Тақырыбы: «Төрлет, жыл басы-Наурызым» Мақсаты



Дата15.09.2017
өлшемі216,43 Kb.
#33440
Тақырыбы: «Төрлет, жыл басы-Наурызым»

Мақсаты: Оқушыларға Ұлыстың ұлы күні туралы толық мағлұмат беру, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйрете отырып, Наурыз қазақтың ұлттық мейрам екенін ашып көрсету ; мерекеге байланысты ұлағатты сөздердің мағынасына қарай оқушыларды адамгершілікке, елін, Отанын сүюге, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеу.

Жаршы(Азамат): Уа, халайық,халайық!

Тыңдаңыздар, тыңдыңыздар!

Босқа қарап тұрмаңыздар

Наурыз тойы басталды

Көргендер де арманда,

Көрмегендер де арманда

Қызықтан тыс қалмаңдар!

Бақытбек: Уа, жараңдар, жараңдар!

Бәрің бері қараңдар!

Наурыз думан басталды,

Бір сәт зейін салайық.

Ұштасқан оймен мәңгілік

Біздерде бар сан ғұрып,

Ғасырлардан ғасырға

Келе жатқан жаңғырып.

Бермен жақын тұрыңдар,

Сөзіме көңіл бөліңдер

Наурыз тойын жайдары

Көңілмен қарсы алыңдар!



Азамат: Уа, халайық! Уа, көпшілік! Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекелерің құтты болсын! Наурыз мейрамына шақырамыз! Келіңіздер , көріңіздер, тамашадан құр қалмаңыздар.

1-жүргізуші: Армысыздар, жамағат!

Ару көктем, әз наурызым, ақ күнім,

Ала келген бар әлемнің шаттығын.

Қазан-қазан көже жасап,

Азан-қазан көңілменен күй кешу

Біздер үшін бақ бүгін!



2-жүргізуші: Наурыз келді нұрландырып дүниені,

Жерге басын алтын тәжді күн иді.

Бүкіл әлем жаңарады, түрленеді,

Кәрі дала жасарып гүлденеді.

Жан дүниемде ғажап сезім оянады,

Ой да, қыр да алуан түске боянады.



1-жүргізуші: Қайырлы күн, мейрамға жиналған барша қауым. Бүгінгі Ұлыстың ұлы күні- ата –баба сөзімен айтқанда ақ түйенің қарны жарылған күн.

2-жүргізуші: Наурыз мейрамы- бұл көктем мен еңбектің мерекесі, күн мен түн теңесетін күн. Бұл мейрам 22 наурыздан 19 сәуірге дейін тойланатын ұзақ мейрам. Көктем мен Жаңа күн мерекесі.

1-жүргізуші: Иә, наурыз сөзі «нау»- жаңа, «рыз»- күн деген сөзден шыққан.Яғни, бұл қазақша күнтізбеде жаңа жыл мейрамы деген мағынада қолданылады.

2-жүргізуші: Жыл басы Наурызда айтылған ақ тілектің бәрі толық орындалады деп бабаларымыз айтып кеткен. Сол секілді баршыңызға мықты денсаулық, жаңа бақыт,жаңа шаттық, жаңа өмір, жаңа қуат, жаңа табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз.

1-жүргізуші: Наурыз тойын жұп жазбай

Қошеметпен қарсы алайық.

Досқа құшақ ашайық,

Өлең-жырға басайық.

Қазақтың бір салты деп

Тойға шашу шашайық!



Әже (Гүлсім апай) : Той пердесін ашайық.

Тойға шашу шашайық.

Той шашуға тойыңдар

Шашудан жинап алыңдар!

Шашу! Шашу!

Уа, Жамағат теріп ал несібеңді.

Шашу, шашу!

1. Құмжарған орта мектебінің ұжымынан құралған оркестрдің орындауындағы « Көш керуен » күйін қошеметпен қарсы алыңыздар. Жетекшісі: Толқын Утеулина

2. Келесі тыңдайтын күйлеріңіз «Балбырауын»

1-жүргізуші: Қыс өтіп, қар кетіп,

Шырайлы жаз жетіп.

Шаруаның кенелеген,

Мейрамы ежелден.

Құтты болсын Әз Наурыз!

2-жүргізуші: Ұлыс бақыт әкелсін,

Әр күніміз жақсы болсын,

Достығымыз берік болсын.

Білім- өнер серік болсын,

Ұлыс оң болсын, бестік баға мол болсын-дей келе, Наурыз тойына жиналған оқушылары мен қауымға деген ыстық лебізін білдіру кезегі Құмжарған орта мектебінің директоры Шолтаева Күланда Талмырзақызына беріледі.

1-жүргізуші: Алқа-қотан той думан ,

Ортамызды ашайық.

Ән мен күйді төгілтіп,

Інжу – маржан шашайық.

Жиналған жұрт таң қалсын.

Өнерден күмбез жасалық – деп Мектебіміздің әншілері, «Мектеп дауысы-2015» байқауының І орын иегерлері Тынымқұлова Қарлығаш пен Сидағалиева Айжанның орындауындағы «Агугай» әнін тамашалаңыздар.


1-жүргізуші: Наурыз-ән, күй, би, достық, ынтымақ мерекесі. Бұл күндері адамдар біріне – бірі қошемет көрсетіп, тартуын тартады.

2-жүргізуші: Наурыз-шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланады.

1-жүргізуші: Осы ұлы күнге байланысты наурыз көже, наурыз бата, наурыз жұмбақ, наурыз тілек, наурыз көк сияқты жөн- жоралғылар болған.

2-жүргізуші: Ау, достым, тоқтай тұр. «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» демекші, алдымен үлкендерге сөз кезегін берелік.

(Ортаға мектебіміздің әжелері шығып құттықтау сөз сөйлейді. Наурыз жөн-жоралғылары туралы қысқаша оқушыларға түсінік беріп кетеді)

1-әже (Күланда апай): Наурыз- айы шығыс күн есебі бойынша жылдың алғашқы айы. Бұл айда күн мен түн теңеледі, жаңа жыл келеді, сол себептен Наурыз жыл басы болып есептеледі. Оны жыл басы, көктем басы, мереке басы деп санайтын халқымыз «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше құрметтейді. Бұл күні жұрт сапарға шықпайды, іс тікпейді, ешкімді ренжітпейді, құран оқымайды,

2-әже (Гүлсім апай): Наурыз той- бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға келіп, көңілді ойын – сауықтарға қатысады. Тойда ат жарыс, палуан күрес, айтыс, түрлі ойындар ұйымдастырылады. Ән , өлеңдер айтылып, би биленеді. Міне , бүгін Құмжарған орта мектебінің ұжымы наурыз тойын тойлап жатырмыз! Наурыз күні барлық даланы Кыдыр ата аралайды, халыққа бата береді.

3- әже (Нурила әжей): Наурыз көже- наурыз тойына ғана тән көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі тағамнан дайындап пісіреді. Наурыз көже сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс тағы басқа тағамдарды қосып пісіріп, келген қонақтарға ұсынылады. Наурыз мерекесінде наурыз көжеге тойып ішкен адам жыл бойы тоқ болып жүреді деген ырым бар. Наурызкөженің дәстүрлік, мерекелік, ұлттық тағылымы өте зор. Ол барлық адамбарды жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке шақырады.

4-әже (Рая апай): Қазақ халқында батаның түрлері көп, соның бірі – наурыз бата. Мұндай Наурыз тойы басталған кезде , тойға жиналған қауымға, тойда өнер көрсеткен палуандарға, ақын, әншілерге, жас талапкерлерге үлкендер бата береді. Алыс жол жүрерде елдің елеулі ақсақалдарынан, көнекөз қарияларынан ат арытып бата алуға арнайы келген жолаушылар да болған. Батаны егде жастағы ер адам отырғанда , әйел адам қайтармайды.

5-әже (Мансия апай): Наурыз көк- наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана осы құсты Шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргенде «Наурызкөгім келдің бі?» деп шақырып, жем шашады.Сонымен қатар, Наурыздың өзіне ғана тән «Самарқанның көк тасы жібиді» деген мағыналы сөзі бар. 22-наурыз күні көк тасқа күн сәулесі түсіп, жылу тасты жібітетін болған. Бұл күні әрбір адам қателегі болса кешірім сұрауға және кешірім беруге тиіс. Кешірмесе «Бұл күні Самарқанның көк тасы да жібиді, сен тастан да қаттысың ба?» деп тоқтатқан екен. Сөйтіп адамдар арасында достық пен татулық орнаған.

6-әже (Асылай апай): Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Наурыз күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді.Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін наурызкөжеге шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Қариялардың айтуынша, бұл күні реніште жүрген жандар бас араздығы ұмытып, татуласады. Сондықтан көрісу айты – ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекіте түсетін дәстүр.Көшпелі ғұмыр кешкен ата-бабамыз, алты ай қыстан  аман-есен шығып, көктемге иек артқан шақта- ағайынды іздеп барып, амандық сұрасады. Төс қағыстырып, «Бір жас қосуыңмен», «Жас құтты болсын!» деген тілектер айтады. Ендеше қане, амандық пен саулық, достық пен жолдас болуға тілек білдіріп,

(Үлкен апайлар тұрып бір-бірімен көрісу рәсімдерін көрсетеді. Бірінен –бірі кешірімдерін сұрап достыққа шақырады)

1-жүргізуші: Рахмет , сіздерге әжелеріміз! Осындай көненің салт- дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын дәріптейтін көнекөз ақсақалды қарияларымыз бен ақ жаулықты аналарымыз аман болсын !

2-жүргізуші: Ардақтаған анасын,

Даналардың данасы.

Үміті зор ананың,

Болашағы әр баланың.



1-жүргізуші: Салт –дәстүрім жараса,

Қайта құрып жаңаша.

Жарыса өнер көрсетіп,

Той тойлайық тамаша-дей отырып, мектебіміздің ұстаздарынан құралған әншілерінің орындауында «Қоғалай», «Гүл, гүл жайна» әндерін тамашалаңыздар. Жетекшісі: А.Болтаева


1-жүргізуші: Наурыз келді , көктем келді шуақты,

Жауқазындар жасыл қырда гүл атты.

Жүзімізде қуаныштың нұры ойнап,

Жүректерге көктем енген сияқты.



2-жүргізуші: Наурыз келді , жылғалардан су ақты,

Ақ толқындар асықтырды бұлақты.

Өңірлерде өскен жаңа гүл қаптап,

Көңілдерге көктем енген сияқты.



1-жүргізуші: Өлкеме Наурыз келді, көктем келді,

Құлпырып гүлге орап көк пен жерді.

Халқымыз салт-дәстүрін аялаған,

Арманы асқақтады көптен бері.



2-жүргізуші: Наурыз келді, жыл келді,

Дала жайнап гүлденді.

Көңілдерге қуаныш,

Жүректерге нұр берді,

Наурыз келді, жыл келді!

1-жүргізуші: Жер Ананың тоң кеудесі жібіген,

Бүршіктенер бар тіршілік бүгіннен

Наурыз айы туыпты,

Әне, Наурыз келеді,

Құлпырады жер енді. !

(Бірден сахнаға бишілер шығып өнерлерін көрсетеді)

- Құмжарған орта мектебінің «Ерке» би тобының өнерлерін тамашаладыңыздар.


(Қосылған әуенмен екі оқушы аспанға көтеріп Наурыз келеді.)

Наурыз: Көргенде қуанасың таза ауаны,

Құлаққа естілгендей жаз әуені.

Жыл сайын тойлайтығұн мәңгі бақи,

Наурызың құтты болсын , қазақ елім!

Наурызға келің , пейілін көрің қазақтың,

Бұл күн біле білгенге ғажап тым.

Ақ ұсынған ақ шәлілі әжелер,

Наурыз күні біле білгенге ғажап тым!

Арта барсін, халайық,

Берекелі байлығың.

Наурыз күні құтты қонақ көбейсін,

Өрістерің кеңейсін!



1-жүргізуші: Күн мен түні теңескен,

Ай мен күні кеңескен,

Бақытты күн бұл – Наурыз!

Ренішті қойыңдар,

Тату-тәтті болыңдар

Құтты болсын, Әз Наурыз! – дей келе Наурыз қызымызды арнайы жасақталған сахнамыздың төріне шақырамыз.



2-жүргізуші: Құлпырған далламызда жасыл желек,

Қызғалдақ гүлге оранған елден ерек.

Мәуелі жұмыс бағы, суы шипа,

Тек қана біздің елде болса керек.


1-жүргізуші: Жедел жүріп ортаға келіңіздер,

Наурызға адал ниет етіңіздер.

Қарсы алып жылдың басын, той тойлайық,

Ән шырқап, би билейік қауым болып,

Тұрмайтын уақыт келді өнерді аяп- деп мектебіміздің әншілері Тоқаш Әмір мен Тынымқұлова Қарлығаштың орындауындағы керемет әнді тамашалаңыздар!
1-жүргізуші: Қазақ халқы наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түнін Қыдыр түні деп атаған.Ол түні жалғыз шырақ жарық болмас деп қос шырақ жағып қойған, әр отбасына бақ пен дәулет дарысын деген ниетпен есіктерін ашып қойған.

2-жүргізуші: Қыдыр ата жаңа жылда таза үйге кірсе, ол үй ауру сырқаудан, пәле –жаладан аман болады деген сеніммен наурызға дейін үй тазалаған.

1-жүргізуші: Дана халқымыз «Батамен ел, жаңбырменен жер көгерер» деп бекерге айтпаған ғой. Қанекей, ел аралап жүрген Қыдыр бабамыз да біздің мектебіміздің ауласына келіп қалыпты . Ду шапалақпен Қыдыр атамызды қарсы алайық.

2-жүргізуші: Ассалаумағалейкум, Қыдыр ата!

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын!

Қош келіпсіз, Төрлетіңіз! (Көрермендер арасымен Қыдыр атамыз келеді)



Қыдыр ата: Уағалейкумассалам!

Қош көріппін, аманмын,

Арман тойы бабамның

Қуанышы ғаламның,

Құтты болсын Наурызың!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

2-жүргізуші: Ән мен күйді шалқытып,

Інжу- маржан шашайық.

Жиналған халқым таң қалсын,

Өнерден күмбез жасайық- Мектебіміздің 10-сынып оқушысы Имағанбетова Назеркенің орындауында «Қанекей, тілім сөйлеші» әнін тамашалағыздар.


1-жүргізуші: Шілік біткен бүрленіп,

Дала әсем түрге еніп.

Масайрады бар әлем,

Құтты жаңа жыл келіп.

Басы барлық ырыстың,

Басы баарлық ұлы істің,

Құтты болсын Наурыз той-

Ұлы күні ұлыстың!



2-жүргізуші: Ұлы күнде, халайық,

Қалай қарап қалайық.

Сәйгүліктей ағайық,

Жасын болып жанайық.

Ортамызға шақырып,

Бабамыздың Қыдырдай

Ақ батасын алайық!

(Қыдыр ата тойшы қауымға ақ батасын беріп кетіп қалады)
1-жүргізуші: Мерекелі думанда

Өнерлі қауым жиыппыз.

Қазақ елі тұрғанда

Той болмайды айтыссыз.



2-жүргізуші: Ән мен күйі- бойтұмар,

Салтанатын сағынар.

Ұлы күні айтылар

Наурыз айтыс тағы бар.



1-жүргізуші: Таразылап тақымдап,

Алдыда тұр, асқар сын.

Ортаға шық ақындар,

Наурыз айтыс басталсын!

2-жүргізуші: Наурыз тойының басты кәделерінің бірі- Наурыз айтыс. Ендеше мектебіміздің қыздар мен жігіттерінің айтысын тамашалайық!

(Наурыз айтыс тамашаланады)

Жігіт: Мінгені сылқымдардың берен екен,

Өнері талаптының ерен екен.

Наурызың құтты болсын бойжеткендер

Тәуелсіз ел болғалы қанша екен?



Қыз: Армысың тойға келген барша қауым

Наурыз бабалардың арманы еді.

Айтайын сұрағыңның дәл жауабын

25 жыл тәуелсіздік тойын тойлағалы.



Жігіттер хормен: Ой, бәрекелді, тойың тойға ұлассын.

Жігіттер: Қонғаны ауылымның ой болады,

Мереке жылда осындай той болады.

Биылғы келер жылды айтып берші,

Білгеннен соң тағы да ой болады.



Қыздар: Ауылым қысы-жазы Бірлік болар,

Мерекеде аулымызда тірлік болады.

Түйіп ал көкейіңе ұмытпастай,

Тойлап жатқан жылымыз мешін болар.



Жігіттер: Ой, жарадыңдар, қыздарымыз білімді екен, Тауып айтты. Бәрекелді.

Қыздар: Ұлыс күні – ел күні,

Көптің тисін батасы.

Келер жылдан ендігі

Тілегіңді сұрашы.



Жігіттер: Ұлыс күні қазан толса ,

Сол жылы қарын тоқ болар.

Жаңа жылда бата алсаң,

Сонда олжалы жыл болар.

Жаңа жылда мектебім

Тағы кубок иеленсе.

Грант алып миллиондап

Жыртығымыз түгенделсе.



Қыздар: Құмжарған мектеп ұжымына

Шәкірттерден мың алғыс.

Жаңа жылы табысты боп,

Аман болсын жан басы.

Ойға толып санамыз,

Бестік болсын бағамыз.

Баласындай бір үйдің

Тату болсын арамыз!



Жігіттер: Мықты болсын деніміз,

Күйге толсын төріміз.

Ен байлыққа кенелсін

Ұлы алаш еліміз!



Бірге: Шаттығымыз –жырымыз,

Жаңа наурыз- жылымыз.

Ақ тілеуіміз осындай

Бақ боп үйге кіріңіз!



Бәрі: Ой , бәрекелді. Айтқандарың келсін. Әумин дейік қыздар!

1-жүргізуші: Қыз бен жігіт айтысы, әдетте екі жастың амандасуынан басталып, әзіл-оспақ, әдемі қалжың ретінде айтыла береді. Міне, мектебіміздің бойжеткендері мен бозбалалары әдемі қыз бен жігіт айтысын көрсетті деп ойлаймын.  

2-жүргізуші: Мешін жылы, кел төрлет,

Ел достығын өркендет.

Мол болсыншы ырыс, құт,

Болсын елде тыныштық! –9- сынып оқушыларының ер балаларының «Қазақ биін» тамашалыңыздар. Қане, биден өнер шашайық!


1-жүргізуші: Иә, наурыз тойына жиналған тойшы қауым, ойын –тойымызды жалғастырайық! Той тойға ұлассын! Бүгінгі күн салт-дәстүрімізді жаңғыртып, көсегеміз көгерген күн.

2-жүргізуші: Айтпақшы, Есет, бүгін Сапен әжейдің үйінде қуаныш, той болады деп естіп едім. Ендеше бекер тұрмайық. «Қызықтан құр қалма » деген, неге ойын-тойды тамашаламасқа?! Қане , Сапен әжеміздің үйіне қарай жылжыйық!

Көрініс.

Сахнаға екі жақтан атасы мен әжесі шығады.

Атасы: Оу, кемпір, оның-мұның дайын болды ма? Жақсы хабар жетісімен опынып қалып жүрмеңдер.

Әжесі: Ой, байғұс-ай, тек құлынымның жаны қалсын дейінші! Өзгесін сонан соң көре жатармыз. (Көрермендер залынан бір топ балалар шулап жүгіріп сахнаға көтеріледі.)

- Сүйінші, сүйінші!

-Алақай, алақай!

- Дүниеге жас нәресте келді!

- Көкем ұлды болды.

- Әпкем ұл туды . Сүйінші!

-Ата, әже, сүйінші! Өмірге немерелеріңіз келді.

- Ақ түйенің қарыны жарылды.



Атасы: Не дейді? Шын айтып тұрсыңдар ма? Құлыным-ай!

Әжесі: Рахмет, қарақтарым! Міне, сүйіншілерің. Алыңдар, қарақтарым, ала қойыңдар. (Балаларға кампит, тиын береді)

Атасы: Алыңдар, қарақтарым. Қуаныш бәрімізге ортақ.

1-жүргізуші: Наурызым-бабамның сөзі,

Наурызым-анамның сөзі.

Ғасырдан ғасырға жеткен

Даламның сөзі-міне, құрметті тойшы қауым. Жаңа ғана біздер бабадан қалған «сүйінші» сұрау жоралғысымен таныс болдық.



2-жүргізуші: Уа, халайық, қазір өздеріңізге ақ баталарын беріп, өнегелі өсиеттерін айту үшін халықтың бірлігі мен тұтастығына ерен еңбек сіңіріп, түнектен шығар жол нұсқап көшбасшысы болған өз бабаларымыз асу бермес Төле би, қазып айтқан Қазыбек би, әділ үнді Әйтеке билеріміз келе жатыр.

(Сахнаға Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би көтеріледі.Ортаға келіп бата береді)



1-жүргізуші: Төрге келіңіздер! Төрлетіңіздер. Алыстан ат арылтап келіп қалған екенсіздер Ұлыстың ұлы күні дүйім жұртқа бата берсеңіздер! Халқыңыз өздеріңіздің ақ баталарыңызды алғысы келіп отыр.

Төле би: Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің!

Ыыласпен қол жайсаң,

Ақ тілекті төгейін.

Дастарханың мол болсын,

Абыройың зор болсын!



Қазыбек би: Өнерлерің өр болсын,

Көре алмаған бағыңды

Сындыра алмай сағыңды,

Бетін басып жер болсын!



Әйтеке би: Жарылқа, Аллаһ, қабыл ет,

Жарылқаудың қамын ет

Қызыр қарап , бақ қонып,

Жақсылық үшін қызмет ет!

Әумин!

1-жүргізуші: Берген баталарыңыз періштелердің құлағына шалынып, қабыл болсын!

2-жүргізуші: От ауызды, орақ тілді, сөз жүйесін дәл тауып әділ айтқан, ақылы асып тұрған даналарымыздың халқына айтар не өсиеті бар екен?

Төле би: Аттың күші атқарған тірлігінде,

Ағайынның күші топтасқан бірлігінде.

Төртеу түгел болса төбедегі келеді,

Алтау ала ауыз болса ауыздағы кетеді.

Өгізді өрге салма, қанатың талар,

Наданға көзіңді салма, сағың сынар.

Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер,

Дұшпанға сырыңды айтпа, түбіңе жетер.



Қазыбек би: Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, дауысымызды мол шығарғанымыз емес пе?!

Алтын ұя Отан қымбат,

Құт- берекең атаң қымбат,

Мейірімді апаң қымбат.

Кіндік кескен жерің қымбат,

Ұят пенен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат!

Әйтеке би: Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.

Ашу деген – ағын су,

Алдын ашсаң арқырар.

Ақыл деген- дария,

Алдын тоссаң тоқырар,

Кісі бірге туыспауы керек,

Туысқан соң сөз қуыспауы керек.

Сөз қуған пәлеге жолығады.

Жол қуған қазынаға жолығады.

2-жүргізуші: Ой , бәрекелді, аумин дейік.

1-жүргізуші: Наурыз тойы-береке,

Наурыз тойы- жыр, аңыз,

Қызық думан мереке,

Қызық думан құрамыз!

2-жүргізуші: Наурыз-шаттық әніміз,

Салтанатты сәніміз.

Ән салып жас-кәріміз,

Би-билейік бәріміз – Билеріміздің берген баталары қабыл болсын деп 4-сынып оқушысы Қуанышбаева Нұрбақыттың орындауында «Қазақ » биін қабыл алыңыздар.


1-жүргізуші: Кең жайып қазақы үйдің керегесін,

Көрсетіп қасиетін, өнегесін.

Мерейі халқымыздың өсе берсін,

Көгертіп мәңгі-бақи көсегесін.

2-жүргізуші: Наурыз тойы- береке,

Наурыз тойы- жыр, аңыз.

Қызық дулы мереке,

Қызық думан құрамы!



1- жүргізуші: Күн әкелген жыл көрім,

Күллі дүние жайдары.

Желкілдеген гүлдерін,

Жер-Анамыз жинайды-



2-жүргізуші: Алтын күн нұрға бөлеп ертеменен,

Самал жел кең далаға еркелеген.

Балауса тұсау кесер жырларымды,

Көктем көзімен ерте келгем-дей отырып бүгінгі наурыз тойымызды кішкентай нәрестесінің тұсау кесу рәсімін жалғастырайық.



1-жүргізуші: Тұсауды ала жіппен кеседі, себебі ешкімнің ала жібін аттамасын деген ұғым бар. Ала ала жіпті қайдан аламыз? Оны көбіміз біле бермейміз! Ала жіп-өмір –тіршіліктің нышаны. Арнайы дайындалған ала жіпті көпті көрген, айтар ақылы мен шапағаты мол қарияларымызға «алқаныңыздың жылуымен балама батаңазды беріп есіп, баламның тұсауын кесіңізші» деп өтініш етесіз. Есіп беріңіз деп бір адамға ала жіп естірсеңіз, басқа адамға кестіруіңізге де болады. Ер баланың тұсауың ер адамға кестірсе, қыз баланың тұсауың әрбір жұмысын тындырып істейтін пысық, шапшаң адамға кестіреді. Қартайған әжелерге, жүрісі салбыр ауру адамға, тұрмысқа шықпаған қыздарға тұсау кескізбеген.

Көрініс

Сахнада атасы, әжесі, келіні баланы ұстап жүреді.

Әкесі: Баламның қаз-қаз басып тұрғанын көріп тұсауын кесетін уақыт келді-ау деп отырмын.

Анасы: Иә, атасы Нұркелдіміз 2-3 аттап жүре бастады. Осы күнді ойлап, баламның ала жібін ауылымыздағы оқыған, артында өсіп келе жатқан ұрпақтарына мағыналы тәлім-тәрбие берген ауылымызда беделді аналарымыздың бірі, түтіні түзу шыққан, алтын асықтай ұлдарымыздың анасы, жастарға тәлімі мол дана аналарымыздың бірі – осы апай секілді білікті де білімді, халқының қалаулысы болсын деген ниетпен замандасым Айсауле апайға естіріп дайындап қойдым.

Әкесі: Ой , бәрекелді, ойымнан дәл шықтың бәйбіше. Ал, енді даналығыңды байқайын, тұсауды кімге кестірмек ойың бар?

Анасы: Баламның тұсауын мектебіміздің көрсе көзің тоятын, түр десе түрі бар, білім шыңын бағындырып жүрген білімі бар, өнер десең өнері бар, ән десең –ән айтатын, би десең- би билейтін, домбыра берсең- күйші, күрес десең –палуан бола қалатын, қазақша айтқанда баламды осы балаға ұқсасын деп Мейірманның баласы Бақытбекке кестіргім келіп отыр. Оған не дейсің отағасы?

Әкесі: «Ана- бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен» деп бекер айтпаса керек. Айтқаның дұрыс –ақ. Баламыз Бақытбекке ұқсасын.

Бақытбек: Аға-апа балаңыздың тұсауын маған ұқсасын деп кестіргелі жатыр екенсіздер , сенімдеріңізге көптен- көп рахмет! Тілеулеріңіз қабыл болсын!

Анасы: Баламыздың жолы ақ болсын деп қазіргі заманымыздың жаңа дәстүрлерін де қатыстырып, ақ жол төседік. Кане, балам ағаңның алдына келе ғой.



Бақытбек: (жіпті байлап, пышақтың жүзін жоғары қаратып кеседі).

- «Жақсылықтар болғанда асып-тасып кетпесін, қиындықтар болғанда басылып қалмасын, екеуінен тең өтсін». Біреуіміз білерміз, біреуіміз білмеспіз, көбіне тұсау кескенде қайшымен кесе саламыз. Ертеде қазақтар қайшымен кеспеген екен «баланың өмірі қайшыланып қалады » деп. «Алмас қылыштай өткір болсын» деп пышақпен, жүзін жоғары қаратып кескен деген ырым бар.



Әжелер: Қаз- қаз балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды шешейін.

Қаз-қаз балам, қаз балам,

Тай, құлын боп шаба ғой

Озып бәйге ала ғой.

Құтты болсын қадамың,

Өмірге қадам баса бер.

Жүгіре қойшы, құлыным ,

Желбірейді тұлымың.

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас шегінбе.

1-жүргізуші: Осындай той қазақта бола берсін,

Көңілдерге жақсылық тола берсін.

Азамат боп еліне біздің жігіт,

Тұғырына биіктен қона берсін



2-жүргізуші: Тыңда ағайын, тыңдыңдар,

Тойда босқа тұрмаңдар.

Тұсау кесер ырыммен

Наурыз тойын жырлаңдар!- жырдан шашу төгейік дей келе мектебіміздің әншілерінің бірі Ғлажадинова Дильназдың орындауындағы «Саржайлау» әнін тамашалаңыздар!



1-жүргізуші: Елімізде 25 жыл Тәуелсіздік туы желбірегелі Қазақ халқының ұлттық мерекелері кең көлемде тойланып жүр. Сол мерекелеріміздің бірі –Наурық мерекесі.

2-жүргізуші: Сіз боп, біз боп, жалпымен,

Қадірімен, парқымен

Наурыз тойын өткердік,

Ата-дәстүр салтымен.



1-жүргізуші: Жалғасумен жылма-жыл,

Шабыт берсін жылға-жыл.

Өнер сүйер өрендер,

Рахмет мың да бір!



2-жүргізуші: Ән қосылсын әніңе,

Сән қосылсын сәніңе

Ырысты боп Жаңа жыл,

Бақ дарысын бәріңе!

1-жүргізуші: Ой қосылып ойыңа,

Бой қосылып бойыңа,

Аман –есен жетейік,

Келер Наурыз тойына.



2-жүргізуші: Ұлыс күні Баршамызға құтты болсын! Қазақтың Наурызында ризық- несібелеріміз мол болсын!

Тойымыздың келесі бөлімі көжеден дәм тату рәсімі мен және алты бақан тебумен жалғасады.



Құмжарған орта мектебі

«Төрлет, жыл басы – Наурызым!»
Мектепішілік Наурыз тойы

Құрастырған: Ж.Қ.Идрисова

2015-2016 оқу жылы

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет