұстай алмай жатады. Сонда Мұқан бұлардың қасына келеді де: «Атыңды маған бер, қазір ұстап берейін» депті. Сөйтіп ол қолына құрық алмастан атқа міне сала асауды бастырмалата қуып жетіп, құйрығынан алыпты да,шалқая тартып қоя беріпті. Ат омақасы атып құлағанда Мұқан қарғып түсіп, бір қолымен асаудың жалынан, екінші қолымен құлағынан басып, тыпыр еткізбей тұрыпты.
Татарлардың «Сабан тойы» болып жатқанда кесек денелі еңгезердей біреу жиналған жұрт ортасында малдас құрып отырады.Онымен ешкім күресуге жүрексінбейді.Сонда Мұқан «Сенімен мен күресемін»-деп ортаға шығады. Екі шекесі торсықтай , зор денелі Мұқан палуанның қасына келеді. Олар бірден ұстаса кетеді. Алғашқыда татар палуаны бейтаныс қара торы жігітті өзіне қарай тартып үйіруге тырысады. Бірақ қарсыласы оған иіле қоймайды. Палуан оның бетіне бір қарап қойып, қимылға кіріседі. Билеп әкету қиынға соғады.Олай дөңгелетіп, былай дөңгелетіп болмаға соң, жата
тастауға әрекет жасайды. Осы кезде Мұқан алпамсадай зор денелі палуанды іштен шалып, топ еткізеді. Осы палуан оған күрес аренасына шығу керектігін,өзінің оған көмектесуге даяр екендігін айтады. Ақыры Мұқан соның көмегімен Петербургтағы французша күрестің курсына келіп түседі. Күрес әдісін үйрене жүріп, спортпен шұғылданады. Бір жылдан соң цирк аренасына шығуға жолдама алады.
Қажымұқан кеудесіне бөрене ұстап, оған қырық адам отырғызып, 200 пұт салмақты көтеріп тұрады.
Қажымұқан үстінен тек машина ғана емес, сонымен бірге адамы бар 6 күймені де өткізген.
Осыдан кейін Россияның ірі қалаларын,Балтық жағалауындағы елдерді екі-үш жыл бойы аралап, Киев қаласында болған жойқын күресте жер жүзінен жиналған күшті палуандарды шетінен жығып, французша күрестің бүкіл дүние жүзілік чемпионы деген атақ алады. Осыдан кейін Мұқан шетелдерге шығып, талай рет жүлделі бәйгелер алып жүреді.Сөйтіп ғаламат күші арқылы дүние жүзіне қазақ халқының және Россияның даңқын шығарады.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Қажымұқан ҚКСР Жоғарғы кеңестің төрағасы Қазақбаевқа жолығып, оған «Ел аралап, цирк өнерін көрсетсем, сол арқылы ақша тауып, майданға көмектессем» — деген ұсыныс айтады. Бұл ұсынысты үкімет қолдап, екі жылға жуық жүріп цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша табады.
Егер ол өз заманында тәуелсіз елдің азаматы болса, оның Мұқан Мұңайтпасұлы деген шын есімі әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылар еді. Өмірінің 55 жылын күрес пен цирк өнеріне арнап, 50 шақты медальдің иесі болып, жеңіс тұғырынан түспеген дара тұлға — қазақтың нағыз хас батыры.
1.3.Әлемді бағындырған палуанның жетістіктері
Қажымұқанның тұңғыш рет әлемдік деңгейде көрінген шағы — 1906 жыл. Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста ол әлем чемпионы атанады. Бірақ орыс әкімшілігіне бұратана халықтың атын шығарған палуан онша ұнай қоймайды. Сол үшін де Қажымұқан орыс палуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Қажымұқанға неше түрлі лақап аттар беріледі. Сол кездегі саясат бойынша, бізде тек орыстар ғана емес, жапондықтар да күреседі деген жарнамалар жасалып, Қажымұқанды «Ямагата Мухунури» деген лақап атпен күрестіреді. Сонымен қатар, Мухан, «Иван Чёрный» сияқты лақап есімдері болған.
1909 жылғы халықаралық палуандар жарысына ол «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан. Сөйтіп бүкіл дүние жүзіне Мұқанның неше түрлі лақап аттары тарай бастайды.
1910 жылы Мұқан тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығына табан тірейді. Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен еркін күрестен болған біріншілікте ол Америка чемпионы атанады.
1911 жылы Мұқан Мұңайтпасов Ыстамбұлға барады. Сол кезеңде әлемде түрік палуандарынан мықты палуандар жоқ сияқты көрінетіндігі соншалық , ол жаққа орыс палуандары аяқ баспайтын-ды. Осы ретте намысқой Қажымұқан өзі түркі халқының өкілі ретінде Түркияға баруға бел буады.
Ең алғашқы лақап аты "Муханура", Лебедев мырзада дәріс алып күрес өнерін дамытқан еркін күрестен әлемнің бірнеше дүркін жеңінпазы француз күресінен өзімен бірдей дәрежеде күресетіндер еркін күрестен бәрі бастарын идірген.
Ең алғаш рет ірі табысқа Қажымұқан Харбин қаласында өткізілген Халықаралық турнирде қол жеткізеді. Мұнда ол бірінші орынға ие болып, өңіріне алтын медаль тақты. Кейбір деректерде бұл турнир 1905 жылы өтті делінеді. Белгілі басты оқиға — Қажымұқан «Жиу-Житсу» бойынша күресіп, турнирде бірде-бір рет жеңілмегені, үлкен алтын медаль жеңіп алғаны. Харбин сапары Қажымұқанның даңқын аспанға көтереді. Енді оны «Маньчжурия» чемпионы деп атап кетеді, әрі «Мухинура» деген лақап ат беріледі. Қажымұқанның мұнан басқа да бірнеше лақап аттары болған. Солардың ішінде Октябрь революциясына дейін осы «Мухинура» деген лақап аты сақталып келді. Революцияға дейін ол қатысқан чемпионаттарды ұйымдастырушылар, сол замандағы жағымпаз баспасөз өкілдері, біресе «жапон» деп, біресе «маньчжур» деп, мүмкіндігінше «қазақ» екенін айтпауға тырысты. Мәселен, 1909 жылы Қажымұқан атақты эстон балуаны, әлем чемпионы Георг Лурихтың тобында күресіп жүреді. Лурих өз тобының жетекші балуандары жөнінде айта келіп, Қажымұқан туралы: «Шығыс ұлы жапон „Мухинура“ ол сирек кездесетін мықты балуан, күресте қайтпайтын бірбеттігі, далаға тән қайсарлығымен және
ызақорлығымен ерекшеленеді» — деп жазған. 1910 жылы Америкаға, Еуропаға орыс балуандарының үлкен бір тобы аттанады. Сөз арасында айта кететін бір жайт, — бұл сапарда Қажымұқанға еріп, әйелі Надежда Николаевна Чепковская да бармақ болған. Бірақ аяғы ауыр болуына байланысты Португалия порты Лиссабонда кемеге көтерілуіне рұқсат етілмейді. Жергілікті тәртіп бойынша, екіқабат әйелдерді мұхит кемелеріне мінгізбейді екен. Қажымұқанның өзі Бәтима деп атап кеткен Чепковская цирк актрисасы болған, әрі ерінің кәсіби күрестегі талай тамаша жеңістерін өз көзімен көрген. Осы сапарда Америкаға барған балуандар бірнеше шағын топтарға бөлініп, әр жерде күреседі. Оңтүстік Американың ірі-ірі қалаларында күш сынасады. Олардың әсіресе Аргентина астанасы Буэнос-Айреске барған сапары сәтті болады. Қажымұқан бұл сапардан үлкен алтын медальмен оралады. Бірақ Қажымұқанның Америкада күрестің қай түрінен өнер көрсеткенін анықтаудың әзірше сәті түскен жоқ. Оның Американың еркін күрес түрі бойынша сайысқа түсу әбден ықтимал деген пікір бар. Себебі олай деуге негіз бар. Қажымұқан өзін әрқашан да еркін күрестен мықты сезінген де, французша күрестің техникасына шорқақтау болыпты. Қажымұқан Оңтүстік Америкадан 1910 жылдың аяғына таман оралған сияқты. Олай дейтін себебіміз: ол 1910 жылдың желтоқсанында, 1911 жылдың қаңтарында Мәскеуде өткен Халықаралық чемпионатқа қатысады. Бұл жолы Қажымұқан Разумовтың, Шнейдердің, Иогансанның, Винтердің, Апполинның жауырындарын қысқа уақытта кілемге тигізген. Осы чемпионатта сол заманда аты дүрілдеп тұрған Циклоппен ұзақ алысады. Айқас 20 минутқа созылып, тең аяқталған. Чемпионаттың жетінші күні Қажымұқан Әлем чемпионы Лурихпен кездеседі. 20 минутқа созылған бұл қиын белдесу еш нәтиже бермей, тең аяқталады. Ертеңіне Лурих қазақ балуанын тағы да кілемге шақырады. Белгіленген уақытта Лурих тағы да жеңіске жете алмайды. Әккі Лурих қулыққа көшеді, ақыры ақшаға сатылған төрешілер Лурих жеңді деп хабарлайды. Күресті тамашалауға жиналған көпшілік бұл шешімге келіспейтіндіктерін білдіріп, үлкен шу шығарады. Жарысты ұйымдастырушылар кілемді тастай қашады. Төрешілердің Қажымұқанға қарсы ойлап тапқаны — ол «жарыс ережесін бұзды» деген сылтау. 1911 жылдың сәуірінде Петербургте күреске қатысады. Бұл жолы чемпионатқа қатысушылар арасында Рауль де Раун мен Георг Лурих та болады. Әділетсіздік бұл жолы да Қажекеңнің алдынан шығады. Чемпионаттың жарты жолында баяғы әуен қайталанып, «жарыс ережесін бұзды» деп тағы да жарыстан шығарып тастайды. Петербург чемпионаты аяқталар-аяқталмастан, оны Польшаның астанасы Варшавада өтуге тиісті Халықаралық жарысқа шақырады. Осы жарыс жайында Бәтима жеңгей былай деп еске алады: Бұл есте қаларлықтай аты шулы жарыс болды. Қажымұқан бұл жарыста Әлем чемпионы, атақты неміс балуаны Поль Абс, әлем және Ресей чемпионы Иван Яго, неміс балуаны Шульц сияқты шебер балуандармен белдесті. Алтын медальды бұл жолы ойламаған жерден неміс Шульц ұтып алды. Қажымұқан кеудесіне кіші алтын медальды тақты, күміс медальға Лубие ие болып, атақты Поль Абс қола медальды қанағат тұтты. Жарты жылдан соң Варшава біріншілігіне қатысу үшін біз Польша астанасына қайта оралдық. Сол кезде ұлымыз Халиолла кішкентай, жаңа ғана қаз-қаз басып жүрген кезі еді. Біз Халиоллаға бас-көз болсын деп, көршінің 16 жасар қызы — Жәмиланы ала келгенбіз. Қажымұқан бұл жолы да жүлделі орыннан көрінді. Одан жоғары орындарға чех Поспешил мен атақты Лурих ие болды. Осы жарысқа қатысқан Қытай алыбы Ли Хун Синг пен Лаубе Қажымұқаннан кейінгі орындарға ие болды. Чемпионат аяқталған соң, бәріміз ауылға, Омбыға оралдық. Ұмытпасам, осы жолы, не 1912 жылы, әйтеуір осы екі жылдың бірінде біз Қызылжар қаласына тоқтадық. Қазақ балуанының дәрежесі көтеріліп, Ресейдегі, шет елдердегі чемпионаттарда жақсы күрес көрсетіп жүргенін естіген қала тұрғындары, соның ішінде Қажымұқан жас кезінде жалшылықта болған көпес Григорий Масляков кісі жіберіп, үйіне шақырып, қонақ етті. Батыр балуанның болған жерлеріндегі күрес әңгімелерін қызыға тыңдап, көптеген сұрақтар қойды. Дастарханын жайып, сыйлы қонақтарын шақырып, Қажымұқанға, қасындағы біздерге үлкен сый-құрмет көрсетті. Мұның өзі байлығымен ғана масаттанып жүрген көпестен кедей шаруаның баласы, кешегі жалшысы, бойына біткен алып күшін, сарқылмас өнердің иесі, қазақ халқының мақтанышы Қажымұқанның Григорий Масляковтан биік тұрғанын халықтың алдында бір көрсетіп тастады. Қажымұқанның астына ат мінгізіп, маған 5 метр көк мақпал таза күмістен әшекейлеп жасаған редикюльді сыйға тартты. Біз қанша бас тартсақ та, көнбей қойды. «Бұл Қызылжарда болған кездеріңіздің естелігі болсын» деп бәйек болды. Біз Қызылжардан осылай аттандық. Сол жолы Қажымұқан үш айға жуық ел аралап, тойдумандарда болып, халқының арасында сайран салып жүрген.
1.4.Қажымұқан туралы қалам тербеген алаштың ақын – жазушылары
Қара сөздің қадірін білетін қазақ «күш атасы» деп басқаны емес, Қажымұқанды атаған. Қажымұқан туралы қалам тербеген алаш қаламгерлерін түгендеп шығу да оңай емес.
Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов, Асқар Тоқмағанбетов, Әбділда Тәжібаев, Дихан Әбілев, Сапарғали Бегалин, Сәбит Мұқанов, Әуелбек Қоңыратбаев, Сырбай Мәуленов, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев, Ғафу Қайырбеков, Қалмақан Әбдіқадыров, Сәуірбек Бақбергенов, Жайық Бектұров, Әди Шәріпов, Зейтін Ақышев, Берқайыр Аманшин, Әлімқұл Бүркітбаев, Қапан Қамбаров, Төлеген Тоқбергенов, Мұхтар Шаханов, Жарасқан Әбдірашев, Бекен Әбдіразақов, Сабырхан Асанов, Аян Нысаналин, Құлбек Ергөбеков, Мамытбек Қалдыбаев, Захардин Қыстаубайұлы, Серік Байхонов, Жанболат Аупбаев, Әділғазы Қайырбеков, Әсия Беркенова, Есенқұл Жақыпбеков… Орыстың көрнекті ақыны Дмитрий Мартынов, белді жазушы Николай Анов… Аттары аталған бір-бір бәйтеректей ақын-жазушыларға спорт журналистерін қоссақ, Қажымұқан туралы қалам тербеген адамдардың шеті-шегі жоқ екенін бағамдар едіңіз.
Аты аңызға айналған ардагер палуан жайлы аз жазылған жоқ. Халқымыздың алып ұлы туралы Қалмақан Әбдіқадіровтың, Әлімқұл Бүркітбаевтың, Мұратхан Тәнекеевтердің «Қажымұқан» аттас көркем шығармалары жарыққа шықты. Баспасөз бетінде жүздеген естеліктер мен мақалалар жарық көрді. «Ордабасы» баспасынан «Қажымұқан қағанаты» тарихи – деректі басылым шықты. Бұл кітапқа Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен күрес өнеріне қатысты туындылар топтастырылған. Ол кісімен кездескен адамдар айтып жүрген аңыз – әңгімелер де аз емес. 1990 жылы шыққан «Күш атасы» жинағында оның палуандыққа қандай қиын жолмен келгенін, бүкіл Еуропа, Америка, Азия халықтарына өзін қазақтан шыңға шыққан тұңғыш палуан екенін көрсеткенін Ғазизбек Тәшімбаев жазған. Осы жинаққа Қазыбек Сүлейменовтың «Палуанның балалық шағы», Дихан Әбіловтың «Алыптың ақ батасы», Әуелбек Қоңыратбаевтың «Өз аузынан естігендерім» әңгімелері кірген. Қадыр Мырзалиевтің «Бұлшық еті даламның» өлеңіндегі:
Сайын далаң – өзің анаң, өз әкең,
Сол далаға тартпай туған аз екен.
Осындай ұл таба алам дегендей,
Тапқан сені қазекең,
- деген шумағы кімді болса да тебірентіп тастайды. Сәкен Сейфуллиннің «Қажымұқан», Сырбай Мәуленовтың «Ұл тартып туса игі енді өзіңе» өлеңдеріндегі теңестіру, сипаттама Қажымұқанның нар тұлғасын дәл көрсеткендей.
Қажекеңнің тек білек күші ғана емес, сонымен бірге парасатты, ойшыл, намысшыл, зейінді адам болғанын, ол туралы жазған авторлардың барлығы өз естеліктерінде дәлелдеп келтіреді.
Талиға Бекқожина «Әншілігі де бар еді» деген әңгімесінде: «Көпшіліктің сұрауы бойынша қолына домбыра алып, қоңыр даусымен Қажымұқан шырқай жөнелді:
Атандым Қажымұқан бала жастан,
Ішінде империяның болдым асқан.
Кешегі Омскінің қаласында,
Құлаттым палуанды бір шалмастан»,
- деп жазады. Бұл шумақ палуанның әншілігін, шығармашылық өнерін байқатады. Сонымен бірге ол мақалдап, мәтелдеп сөйлегенде халықты аузына қаратар шешенде болған.
1.5.Қазіргі күрес түрі, Қазақстанның туын көкке көтерген Қажымұқанның ізбасарлары
Қазақша күрес – қазақ халқының ерте кезден қалыптасқан спорт ойындарының бірі. Басқа халықтардың ұлттық күрес түрлерімен салыстырғанда қазақша күрестің өзіндік ерекшеліктері көп.
Кеңес дәуіріне дейін қазақша күрес негізінен әдет-ғұрыпқа байланысты және еңбек процестерінде жеткен жетістіктерін дәріптейтін жиын-тойларда өткізілді. Бұрын қазақша күрес «Күш атасын танымайды» деген түсінікпен салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Тіпті, ағасы мен інісі күресіп қалатын кезі де болған. Сондай-ақ, күрестің белгілі бір жүйеге түскен белдесу ережесі де болмаған. Күреске түскендер үлкен-кішілігіне қарамай, қайсысы күшті болса, сол жеңіске жеткен. Жиын-тойларда ғана күш сынасып қоймай, кім жеңеді деп егеске түскен екі балуан кездескен жерде ат үстінен түсе қалып, белдесе кететін болған. Ел ішінде атақтары жайылған Қажымұқан, Балуан Шолақ, Битабар т.б. осындай алып балуандар болды.
Қазан төңкерісіне дейін ас беру, қыз ұзату, күзем алу, наурыз сияқты жиын-тойларда белдесу күресі өтетін жерге арнаулы текемет төселіп, балуандар күресуге шыққанда, аяқтарына мәсі киіп немесе жалаң аяқ шыққан. Үстеріне тізеден төмен түсетін шапан киіп, беліне екі-үш қабат белбеу байлаған.
Төреші күресуге шыққан балуандарды қолдарын айқастыра ұстап белдестіреді. Бұл белдесуді қазақтар «қоян-қолтық ұстасу» деп атайды. Белдесу барысында, ереже бойынша, қолды белбеуден босатуға болмайды.
Қазақша күресте қолданылатын әдіс-тәсілдердің негізгі түрлері мыналар:
– Иықтан асыра лақтыру әдісі (лақтырылған балуан құламай орнында тұрып қалуы керек);
– Әдіс қолданған балуан өзі құлай беріп, қарсыласын астына түсіру;
– Қарсыласын жамбасқа салып жығу;
– Іштен шалып жығу;
– Сырттан шалып жығу;
– Қарсыласын қырқа шалып жығу (артқа құлату).
Күрескен кезде, қолдануға рұқсат берілмейтін әдіс-тәсілдер:
– Белдесе күресу барысында қолды белбеуден босатуға болмайды (тек әдіс қолданғанда ғана бір қолды босатуға рұқсат етіледі);
– Қарсыласын ұруға, итеруге болмайды;
– Тамақтан, саусақтан, құлақтан ұстауға болмайды;
– Лақтырған кезде қарсыласын жерге басымен түсіруге рұқсат етілмейді;
– Құлап түскен қарсыласының аяғын, қолын, т.б. мүшелерін бұрауға болмайды;
– Белбеуден басқа киімнен ұстауға рұқсат етілмейді;
– Астында жатқан қарсыласын тіземен, шынтақпен нығарлап басуға болмайды;
– Қарсыласына белбеуден ұстамай қолданған әдіс-тәсілді орынды деп есептемейді.
Белдесу барысында жеңіске жеткен балуан орнында қалады. Егер ол өзімен белдесуге шыққан жаңа балуанмен күресуден бас тартып, басқамен күресемін десе, онда оған рұқсат етіледі. Бірақ соңында жеңімпаз аталатын балуан біреу ғана. Оның барлық кездесуде де жауырыны жерге тимеуі керек.
Жалпы белдесу барысында қарсыластардың біреуі жығылып, жауырыны жерге тисе және қарсыласы оның басынан аттап кетсе, ол жеңілген болып есептеледі. Егер де, қарсыластың біреуі әдіс қолданғанда, екіншісі оған қарсы әрекет жасап, екеуі бірдей құлап түссе, онда бұл белдесу «итжығыс» (ешқайсысы жықпаған) деп аталады. Мұндайда, төреші оларды қайта күрестіреді.
Бұрын белдесу барысында тең түсу немесе ұпай санымен ұту деген болмаған. Белдесудің уақыты шектелмегендіктен, міндетті түрде қарсыластың біреуіжеңіске жеткен.
Жоғарыда баяндалғанның бәрі сонау ықылым заманнан бері келе жатқан дәстүрлі спорт ойындарының ерекшеліктері саналады.
Қазақша күрестің дәстүрлі белдесуі 1950 жылдардан бері қарай мүлде өзгеріп кетті десе де болады. Қазір бұл ойын «қазақша күрес» деп аталғанымен, күрес түрі айла-тәсілдері жапонның «дзю-до» деп аталатын күресіне ұқсап шықты. Оны мынадай белгілер арқылы байқауға болады:
Біріншіден, балуандар кілем үстіне шыққанда «қоян-қолтық ұстасып» белдеспейді, жапон күресіндегі сияқты кілем үстінде еркін жүріп күреседі. Олар бір-бірінің қай жерінен ұстаса да, өз еркілерінде.
Екіншіден, бұрынғы қазақша күрестің ережесінде ұпай санымен жеңісті анықтау ережесі енгізілді.
Үшіншіден, тең аяқталған белдесу түрі де пайда болды. Кейде төрешілер жеңісті айырықша қайсарлық көрсеткен балуанға береді.
1971 жылдан бері қазақша күрестен үлкен нәтижелерге жеткендерге берілетін «Қазақстан спорт шебері» деген атақ белгіленді. Жарысқа қатысатын балуандар міндетті түрде дәрігерлік комиссиядан өтеді және жарыс барысында дәрігерлік бақылауда болады.
Қазақша күресте балуандар 11 салмақ дәрежесі бойынша күреседі.
Қажымұқан Мұңайтпасов өзі өнер көрсеткен жерлерінде қазақтың қара домалақ балалары мен жігіттерін күрестіріп, күрес өнерінің қыр сырын да үйреткен. Ондағысы «кейінгі ұрпағым қандай?» болып өсіп келе жатқанын білгісі келген шығар. Қажымұқанның ізбасарлары қазіргі күрес өнерінде көптеп саналады.Мысалы: Бейбіт Ыстыбаев, Ақжүрек Таңатаров, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Ислам Байрамуков, Еділ Тұрсынов және т.б.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қалмақан Әбдіқадыров “Қажымұқан” . Алматы. “Жалын” 1981.
2. “Ордабасы оттары” 1996ж 20 шілде № 53.
3. “Ордабасы оттары” 1996ж № 89 (16609) сәрсенбі 16 қазан.
4. “Ұлан” газеті № 36 4 қыркүйек, 2001ж.
5. Хаджы мукан “Алимкул Буркитбаев” . Алматы 2003ж.
6. Мұрат Керегібай “Мұқан” . Астана 2004ж.
7. Естеліктер. “Күш атасы” . Алматы. Қазақстан 1990ж.
8. Оңтүстік спорт. “Қажымұқан қанағаты” № 20 (52), 30 қазан 2004ж.
9. Қазақ әдебиеті “Қажымұқанның туғанына 125 жыл” № 5. 30 қаңтар. 1996ж.
10. Барыс. “Қажымұқан балалары әлемнің түкпір - түкпірінде жүр”. 22.04.2003ж.
11. Егемен Қазақстан. “Қажымұқан белгілі тұлғаның беймәлім қырлары”.
29 маусым.2005ж.
12. Ордабасы оттары. Қажымұқан мен барыс. 19 қараша, 2005жыл.
13. Халық үні “Қажымұқанның туған жеріне талас тоқтар емес . . .”.
№25 (59).
14. Қажымұқан атындағы музейі.
15. Республикалық қоғамдық мәдени газет “Қажымұқан қайта тумайды”.
№ 8 (08). 16.08.2006
16. Егемен Қазақстан. “Қазақтың Қажымұқаны ” 7 сәуір 2006ж.
17. Оңтүстік Қазақстан. “Қазақ палуанының 6 құжаты табылады” №104 (17740) 20.07.2004ж.
18. Алтын Орда . “Қажымұқанды білдік пе?” №1 (207) 9. 01.2004ж.
19. Мұратқан Тәнекеев “Қажымұқан кітабы”. Алматы. Білім баспасы. 2001ж
Қызыл ту орта мектебінің
4 сынып оқушысы
Әмірбек Назым Жанайдарқызының
«Күш атасы-Қажымұқан»
атты ғылыми жобасына
Пікір
Әмірбек Назымның бұл «Күш атасы - Қажымұқан» атты ғылыми зерттеу жұмысы қазақ халқынан шыққан қара күш иесі, нағыз батыр, өз заманының жарық жұлдызы Қажымұқан Мұңайтпасов туралы жан-жақты қамтылып жазылған.Аты аңызға айналған палуан ардагердің өмір жолын ол туралы жазылған естеліктерді жинақтай отырып зерттеген.
Әмірбек Назым өз жұмысын жүргізу мақсатында көп ізденгендігі, сол іздену жолында палуан атасы туралы көптеген мағлұматтар алғандығы, Қажымұқан және оның өмір жолы ,күрес өнері туралы білімін жан-жақты толықтырғаны байқалып тұр.
Назымның тарихта қалған асылымыздың өмірі туралы білуге құмарлығы, Қажымұқанның қазақ халқы үшін атқарған еңбектерін саралап зерттеуі одан «Балғын зерттеуші» шығатынын көрсетеді.
Пікір жазған ДҒӘІЖО .........................Н.Баймұсаева.
Қорытынды
Әр халықтың маңдайына жарқырап біткен жарық жұлдыздардай жайсаң ерлері бар.Олар –ел мақтанышына айналған көрнекті қайраткерлер, ғұлама ғалымдар,заңғар ақын–жазушылар,туған жерін жаудан қорғаған батырлар,еңбек қаһармандары,өнер мен спорт саңлақтары...Сондай мақтан ететін,өмір бойы қастерлеп өтетін адамдарымыздың бірі халқымыздың ұлы перзенті –Қажымұқан палуан.Оның есімі –мәңгі ұмытылмайтын,ұрпақтан –ұрпаққа аңыз болып қалатын ұлы есім.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы –қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажымұқан бабамыз.
Французша және еркін күрестен көптеген халықаралық чемпионаттардың
бірнеше дүркін жеңімпазы Мұқан Мұңайтпасов –әлемдік спорт аренасына шығып,шетелдердегі жарыстарда атақ –даңққа бөленген тұңғыш қазақ.Ол дүние жүзінің көптеген қалаларында күресті.Түріктің жауырыны жерге тимеген аты шулы палуандарын жыққаннан кейін оған «Қажы»атағы беріліп,Қажымұқан атанды.
Қажымұқан орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 28 мемлекетте күреске түсіп, 56 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Ресейдің балуандар тобында да Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмады.Кеудесін ешкімге бастырмады. Күрес қожайындарының, төрешілердің сан мәрте әділетсіздігіне беелі бүгілмеді, еңсесі түспеді.Ол ұлттық тарихымызда ғана емес,әлемдік спорт тарихында сирек ұшырасатын,тумысы бөлек ғажап құбылыс.
Достарыңызбен бөлісу: |