Тақырып бойынша негізгі ұғымдар: мәтінтану, мәтінтүзім, когезия, мәтіннің функционалдық типтері Дәріс мәтіні (тезис) «Задында, фольклорлық шығармаларға қатысты «мәтін»


Фольклор мәтіні – синкретті, яғни өнердің түрлі салаларының (сөздің, музыканың, бидің, драмалық әрекеттердің) қосындысы



бет2/5
Дата07.02.2022
өлшемі30,95 Kb.
#86881
1   2   3   4   5
Байланысты:
4-дарис

Фольклор мәтіні – синкретті, яғни өнердің түрлі салаларының (сөздің, музыканың, бидің, драмалық әрекеттердің) қосындысы. Фольклор және фольклор емес құбылыстардың ара жігі ажыратылмаған, рухани мәдениет дамуының архаикалық кезеңдерінде құрамы мен құрылымы жөнінен күрделі сөзді мәтіндер пайда болып, олар қоғамның түрлі – коммуникативтік, танымдық, магиялық, діни, ойын, әлеуметтік – қажеттіліктерін өтеді. Бірте-бірте адам іс-әрекеті қызметі түрлерінің жіктелуі үдерісінде қарапайым мәтіндерде көркемдік қызмет байқала бастады, ал бұл фольклор мәтіндерінің пайда болуына әкелді. Көрініп отырғандай, фольклор мәтінінің синкретизмі, онтологиялық сипатына қарамастан тең дәрежеде басқа мәдени мәтіндерге де тән.
Фольклор мәтінінде бір-біріне қайшылықты сипатта көрінетін екі үдеріс, яғни вариативтілік, өзгермелілік пен дәстүрлілік, тұрақтылық тоғысады.
«Фольклорлық мәтіннің екі түрлі көрінісі бар: «ауызша мәтін» (жанды, жазылып алынбаған) және «жазбаша мәтін» (тұрақты нұсқа, қайтадан кодталған, хатқа түскен). Фольклорлық мәтін лингвистикасы үшін екеуі де маңызды. Ауызша мәтін шындық болмысты бейнелеуде қолданылатын дәстүрлі формалардың тұрақтылығын көрсетеді, хатқа түсірілгені осы мазмұнды жеткізетін формалардың бір қалыптағы, статикалық күйін, яғни мәтінді білдіреді. Әрбір хатқа түскен мәтін соңғы нұсқа ретінде қабылданбауы қажет, ол - халықтың мәдени танымындағы байырғы мәтіннің жүзеге асуының бір жолы» немесе «Фольклорлық шығарманың екі жақты табиғаты бар: біріншіден, ауызша сөйлеуге жатса да, ұйымдасқан поэтикалық шығарманың қасиеттерін иеленген; екіншіден, жазба мәтіннің көптеген сипаттарын қамтыған, кем дегенде, байласым, тұтасым, аяқталу белгілері бар, алдын-ала дайындалған шығарма» (Т.Н. Садова).
Демек, фольклорлық мәтін – алдын-ала дайындалу нәтижесінде ауызша шығарылған, тақырыбы бар, өзіне тән байласым, тұтасым сипаттарын иеленіп ұйымдасқан, аяқталған сөйлеу туындысы.
Эпостық жыр мәтінінің негізгі сипаттарын берейік.
Батырлар жыры – бір-бірімен логика-семантикалық, лексика-грамматикалық жағынан байланысқан сөйлемдердің, күрделі фразалық тұтасымдардың, мәтін бөліктерінің өзара тұтасқан жүйесінен тұратын күрделі құрылымға ие сөйлеудің бірлігі. Батырлар жырының құрылымындағы элементтер бір-бірімен байланысып, ұласып мәтіндегі ойды дамытып, тақырыптан бастап өрілген мазмұнды мәтіннің соңғы шегіне дейін жеткізіп, жырды аяқтайды.
Мәтіннің өзге түрлері секілді эпостық мәтіннің басты белгісіне байласым және тұтасым жатады. Байласым – көлденеңінен (бір сөйлемнің екіншісімен, оның үшіншісімен байланысуы), ал тұтасым – тігінен айқындалатын мәтіннің категориялары (мәтін бөліктерінде, мысалы күрделі фразалық тұтасымда, абзацта, бөлімде, тарауда т.б. қамтылған мазмұнның бірімен екіншісінің байланысып жатуы). Эпостық мәтін байласымы (когезия) күрделі бірліктерді құрайтын тілдік құралдардың белгілі әдіс-тәсілдермен ұйымдасуынан көрінеді. Байласым тілдік тұрғыдан, ал тұтасым (когеренттілік) мәтіннің қабылдануымен байланысты психолингвистикалық жағынан айқындалады. «Когезия – бұл мәтіннің беткі (үстіңгі) құрылысындағы компоненттердің байланысы. Оған грамматикалық-синтаксистік, лексикалық, ритмикалық, графикалық бірліктердің ұйымдасуы жатады. Когеренттілік – себеп-салдарлық, мезгілдік, референциалды әртүрлі аспектіде көрінетін семантикалық-когнитивтік байланыс. «Когезия-когеренттілік» оппозициясы беткі құрылыс пен тереңде жатқан мағыналық деңгейдің қатынасын айқындайды».
Эпостық мәтіннің когезиясы сөйлемдердің бір-бірімен мағыналық-тұлғалық жағынан байланыса келіп, біртұтас мәтінді ұйымдастыруға қатысуын білдіреді. Мәтін құрылымындағы лексикалық-грамматикалық бірліктерден бастап, көлемді тұлға-бірліктер – күрделі фразалық тұтасымдарға дейін бір-бірімен мағыналық, тұлғалық жағынан өзара байланысып, батырлар жырындағы негізгі мазмұнмен жымдасып жатады. Эпостық мәтіннің біртұтастығын оны құрайтын бірліктердің арасындағы тұлғалық-мағыналық байланыс түзеді. Батырлар жырындағы байласым тұлға-бірліктер құрамындағы сөйлемдердің, тұтастықтардың бір-бірімен айқын тілдік амал-тәсілдермен байланысуы арқылы көрінсе, енді бірде байласым логика-семантикалық тұрғыдан жүзеге асырылады. Осы ерекшелікке орай батырлар жырында байласымның екі тәсілі қолданылады. 1) Эксплицитті байласымда мәтін құрамындағы сөйлемдер өзара формальді, тілдік бірліктер арқылы; 2) Имплицитті байласымда мәтін құрамындағы сөйлемдер өзара мағына бірлігі арқылы байланысады.
Эпостық мәтін байласымы – тек екі сөйлем аралығын ғана қамтымайды, бұл – күрделі фразалық тұтасымдарды, абзацтарды, тарауларды да біріктіретін категория. Батырлар жырындағы сөйлемдер өзара іргелес тұрып та, араларына сөйлем салып, алшақ тұрып та байланысады. Бұл батырлар жырындағы сөйлемдердің бір-бірімен қатар және алшақ тұрып, тілдік бірліктер арқылы немесе логикалық жағынан қиюласып, аяқталған байланысты сөйлеуді түзетінін көрсетеді. Байласым түрлері мен тәсілдері мәтін бөліктерін бір мағыналық-құрылымдық тұтасымға ұйымдастыруда ерекше қызмет атқарады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет