Тақырыбы: Өзін-өзі тану пәнінің ғылым ретіндегі жалпы түсінігі



бет4/10
Дата05.11.2016
өлшемі2,96 Mb.
#759
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Тақырыбы: Өзін-өзі тану әдістері.

Мақсаты: студенттерді өзін-өзі тану әдістерімен таныстыру және оны практикада қолдану мәселелері.

Тірек ұғымдар: “өзін-өзі қадағалау”, “өзін-өзі бақылау”, “өз- өзіне есеп беру”, т.б.

Жоспар.



  1. Өзін-өзі тану әдістері.

  2. Өзін-өзі тәрбиелеу жолдары.

Педагогикалық шығармашылық психологиясы бағытындағы зерттеулер көрсеткендей, тұлғаның өзін-өзі тануында оның өздік

жетілуінің таусылмас мүмкіндіктері жатыр. /В.А. Кан-Калик, Н.Д. Никандров, 1990/. Өзін-өзі тану - көпжақты, белгілі уақыт аралығын қамтитын күрделі процесс. Ол әр түлі сезіну түрлерімен сабақтаса жүреді. Өзін-өзі танудың бірінші деңгейінде бұл процесс өзін-өзі өзге адамдармен салыстырудың алуан түрлері арқылы жүзеге асады. Бұл өзін-өзі танудың бірінші сатысы. Оның екінші деңгейінде тұлға өзінің жетістіктерімен салыстырады. Өзін-өзі және өз іс-әрекеттерін өз тарапынан және өзгелер көзқарасы тарапынан саралай келе бұл сала өз бітімі туралы, өз “Мені” туралы түсінікті қалыптастырады. Осы әлеуметтік “айна” арқылы студент өз бойындағы рухани- адамгершілік құндылықтарын арттырып, өзін-өзі адами тұрғыдан таниды.

Өзін-өзі түсіну мөлшері, өзін-өзі тану сипаты көптеген факторларға байланысты, соларға тәуелді. Өзін-өзі тану үрдісіне адамның өзінің ішкі әлеміне қаншалықты деңгейде үңілуі, оған деген қажеттілігінің мөлшері, тұлғаның рефлексияға деген қажеттілігінің мөлшері - бәрі де әсер етеді. К.Р. Левитанның, С.Г. Верловскийдің және т.б. пікірінше, болашақ педагог мамандығына дайындалып отырған студенттің өзін-өзі тануының басты тәсілдері мыналар: өзін- өзі қадағалау, педагогикалық өзін-өзі сараптау, педагогикалық рефлексия, өзін-өзі сынау және өзін-өзі бағыттау.

Өзін- өзі қадағалау - тұлғаның өзіне, өз іс-әрекеті мен қарым - қатынастарына сырт көзбен қарай білу қабілеті. Өзінің ішкі күйі қалпына қайта-қайта назар аудара отырып, тұлға әртүрлі жағдайларда /ситуация/ өзін қалай ұстайтындығын жете түсінеді. Өзін-өзі қадағалау тұлғаға өзі туралы өзге адамдар көріп-біле бермейтін құнды мағлұмат береді. Ол өзінің дамыған және әлсіз жақтарын тереңірек білуге көмектеседі. Көптеген ғалымдардың зерттеулерін саралай келе К.Р. Левинтанның, С.Г. Верловскийдің өзін-өзі

тануының басты тәсілдерін басшылыққа алуды жөн көрдік. Себебі бұл зерттеулерде болашақ мұғалім мамандығына дайындалып отырған студенттерге арналып, оның нәтижелері оң баға беріп отырғандығын зерттеу жұмысының нәтижесінен көруге болады.

Рефлексия арқасында тұлғаның өзін-өзі түсінуінің пайдалы әсері аз элементтерін өзге элементтермен ауыстыруға деген, өзі мен өз мінез - құлқын өзгертуге деген қажеттілік ұғынылады.

Тұлғаның өзіне деген көзқарасы қаншалықты сыни тұрғыдан болса, оның өзін-өзі тану деңгейі де соншалықты жоғары. Керісінше, тұлғаның өзінің болашақ маман ретіндегі әзірлік деңгейі терең болған сайын, оның қызмет барысындағы өзін-өзі бағалауының сынилығы да арта түседі. Н.Е. Шафажинская өзін-өзі бағалаудағы өзіндік өсіп- жетілу құралы ретінде қолдану студенттерді болашақ мамандығына даярлаудың тиімділігін арттырудың маңызды факторы болып табылатындығын көрсетті.

Міні сондықтан да тұлғаның өзін-өзі сынауын қалыптастыру, оның өзін-өзі тануын дамытумен шұғылдануды оның ЖОО-да студент кезінде-ақ бастау қажет.

Тұлғаның өзін-өзі тануының тағы бір әдісі-өзін-өзі бақылау. Адамгершілігі биік, жан-жақты жетілген студент тұлғасы өзіне деген жоғары талаптарымен, оның ішкі өзін-өзі ба-қылауымен ерекшеленеді.

Тұлғаның өзін-өзі бақылай, бағалай, түзей және өзін-өзі ұстай алуы - биік мәдениет пен жетік парасатылықтың көрсеткіші, өзін-өзі бақылаудың көмегімен нақтылы мінез-құлықтың, қарым-қатынастың, іс-әрекеттің өз мақсаттарына сәйкестігі әркез сарапталып отырады.

Тұтастай алғанда көптеген авторлардың пікірі бойынша, тұлғаның өзін-өзі тануы - студенттің өзін-өзі тәрбиелеуінің, өз білімін жетілдіру мен өз тұлғасының өсіп-жетілуінің қажетті шарты. Декарттың дәлелдеуіне сүйенсек, өзін-өзі танудан өткен жемісті жұмыс жоқ, бірақ бұл үшін көрегендік пен ержүректік қажет. “Өзін- өзі адам ретінде зерттеп - білмеген адам өзге адамдарды да терең зерттей алмақ емес”.

  1. Тәрбие мақсатының педагогикалық процесс пен қоғам қажеттілігіне қарай өзгеріп отыратыны баршамызға мәлім. Қоғам мүшелерінің бәріне ортақ, бірегей мінез-құлық, қасиет болмайды.Адамдар тұлға ретінде өзіндік жеке ерекшеліктерімен дүниеге келмейді.Әрбір адамның жеке тұлға ретінде қалыптастырылып, тәрбиеленуі оның өзіндік іс-әрекеттеріне де тікелей байланысты. Ол үшін әрбір адам өзін-өзі үнемі жетілдіріп, тәрбиелеп отыруы керек..

Тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеуінде «мен» ұғымының мәні зор. Тәрбие барысында адамдарды бірдей, инкубаторлық тұрғыдан тәрбиелеу дұрыс емес. Көптеген жағдайда адамдар тәрбиесі қоғаммен, ортамен үйлеспей жатады. Мұндай жағдайда әрбір адам өзін-өзі тәрбиелеумен саналы түрде айналысуы тиіс. Бұл педагогикалық процесте - өзін-өзі тәрбиелеу деп аталады. Өзін-өзі тәрбиелеу - жеке тұлға болып қалыптасудың негізгі бөлігі.

Өзін-өзі тәрбиелеу дегеніміз — адамның өзінің теріс қылықтарын жойып, жағымды қасиеттерін жетілдіруге байланысты саналы, мақсатты іс-әрекеті. Өзін-өзі тәрбиелеу - ол моральдық және этикалық нормалардың қалыптасуы және олардың әдетке айналуы. Өзін-өзі тәрбиелеу -- адамды дамытуға арналған тәрбие үрдісі. Кез- келген адам тәрбие жүйесінде өзін әлеуметтік тұлға ретінде сезініп, қоғаммен және табиғатпен біртұтас тіршілік ете алады. Өзін-өзі тәрбиелемей жеке тұлға қалыптаспайды. Өзін-өзі тәрбиелеу барысында адам өз білімін дамытады.

Өзін-өзі тәрбиелеу окушы тұлғасын жан-жақты тәрбиелеу мен дамытуға ықпал етеді. Оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуін басқаруда олардың жас ерекшеліктерін есепке алуы керек. Өзін-өзі тәрбиелеу нышандары кіші мектеп жасындағы окушылар бойынан байқалады. Мысалы: бастауыш сыныпта оқушылар күшті батыл болғысы келеді немесе теріс қылықтарына кешірім сұрап жақсы боламын дейді. Бұл олардың өзін өзгертуге, жақсы болуға, түзелуге деген алғашқы ынтасы болып табылады.

Жастар өз еркін тәрбиелеуге ерекше назар аударады. Соның ішінде қыздар мен бозбалалар өзін-өзі тәрбиелеуге саналы түрде ұмтылады. Олар барлық нәрсені жоғары сезіммен қабылдап, сәл нәрсені өз дербестігіне құрметсіздік деп қарайды. Жоғары сынып оқушыларына өз білімдерін байыту, өздерінің ақыл-ой қабілеттерін дамыту ұмтылысы тән.

Оқушылардың өздерін өздері тәрбиелеуін ұйымдастыру мақсатында мұғалім ең алдымен төмендегідей өзара байланысты міндеттерді жүзеге асыруы керек:

  • оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуге ұмтылуын жандандыру;

  • өзіне-өзі ықпал ету құралдарын меңгеруге көмек беру;

  • өзін-өзі тәрбиелеудегі қоғамдық құнды іс-әрекеттерді тудырып отыру;

Өзін-өзі тәрбиелеуді көбіне ұнамсыз жайды сезініп, сонымен күресуден бастайды. Біреуі бойындағы берекесіздіктен, екіншісі- дөрекіліктен, үшіншілері-тұйықтықтан, ұялшақтықтан арылғысы келеді.

Мақсат қою, күш-жігер жұмсау, өзін-өзі бақылау мен өз ісіне талдау жасап отыру - өзін-өзі тәрбиелеудің басты элементі.

Оқушылар өзін-өзі тәрбиелеу программасын қалай жасауды жақсы елестете алмайтындықтан оларға жиі-жиі көмек көрсетуге тура келеді. Олар өзінің ойлау ерекшелігі мен мінез-құлқына талдау жасауға қиналады. Тәрбиешілер оқушыларға өзін-өзі тәрбиелеудің маңыздылығын түсіндіретін арнаулы әңгімелер немесе дискуссиялар өткізеді.

Өзін-өзі тәрбиелеу әдістері:

Жеке міндеттеме — белгілі мерзім аралығында өзі атқаратын міндеттерді таңдап алып, есеп жүргізу, өзіне-өзі құрмет көрсету. Өзіне-өзі міндеттеу әдісі иландыруға ұқсас. Оны бала өз кемшілігін жою үшін қолданады. Үй тапсырмасын әркез орындауға, таза жазуға, оларды байсалдылықпен ойланып істеуге жаттықтырып, оны әр уақытта қайталап, орындауға күш-жігерін жұмылдырады. Оқушы белгілі бір міндетін орындауда енжарлық көрсеткенде өзін-өзі міндеттеу, өзіне-өзі бұйыру әдісін қолданады.

Өзіндік есеп беру — қоғамдық жұмысты атқару, баланың өз іс- қылығына жауаптылығы, жолдастарымен тәжірибе алмасуы.

Өз іс-цылыгына талдау жасау — өзінің кейбір қылықтарына сын көзбен қарап, себебін білгісі келуі, оны жоюға тырысуы.

Өзін-өзі бақылау— кемшіліктерін болдырмау үшін жағымды мінез-құлықтарын дамыту мақсатында күнделік жүргізу.

Өзін-өзі тәрбиелеу белсенділігі — тәрбиеші өзін-өзі тәрбиелеуге баланың ынтасын оята алғанда тәрбие жұмысы нәтижелі жүреді.

Өзіне баға беру— мінез-құлықтарының кемшіліктерін жою үшін баланың өзін өзі тәрбиелеуі. Қазіргі қоғамдағы белсенді өмір

сүрудегі жеке тұлғаның тәрбиесін ең алдымен әрбір тұлғаның өз- өзіне деген үлкен талап қоя білуі өз ісіне жауапкершілікпен қарауы, сонымен қатар бойындағы ізгі қасиеттерді дамытудағы саналы іс- әрекеті құрайды. Ғалымдардың зерттеулері бойынша бұндай үрдісте өзін-өзі тәрбиелеу маңызды рөл атқарады. Өзін-өзі тәрбиелеу мәселесін әр түрлі қырынан тануға болады. Л.И. Рубинский өзін-өзі тәрбиелеуді “адамның өзін-өзі өзгерту мақсатындағы іс-әрекеті” деп қарастырады. А.И. Кочетков өзін-өзі тәрбиелеу үрдісін тек жеке бастың қызығушылығынан емес, қоғамдық талаптардан да туындайды деп таниды. Өз еңбегінде “өзін-өзі тәрбиелеу жеке тұлғаға саналы түрде бағынышты өзіндік даму. Адам бойындағы күш-қуаты және қабілеті қоғам тудыратын талап, мақсат-мүдде, қызығушылықтар қалыптастырады”, - деп көрсетеді. Ал В.П. Киселев өзін-өзі тәрбиелеудің негізгі саналы түрде өзін-өзі тану барысында өзін биікке жетелейтін жолдарды, ерекшеліктерді жете тани білуде деп есептейді.

Өзін-өзі тәрбиелеу үрдісінің ішкі құрылымы мен негізін. Мына кестедегідей етіп ұсынады:


№3-ші кесте. Өзін-өзі тәрбиелеу үрдісінің негізі мен құрлымы.



Бөлім

Мазмұны

Алғашқы

Өзін-өзі тәрбиелеуге бейімделудің туындауы

Екінші

Өзін-өзі тәрбиелеуде саналы түрде қалыптасқан нақты ішкі шешім

Үшінші

Өзіндік анализ /талдау/ жасау, өз-өзіне сыни көзқараспен қарау, өзін-өзі бағалау негізінде өзін-өзі тәрбиелеудің бағдарламасын құру.

Төртінші

Үнемі жүріп отыратын өзіндік сараптама жасау, өзін- өзі бағалау арқылы аталмыш бағдарламаның жүзеге асуы және сол үрдіске қажет деп есептелетін барлық әрекет түрлерінің енгізілуі







Сонымен, жоғарыдағы авторлардың анықтамаларын басшылыққа ала отырып, төмендегідей түйіндер жасауға болады.

Өзін-өзі тәрбиелеу - жеке тұлғаға болып қалыптасудың негізгі маңызды бөлігі. Оның нәтижесі қоғамдық талаптарға адамның өзіндік жауап қайтаруы, яғни реакциясы арқылы көрінеді. Өзін-өзі тәрбиелеу - ол моральдық және этикалық нормалардың қалыптасуы мен олардың әдетке айналуы.

Өзін-өзі тәрбиелеу - адамды дамытуға арналаған тәрбие үрдісі. Кез-келген тәрбие жүйесінде адам өзін әлеуметтік тұлға ретінде сезініп, қоғаммен және табиғатпен біртұтас тіршілік етеді. Өзін-өзі тәрбиелемей жеке тұлға қалыптаспайды. Өзін-өзі тәрбиелеу барысында адам өз білімін дамытады. Өздігінен білім алу - мәдени мұраны игерудің өзіндік жүйесін жасау, өзін дамытушы жүйе құру. Өздігінен білім алу білімді дамытушы қозғаушы күш болып табылады. Өздігінен оқу- адамзат тәжірибесін өзінің ынтасымен, өзі таңдаған әдіспен игеру үрдісі. Өздігінен білім, тәрбие алу, оқу адамның ішкі жан-дүниесінің қажеттілігінен туындап, өздігінен дамуға өзін-өзі жетілдіруге тұлғаны бағыттайды.

Өзін-өзі оқытуды оқу орындарының оқу бағдарламасы мен оқу жоспарынан тыс қоғамдық және өзіндік қажеттіліктер негізінде жүйелі және белгілі бір мақсатқа құрылған жеке тұлғаның танымдық іс-әрекеті деп тануға болады. Өзін-өзі оқыту - жалпы және кәсіби білімнің үздіксіз жалғасы, өйткені білімнің жан-жақты болып кеңеюіне және адамның рухани баюының жетілуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар интеллектуальдық арсеналының үнемі жаңалануына, кәсіби шеберлігінің шыңдалуына әсер етеді.

Өзін-өзі тануды өзін-өзі тәрбиелеуден ажыратып қарауға болмайды. Ол педагогиканың негізігі бөлігі ретінде қарастырылады және ол берілген тәрбиенің қорытындысы. Ол жалпы жеке тұлғаның рухани даму үрдісінде де байқалады. Өзін-өзі тану түсінігінен жалпы мәдени дамуды да бөліп қарастырмаймыз. Өзін-өзі оқыту мәселесінде теориялық материалдарға анализ жасау және өзін-өзі тәрбиелеу барысында анықталғаны жоғары курс студенттерінің көбінесе өзін- өзі басқару тәртібі сәйкес келсе, ал қалған пайызы өз-өзімен жалпы жүйесіз жұмыс жасайды. Сонымен бірге өз-өзімен жүйелі жұмыс жасау қатары университет ішіндегі студенттердің бойында күннен күнге сиреп барады. Оның себебі, студенттер өзін-өзі басқару үрдісіне даярланғанымен, оның әдіс-тәсілдері үйретілмейді. Егер мұғалім мектеп оқушыларының өзін-өзі тәрбиелеуіне басшылық жасауда қиындықтар сезінсе, онда оның өзі де өзін-өзі дамытуды дұрыс біле бермейді. Мұның себебі, педагогикалық курстарда өзін- өзі тәрбиелеу мәселесі бойынша дәріс өте аз оқылады, ал практикалық-тәжірибелік сабақтар дұрыс жүргізілмейді. Осы тұрғыдан студенттердің өзіне өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзі тануға қатысты тәжірибе аз екенін ескерген жөн.

Студенттердің өзін-өзі тану және өздігінен оқу, өзін-өзі тәрбиелеуді қалыптастыру өзінің жеке даму жолында пайдалану үшін мыналарды білуі қажет:

  1. Осы үрдісті басқару принциптерін;

  2. Оның негізгі салаларын;

  3. Өзін-өзі тану мен өзін-өзі тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдерін.

№4-ші кесте. Өзін-өзі тәрбиелеудің негізгі әдістері


Өзін-өзі тәрбиелеу әдістері

Мазмұны

өзін-өзі қадағалау

Өз тұлғасымен жұмыс үстінде студент біртіндеп өз іс-әрекеттерін меңгере алар қабілетке ие болады. Өзін-өзі қадағалаудан /болған жайтты байқау, ойша сараптауға фактілер әзірлеу өзін-өзі бақылаудың айырмашылығы: ол осы шақта өтіп жатқан немесе болашақта өтетін ойлар мен іс- әрекеттермен ілесе жүреді. Оның ерекше қызметтері бар: тек қана болып жатқан жайтты қабылдап, көріп, байқау ғана емес, оны бағалау, оған түзету енгізу.




өзін-өзі бақылау

Сыртқы орта құбылыстарын бақылай алу қабілетінен келіп шығады. Меңгеріле отырып, өзін-өзі бақылаудың әрекеттері адамның өз мінез - құлқы мен іс- әрекеттеріне ықпал етеді. Жоғары деңгейде өзін-өзі бақылау өзін-өзі тәрбиелеудің құралы мен тәсілі ретінде пайдаланылады, ол бақылау қызметін жүзеге асырады, тұлға қасиеттеріне түзетулер енгізіп, оларды қалыпқа келтіреді, тұлғаның өзіне бағытталған іс-әрекетін жүзеге асырады.

өз-өзіне есеп беру

Өзінің іс-әрекеттері жайлы өзіне-өзі есеп беру дегеніміз-өз мінез -құлықына түзетулер енгізу, оны қажетті орынға бағыттау, сөйтіп өз тұлғасын өз санасы мен еркінің нысаны ету.

өзін-өзі сендіру

Өз өмірінің фактілерін сараптау негізінде және нақты логикалық дәлелдемелердің арқасында студент өз алдына саналы түрде мақсат қойып, өзінің дамытқан ісін нақты сенімділікпен жалғастыруы мүмкін. Өзін-өзі сендіру арқылы өзін-өзі түсінуді қайта құруға , өмірдің түрлі құбылыстарына деген көзқарасты өзгертіп, сол арқылы өз мінез- құлқын өзгертуге болады.

өз-өзіне бұйрық беру

Өмірде сәтсіздіктер әр адамға кездеседі, ал өмірде өзі сенетін тірегі болмай, үміт шоғын сөндіріп алған адам өмірден түңіліп яғни адам тұлғасы өмір соққысына шыдамай, сынып кетуі мүмкін. Ал, өзін-өзі сендіру арқылы өз мінез-құлқы мен өз дамуының басты қағидасын ұғынған адам сенімді түрде шешім қабылдай алады. Бұл шешім өзін-өзіне берген бұйрық түрінде жүзеге асуы мүмкін. Өз-өзіне бұйрық түрінде ықпал ету өзін-өзі сараптау деңгейі өткен соң жүзеге асады. Себебі, шешім қабылдайды, көңілдегі күдік пен күмән белсенді іс-әрекет пен белсенді




түрдегі өзін- өзі тәрбиелеуге кедегі жасайды. Ойға алған жоспарды орындауға өзін-өзі итермелеу қажеттілігі туындайды.

өзін-өзі көндіру

Түрлі ойлар жетегіндегі жақсы мен жаман дәлелдемелерін ойында қорыта отырып, адам ақиқатқа көзі жетеді және оны өз өмірі мен қызметінде жетекші орынға қояды. Өзін-өзі көндіру үшін студент сендіру нысаны туралы жеткілікті мәлімет алуы тиіс.


А.Я. Арет өзін-өзі көндіру - өзін-өзі тәрбиелеудің басты құралы деп санайды. Ол адамға өз бойына қажетті қасиеттерді қалыптастыруға көмектеседі. Оның пайымдауынша: өзін-өзі көндіру

  • адамның өзін-өзі белгілі бір іс-әрекет жасауға итермелеуі, ал оған сәйкес, қатарлас ұғым”өзін-өзі жеңу” - адамның өзін- белгілі бір әрекетке итермелеу бағытындағы ерік-жігерін қолдану. /Арет/

Өзін-өзі көндіруге деген қабілет адамға өмір тәжірибесі -арқылы келеді. Студенттік кезде бұл қабілет толықтай берік қалыптасуы тиіс. Бұл қабілеттің қалыптасуы парыз бен жауапкершілік, ізгі саналылықтың қалыптасуымен сәйкес келеді. Сондықтан өзін-өзі көндіруді тек мінез-құлық түрі ретінде ғана емес, тұлға ретінде де қарастыру қажет.

Адамның өз-өзіне, өз тұлғасына ықпал етудің келесі түрі өзін-өзі сендіру туралы ерекше атап өткен жөн. Сендіру мен өзін-өзі сендіру педагогикалық теорияда толық зерттелмеген. Педагогикалық сараманда да бұған сенімсіздікпен қарайды. Соған қарамастан, олар - өмірде бар құбылыстар. Белгілі бір сендірусіз ешбір педагогикалық әрекет жүзеге аспас еді.

Өзін-өзі сендіру - психиканың қалыптарын сөз арқылы реттеудің әдісі. Өзін-өзі сендіру керекті психика қалпын туғызу мақсатында белгілі бір сөз бен сөйлемді бірнеше рет қайталау арқылы жүзеге асады. Бұл адам санасының деңгейін күдік пен күмәнннан арылту, жаман келеңсіз ой жетегінен алып шығу. Өз бойындағы адамгершілік қасиеттерге нық сеніммен қарау.

Адамның психикалық қалпын реттеу әдісі ретінде аутотренинг студенттерге саналы түрде эмоциялық ширығу деңгейін көтеріп- түсіруге жол береді; өзіне деген сенімін арттыруға, қорқыныш иелену сезімін азайтуға не түгелдей жоюға көмектеседі, өз жетістіктері мен

кемшіліктерін анықтау мақсатында өз мінез-құлқын сараптауға, адами қасиеттердің түрткісін жоғарлатуға, өзін-өзі тәрбиелеу үрдісін ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.

Нақты іс-әрекеттер деңгейінде адамның өз әрекеттерін реттеуі, әлеуметтік талаптар тұрғысынан қандай мағыналы болса да өзін-өзі тәрбиелеуге жатпайды. Өзін-өзі тәрбиелеу дегеніміз - өз іс-әрекетін, ішкі талаптарымен тек қана сәйкестендіріп қою емес, сонымен бірге жеке тұлғаның өзіндік рухани-адамгершілік құндылықтарын

жетілдіру.

Студенттерді өз таңдаған жолында даярлауда өзін-өзі оқыту мен өзін-өзі тәрбиелеу, оқытудың рөлі мен мәнін студенттерге жеткізу; ақпараттандыру /педагогикалық-психологиялық білім беру/; Оларды өзін-өзі жетілдіруде бағытталған іскерлікпен және дағдымен қаруландыру; өзін-өзі тану мен тәрбиелеудің жолдарын қалыптастыру; студенттердің өзін-өзі тану мен тәрбиелеу барысындағы жұмыстарын ынталандыру, қанағаттандыру.

Өзін-өзі тәрбиелеудің тұлғаға бағытталған ережелері болуы керек. Әрине, өзін-өзі тәрбиелеудің өзіндік ережелерінің болуы тұлғаның рухани жан дүниесінің деңгейімен анықталады. Біз тек дарынды педагог К.Д.Ушинскийдің өзін-өзі тәрбиелеу ережесімен танысайық.

  • Асқан сабырлылық, ең болмағанда сырт көзге.

  • Сөзде және қылықтарда турашылдық.

  • Әрекетті жан-жақты ойластыру.

  • Батылдық.

  • Өзі жөнінде қажетсіз бір сөз айтпау.

  • Санасыз бос уақыт өткізбеу, ретсіз емес көңілдегі іспен айналысу.

  • Әуесқойлық, құмарлыққа емес қажеттікке немесе сүйініске шығындану.

  • Әр кеште өз қылықтары жөнінде есеп беру.

  • Болғанды, бүгінгі болатынды айтып еш мақтанбау.

Бұл ережелердің әр жолына түрлі мағына беріп, байыта беруге болады.

Өзін-өзі тәрбиелеудің міндеттемесі оқушыны өз тұлғалық сапаларын өзі талдауына мәжбүр етеді. Бұған итермелейтін аға ұрпақтың өнегелі өмірі, іс-әрекеті, қарым-қатынасы болады. Мұғалім оқушыға өзінің орынды немесе орынсыз сапалары мен кемшіліктерін түсінуге көмектесуі міндетті, яғни өзінің кім екенін өзі ұғынуға көмек беруі қажет. Бұған мұғалімнің оқушының жүріс-тұрыс тәртібі мен мінез-құлық қылықтарына баға беруі, оны басқалармен салыстыруы әсер етеді. Мұғалім тұлғалық сапалар мен қылықтардың арасындағы байланыстың сырын оқушыға ашып береді.

Өз тұлғасын ұғынудың өзі кейде оқушыны өзін-өзі тәрбиелуге

жетелей бермейді. Өз кемшшштершщ немқұрайлы пайымдаушысы болып қала береді. Оларды түзетуге тырыспайды. Бұл жағдайда түсіндіру ұжым тарапынан сынау арқылы, өз кемшіліктерін түсініп күйзеліске келтіру арқылы сезіміне қозғау салу қажет.

Өзіндік міндеттеменің орындалуына, өз кемшіліктерін түзетуге оқушының бүкіл еркін жұмылдыруға өзіндік бұйыру көмектеседі. Тұлғаға сөз түрінде берілген: “қажет”, “жетеді”, “орындау керек”, “шыдау керек”, “тұр”, “өзіме бұйырамын” және басқа өзіндік бұйыру еркін жұмылдыруға және қиындықтарды жеңуге мүмкіндік береді. Өзіндік бұйырумен орынды қылықтарды орындаудың сапалы жаттығулары өзін-өзі тыңдаудың берік дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. Өзіндік бұйырумен таңертең белгілі уақытта тұруға, күнделікті жұмыс ырғағын орындауға, тәртіп сақтауға және т.б. орындауға болады.

Өзін-өзі тәрбиелеуде алдын-ала дайындық негізгі іс-әрекеті, қарым-қатынасы жөнінде ұжымда өзіндік есеп беру де қолданылады.

Тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеуіне педагогикалық басшылық оралымды, икемді болу керек және олардың өзін-өзі тәрбиелеу құралдарын меңгеру барысындағы түрі өзгеріп отыруы керек. Алғашқы кезде мұғалімдер арнайы ұйымдастырылған іс-шараларына, өзін-өзі тәрбиелеудің ұйымдастырылған ұжымдық іс-әрекеттерге сүйенеді. Оқушылар өзін-өзі тәрбиелеудің құралдарын меңгере түсу барысында бұл шаралар бәсеңси түседі. Әрине, бұл оқушыларды бетімен қоя беру деген емес. Онан әрі де ұжымда бірлескен іс-әрекет, қоғамдық пікір ықпалы, бетпе-бет пікірлесу арқылы көмектесіп отырған жөн.


Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Өзін-өзі тану әдістеріне сипаттама.

  2. Өзін-өзі тану ұстанымдары дегеніміз не?.

  3. Өзін-өзі тәрбиелеу жолдары қандай?.

  4. К.Д.Ушинскийдің өзін-өзі тәрбиелеу ережесін түсіндіріп

беріңіз?

  1. А.Я.Арет өзін-өзі көндіру -өзін-өзі тәрбиелеудің басты құралы

деп нені санайды?

  1. Өзін-өзі тәрбиелеу үрдісінің негізі мен құрлымы.

  2. Нақты іс-әрекеттер деңгейінде адамның өз әрекеттерін реттеуін

жаттығулар арқылы сипаттаңыз.
7-дәріс

Тақырыбы: Қазақстан ортақ мекенім

Мақсаты: студенттерді отансүйгіштікке, өз елінің сүйікті азаматы болуға, елін қорғауға тәрбиелеу.

Тірек ұғымдар: “Отан”, “Туған жер”, “Бейбітшілік”, “Бостандық”, ”Еркіндік”, ”Ынтымақтастық”, “Тәуелсіздік” “Адамзат”, “Өркениет”, т. б.

Жоспар:

  1. Патриотизм ұғымына түсінік.

  2. Отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыру.

  3. Жалпыадамзаттық құндылықтар негіздері.

Бүгінгі таңда қоғам мен мемлекеттің білім беру жүйесінің алдына қойып отырған міндеттерінің бірі-жас жеткеншектерді қазақстандық патриотизм мен Қазақстанды мекендейтін халықтардың ұлтаралық ынтымақтастығы рухында тәрбиелеу болып табылады.

Ұлттық бірегейлікті сақтаудың басты жолдарының бірі - жас жеткеншектерге патриоттық тәрбие беруде өлке тарихи мәдени естеліктері мен халық тұлғаларының ерлік мұрасын пайдалану.

Жас жеткеншектердің азаматтық, патриоттық қасиеттерін жастайынан қалыптастыру проблемасына Қазақстан Үкіметі құжаттарында және Елбасы Жолдауында аса үлкен мән берілген. Елбасы өзінің жолдауларының бірінде «Өз тарихымыз Бен ерекше жағдайларымыз негізінде дұрыс жолды таңдап алу мүмкіндігіміз де бар» (1997) десе, екіншісінде «Біз бірлесе отырып, ерлікті ұлт жасақтау жолында алға жылжуымызға қажетті берік негіз қаладық»(2005) деп өзіміздің тарихымызды, ділімізді, ұлттық қасиеттерімізді алғы шепке шығарады. Президенттің патриоттық сезімге толы осы ой-пікіріне сәйкес, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында жас жеткеншектер тәрбиесіндегі ең маңызды міндеттер (өз Отанын сүю, туған өлке тарихи тұлғаларын білу, азаматтық пен патриотизмді қалыптастыру, мемлекет рәміздері мен халықтардың салт-дәстүрлерін құрметтеу, Ата Заң мен қоғамға қайшы келетін көрністерге төзбеу, әлемдік және отандық жетістіктерді игеру, қазақ және республикада мекендейтін басқа да халықтардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін, тарихын жете білуге тәрбиелеу) сараланып көрсетіледі.

Қазақстан Республикасының жаңа экономикалық, әлеуметтік, саяси жағдайға көшуі еліміздегі түбегейлі өзгерістер педагогика ғылымының алдына шешімін күттіретін күрделі практикалық міндеттерді жүктеп отыр.

Педагог жаңашыл өзгерістерге орай жаңа ұрпақ тәрбиелеу мәселесін көтеріп, олардың бойындағы жауапкершілігі арта түсуде.

Қазіргі Қазақстандағы түбегейлі өзгерістер адамның еркін дамуды таңдауы, егеменділік жоғары білім беру жүйесінің құрылымына өзгерістер енгізуде. Елімізде қалыптасқан нарықтық қатынастарға байланысты республикамыздағы бастауыш мектепте жүргізілетін тәрбиелік шаралардың сапасына жаңа талаптар қойылуда. Тек қана оқу жүйесінің жаңаруы ғана емес, сонымен бірге жалпыадамзаттық құндылықтар ар, ождан, шындық, қайырымдылық, ұлтжандылық т.б. сана сезімнің өзгерісі байқалып отыр.

Бұл мәселеге байланысты Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «... жаңа жағдайларға сай біздің бәрімізді алаңдататын мәселе - білімді, кәсіби даярлығы бар адамды тәрбиелеу ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласында ұлттық және дүниежүзілік құндылықтарды қабылдауға қабілетті, рухани адамгершілік мүмкіндігі мол тұлғаны қалыптастыру болып табылады» - деп атап көрсетілген.

Сондықтан әр саладағы педагог-кадрларға жастарға патриоттық тәрбие беруде негізгі методологиялық принциптерге сүйену қажет.

Негізгі патриоттық тәрбиені қалыптастырудағы принциптерге біздер:

  1. ғылыми;

  2. ізгілік;

  3. демократиялық

  4. Қазақтан Респуликасының мәдени салт сана, әдет-ғұрыптары мен атамекен, атакәсіп, атамұра құндылықтары;

  5. жүйелі түрде ұрпақтан - ұрпаққа халқымыздың құндылықтарын жеткізу;

  6. патриоттық тәрбиенің тиімділігін арттырудағы қолданылатын әдістер т.б.

Патриоттық тәрбие беруде бұл принциптерді шешу мақсатында келесі міндеттер алға қойылады:

  1. патриоттық тәрбие жүйесінің қызметінің әдістемелік және басқару формасын жетілдіру;

  2. патриоттық тәрбиені жетілдірудіде аудиториялық және аудиториядан тыс уақытты тиімді пайдалану жолдарын анықтау;

  3. жағдай туғызу;

  4. тұлғаның жеке қоғамдық маңызды сапаларын Отанға деген сүйіспеншілік, өз елін, жерін құрметтеу, қорғау т.б.) жетілдіру,

  5. жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру,

  6. жаңа түрде жаңа заманға сай өз Отанының патриоты, жауапты тұлғаны тәрбиелеуде әрбір тұлғаның қызығушылығын арттыру;

  7. жанұя жағдайын, жастардың топ орталарының, жоғары оқу орнының іс әрекетін үнемі бақылауға алу.

Патриоттық тәрбие өз мазмұны жағынан барлық тәлім тәрбиенің негізгі жүйелерін құрайды. Патриоттық тәрбие адамгершілік тәрбиесімен астасып жатады. Өз Отанын сүю, еліне, халқына деген үлкен жауапкершіліктің болуы жоғары сапалы адами қасиет. Тұлғаның саяси сауаттылығына, белсенділігіне тікелей байланыс, тәрбиенің барлық түрінде қамтылуы қажет. Дегенмен патриоттық тәрбиені жетілдіру қырлары өзіне тән кешенді әдістер мен формалардың жиынтығынан тұрады. Соның ішінде қазіргі тәрбие процесінің нәтижелі болуы тұлға сана сезіміне тікелей байланысты. Ең алдымен тұлға өзін-өзі танып, өзінің өмірдегі орны мен негізгі мақсат міндеттерін анықтап алу басты мәселе. Сондықтан патриоттық тәрбиені меңгерту тұлғаның ішкі сезімі, мінез құлқына тікелей әсер етумен, өзін-өзі тануына ықпал жасаудан басталады.

Педагогикалық сөздікте: құндылық - адамның ішкі құқы, ізгілігі, адамдармен қарым-қатынасы, іс-әрекет кезіндегі көрсететін қайырымдылығы тұрақтылығы, мейірімділік жүйесі тәрбие негізі - делінген.

Ал, адамның ізгілік қасиеттері туралы педагог Мағжан: ...“Әр адамның өзін-өзі сүюі, яғни жақсылық тілеуі, туысқанын сүюі, оларға жақсылық тілеуі, өз елін сүюі, яғни еліне жауыздық тілемей, ізгілік тілеуі, пайда келтіруі, зиян келтірмей, басқаларға да зиян жасамауы - бұл ең басты міндеті болуы тиіс” - деген ой тұжырымдарынан өзін- өзі сүй дегенде, өзінің іс-әрекеті мен ішкі сезіміне үңілу, өзін-өзі тану сол арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарын игертуге шақырады. Егер болашақ ұрпақ тәрбиесінің қамын ойласақ, бұдан бірнеше ғасыр бойы ұрпақ тәрбиесіне өз идеяларын қалдырған осы ғұламалардың, парасатылыққа, адамгершілікке, тәрбиеленген озық үлгілерін қазіргі кезде пайдалану өмірдің өзекті мәселесі болуы тиіс.

Қазақтың рухани мәдениеті қола дәуірінен қалыптасып, бірнеше тарихи кезеңдерден өтіп біздің халқымызға жетті. Көне түркілерден келе жатқан көшпенді ата бабамыздың негізгі рухани мәдениетінде дін арқылы бірлесу, топтасып қалың қол жинап елдің бірлігін сақтап отырған. Шапқыншылық кезеңдерде тек қана білектің күшімен емес, жүректің, діннің, өткір сөздің, ақыл-ойдың ұшқырлығымен халықты біріктірген. Содан білекті бірді жығар- деген нақыл сөзбен өсиет қалдырған. Қазақстан халқының үш ғасыр бойы рухани мәдениеті сонау сақ, ғұн дәуірі одан кейін жалпы түркі, қазақ хандығы Ресей мәдениеті, Кеңес үкіметі кезеңдерінің тарихи мәдени даму қалыптарынан өтті. Осы кезеңдерде әрбір даму кезеңі өз кезегінде рухани мәдениеттің дамуына жолдар салды. Сақ, ғұн мәдениетінде көшпенді халықтың әдет - ғұрпы қалыптасса, жалпы түркі дәуірінде көшпенді жартылай отырықшы халықтың мәдениеті, Рессей мәдениетінде бодандық, қазақ хандығында рулық, Кеңес үкіметі жылдарында жалпы адамзатты жеке ұлтты материалды үрдіс деп тану т.с.с рухани мәдениеттің негізгі кезеңдері өзгеріске ұшырап келер ұрпаққа жеткізіліп отырған. Қазақтар ерте заманнан бастап, Отанын сүю, қорғай білу соған рух жинап тұтастықты қамту ел бірлігін ұстау сияқты рухани адамгершілік мәдени құндылықтарды сақтаған. Қазақ халқының бүгінге дейін жетіп отырған негізгі рухани мәдени құндылықтарына:

  1. Атамекен, атакәсіп, атамұра ;

  2. Кісілік қасиеттеріне: дінге табыну, шаруашылық, өнеркәсіп өнеріндегі, ішкі дүниесіндегі қол жеткен табыстарын құндылық деп санаған.

  3. Отбасын сақтау; ата - баба тарихы, шежірені білу, жеті атаны сақтау қазақтың отбасын сүттей ұйытуға, әрі қарай ата - бабасының салып кеткен ізімен жүретін рухқа тәрбиелу;

  4. Сөзде тұру, уәжде тұру, халықты жұмылдыратын өтімді сөз айту, ұлт үшін маңызды құндылықтарға жатқан.

Арабтар ислам дінін Орталық Азияға алып келді. Мысалы, көк тәңірге сиыну, наурыз мейрамын тойлау т.б. Сол кезде төбелерге шығып шыққан күнді күтіп, сол күнге сиынып, отбасының, халқының амандығын сұрау арқылы ұлы Жаратушыға сиыну, осы кезге дейін ұрысып, кикілжіңге келген, арасы алыстаған адамдарды жақындастырып табыстыру, адам-гершілік ізгілікке жол тауып отырған. Ислам дінін таратушы миссионер Қ.А. Яссауи ерлік, ел алдындағы ұят, абырой, тазалықты сақтауға шақырып отырған. Осының бәрі тоқырау заманында, әсіресе, Кеңестік заманның 20 - жылдарында қазақтар өз рухани мәдениетінен бірте-бірте айрылып, дінде, тілде шұбарлылық пайда болып, рухқа шабуыл болғандықтан қазақтың рухы әлсіреп қалды. Әлеуметтік ортаның дамуы ғарышпен қарым-қатынас, өзге елдермен араласу қазіргі кезде егеменді елдігімізді алған шағымызда жастарымыздың рухани - адамгершілік мәдениетін жаңадан бұрынғы әдет ғұрып салт сананы сақтай отырып дамытатын рухани жаңартатын тәрбие керектігі өте айқын. Оған дәлел біздің зерттеулеріміздегі жоғары оқу орнындағы жүргізілген тәжірибе қорытындысынан көруге болады.

Педагогика ғылымының негізін салушылар Я.А. Коменский, К.Д. Ушинский, А.С. Макаренко, В.А. Сухомлинский, т.б өз қажеттігін тануды жеке тұлғаның кемеліне келуінің, кәсіби жетілуінің басты көрсеткіші ретінде есептеп, бұл ұғымның аспектілерін әр кезеңде әр тұрғыдан қарастырған. Мысалы Ян Амос Коменский жеке тұлғаның өз бойындағы рухани күшін дамытуға мұғалім көмектесе алатынын көрсете келе, ол: «Тек ақылды адамдар тәрбиелеу емес, жеке тұлғаны түгелдей дамыту - оқудың ең басты міндеті»,-дей келіп, оның жүйесінің негізі жеке тұлғаға бағытталған - негізгі құндылықтар - ақыл-ой, адамгершілік және діни тәрбиені жүзеге асыруды көздеген.

Тәрбиені ізгілендірудегі басты мақсат - студенттерді ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар арқылы дамытуға, мәдени дағдыларды игеруге, өзіне және өзгелерге жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға назар аудару.

Тұлғаға бағытталған тәрбиеде рухани - адамгершілік ұстанымдарын жүйелі түрде жүргізу тиімділікке жеткізеді. Ол үшін студенттердің мәдени құндылықтарды игеруіне, өзін-өзі дамыту дағдыларына, өмір сүре білуге бейімділігіне, тұлғааралық қатынастарды, дағдыларды игеруіне, өзіне және өзгеге жауапкершілікпен қарауына көмектесу басты нысана болып табылары сөзсіз.

  1. Азаматтық тәрбие сана-сезімді, дүниетанымды қалыптастырудан басталып саяси идеялық тәрбие арқылы отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа әкеледі. Отансүйгіштік,

ұлтжандылық екеуі егіз ұғым. Патриотизм - Отанға деген сүйіспеншілік, бойындағы күш-қуатын, білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің әдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту. Патриотизм грекше patriotes- отандас, patris- отан, туған жер деген ұғымды білдіреді. Отансүйгіштік - адамның бойындағы сезімге байланысты. Шәкірттердің сол сезімін ояту, өзін өз елінің азаматымын деп сезіне білу, өзінің бүкіл елімен және халқымен туысқандығын сезу, адамды қолдап, отыратын өзінің күші мен мүмкіндіктерін, сенімін нығайтатын ең күшті сезім болып саналады. Отансүйгіштік ұғымы елдің саяси құрылысына, оның саяси мекемелеріне сүйіспеншілік пен халықтың құрамын, өзі өмір сүріп отырған мәдени ортаға (мәдениетке, адамгершілікке, елдің әдет-ғұрпына) халықтың сүйіспеншілігін, өзі өмір сүріп отырған әлеуметтік ортаға (елдегі әлеуметтік-экономикалық қатынастарға, оның еңбек жағдайларына) халықтың сүйіспеншілігі мен құрметін қамтиды. Қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу міндеттеріне:

  • Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір ұлт өкілдеріне ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімді түсіндіру;

  • Қазақстанда қызмет етуді мойындату;

  • Қазақстанды ішкі немесе сыртқы жаудан қорғауға дайындау.

Қазір буржуазиялық, пролетариаттық патриотизм жоқ. Әр

мемлекет өз мүддесін қорғайды. Сондықтан елдік, отандық патриотизм немесе отансүйгіштік тәрбие бар.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген қоғамда жаңа идеология қалыптастыру керек болды. Бұл идеологиялардың негіздерін «патриотизм», «қазақстандық патриотизм» және «ұлтжандылық» ұғымдары құрайды.

Ежелгі грек жерінде пайда болған патриот сөзі дүниежүзілік қауымдастықтың даму тарихына және мемлекеттерді саяси жағдайға байланысты сан алуан сипат пен мағынаға ие болып отырған. Ежелгі грек ғұламалары Аристотель, Платон, Цицерон, 18-ғасырда француз матералистері, неміс философтары, орыс революционер- демократтары, қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев т.б. еңбектері мен шығармаларын еліне, жеріне деген ұлтжандылық және патриоттық сүйіспеншілік көрініс тапқан. Патриоттық тәрбиенің негізгі мақсаты-жеке тұлғаның, әлеуметтік топтың патриоттық іс-әрекеттерін саналы түрде меңгеріп алудағы талпынысын айқындайтын саяси моральдық, кәсіптік шынықтыру салаларымен қалыптастыру.

Қазақ халқының батыры, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Патриотизм-Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы қоғамдық-мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзінің мемлекетке тәуелді екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз- мемлекет деген ұғымды, оны жеке адам мен барлық жағынан өткені мен бүгінгі күнімен және болашағы мен қарым-қатынасын біріктіреді»,- деп атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ соңғы жылдардағы педагогикалық зерттеулерде жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің теориялық тұстарының ескерілмей келгені де байқалады. Міне, осы проблемалардың бәрі патриоттық тәрбие мәселесінің белсенділігін көрсетсе керек. Қазіргі егменді ел жағдайында жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, олардың елін, жерін сүйетін, ана тілін ардақтайтын, ұлтын пір тұтатын азамат болып өсуін қамтамассыз ету-бүгінгі мектептің басты мақсаты деуге болады.

Жоғарыда патриотизм ұғымына берілген сипаттамалар мен зерттеушілер, ұлы ойшылдардың, қазақ зиялыларының пікірлеріне сүйене отырып, біз өз пайымдауымызды білдірдік. Патриотизм-ол өзінің туған жеріне, тіліне, еліне, мемлекетке деген сүйіспеншілік сезімі, сол мемлекеттің, Отанның гүлденуіне, өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосу, қызмет ету.

Ел Президенті Қазақстан халқына жолдауында:-Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз,-деген болатын. Қазақстан түрлі тарихи аласапырандарды басынан өткізіп барып, тәуелсіздікке қолын жеткізген, көп ұлтты республика. Сондықтан оның берік болуы патриоттық тәрбиені дұрыс жолға қоя білуге байланысты болмақ. Тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа Конституциясында да республика қызметінің түбегейлі қағидаларының бірі- қазақстандық патриотизм деп атап көрсетілген.

Қазақстандық патриотизм ұғымы біздің тәуелсіздігімізбен қоса туған жаңа сөз болып, еліміздегі саяси-әлеуметтік ахуалдың ерекшелігін көрсетеді. Елімізде жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың өкілі өмір сүруде. Қазақстан олардың көпшілігінің туған Отаны және бұдан былай да мәңгі тұрақтап қалар мекені болмақ. Сондықтан олардың әрқайсысы Қазақстанды ата жұртым деп танып, оның тәуелсіздігін қорғауға және материалдық байлығын арттыруға еңбек етуі тиіс. Сол себепті қазақстандық патриотизм ұғымы күнделікті өмірде жиі қолданылып, кеңінен қалыптасып келеді.

Бұл ұғымның педагогикалық жүгіне келер болсақ, ол болашақ Қазақстан азаматтарын тәрбиелеумен тығыз байланысты. Қазақстандық патриотизм-Отан-анаға деген сүйіспеншілік пен азаматтық ерлік,өнеге көрсетушілік,бойдағы білім мен білікті,ақыл- парасатты ел игілігіне жұмсау,атамекен мүддесіне арнау болмақ. Өз елінің өткенін құрметтей білу де осы қазақстандық патриотизм құрамына кірсе керек.

А.Абижанов - «патриотизмнің мәні өте күрделі. Бір жағынан,ол ізгілікті саяси үрдіс, яки жеке тұлға һәм қоғамдық сана элементтерінен тұрса,екінші жағынан,Отанды қорғауға,нығайтуға бағытталған сезім болып табылады»-деген.Мұнда автор патриотизм деген ұғымды адамның санасы және сезімімен байланыстырып отыр,демек, болашақ азаматтардың бойына патриоттық сана-сезім орнықтыру қажет.Қазақстандағы мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеу тақырыбы көптен бері зерттеліп келеді. Сондай еңбектердің бірі ретінде С.Қ.Нұрмұқашеваның «Қазақстан мектептеріндегі оқушыларды патриотизмге тәрбиелеудің дамуы» еңбегі атауға тұрарлық. Онда,білімнің мазмұнын жаңғырту, оқулықтарға қазақстандық материалдар енгізу; оқытудың әдіс- тәсілдерін жаңғырту; оқушыларға тарихи ерекшеліктерді іздеп табу оларды оқу-тәрбие ісіне пайдалану секілді іс-әрекеттерін ұйымдастыру секілді ұсыныстар берілген.

Патриотизмге тәрбиелеу үрдісінің танымдық мәнін естен шығаруға болмайды, бірақ ол әрбір оқушыда патриоттық сана, патриоттық сезім қалыптастырудан бастау алғанда ғана тиімді болмақ. Психологияда адамның жан-дүниесі, сезім әрекеттеріне екінші сигналдық жүйенің ықпалы мол екендігі айтылады. Бұл ретте мектептердің патриотизмге тәрбиелеу жолдарын қарастыра келіп, олардың, жалпы оқушылардың сана - сезіміне ықпал ету, іс- әрекеттерін ұйымдастыру бағыттарында жүргізілгендігін анықтадық. Ұйымдастыру жұмыстарын осы бағыттар бойынша топтастырсақ, олар былайша бейнеленеді: лекторий, соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесулер, әңгіме кітаптар бойынша оқырман конференцияларын ұйымдастыру, ойын-сауық кештері, мұражайларға материалдар жинау, фото қалқаншалар, фотоальбомдар жасау тағы басқа іс-әрекеттерді ұйымдастыруға бағытталған. Тәрбиелік іс-шараның бағыттары «ұлтжандылық,ұлттық патриотизмдік» сананы қалыптастыру болса,ол-ар,намыс,ождан,қарыз,парыз секілді тағы басқа ұғымдар мен түсініктерді нақтылауды;олар туралы оқушы білімдерін жетілдіруді және олардың ауқымын кеңейтіп,тереңдетуді; сөйтіп Отан, мемлекет, ел, ұлт,халық,атамекен секілді киелі ұғымдармен байланысын ашып көрсетуді талап етеді. Өсіп келе жатқан жас буындардың бойында ұлттық патриотизмді қалыптастыруда, олардың әрқайсыларының «өзін ұлтының перзентімін» деп сезінуін нысанаға ала отырып, Қазақстандағы дәл бүгінгі жағдайда «ұлтты сақтап, одан әрі өркенін өсірудің кепілі»,-деп білген жөн. Мұның өзі «ұлт дегеніміз - ұлттың өзін-өзі билеу идеясы басын құраған адамдардың шынайы жүрек жарды бірлестігі» деген идеядан өрбиді.

Патриоттық сезім- келтірілген киелі ұғымдармен байланысты: қуаныш, мақтаныш, күйіну, сүйсіну секілді т.б. эмоция спектілеріне қозғау салу, ояту, дамыту, қалыптастыру мәселелерін шешуді де көздейді. Патриоттық сезім- жоғары сезімдер тобына кіреді деген пікірдеміз. Өйткені ол «қоғамдық мәнді және көңіл күйге байланысты моральдық сезімдерге» қатысты болып келеді, ол сананың жетілуімен тығыз байланысты дамиды. Қоғамдық тәрбиенің ықпалымен патриоттық сезімдер тұрақтанып, оқушының іс-әрекеті, мінез-құлқынан, сөзі мен ісінен көрініс беріп, ұлты, халқы, Отаны үшін қызмет етуге дайын тұрады.

  1. ҚР «Білім туралы» заңында білім беру мазмұнына жалпы талаптар анықталған, олар мәдениеті өркендеген демократиялық қоғамға үйлесімді жаңа адам үлгісін тәрбиелеуге бағытталуға тиісті. Болашақ қоғамның азаматы мыналарды меңгеруге міндетті:

  • дүниеге диалектикалық көзқарастың негізі болып саналатын белгілі мөлшердегі ғылыми білім жүйелерін;

  • ана тілі мен ұлтаралық қатынас тілдерін, өзінің және басқа халықтардың тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлердің қайнар көзі болып табылатын рухани адамгершілік байлықты;

өздігінен денсаулығын нығайтуға, эстетикалық талғамын қалыптастыруға, әлеуметтік белсенділік көрсетуге, азаматтық, нарықтық қатынастар жағдайындағы әр қилы өмірде өз бетімен еңбек етуге дайын болуға.

Қазіргі білім мазмұнын қалыптастырудың ортақ негіздеріне гуманитаризация, гуманизация, экологизация, дифференциация, интеграция, әлемдік және ұлттық мәдениет мұраларын кең қолдану, жаңа ақпараттық технологияларды кең пайдалану, көпкомпонентті, толыққанды оқыту үрдісінің шарты және нәтижесі ретінде шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыру жатады. Реформация үрдісі білім мазмұнын интеллектуалдық, моральдық, және рухани жетілуді жеке тұлғалық ізденуді жүзеге асырушы адам типін жобалайтын жаңа модель болып табылатын интеграциялауға негізделеді.

Құндылықтар мәселесі қоғамның идеологиялық тұғырлары дискредитацияға ұшырап, мәдени дәстүрлері құнсызданған кезде, әрбір халық өзін мазалаған сансыз сұрақтың ең болмағанда бір бөлігіне жауап табу үшін өзінің өткен тарихы мен мәдениетіне бет бұрған кезде, тарихтың өтпелі, дағдарыстық кезеңдерінде өткір қойылып отырған.

Әдеби шолуларға сүйенсек құндылықтар жіктелуі әртүрлі: философиялық тұрғыдан витальды (өмір, денсаулық, игілік, экология және т.б.); әлеуметтік (әлеуметтік статус, жағдай, байлық, отбасы, тәуелсіздік және т.б.); діни (Құдай, сенім ғұрып, шіркеу және т.б.); моральдық (қайырымдылық, достық, сүйіспеншілік, парыз, адалдық, әділеттік және т.б.) эстетикалық (сұлулық, идеал, үйлесімділік, және т.б.); саяси (заңдылық, мемлекеттік, ата заң, азаматтық еркіндіктер және т.б.) Осылайша құндылықтар жалпы динамикамен сипатталатын мәдени реттеушіліктің қозғалмалы саласын білдіреді.

Педагогикалық тұрғыдан рухани-адамгершілік құндылық тәрбие арқылы жүзеге асады. Негізінен рухани адамгершілік құндылықтар адам бойынан бастау алады. Себебі адам жаратылысы өмірге өзіне қарым-қатынасы, тұрмыс тіршілігі саналы іс-әрекеті мен сезімі арқылы өлшеніп сараланып отырады.

Бірақ осы құндылықтардың өмірдегі мәнін түсініп, талдап, саралап қабылдайтын бұл -адам санасы. Адам санасында бірінші құндылықты анықтау үшін белгілі бір себепке байланысты қажеттілік оянады, әрі қарай сол қажеттілікті қанағаттандыру жолында өз алдына мақсат қойып, өзі үшін құндылық негізін анықтап алады. Негізгі рухани-адамгершілік құндылықтар бұл адам бойынан бастау алады десек те болады. Себебі рухани-адамгершілік құндылықтар адам жаратылысы, олардың өмірге қарым-қатынасы, тұрмыс тіршілігі, саналы іс-әрекеті мен сезамі арқылы өлшеніп, сараланып отырады. Сондықтан ең жоғары құндылықтардың өзегі - бұл адами қасиеттер және адам екендігі қоғам дамуында әрдайым дәлелденіп келген.

Философиялық, педагогикалық, психологиялық әдебиеттерде тұлғаның өзін-өзі тануы мен рухани адамгершілік құндылықтар төмендегі бағыттарда қарастырылған:

Рухани-адамгершілік құндылықтар, тұлғаның өзін-өзі тануы және оның дамуындағы философиялық көзқарастар /Сократ, Әл-Фараби,

Ж. Баласұғұни/.

Тұлғаның өзін-өзі тануына қоғамның ролі және өзара қатынас сипаты туралы: /Я.А. Коменский, И. Песталоции, К.Д. Ушинский,

А.С. Макаренко, В.А. Сумомлинский, т.б./ .

Қазақ тарихындағы ғұламалардың адам тәрбиесіндегі өзін-өзі тануы туралы ой-пікірлер А.Құнанбаев, Ш. Құдайбердиев, Ы. Алтынсарин, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, т. б./.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Патриотизм ұғымына түсінік беріңіз.

  2. Отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыруға сіздің көзқарасыңыз?.

  3. Жалпыадамзаттық құндылықтар негіздері деп нені айтамыз?

  4. Қазақстандық патриотизм ұғымын қалай түсінесіз?

  5. «Қазақстан ортақ мекенім» тақырыбына өзбетімен жұмыс жасау.

8-дәріс




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет