Тақырыбы: «Сыр саңлағы сатирик ақын»
Мақсаты: Оқушыларды ақынның өмір жолымен таныстыру, ақын өнері арқылы қазақ әдебиетіндегі жалынды поэзиялық туындылардың тақырыбы мен ой тереңдерін сараптай білуге үйрету, олардың мәнерлеп оқу қабілеті мен рухани танымдарын кеңейту. Оқушыларды поэзияны сүюге, ақын жырларын, өз елін, ұлтын сүюге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Ақын шығармаларының жинағы, слайд, кітап көрмесі
Жүргізуші: Қайырлы күн ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі өткізілгелі отырған әдеби поэзиялық кешіміз Асқар Тоқмағамбетовтің жыр әлеміне арналады.
Өзге өлсе де, қалатын тірі,
Жапырағы түсіп солмайтын гүлі.
Сайраса бұлбұл жүрекке жылы,
Мақтадан жұмсақ ақынның жыры.
Ақын, жазушы, публицист, мысалшы, сықақшы, фельетоншы Асқар Тоқмағамбетовтің 110 жылдығына арналған «Сыр саңлағы сатирик ақын» атты әдеби поэзиялық кешімізге қош келдіңіздер! Қазақтың көрнекті қаламгері әрі мықты сатиригі А.Тоқмағамбетов қай тақырыпқа қалам сілтесе де көркем ойдың көкжиегінен көрініп, қалың оқырманның сүйіспеншілігіне бөленгені баршаға аян. Көрнекті жазушы, сатирик-ақын, Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Асқар Тоқмағамбетовтің 110 жылдық мерейтойына арналған әдеби кешімізде сіздер ақынның өмір жолымен, шығармаларымен, өлеңдерімен, сықақтары мен мысалдарымен таныс боласыздар.
Асқар атамыз – әдебиеттің өз адамы. Бойында ұлы жаратушы сыйлаған талант құдіреті, анасының ақ сүтімен дарыған суреткерлік қарым-қабілеті бар атамыз қазақ халқының дәстүрлі өнерінің құтты мекені Сырдария -Жырдариясында дүниеге келуі тегін емес. Олай болса ақын атамыздың өмір жолдары мен шығармаларына кезек береміз.
Кітапханашы:
Асқар Тоқмағамбетов 19 қыркүйекте 1905 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы , бұрынғы 18 партия сьезді атындағы кеңшарда дүниеге келген. Алғашқы білімді ауыл молдасынан алған. 1924-1926 жылдары Ташкенттегі политехникумда оқыған. «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің редакциясында істеген. 1932 жылы Мәскеу журналистер институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. «Лениншіл жас» (1927-1930), «Ленин жолы (1933-1934), «Қазақ әдебиеті» (1934-1935), «Социалистік Қазақстан» (1937-1944) газеттері мен «Ара» журналында қызмет істеді. Қазақстан жазушылар одағының Шымкент, Қызылорда облыстары бойынша жауапты хатшысы болды. 1924 жылы «Ленин суретіне» деген тұңғыш өлеңі «Еңбекші қазақ» газетінде басылған. 1928 жылдан бастап өлеңдері мен поэмалары, очерктері мен фельетондары сан рет жеке кітап болып басылып шықты. «Екі заң», «Сайлау», «Алдар көсе», «Бір семья» деген пьесалар жазды. Әсіресе мысал жанрына мол қалам тартқан. Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту және І дәрежелі Отан соғысы, Октябрь революциясы ордендерімен және медальдармен, бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. А.Тоқмағамбетов – кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі десек, онымыз – анық ақиқат, айна-қатесіз шындық. Бұл жерде кеңес дәуіріндегі кезеңнің қалай айтсақ та қазақтың қасиетті сөз өнері –әдебиетіміздің ең бірі көрнекті, мол да мазмұнды бөлігі болғанын, А.Тоқмағамбетов шығармашылығының өмірінің соңғы күніне дейін дәл осы дәуірдің әдебиетімен бірге жасасып, біте қайнасып келгенін айтуға тиіспіз. Біріншіден, А.Тоқмағамбетов –әдебиеттің өз адамы. Тума талантты, табиғи дарынды суреткердің шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, көріп-білгені, естіп тыңдағаны ән мен жыр болса, ол ақын болмағанда қайтеді. Жастайынан тәлім алғаны, үлгі тұтқаны ақындар мен жыраулардың, өңкей өнерпаздардың ортасы болғаны туралы ақынның өзі: «Әкемнің аздап жазатыны бар еді. Оның үстіне сол кездегі шыққан қисса- кітаптардың бәрін жинап, түптеп, таспалап тастайтынды. Мен хат танығасын, соларды маған оқытып отыратын. Әсіресе, сол кезде Қызылорда облысында көп болды. Шораяқтың Омары, Қаңлы, Кете Жүсіптер, Даңмұрын, тағы басқалар. Олардың көбірек жазатыны айтыс болатынды. Мен солардың бірін қалдырмай жазып алып, оқып шықтым. Ауылдағы әнші ақындардың қасында да жүретін едім», дейді.
«Қош аман бол» өлеңі
Жүргізуші:
Ақынның сыр төгілген сиясынан,
Қыран боп ұшып жатты ұясынан.
Талпынған талантты жас дарындылар,
Нәр алып жатты ағаның мұрасынан.
Кезекті Асқар атамыздың туған жер туралы жазған жырларына береміз.
Жалғас Аружан 7 б сынып оқушысы
Алтын теріп отырмыз топырақтан,
Дегенде әкем, қарқылдап күлуші едік.
Өтірігі шығар деп қосып айтқан,
Білгірсініп, жөтеліп тұрушы едік.
Сап-сары алтын, қара алтын, аппақ алтын,
Бәрі жерден шығарып енді білдік.
Ұстап едік әкенің диқан салтын,
Бар алтынның барлығын жерден тердік.
Топырақ, су болмаса нан жоқ екен,
Еңбек болса бар байлық жер үсті екен.
Егер дала болмаса нәр жоқ екен,
Енді білдім, тәңірден жер күшті екен.
Жоштай Дәулет 6 б сынып оқушысы
Топырақтың бәрі алтын, зер боп кетті,
Елдің көбі еңбекпен ер боп кетті.
Су сыбдыры, сыбызғы, сырнай болып,
Қамыс, қурай әншімен тең боп кетті.
Бірақ болат орса да егініңде,
Темір тасып тұрса да көміріңді.
Басқаратын барлығын бір бас керек,
Көркейтпейсің оларсыз өміріңді..,
Бір бас керек біріне маман басшы.
Өйткені өмір жаңадан жаралмақшы.
Бәрін темір басқарып кете алмайды,
Тілін тауып,білетін адам жақсы.
«Ақболтай» өлеңі
Айналайын, «Ақболтай»,
Сағынып келдім алыстан.
Баяғы шобыр атым жоқ,
Үркетін қалың қамыстан.
Астымда сұлу «Волгам» бар,
Сыр желімен жарысқан.
Заманның жаңа тұлпарын,
Мініп келдім, «Болтайым».
Атжем сұрап келгем жоқ,
Желің болып жортайын.
Сағымың болып сайыңда,
Самғайыншы деп келдім.
Тұманың болып түніңде
Толғайыншы деп келдім.
«Қаздар қайтып келеді» өлеңі
Туған жерін қайтар қаздар сағынып,
Біреу емес, жүздеп, мыңдап ағылып.
Ең арғысы бағандар да әндетіп,
Гуілдейді қайтқан қазға шағынып.
Сұлу көлдер, көк өзендер мөлдіреп,
Қаздан көзін айырмайды елжіреп.
Туған жердің малта тасы ыстық-ау,
Қандай құдірет оғы келіп сөндіред.
Мыңдаған жол жібек төсеп шықса да,
Мыңдаған тау «маған, мін» деп бұқса да,
Бұрылмайды қайтқан қаздар қайырылып,
Қарсы алдынан тажал шығып жұтса да.
Қаздар қайтып туған жерге жете бер,
Сені мұнда сағыныштар жетелер.
Кең далада гуілдесе бағандар,
Ауылыңның өз бағаны екен ол!
«Қызылорда вальсі» әні орындалады.
Жүргізуші: Асқар Тоқмағамбетов жайлы айтылған жылы лебіздерге кезек береміз.
Тіл жөнінен бұрынғының қорынан қарбытып алып отыратын, анық асыл тіл байлығы бар екі ақында бөліп айтар едім, олар - Асқар мен Ғали. Асқар қырғи тілді ақын.
Мұхтар Әуезов
Асқардың көп ақынға үлгі болатын бір жағы – ол өзі қалам ұстаған күннен бастап Отанымыздың күнделік тіршілігіне дауысын үздіксіз қосып, заманы мен қатар адымдап келеді. Оның шығармаларын тұтас алғанда, социалистік құрылыстың табысын сипаттайтын шежіре сияқты. Оқушы көпшілік Асқардың шығармаларынан өз өмірінің бейнесін табандықтан, ол халыққа ең сүйкімді болып танылған ақынның бірі .
Сәбит Мұқанов
Мен күрішті тек қолмен өсірсем, ал Асқар ақын оны қаламмен мәпелейді, жүрегімен жырлайды, шынайы шығармаларымен өрнектейді. Ыбырай Жақаев
...Асқардың өмірбаяны республикамыздың өмір баяны. Асқар осы өмірдің әр дәуірін жырымен баяндап отырғанда, өз сезімі мен жүрек күйін де сол жырларында қалтықсыз көрсетіп келген. Ол біздің ең белсенді, ең ұшқыр ақындарымыздың бірі.
Әбділда Тәжібаев
Жүргізуші: Кезекті Асқар атамыздың табиғат жайында жазған жырларына береміз.
«Жапырақ жерге түседі күз келгендей» өлеңі
Жапырақ жерге түседі күз келгендей,
Суық тиген баладай өкпесіне.
Көбелек те ұшпайды гүлден-гүлге,
Шыдамайды суықпен беттесуге.
Табиғаттың қызық қой құбылысы,
Бір жерде –алтын, бір жердің құрышы бар.
Бөлек-бөлек әр заттың құрылысы,
Әрқайсысының әр түрлі тынысы бар.
Біреуі кештеу піседі, біреуі ерте,
Әр жемістің мезгілді кезеңі бар.
Маңдай болмас ешқашан артқы желке,
Бәрінің өз орнында керегі бар.
«Сыр сұлуы» әні орындалады.
Жүргізуші: Әсем ойларға Асқар поэзиясының асқақ ырғақ- ұйқастары да Сыр бойының боз топырағымен бірге жаралған. Асқар атамыздың асқақ ойлы кезек береміз.
«Поэзия, сұлулық бар еңсеңде» өлеңі
Поэзия, сұлулық бар еңсеңде,
Сұлулықты іздеп келем тыным жоқ.
Сөз маржанын жетпіс бес жыл терсем де,
Таңдаулысын таба алатын түрім жоқ.
Нәзік жүрек қалтырайды дірілдеп,
Айналамды ақтарам деп ізденіп.
Жүрегімде табамын деп күпілдеп,
Қала ма деп қорқам бір күн жүз келіп.
«Ақынның жыры, жүректің сыры» өлеңі
Өзге өлсе де, қалатын тірі,
Жапырағы түсіп солмайтын гүлі.
Сайраса бұльұл жүрекке жылы,
Мақтадан жұмсақ ақынның жыры.
Өртесең отқа күймейтін жанып,
Тұншығып суға өлмейтін алып.
Қартайып жүдеп, тозбайтын қажып,
Металдан мықты ақынның жыры.
Ақынға ауыр іс түскен күні
Батырға ауыр күш түскен күні.
Майданға бастап баратын осы,
Оқ өтпес, өлмес ақынның жыры.
Көңілдің күйін, ерліктің туын,
Гимн ғып жырлап, жеңіске жетіп,
Махаббат шыттық сезімнің сыйын,
Заманның күйін, бұрқантып айтып,
Қайтатын да осы ақынның жыры.
Жүргізуші: Ақынды атақты еткен де ең алдымен оның сықақтары, фельетондары мен мысалдары. Оның сықақшылдығы – оның отаншылдығы еді. Кезекті ақынның мысалдарына береміз. «Бидай мен қаңбақ» мысалының қойылымын тамашалаңыздар.
Бидай мен қаңбақ
Автор:
Өзі қаңбақ болсын,
Онда қайдан салмақ болсын,
Тұрақтай алмай тегістікке,
Тірелді бір күн егістікке.
Бидайға қаңбақ твм қатты,
Дауыспен былай тіл қатты:
--Сен осы бидаймысың?
--Бидаймын.
--Ақыл айтсам тыңдаймысың?
--Тыңдаймын.
--Ашып айтсақ дұрысын,
Осы қай тұрысың?!
Жүрмейсің, көрмейсің, кезбейсің,
Не бар, не жоқты да сезбейсің.
Көктемде шығып,
Бастарың салбырап,
Күз болса бұғып,
Тұрғандарың маужырап...
Мен болсам міне,
Күні мен түні
Ұшарымды жел біліп,
Сайран салып жүргенім,
Қызық өмір сүргенім...
Қансына симай:
-Ашып айтсақ дұрысын,
Осы қай жүрісің?
Белгілі тұрағың жоқ,
Бас түгіл құлағың жоқ,
«Суф» десе қонасың,
«Уф» десе ұшасың,
Қаңғырған қаңбақсың,
Кімге тұлға болмақсың?
Біз болсақ міне,
Күні мен түні
Жинағанымыз дән,
Айналамыз толған ән...
Абырой да, бақ та,
Атақ та, даңқ та
Ерлік те, жеңіс те –
Барлығы осы егісте..
Автор: Бидайдың сөзі осымен бітті,
Қаңбақ жөніне зытты..
Дұрысын айтқан;
Бидай ма, қаңбақ па, -
Оны өздерің салмақта.
Асқар Тоқмағамбетовтың 110 жылдық мерей тойына арналған бейне слайд көрсетілді. Библиографиялық шолу жасалды. «Сырда туып, сырда өскен ақын Асқар» атты кітап көрмесімен таныстырылды.
Жүргізуші: Бір кездері ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Асқардың шығармашылығына сүйсініп: «Қырғи тілді Асқар» деп жоғары бағаласа, Асқар Тоқмағамбетовтың өміршең поэзиясы сол қарқынан әлі де төмендеген жоқ, қазақ өлең-жырының бір асқар белі боп мәңгі жасай бермекші. Біз атақты ақынымыз, жазушымыз Асқар Тоқмағамбетовтың өлмейтін жырларымен біргеміз. Ақынға арнап жазылған арнау өлеңдерін жырлаймыз.
Кезекті арнау өлеңдеріне береміз.
«Нұрлы жол»
«Жырыңнан күнде нәр алып»
Жүргізуші:
Немерем мен шөберем.
Сендерменен көркейіп,
Сендерменен көгерем.
Сендерменен өркендеп,
Сендерменен көбейем.
Сендер тірі тұрғанда
Мен қартайып неге өлем? – дей келе ақын рухы мәңгі өлмейді. Ақынның өміршең өлеңдері мәңгі жасамақ, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қала береді. Осымен Асқар Тоқмағамбетов атамызға арналған әдеби поэзиялық кешіміз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға алғысымызды білдіреміз.
Достарыңызбен бөлісу: |