114
«Волганың» есігін ашты...» [5,39]. Бұл сөйлемдерде теңеулер -ша/-ше жұрнағының қатысумен жасалған.
Алғашқы мысалда мысықша теңеу образы атылу қимылының амалдық сынын білдірген. Мысықша атылу
қазақ тілінде тұрақты теңеу ретінде қимылдың тездігін, қарқынын, көз ілеспес жылдамдығын көрсетеді.
Екінші мысалда сұрақтардың көптігін қардың борап соққан кезіне салыстырады. Қыста соққан күшті жел
моп-момақан, жеп-жеңіл, көзді қарықтыратын қарды аспанға көтеріп, борап соғады. Боран сөзі содан
қалыптасқан-ды. Қимылдың қарқындылығын, күштілігін білдіру семасы борау етістігінен көрінеді.
Теңеудің аналитикалық тәсіл арқылы жасалуына сияқты, секілді, тәрізді, сынды, т.б. септеуліктер
бейне көмекші сөзі қатысады.
Т.Ахметжан шығармаларында секілді септеулігі теңеу жасауда біршама жиі қолданылады. Мысалы,
«Мінез-құлқы да, сөзі де, іс-әрекеті де менттен гөрі дін қызметкеріне көбірек келетін секілді» [12,49],
«Тумысыңнан ұста екенсің ғой сен деген! Мына мен секілді... Мен де әнші боп туғам» [12,52], «Мен Сіз
секілді атақты әнші болуды армандаймын» [12,56], «Біз екеуміз қосылмас қос өзен секілдіміз ғой» [12,58].
Келтірілген мысалдардың барлығында теңеу секілді септеулігінің қатысуымен жасалған. Бірінші
мысалда ментті дін қызметкеріне ұқсату арқылы менттің мінез-құлқын, іс-әрекетін елестетеміз. Екінші
мысалда екеуміз жіктелген жинақтық сан есім қос өзенмен салыстырылған. Сол арқылы қатар ағып
жатқан екі өзеннің қосылмайтыны секілді екуінің де қосылмайтынын білеміз.
Т.Ахметжан шығармаларында теңеу жасауға қатысатын септеуліктің бірі – сынды. Сынды септеулігі
секілді, тәрізді септеуліктерімен синонимдес болып келеді. Мысалы, «Иірімге батып бара жатқан
шарасыз жанның жанталаса тал қармағаны сынды аянышты көрініс» [12,45]. «...тітіркеністен гөрі
беймәлім сапарға тәуекел ғып бел буған жанның бойын билеген үрейден арылуға іштей бекініп, жігерін
қайрауы сынды толқуы ма, қалай; іле-шала осы қылығынан өзі қысылып, тез қимылдап көрпе астына
кірді» [12,36]. Берілген мысалда теңеудің сипатталушы заты – шарасыз жан, образы – жанталаса тал
қармау, көрсеткіші – сынды, белгісі – көрініс, анығырақ айтқанда – тектен текке қиналу.
Т.Ахметжан шығармаларында тәрізді септеулігі сирек те болса, теңеу жасауда ұшырасып қалады.
Мысалы, «Осының бәрі түсі тәрізді» [12,92]. Мысалдағы тәрізді септеулігі тәуелдік тұлғалы зат есімге
тіркесіп теңеу жасап тұр.
Қаламгер синтаксистік тәсіл арқылы теңеулік құрылымдарды да кеңінен пайдаланған. Аналитикалық
тәсілде септеуліктер мен көмекші сөздер арқылы жасалса, синтаксистік тәсілде теңеу жасауға толық
мағыналы сөздер қатысады. Бұған тең, теңеу, теңдес, сыңай таныту сияқты лексикалық мағыналарында
ұқсату, салыстыру ұғымы бар тілдік бірліктер жатады. Мысалы, «Сізге теңдес адам таппай тамсанып
отырғандары» [12,63]. Тең сын есіміне -дес жұрнағының жалғануы арқылы жасалған теңдес туынды сын
есімі де теңеу жасаушы көрсеткіш ретінде басты қызмет атқарып тұр. «Кешігіп, француз әтірінің исі
бұрқырап келсе де өтірік сезбеген сыңай танытатын едім» [12,108]. Сыңай таныту етістігі арқылы субъект
сезбеген адам кейпіне еніп, ұқсау етістігімен синонимдес қызмет атқарып тұр.
Теңеу жасауға кейде екі тәсіл бірдей қатысады. Т.Ахметжан тілінде аралас тәсіл арқылы жасалған
теңеулер де кездеседі. Көбінесе сияқты септеулігі мен -дай/-дей жұрнағының қатысуы арқылы жасалады.
Мысалы, «Төр басындағы тербелмелі креслода ұйқылы-ояу мүлгіп отырған шалды екеуі де мүлде
ұмытқандай; оларға шалдың бар-жоғы бірдей сияқты» [12,78]. «Бағанағы ынтығудың, қауға тиген оттай
лапылдаудың барлығы алдамшы, бір сәттік құмарлық сияқты көрінді, сұлудың денесі де ешқандай
мақпал, жібек, торғын емес, өзінікі сияқты кәдімгі дене» [12,89]. Берілген мысалдарда теңеудің образын
жасауға сияқты септеулігі мен -дай/-дей тұлғасы қатар қызмет атқарып тұр. Яғни аналитика-синтетика-
лық тәсіл арқылы жасалған. Жазушы шығармаларында аралас тәсілдің басқа түрлері де кездеседі.
Мысалы, «Кеше ғана «Жұлдызың» жоқта бірі көзге іліп, бірі іле бермейтін сыбайластарың енді сені
көктен түсе қалғандай басқаша қабылдап, түймедейіңді түйедей етуге тырысады» [12,101]. Теңеу жасауға
–
ша жұрнағы мен –дай/-дей жұрнақтары бірдей қатысқан. Яғни теңеулердің араласып, күрделеніп келуі
заттың, құбылыстың жан-жақты мәнін ашуға мүмкіндік береді.
Теңеулердің лексика-грамматикалық сипатының сан алуандығын Т.Ахметжан шығармаларынан
толығымен көруге болады.
Тілдегі теңеулер ұрпақтан ұрпаққа ауысып, мағыналық-формалық жағынан үнемі даму үстіндегі
жалпыхалықтық лексика-фразеологиялық қазына. Теңеуді қолданушы субьектілер өз сөзінің мағыналы
әрі әсерлі болуын көздейді. Тілдегі теңеулерді лингвокогнитивтік және адамтану парадигмасы аясында
зерттеуде тілдік тұлғаның рухани дүниетанымдық әлемінен хабардар болуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: