Тақырып бойынша негізгі ұғымдар: мәтінтану, мәтінтүзім, когезия, мәтіннің функционалдық типтері Дәріс мәтіні (тезис) «Задында, фольклорлық шығармаларға қатысты «мәтін»



бет4/5
Дата07.02.2022
өлшемі30,95 Kb.
#86881
1   2   3   4   5
Байланысты:
4-дарис

Өлме, қартым, жасай бер.
Басқа саған не дейін?!
Деді дағы Қарасай,
Қызылға тоқым салады ... (БС), -
деген мысалда не сұрау есімдігі, керісінше, алдыңғы айтылған хабарды жинақтап, диалогтің осы айтылған мазмұнмен аяқталатынын білдіруге қатысып отыр. Бұл қолданыс арқылы мәтіндегі ақпараттың одан әрі басқа қырынан өрбитіні, яғни Қарасайдың қалмаққа аттанатыны аңғарылады. Демек, не сұрау есімдігі жырда алдыңғы, кейінгі бөліктерді байланыстырып, екі жақты қызметімен ерекшеленеді.
Келесі мәтінде бұ (бұл) сілтеу есімдігі бірнеше сөйлемде берілген хабарды бір бойына жинақтап, мәтін когезиясын жүзеге асыруға қатысады. Мысалы:
Хан айтты: – Мұны өлтірейік. Ханым айтты: – Мұны бүйтіп жүргенде өлтіре алмассыз, – деді. Арап-сарап жияйық, алпыс басты ақ орданы шетке тігейік. Ноғайлының ауыр жұрт бар-жоғын жиыңыз. Едігені аяқшыға қойыңыз. “Едігем, кел батырға” деп зорласын, арақ ішіп, мас болып жүргенде өлтірерсіз”.
Бұ сырларды естіп жүре тұрған Едігенің алты жасар Аңғысын атты досты бар еді. Есіткенін Едігеге айтты: ... (БС).
Егер екі абзац аралығындағы бұ сілтеу есімдігі қолданылмай, екінші абзац сырларды сөзімен басталса, мәтін жігіндегі байласым әлсіреп, мағыналық тұтастықтан ажырар еді. Бұ тілдік бірлігі хан мен ханымның арасында болған әңгіме мазмұнын тұтастай қамти отырып, мәтінішілік байласымның әлсіреуіне жол бермей, ойды ұластырып, мәтіндегі ақпараттың одан әрі өрбуіне ықпал еткен. Бұ сырдың қандай сыр екені алдыңғы абзацты оқығанда ғана мәлім болады. Сондықтан есімдіктердің қандай мақсатта жұмсалғандығы, нендей мағынаны білдіретіні тек мәтін құрылымында ғана айқындалады.
3. Мәтіндегі мезгілдік, кеңістік қатынасындағы байланысты жүзеге асыруда мезгіл, мекен ұғымын білдіретін сөздер (үстеулер, есімдіктер, мезгілдік, мекендік мағынаны білдіретін зат есімдер, кеңістікте орын өзгерту, қозғалу мәніндегі етістіктер) жиі жұмсалады. Жырдағы баяндалатын оқиғаның бірінен кейін екіншісінің жүзеге асқанын, сөйлемдердің бір-бірімен байланысып өрілуін қамтамасыз етеді. Мысалы:
Сосын қарт та асын шала-мұла жей салып, іздеп жөнеледі. ...Сол жерде біраз тұрып, қайта көшетін уақыт та жетеді. Сол кезде кемпірі екіқабат болып еді дейді. Көшіп ханға бара жатқан уақытында қарттың кемпірі ай десе аузы бар, күн десе көзі бар бір ұл туады. ... Сол күнде ханның ордасына жақындап қалған кезі еді. ...Сонсын өздері ханның ордасына келді. Келген бойында-ақ дарға тартты. ...
Бұдан бірнеше жыл бұрын: “Дүниеге Едіге деген адам шығады, хан тұқымын қоймайды, қырады” деген сөз ел аузында жүруші еді.
Бір күні ханның он екі биінің бірі, Баба Түкті Шашты Әзіз орман арасынан түйе малдарын қайырып келе жатса, бір теректің бұтағында ілулі тұрған ақ шүберекті көреді. Жақындаса, жылаған баланың даусын естиді. Сонан атына қамшы басып, екпіндетіп келсе, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, бір бала ағаштың бұтағында ілулі тұрғанын көріп, қамшымен іліп алып, үйіне келеді (БС).
Жырдағы сосын, сол жерде, сол кезде, көшіп бара жатқан уақытында, сол күнде, сонсын, келген бойында-ақ, бұдан бірнеше жыл бұрын, бір күні деген тілдік бірліктер – жырдағы оқиғалардың желісін үзбеуде автор-айтушы тарапынан қолданылған эксплицитті байласым амал-тәсілдері. Егер бұл тілдік бірліктер автор тарапынан берілмесе, мәтін құрылымы байласым сипатынан ажырап, тұтастығын жояды.
Өзара алшақ орналасқан мәтін бөліктеріндегі логика-семантикалық байланысты орнатуда батырлар жырында кейіндеу мезгіл мәнді білдіретін үстеу ерекше қызмет атқарады. Жырда баяндалып отырған бір оқиғадан екіншісіне мағыналық, тұлғалық байласымды үзбей, мәтін бөліктеріндегі логикалық байланысты сақтау үшін және жырдың кейінгі бөліктерінде сол оқиғаға немесе кейіпкерге қайтадан оралатынын білдіріп, мәтіндегі темпоральділікті, проспекциялы ұласымды жүзеге асыру мақсатында аталған бірлік жұмсалады. Мысалы:
Аналық жүкті болған соң,
Қалмақтың бір ханымен
Байбөрі құда боп еді.
Ажырасып екеуі
Екі жаққа жөнелді.
Қыздың аты Гүлбаршын
Кейіндеу айтып берелі (БС).
Мәтiннiң басында берiлген Гүлбаршын туралы ақпарат кейінгі бөліктегі ойдың дамуын айқындауда маңызды қызмет атқарып, кейіндеу тілдік бірлігі хабарлаудың проспекциялық тәсiлiн иеленедi. И.Р.Гальпериннiң сөзiмен айтсақ: “Проспекция оқырманның назарын бағыттап, мәтiннiң кейiнгi дамуында не баяндалатынын алдын-ала бiлдiру үшiн оның (оқырманның) шығармашылық қабiлетiн жұмылдырады”.
Мұндай авторлық қолданыстар жырда қандай оқиғаның орын алатынын білуге деген адресаттың қызығушылығын оятады және мәтінді бір тұтастыққа біріктіреді. Кейіндеу мезгіл мәнді үстеуі кездесетін бұл мәтiн бөлiгi хабарды жiберушi-автор үшiн де, хабарды қабылдаушы-оқырман үшiн де маңызды. Себебі автор Гүлбаршынға қатысты ақпаратты осы көлемде ғана беріп, оны кейін сөз ететінін айтып өтіп, екінші бір нысанды бейнелеуге, басқа қалыптасқан жағдайға қатысты мазмұнды баяндауға кіріседі. Ал оқырман Гүлбаршынмен байланысты оқиғаның кейін өрбитінін алдын-ала бағамдайды, сөйтіп, автор әңгімелеуінен жаңаша, беймәлім, қызықты хабарды күтеді.
Дербес лексикалық мағынаға ие сөздермен бірге грамматикалық тұлғалар да мәтіннің байласымын жүзеге асыруда қолданылатын тілдік амал-тәсілдерге жатады. Мәселен, Қарлығаш сипатталатын мәтін бөлігіндегі арқасы, өзі, шашы, көзі сөздері тәуелдік жалғаудың 3-жағы арқылы Қарлығаш сөзімен байланысып, сөйлемдердің арасындағы байласымды орнатқан. Бұл – грамматикалық тұлғалардың білдіретін грамматикалық мағынасына байланысты мәтін когезиясының жүзеге асқанына мысал бола алады.
Шегендеуіштер эпостық мәтіннің сөйлеу бірліктері арасында орнайтын түрлі логика-семантикалық қатынастарды эксплицитті түрде беріп, дербес сөйлемдер арасындағы мағыналық байланысты күшейте түседі, мәтіндегі ойға автордың қатынасын білдіріп, мәтіннің модальділігін айқындайды. Бұл ретте автордың, кейіпкердің осы элементтер арқылы оқиғаға, жағдайға байланысты туындаған әр түрлі көзқарасын, қатынасын білдіруіне мүмкіндік туады.
Мысалы: ... Қанға тимей қайтпайтын ақ алмас, қайта салса қынына сыймады. Сүйтіп, ағасы бір саусағын кесіп, алмасын соның қанымен майлап, қынына салады (БС).
Қарындасы Қымбатты шауып тастауға көзі қимаған ағасының іс-әрекетіндегі қорытынды хабар мәтіннің алдыңғы бөлігіндегі оймен сүйтіп шегендеуішінің байласымы арқылы жүзеге асады. Соңғы сөйлем алдыңғының мағынасынонан сайын нақтыланып, себебін айқындайды. Сүйтіпшылауы осы екі сөйлем аралығындағы себеп-салдарлық логика-семантикалық қатынасты беруге жұмсалған.
Төмендегі мысалдарда шынында қыстырмасы, әттең одағайының қолданылуы байласымды жүзеге асырып әрі кейіпкер сөзіндегі модальділікті білдіруге қатысып мәтінтүзімдік қызметті иеленген. Контекске шынында сөзі анықтықты, келісуді, шүбәсіздікті үстесе, ал әттең тілдік бірлігі өкінішті, орындалмаған арманды білдіру үшін автор тарапынан қолданысқа енгізілген. Модальділік реңк шегендеуіштер арқылы беріліп, мәтіннің прагматикалық қызметін арттыруға қатысқан.
Жалғызыңның қайғысы
Шынында қатты бата ма-ай? (БС)
Атаңа тисін шалғаның.
Әттең, көзім көрмеді-ау,
Қарағым, көзім көргенде,
Болмайтын еді арманым(БС).
Талданған мысалдардан есімдік, мезгіл, мекен мәнін білдіретін үстеу, тәуелдік жалғаудың 3-жағы, т.б. мәтін байласымын, мәтін бөліктерінің арасындағы ұласымды жүзеге асыруда белсенді қолданылатын тілдік амал-тәсілдер екені анықталды. Байласым қызметінде қандай тілдік бірлік жұмсалса да, олардың барлығы тұтас мәтіннің стратегиясына бағынышты болып, тіл жүйесіндегі тілдік бірліктердің нақты бір шығармада қолданылып өзектелетінін көрсетеді. Сөйтіп, тіл бірліктері таңбалану арқылы ойды жеткізуде заттанып, тілдің қолданысқа түскенін айғақтайды. Когезияны жүзеге асыратын лексика-грамматикалық амал-тәсілдер өзара үндесе жұмсалып, мәтінді тудыруға қатысады, ал оларды қолдануда белгілі бір ережелер мен нормалардан ауытқу, қажетті қандай да бір тілдік амал-тәсілдерді орнымен пайдаланбау, мәтін байласымының бұзылуына әкеледі. Сондықтан байласым амал-тәсілдерін іріктеп, өз орнында айту жырды айтушыға (авторға) эпоста баяндалатын хабардың жүйесін бұзбай, көркем болмысты жеткізуде тілдік бірліктерді өзара дұрыс ұйымдастырып жұмсауда үлкен міндет жүктейді. Бұл автордың эпостық мәтінді тудыруда қолданған тетіктерін тануға (автордың мәтінді тудыруы) және мәтіннің қабылдануы мен оны түсіну (адресаттың мәтінді түсінуі) мәселелерін айқындауда қажет болады. Орынсыз берілген тілдік бірліктер мәтін байласымын әлсіретіп, адресаттың мәтінді біртұтас дүние ретінде қабылдауына кері ықпал етіп, мәтін тұтасымына нұқсанын тигізеді. Батырлар жырында қолданылған байласым амал-тәсілдері мәтіндегі ойдың бірімен екіншісінің тығыз байланысып жатуына, соның нәтижесінде бірізді баяндаудың тууына көмектеседі. Талдау нәтижелері тілдік бірліктердің мәтінішілік байласымды жүзеге асыруда әлеуетінің жоғарылығын, тілде байласым амал-тәсілдерінің жеткілікті екенін айқындады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет