Тақырыбы: Қоғам және адам хақында қазақ ойшылдарының топшылаулары



бет8/11
Дата03.01.2022
өлшемі73,29 Kb.
#108530
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
2 Лекция Қазақ ойшылдары 2

ГИПЕРМӘТІН №8


  1. Қазақ ойшылы Қорқыттың қоғам туралы ой-пікірлері


Қорқыт Ата – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырауқобызшы. Қорқыт ата - VІІІ ғ өмір сүрген оғыз - қыпшақ елінің философы. Мәңгілік өмір және өлім философиясын жасаушы. Негізгі шығармасы «Қорқыт ата кітабы». 

Қазақ аңыздары бойынша, Қорқыт ата өзінің желмаясына мініп алып, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген. Ол философиялық өте маңызды мәселе өлім мен өмірдің мағынасы туралы, шектеулікті жеңіп шығудың жолдары туралы талай тамаша пікірлер айтады. Енді Қорқыттың философиялық ғақлия сөздеріне жүгінейік: «Қорқыт ата сөйлейді: Ажал уақыты жетпейінше, ешкім де өлмес. Өлген адам тірілмес, шыққан жан кері келмес. Ер жігітке қара таудай мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес. Гүрілдей шұбыра сулар тасыса теңіз толмас. Тәкаппарлықты тәңірі сүймес. Көңілі пасық ерде дәулет болмас. Жат баланы қанша сақтасаң да ұл болмас. Ол ішіп- жер, киер де кетер, бірақ, көрдім демес. Қар қаншама қалың жауғанмен — жазға бармас. Гүлденіп өскен бәйшешек — күзге бармас. Тозған мақта без болмас, ежелгі жау ел (дос) болмас. Ат қиналмай жол шалмас. Қайыспас қара балтасыз жау алынбас. Маңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге жарамайды. Ананың көңілі балада болар. Жақсы ана үшін бала — екі көздің сыңары. Ұлың өсіп жетілсе, ол отбасының мерейі, бас-көзі. Атадан қалған малы болмаса, баланың күні қараң. Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ. Уа, хан ием, сізді тәңірім сондай ісінің сәті түспегендерден сақтасын».[5] Мәңгі өмір іздеген Қорқыт үнділік Будда сияқты, қайда барса да көр қазып жатқандарға жолығады, көктем-жаздағы жас желек күзде сарғайғаны тәрізді, өмірде де «өлмейтін нәрсе жоқ» екендігі туралы қорытындыға келеді. Енді ол мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді. Ең ақырында қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарға өлмес күйлерін қалдырды. Қорқыт жайында қазақ халқының жадында талай аңыз — мифтер бар. Олардың бірі «Қазақ мәдениетінің ғарышы» атты кітапта суреттеледі. Авторлар Қорқыт бейнесін шым-шытырақайдан пайда болған үйлесімділікпен байланыстырады және терминологиялық талдау арқылы ізгілік пен жамандықтың мәңгілік күресі деп (құт және қор) түсіндіреді. Қорқыт туралы бір аңыз бойынша, оны анасы үш жыл құрсағында көтеріпті. Қорқыт туылар алдында әлемді қара түнек басып, сұрапыл қара дауыл соғыпты. Аталмыш кітапта былай дейді:



Қорқыт туар кезінде

Қара аспанды су алған,

Қара жерді кұл алған.

Ол туарда ел қорқып,

Туған соң әбден қуанған.

 Аңыз бойынша, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қорқыныш сезімі билеген. Осыған орай баланың атын “Қорқыт” деп қойған дейді. “Қорқыт” сөзінің этимол-сын Ә.Қоңыратбаев “құтты адам, құт әкелетін адам” деп көрсетсе, С.Қасқабасов “өмір сарқылды, адам өлді” деген мағынаны білдіреді деп санайды. Е.Тұрсынов түркі халықтарының фольклорына сүйене отырып, “дада, деде” деген сөздерді “насихат айтушы жырау” деп түсіндіреді. В.Жирмунский Қорқыт Атаны магиялық аспап – қобыздың иесі, шаман, абыз ретінде қарастырады. Қорқыт атаның тарихи тұлға екенін растайтын жазба ескерткіш – “Қорқыт Ата кітабы” (“Китаби дәдәм Корқуд”). Онда Қорқыт Ата жырау, ақылгөй, данышпан, көсем, бақсы, күйші ретінде көрінеді. Кітаптың басында Қорқыт атаның нақыл сөздері келтіріледі. Ол “өмір барда өлім бар, өзгеру бар, өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады, тек мәңгі-бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе – адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі” дейді. Қорқыт Ата жөніндегі аңыздарда түркі халықтарының өмір мен өлім мәселесі туралы көзқарастары көрініс тапқан. Аңыз бойынша, Қорқыт Ата ұйықтап кетіп, “егер өлімді есіңе алмасаң, мәңгі өмір сүресің” деген аянестиді. Біраз уақыт өткен соң бір баспақты қуып жүріп, жете алмағасын, “Өлсем де, жетемін!” дейді. Соны айтуы мұң екен, Әзірейіл келіп, “Сен өлімді еске алдың, енді өлесің!” дейді. Аңызда Қорқыт Ата өзінің жүйрік желмаясына мініп, халқы бақытты өмір сүретін жерұйықты іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші жан ретінде суреттеледі. Ел-жұртты өзінің жырымен де, күйімен де аузына қаратқан, ғұмырының соңында бірлігі ыдырай бастаған жұртының алауыздығына күйінген Қорқыт Ата мәңгілік өмір сырын іздеп дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Бірақ қайда барса да, алдынан көр қазып жатқан адамдарды жолықтырады. “Кімнің көрі?” деген сауалына “Қорқыттың көрі” деген жауап естиді. “Қайда барсаң да Қорқыттың көрі” деген сөз осыдан қалған. Ақыр аяғында жер кіндігін тапсаң, тірі қаласың деген аян естіп, туған жері – Сыр өңіріне оралады. Содан мәңгі өмір тек өнерде деген ойға келіп, қобыз аспабын ойлап шығарады. Тағы бір аңыз бойынша, өзен ортасына кілем жайып, үстінде отырып қобыз тартқанда, күйкүшімен суға батпайды екен. Қорқыт Ата қобыз тартқан жылдары өлім болмаған, тек бақытты тіршілік болған дейді. Бірақ Қорқыт Ата шаршап, ұйықтап кеткен сәтінде судан кішкентай қайрақ жылан шығып, оны шағып өлтіріпті дейді. Аңызда ажал ашық келмей, жылан кейпінде келеді. Бұдан халықтың өлімге деген көзқарасын, “ажал айтып келмейді” деген филос. тұжырымның негізін көреміз. Қорқыт Ата туралы аңыздарда кездесетін үлкен философиялық мәселе – уақыт пен кеңістік мәселесі.

Бұл аңыздарда Қорқыт Ата өлімнен қашып, бүкіл ғарышты аралайды. Түсінен шошынған ол ажалдан құтылу үшін ертеңіне дүниенің екінші шетіне көшіп кетеді. Мұнда ол баяғы түсті тағы көреді. Таң атысымен тағы да жолға шығады. Не істерін білмей, жердің ортасына бармақ болады. Жер ортасы Сырдың жағасы, қазіргі Қорқыт моласы тұрған тұс екен. М.Әуезов: “ажалды тоқтату мүмкін еместігін мойындағысы келмеген Қорқыт Ата жұрттан безіп, айдалаға, табиғат аясына кетеді, бірақ таулар да, жазықтар да, ормандар да оған өлім күтіп тұрғанын айтады. Содан қорқып, шырғайдан алғашқы қобызды жасап, жер бетінде бірінші болып күй тартады. Сөйтіп өлмеудің амалын өнерден табады”, – деп жазады. Қазақ аңызындағы Қорқыт Ата бейнесі енді өлімнен қашқан шаман емес, керісінше, өмір үшін күрескен, өлімнен құтылуды қандай бір құдіретті күштен емес, өнерден іздеген, ажалмен айқасқан алып рухани тұлға болып көрінеді. Зерттеушілер өлімнен қашқан Қорқыт Ата философиясын әйгілі шумер эпосы “Гильгамеш туралы жырдағы” Гильгамеш әрекетімен салыстырады. М.Әуезов Қорқыт аңызын адамзатқа от ұрлап әкеліп сыйлаған Прометей туралы грек аңызымен теңестіреді. Тарихи деректер мен ғылыми пайымдауларды түйіндей келе, Қорқыт Атаны исламды әлі толық қабылдамаған түркі тайпаларының мәдени рәмізі деп қарастыруға болады. Аңыз әңгімелерде Қорқыт Ата өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Зерттеуші Е.Тұрсыновтың түсіндіруі бойынша, бұл жердегі желмая қобыздың рәміздік бейнесі болып табылады. Өйткені ол мәңгілік өмірді қобыздың сарынынан табады. Ең ақырында қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес күйлерін қалдырады. Қорқыт Ата жырларының философиялық мән-мағынасының алтын діңгегі – әлемді, табиғат заңдарын көркемдік таным тұрғысынан игеру. Оның өмір сүйгіштік дүниетанымы күнделікті күйкі тірліктің шеңберінен шыға білу және адамзат үшін әрбір тіршілік сәтінің құнды екенін ескерту, қайталанбас уақытты қадірлеуге шақыру, сол арқылы өмірді мәңгілік ету идеясы Қорқыт философиясының іргетасын құрайды.



Рухани өміріміздің тарихында бір дәуірдің болмыс-бітімін, таным- түсінігін айшықтай түсетін айрықша тұлғалар болды. Исламға дейінгі Тәңірлік дүниетанымның шашырап жатқан дерек көздерінің негізінде пайымдап, бас- аяғын жинақтауға әрекеттенер болсақ, оның бел ортасында тұрған дара тұлғаларды айналып өту мүмкін емес. Солардың бірі, бірегейі-түркі халықтарының арасында есімі ежелден танымал-Қорқыт ата. Шығыс Түркістаннан бастап Кіші Азияға дейінгі түркі халықтарының ауызша да, жазбаша да жәдігерлерінен ойып орын алған Қорқыт бейнесі бір ғана көркемдік дүниенің жеміс еместігі, мұның астарында берісі нақтылы тарихи тұлға, арысы тұтас қоғамдық-әлеуметтік, саяси, діни дүниетаным тамыр тартып жатқан дәуірлік құбылыс жатқандығы даусыз. Байыптап қарасақ, исламнан бұрынғы идеология мен таным-түсінікке қатысы бар тұлғалардың қуаттысы да, жұртшылыққа кеңінен мәшһүр болғаны да Қорқыт есімі. ҮІІІ ғасырда Сыр бойында өмір сүрген Қорқыт Ата-ежелгі түркілердің көрнекті ағартушысы, ойшылы, әрі ақын, сазгер, әрі күйші, тарихта ерекше рухани із қалдырған, халық даналығын жинаушы. Өзінің философиялық толғамдарында өмір мәселелерін көтерді. Мәңгі өлмеудің жолын қиялымен іздестіреді. Қорқыт ата поэма, күйлер шығарып, оны қобызда орындайтын болады. Сол себепті де “Қорқыт ата шығармаларын” “Қорқыт Ата кітабы” деп атайды. Себебі, Қорқыт Ата айтқан жырлар, дастандар жинақталып, 12 тараудан тұратын кітапта батырлық, елдік, адамгершілік туралы оқиғалар жырланады. “Қорқыт Ата кітабы”- бүкіл түркі тілдес халықтарға ортақ аса көрнекті жазба ескерткіші. Бұл еңбекте тәлімдік мәні күшті афоризмдер, қанатты сөздер мен тағылымдық-танымдық идеялар, өсиет сөздер көптеп кездеседі. Кең даланы еркін мекендеп, салтанатты, салауатты өмір кешкен көшпенділер “Адамзат өмірінің мәні неде?” деген философиялық мәселеге ұрпақтар сабақтастығы адамзат тіршілігінің мақсаттарының бірі екендігі туралы түсінікке әкеліп салған. Қорқыт Ата мұрасындағы адам мәселесі, оның өмір сүру қағидалары, мақсат-мұраттары және қоғам мен ұлттық болмыс хақындағы әлеуметтік- тұрмыстық толғаныстарына алып келеді. Онда халқының болашағы, жалпы адамгершілік құндылықтар мен қасиеттерді сақтау, тәлім-тәрбие, ата салтын, дәстүрін құрметтеу мен қастерлеу мәселелері өз болды. Қорқыт Атаны жалпы түркі халықтарының мәдени-дәстүрінің негізін салушылардың бірі деп қарастыруға болады. Қорқыт ата дана-ақылшы ретінде, біріншіден, даналық толғаныстары мен тұжырымдары, өсиетнамалардан, ғибратнамалар арқылы көрінсе, екіншіден, жырларының идеясы мен ішкі формасынан, үшіншіден, әрбір жыр соңындағы қорытынды сөздерінің ақыл-кеңестері мен батасынан сезімдік сипатты тәлімдік-тәрбиелік ой толғаныстарынан байқатады. Қорқыттың этикалық әлемі-бұл қазақ халқы қоршаған табиғатқа, ұлы Отанға және оның батырлық өткеніне деген сүйіспеншілігін жиған ұрпақтардың жалғастырушы желісі, әдептілік дәстүрлердің тірі жалғасы, болашаққа сеніммен қараудың таусылмас қайнар көзі және даналықтың қазынасы. Ойшыл- сәуегейге жас та, кәрі де және одан өмірлік ауыртпалықтардан айығуға, жанына тыныштық және жүрек- теріне жылылық таба білді. Қорқыттың кеңестері далалықтардың қоғамдық өмірінде үлкен рөл атқарды, олар күні бүгінге дейін халық даналығы шоғырланған мақал мен мәтелдер ретінде қабылданады. Оның қанатты сөзге айналған нақыл сөзі мынадай: «Қар қалың жауса да, көктемге дейін қалмайды, жайқалып өскен көк майса күзге дейін қалмайды. Ескі мақта мата болмас, ескі жауың дос болмас. Сулар тарам-тарам болып, қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды. Менмен, тәкәппар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді. Қара есектің басына жүген таққанмен тұлпар болмас. Қар қаншама қалың жауғанмен- жазға бармас, гүлденіп өскен бәйшешек күзге бармас. Тозған мақта бөз болмас, ежелгі жау ел болмас болмас. Қайыспас қара балтасыз жау алынбас. Мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағлым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге жарамайды».


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет