Алматы облысы Талғар қаласы
№7 жалпы білім беретін шағын орталығы бар лицей орта мектебі
Қуанғанова Шынар Ибадуллақызы
Тақырыбы: Наурызым –берекем, наурызым – мерекем!
Мақсаты: Оқушылардың наурыз мейрамы туралы ұғымдарын кеңейту, наурыз мейрамының шығу тарихымен таныстыру. Ұлттық салт – дәстүрді құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды сақтап қастерлеуге, ұлтын сүйге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: наурыз туралы ұлағатты сөздер, слайдтар, шарлармен безендіру.
Барысы:
Оркестрдің орындауында 2 күй (жетекшісі: Асқарбекова Гаухар апай)
(Екі бала сахна артынан шығады)
1 – бала: Уа, жарандар, жарандар,
Бәрің бері қараңдар.
Наурыз думан басталды
Бір сәт зейін салыңдар.
2 – бала: Уа, халайық, халайық!
Ақ сандықты ашайық,
Бұл мереке, бұл тойдың
Шашуларын шашайық! ( Тамара апай шашу шашады).
Жания мен Томиристің орындауында «Жаңа - жылым!» әні.
Екі жақтан екі жүргізуші келеді.
Диас: Наурыз келді,жайраң қақты таң күліп,
Жап – жасыл болып кетті дүние жаңғырып.
Жақсылыққа жаршы болған Наурызым!
Сен өмірдің көктемісің мәңгілік.
Айым: Құрметті қонақтар, аяулы ұстаздар мен оқушылар! Наурызым – берекем, наурызым – мерекем атты ұлыстың ұлы күніне арналған наурыз мерекесіне қош келдіңіздер!
Диас: Жер жүзіндегі халықтардың бәрінің де түрлі мейрамдары бар. Шығыс
халықтарының сондай ерекше мейрамдарының бірі – Наурыз. Наурыз – жыл басы, жаңа жылдың бастауы. Ол табиғатта қайта басталған, жаңадан түлеу бастау алған жаңа қадамның белгісі іспеттес. Өйткені табиғаттағы барша тіршілік иесі осы күннен бастап қайта түлеп, жаңару, жасару кезеңін бастайды.
Айым: Бұл күні адамдар арасындағы өкпе – реніш ұмытылады, бір – біріне молшылық болсын, ақ көбейсін деген ізгі тілектер айтылады. Ендеше дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз құтты болсын! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып Жаңа Жыл келеді. Ендеше, той құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Диас : Айым,бүгін сондай тамаша күн, солай емес пе? Далаға шықсаң көктің исі шығып, бар әлем бір сергіп қалған секілді. Сондықтан да Наурыз күні алдағы күндерге арналып ізгі ой, арман- мақсат айтылып, бір- біріне деген жақсы тілектерін айтып, Ұлыстың күнімен құттықтап жатады. Себебі бүгін қасиетті күнде адамазат тек жақсы сөздер айтып, жақсы тілектер тілесе Қыдыр ата орындайды деп сенген.
Айым: Диас мен сенің ойыңды түсіндім, осындай тамаша мейрамның мерекелік құттықтау сөзін Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері, білім беру ісінің үздігі, үздік көшбасшы мектеп директоры Агильская Такура Айдарбекқызына береміз.
Диас : Көксеген қасиетті іңкәрларын,
Ардақтап асқақ ұстап жұрт арманын,
Ұлтымның қанға сіңген мұңын емдеп.
Наурыз деп байтақ елде шырқалды әнім.
Ән : Еркежан мен Айжамал
Диас: Айым, бүгін мектебімізде наурыз тойын тойлап жатыр екен. Сол тойға барып, наурыз туралы ой- пікірлерін біліп қайтсақ қалай болады.
Айым: Ал, онда мына жиналған қауымға наурыз мейрамы туралы айтып беретін 10 сынып оқушыларын тыңдап көрейік.
1 –ші ауыл: Наурыз қазақтың жаңа жылы. Жыл басы. Наурыз туралы сөзді мен бастасам деп тұрмын. Наурыз мерекесін атап өту дәстүрі бойынша, ертеректе патшалар өз тағы мен билігін наурызда бір күн кедей-кепшікке беретін болған. Ұлыстың ұлы күнінде жұмыс істелмейді, іс басталмайды, ешкімді ешкім ренжітпейді, біреуге-біреу дауыс көтеріп, болмаса жаман сөз айтпайды.(қолдап отырады). Халқымыз наурызда даланы Қыдыр ата аралайды деп үйінің есігін ашып отырған. Жастар үлкен кісілерден бата сұрайды, жігіттер қыздарға сый-сияпат жасайды. Ренжісіп қалған азаматтар бір-бірінен кешірім сұрайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған.
2- ші ауыл: Құрдасымыз Наурыз туралы сөз алғанда қарап отырғанымыз жөн болмас. Менде өз білетінімді ортаға салсам. Осы күні ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырып, әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтқан. . Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған.
1-ші ауыл: Ия, жүздеген жылдар бойы қазақ халқымен бірге жасасып, ұлттымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының ажырамас бөлігіне айналған Наурыз мерекесінің орны әрине ерекше. Наурыз мерекесі күні - қасиетті күн. Данышпан ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың айрықша белгілерін ескере отырып белгілеген. Наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалаған. Наурыз - Күн мен түн теңелетін күн, төрт түлік мал төлдейтін ай. Осы айда табиғаттағы барлық тіршілік иелеріне жан біте бастайды. Қыстың соңы, көктемнің басы жыл құстары келе бастайды.
2- ші ауыл: Оқушының аты сенің сөзіңді мен жалғастырсам,бұл күні табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген. Наурызды шығыс халықтары бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде атап өтеді. Бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Осы күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған.
1-ші ауыл: Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегеге, бауырмалдыққа, көрегенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Наурызды халқымыздың асыға күтетіні осы себептен болса керек.
Диас: Рахмет, сіздерге. Көбіміз біле білмейтін мәліметтер айттыңыздар. Енді тойымызды бастайық.
Айым: Ал, халайық тұрмайық.
Әндетейік шырқайық.
Ортамызды ашайық.
Думандатып би билеп,
Ән мен күйді төгілдіріп,
Інжу - маржан шашайық.
Жиналған жұрт таң қалсын,
Өнерден күмбез жасайық! – дей отырып, ортаға Асланды «--------» ортаға шақырайық.
1– оқушы: Су жылтырап бүршік ашқан жасталдан,
Бу бұрқырап қатып қалған тастардан.
Күн күркіреп, жасын ойнап аспаннан,
Бар тіршілік Наурыздан басталған!
Ел де тыныш!
Жер де тыныш – бұлкүні,
Көреміз тек қуаныш пен күлкіні.
Табысқан жұрт таныс тауып жатады,
Жамалғандай жүректердің жыртығы!
2 – оқушы: Наурыз менің елімнің берекесі,
Жаңа жылы қазақтың мерекесі.
Шаңырағы биіктеп күнге жақын,
Ұлаңғайыр керілсін керегесі.
Қымбат білген адамға сөз өнері,
Бұрқ-сарқ етіп қайнасын көжелері.
Жаңа жылда елімнің көркі өсіп,
Гүлге толсын көгеріп көшелері.
Шат күлкіге шомылып замандары,
Бақыт кешсін ғайыптан адамдары.
Әрбір жанның арманы орындалып,
Сәтті болсын биылғы қадамдары.
3 – оқушы: Наурыз келді, көктем келді ағайын,
Жадырайды, жаңғырады маңайым.
Назды, сазды науан Наурыз, армысың?
Сұлу мүсін саған біткен бар мүсін.
Қайнарындай қалың қуат, қайраттың,
Сен келдің де ғаламшарды жайнаттың.
Тіршілікке тіл бітіріп өзгеше,
Дүниенің бұлбұлдарын сайраттың.
4 – оқушы: Келдің бе наурыз – жыл басы,
Бар құтын жиып өлкенің.
Халқың сенің сырласың,
Өзіңнен өрбір көркем үн.
Туған жер жұпар тұр аңқып,
Гүл шашып жатыр бар аймақ.
Атады елді қуантып,
Көктемнің таңы арайлап.
5 – оқушы: Қош келдің, Наурызым төрлет бері,
Қыр төсін жауқазындай өрнектеді.
Тіршілік тамырына нәр жүгіріп,
Жадырады адамдардың келбеттері.
Наурыз, жыл он екі ай елдің жүгін,
Арқалап арамызға келдің бүгін.
Дамытып бейбіт елдің еркіндігін,
Жайлауын жарастырдың елдігімнің.
6 – оқушы: Кел, наурызым, шық төріме думандат,
Жұрт қарасын бейнетіңе қайран қап.
Табиғаттың тұмса шағы тамсантып,
Халқым да бір жадырасын сайрандап.
Кел, наурызым, самалыңмен еркелет,
Қырға шығар, жамағатты жетелет.
7 – оқушы: Бала біткен болып жүр ғой мәз-мәйрам,
Наурыз келген, көктем келген екен деп.
Кел, наурызым, берекелі жыл басым,
Мәңгілікке замананың құрдасы.
Жылда мені қуанышқа бөлейсің,
Ғасырлардың және менің сырласым.
Кел, наурызым, бұла күшім, балғыным,
Сен келгенде қашар менен қайғы-мұң.
8 – оқушы: Құдіретің бар жаңғыратын ғаламда,
Сондықтан да асқақ сенің айбының.
Кел, наурызым, көргенің көп көнесің,
Жия алмаған кездер болды ел есін.
Бұқпантайлап қарсы алатын өзіңді,
Кездер болды, ұмытпайсың, білесің.
Кел, наурызым, ортаймайтын ырысың,
Тәуелсіздік және өзің тынысым.
Жалғастырып ұрпақтарды ұрпаққа,
Аралай бер сәнге бөлеп ел ішін. (бар дауысымен қатты айтады)
Диас: Ал халайық тұрмайық,
Әндетейік шырқайық.
Дөңгелесін бишілер
Ортамызды ашайық – дей отырып, биші қызымыз Нұргүлге кезек берсек.
Айым: Тойымыз өте көңілді өтіп жатыр. Диас, наурызда тек қана өлең айтып, би билеп қана қоймай, ұлттық ойындар да ойнаған ғой. Ендеше , қазір «Арқан тартыс» ойынын екі топ болып ойнасақ қайтеді. Бірақ, мен бұл ойын шартын кішкене өзгертпекпін. Мен қазір Наурыз мерекесіне байланысты бірнеше салт –дәстүрлерді атаймын, ал сіздер соның мағынасын түсіндіріп берсеңіздер. ( Жүргізуші тез- тез ұйқыашар, селтеткізер, шілдехана,байғазы, тілашар, асату, бесікке салу, кіндік кесер, базарлық, жеті ата) осы дәстүрлердің мағынасын айтып шығады. ( музыка қосылып тұрады, ақырын күй)
Айым: Ендігі салт- дәстүрлер туралы ойымызды Аслан жалғастырса қалай болады.
Диас: Онда Асланды тамашалайық. (7 сынып оқушысы Құржапов Асланның орындауында
«Дәстүрлер» әні)
Диас: Қазағымның салт- дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.
Салт- дәстүрлі ардақтайық, ағайын,
Қазақ атты үлкен- кіші, балдырған.
Айым: Ерітіп қарын даланың,
Жинатып гүлін саланың.
Жетелеп жұмсақ самалын,
Келді Наурыз – жыл басы.
Күлімдеп қарап күміс күн,
Аспаның бүркіп пүліш түн.
Ұлы күні Ұлыстың,
Келді Наурыз – жыл басы! – дей отырып, кезекті күйге берсек.
(қазақша би 7 сынып оқушылары)
Диас: Айым мына тұста тұсау кесу рәсімі өтейін деп жатыр ғой деймін, абыр- сабыр болып
кетті ғой.
Айым: Ия, Диас. Қазақ халқының өмір салтына көрік беретін дәстүрлердің бірі - тұсау кесер. Тұсау кесу- сәби қаз тұрғаннан кейін тез, жығылмай, сүрінбей жүріп кетсін, болашағы жарқын болсын деген тілекпен жалғасатын дәстүр. Арнайы дайындалған ала жіппен баланың аяғын тұсап байлайды. Ақ, қарадан есіп жасалған жіп біреудің ала жібін аттамасын деген жақсы ниетті білдіреді.
Диас: Онда келесі сөзді Изат апайға берсек қайтеді.
( ---мамасының сөзі,тұсау кесу туралы сөзбен айтады. Тұсау кесу кезінде ақырын музыка қойып қою керек)
Айым: Диас осы жерде дәстүр туралы ойымызды қорытып, ауылдың ақсақалынан Наурызға бата сұрасақ қайтеді.
Диас: Сен орынды айтың. Батамен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер демекші бата алсақ алайық. Аумин деп , ата сізден ұлыстың ұлы күніне бата сұраймыз.
Ата: Аумин деп қол жаяйық.
Наурыз құтты болсын!
Осы мейрам әр шаңыраққа бақыт, табыс, қуаныш әкелсін.
Ұлыс бақты болсын!
Әр күндерің жақсы болсын!
Ақ мол болсын!
Бәле жала жерге енсін!
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң жол болсын! Аумин.
Диас: Ата, осындай тамаша батадан соң, мына өлең барша елімізге сый болсын.
Ән: Лесбек Ернұр. «Қазақ елі»
Айым: -Көргенге қуанасың таза ауаны,
Құлаққа естілгенде жаз әуені
Жыл сайын тойланатын мәңгі бақи.
Наурызым құтты болсын қазақ елі!
Барлығыңызды наурыз көжеден дәм татуға шақырамын.
( осы жерде музыка жүре береді)
Жүргізушілер: Келесі Наурызға басымыз бүтін, отбасымыз бірлікте, тек қуанышта кездескенге жазсын. Келесі наурызда кездескенше. Сау болыңыздар.
Достарыңызбен бөлісу: |